Тұрмыстағы келіншекті алып қашқан жігіттің басы дауға қалды

26 апреля 2017

Қыз алып қашу ұғымына қатысты тағы да дау туындады. Салтта жоқ дүниені дәстүрге айналдырғандардың әрекеті кейде адам өмірінің ойрандалуына да әкеп соқтыратын кездері бар. Сондай оқиғаның бірі Жамбыл облысында орын алған. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

қыз алып қашу

Өткен жылдың соңында бір топ жігіт Тараз қаласында алдарынан қарсы шыққан қызды бас салып қашқан. Мақсаттары достарын үйлендіріп, ата-анасын қуанту болған екен. Алайда ойлағандары болмай қалды. Қыз деп әкеткендері біреудің некелі жары болып шықты. Өзін күштеп әкеткен жігіттердің қылығына ренжіген келіншек олардың үстінен арыз түсірген. Нәтижесінде алып қашқан жігіттерге қатысты ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-тарауы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұйымдастырушы жігіт жеті жылға сотталып кетті. 

Сот барысында олардың ойы басқа қызды алып қашу болғаны анықталды. Бірақ үйленетін қалыңдығын түрін де танымайтын жігіт қателесіп, басқа қызды алып кеткен екен.   

«Өкінішке қарай, Жамбыл облысында алып қашу түсінігі әлі жойылмаған. Оның үстіне бұл қыздың келісімінсіз жасалады. Ал қыз балалар отбасы ұятқа қалады деген түсінікпен сол үйде қалып жатады. Мұндай некелердің болашағы күмәнді. Біреулері уақыт өте ажырасады, ал ажыраспаған қыздардың тұрмысы күң өміріне ұқсап жатады», — деді облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика