Мен емес күткен, көгершіндерді, хаттар ғой, ақын хаттары…

4 июня 2019


Назарларыңызға өлең өлкесіне қадам басып келе жатқан Серікжан Қажытай атты жас өреннің шығармашылығын ұсынбақпыз. Ол1997 жылы ШҚО туылған. М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің түлегі. Маяковский,Бродский,Кадззуо Исигуро секілді қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Серікжан Қажытай 
(атылу жыры)

Қырандай болған қатары,

Ұрандай болған атағы.

Ғазал боп кеткен ақынның,

Ажал кеп көзін матады,

Ду етті кенет бір тобыр,

-Қараңдар,әне қараңдар,

Мағжанды қазір атады,

Мағжанды қазір атады.

Өлеңге айналған жөргектен,

Болмысы балбал өр неткен.

Тартқызбай кеткен айылын,

Қазақтың ұлы шайырын,

Ар емес адам сотына,

Әкеле жатты жендеттер.

Жан деген үркек құс бейне…

Жемтігін ажал түстей ме?

Туылған елдің бағы үшін,

Арманда кетті-ау арысым,

Ду етті тағы бір тобыр,

-Құдайым ара түспей ме?

Арманы өліп кетердей,

Аңсаған көкке жетер ме ой?

Халықтың жауы дегенің,

Алыптың ауы екен ғой.

Артында жылап халық тұр,

Алдында мылқау табыт тұр.

Үзілді Гүлсім ұршығы,

Атылды жендет мылтығы,

Көзінде сөнді жарық нұр.

Жүрегі оның ұяңды,

Махаббаты елдің сия алды.

Оқ болып біткен қаруға,

Ақынның жанын алуға,

Ажалдың өзі ұялды.

Білді олар басын имесін,

Жүрекпен елін сүйгесін.

Домалап көзден жас ақты,

Домалап кетті түймесі.

Ініммен сыр (Мезгіл санау)

-Ағай, ағай күз неге суыттырды?!
-Қараша атаң бір бəле былықтырды.
-Нөсер неге тынымсыз тамшылайды?!
-Нөсер төксе көктемнің жуықтығы.

-Ағай, ағай қыс неге толған қырау?!
-Кәрі аяз бізбенен ойнап жүр-ау.
-Боран неге тынымсыз келеді есіп?!
-Тәңірмен жатыр біреу ерегесіп.

-Ағай, бұлақ кетіп барады көше кесіп?!
-Күн менен түн жатыр-ау некелесіп.
-Өзен мен су асама кемерінен?!
-Сәби көктем жетеді дегеніне.

-Ағай, ағай жаз жетті күз өтеуі?!
-Иә бала, уақытты ол күзетеді.
-Ағай, сірә, бұл уақыт жылдам өтер?!
-Жоқ жарқыным, ол емес, біз өтеміз.

Сағыну

Апа,
Ақындар бармайды екен ұшпағыңа,
Өлең жазып өмірім қысқаруда.
Сен мені «ақын бол» тәрбиеледің,
Өле-өлгенше өтем бұл ұстанымда.

Апа,
Көңілде ұшқалақ ән
Көмірсіз-ақ шығамыз қыстан аман.
Сенделіп сары аязда ой бағамын,
Ой бағамын, ешкімге ұқсамаған.

Апа,
Мені кеп иектесе тақсыр өлең,
Сен мені әуей деме, бақсы деме.
Мен деген құлшылыққа тәу етпеймін,
Бірақ та, жұмақты жақсы көрем.

Апа,
Өлеңмен тұрақтаспын,
Ұлың сенің халқынан сыр ап қашты.
Адамдар көз жасыңа себеп болған,
Мен сені жылатпаспын.

Апа,
Мұңыңнан татыр ма еді?
Саған жазған оқылмай хатым да өлді.
Кешегі көрші үйден көмір тасыған,
Қара ұлың кәдімгі ақын болды.

Апа,
Неліктен шашыңа ақ түсіресің,
Өлеңмен көп ауырам ісім осы.
Апа түсінші, Адасқаныңды.
Мен сені түсінемін,
Сен мені түсінесің…

***
Қолынан сүйікті апаңның,
Күйеуге кетті деп хат алдым.
Қалаға кетпе деп жылап ең,
Ал мен мұнда ақын атандым.

Бір түрлі біздерді кім ұқсын,
Мектептен аңсаған үмітсің.
Біздерді жақсы жұп деп жүрген,
Қайыржан… Дегенге шығыпсың.

Деме сен бұл өлең келеке,
Ә қалай, аман ба өр әкең?!
Балуан әкеңнен ап кеткен,
Анауың ер екен…

Әрібі тіл ұшта атыңның,
Өзің гүл болсаң да затың мұң.
Сенен де асқан бір сұлуды,
Жақында жар етейін деп жатырмын.
Айтпақшы, әлгі Қайыржанды,
Тойыма әдейі шақырдым.

Жә, жақсы долданып ұрыспа,
Өмір ғой жөндейді, ұлы ұста.
Сен ойлап бір өлең оқыдым,
Қате ме? Дұрыс па?

***
Сен мені күнім ақымақ қылдың
Сүйемін дедің. Тым қатты.
Жүрегім менің шатынап тынды,
Шешімін таппай жұмбақтың.

Ақынды, басты, ауырсынғанды,
Уақыт па еркем? Емдеді!
Хатыңды күттім қауырсындағы,
Көгершін бірақ келмеді.

Сен емес қалқам, хаттар алдады,
Бақыт көксеген, көп кілең.
Біздерді бөлген автовокзалды,
Қарғыс отаны деп білем.

Осылай күтіп, өлесің-деді,
Сезімнің жанған бақтары.
Мен емес күткен, көгершіндерді,
Хаттар ғой, ақын хаттары…

Не табам күнім жылап алғаннан?
Сезім ғой, сүйіп кұлатар.
Біздерді бөлген шұбалаңдарға,
Көгершіндер екен күнәһар…

*Иосиф Бродскийден*

Бөлмеден шықпа, жасама қателік,
Күн саған не керек, күндей ғой қаперің.
Мәнсіздік торлаған есіктің ар жағын,
Шаруаңды бітіріп,оралсаң болғаны.

Бөлмеден шықпағын, басам деп әр ізге,
Өйткені кеңістік жасалған дәлізден.
Және де ол уақыттан жасалған тықылдақ,
Кіргенді қуып шық, әлемге жұтылма.

Ауырып қалдым деп өзіңді қабылда,
Əлемде ең қызық, орындық пен қабырға.
Шалдығып оралар қайтадан шалғайдан,
Бөлмеден шығуда, бар екен қандай мән.

Билей бер, шықпай-ақ ұста да селтеңді,
Жалаңаш кеудеңе киіп ап пәлтеңді.
Ауыз үйден тамаша иістер тұр аңқып,
Іріптер көп жаздың, тағы біреу тым артық.

Бөлмеден шықпағың қателік болмасын,
Жасырын бейнеңді тек бөлме болжасын.
Жүрекке тоқтау сал барлығың білінсін,
Көшенің шәй франция емесін ұғыншы.

Ақымақ болма да, өзге бол тобырдан,
Жиһазға еркіндік беруің қолыңда.
Есікті жауып ап, шкафқа қамал да,
Тығылып жатып ал,
хроностан, эростан, рассадан, вирустан, ғаламнан.


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика