Мәскеуде Әлихан Бөкейхан рухына дұға бағыштады

13 июня 2019

Нұрлдан Орынбасарұлы Әлихан мазарындаҚазақ тарихының әлі күнге дейін ашылмаған, зерттеуді талап ететін беттері жетерлік. Соның бірі Алаш кезеңі. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлттың азаттығы жолында құрылған, Абылай заманынан кейін үш жүздің басын біріктірген партия. Қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуына бұл партияның қосқан үлесі орасан зор еді. Әйтсе де олар туралы ашық айтып, өмір жолын зерттеу тек тәуелсіздіктен кейін ғана мүмкін болды. Қызыл империяның темір құрсауы арыстарды абақтыға жабып, құртып жібергенімен қоймай, олар туралы айтып, жазуға да тыйым салды.
Тәуелсіздік таңы арайлап атқан сәттен бастап тарихшыларымыз өткенге зер салып, жоғалтқанымызды қайта тапты. Кеңес дәуірінің озбырлығы мен жазықсыз атылып кеткен арыстар туралы тың мәліметте жарыққа шыға бастады. Ұлыларды ұлықтау жолында сан түрлі жұмыстар атқарылды. Бұл ретте үкіметтік ұйымдармен қатар жекелеген адамдар да талай шаруаның басын қайырған еді.
Алаш туралы сөз қозғалған жерде Әлихан Бөкейхан туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол тек осы партияның көсемі ғана емес Алты Алаштың баласына бас болды. Айналасына оқыған, көзі қарақты зиялы қауым өкілдерін жинай білді. Сол арқылы Қазақстанға толық тәуелсіздік алып бермесе де Қазақ Автономиялы Респбуликасының құрылуына жол ашты. Соның арқасында 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Егер жағдай басқаша болғанда, әлі күнге дейін Ресей Федерациясының құрамында қалып қояр ма едік?
Осыдан тұп-тура 150 жыл бұрын, наурыз айының бесінші жұлдызына дүниеге қазақтың көсемі болып Әлихан келген болатын. Жастайынан білім қуып, ғылым соңына түсті. «Хан баласының қазақтың алдында өтелмеген қақы бар. Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өзіне серт берді. Саясатқа араласып, ұлттың жолында құрбан болды. Бірақ аты тарихта алтын әріппен жазылды.
Бауырластар зиратыӘлихан Кеңес түрмесінде ату жазасына кесілген болатын. Бірақ мәйіті қайда қойылғаны бертінге дейін жұмбақ күйінде қалып келді. Тек 2009 жылы алаштанушы журналист Болат Мүсәлім мен Нығмен Нұрмақовтың немересі Аман Нұрмақов «Азаттық радиосы» тілшілеріне Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының сүйектерінің күлі Мәскеудегі Дон мазарындағы бауырластар зиратына қойылғанын хабарлаған болатын. Алаштың екі арысы бір күнде, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кесіліп, мәйіттері өртелген және көпшілікпен бірге жерленген.
2011 жылы 28 қазан күні Ұлт жанашыры, заң ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бастамасымен Алаштың қос арысының басына ескерткіш тақта орнатылды.
Қарқаралы топырағында туып, Мәскеуде топырақ бұйырған екі арыстың белгі-тақтасына аты-жөнімен қатар, Дауылпаз  ақын  Қасым Аманжоловтың:
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!
— деген бір шумақ өлеңі жазылды.


Содан бері арада аттай бес жыл уақыт өтті. Осы жылы Әлиханның туғанына 150 жыл толып отыр. Әлиханның зерттелмеген қыры әлі көпқой. Оған қатысты құжаттардың басым бөлігі әлі күнге дейін Ресейде сақталуда. Тек тарихқа жаны ашыған азаматтардың арқасында ғана сол жазбалардың бір парасы елге қайтарлды. Соның бірі «Әлиханның дипломы». Нұрлан Орынбасарұлының «Болашақ» Академиясының кітапхана қорына тапсырған құжаттарын «Қасым» порталында жариалаған болатынбыз.
«Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді қазақ. Әлихан Бөкейхан өмірін зерттеп, мұрасын насихаттауға үлес қосып жүрген Нұрлан Орынбасарұлы күні кеше Мәскеуге барып, бабалар рухына дұға бағыштап қайтыпты. Ұлт үшін құбан болған арыстарды ұмытпай, олардың мұрасын насихаттап, есімін жаңғыртып жүрген ел ағалары аман болсын. Тәңірден осыны тілейік.

Нұрлыхан Қалқаманұлы
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика