“МАРТИН ИДЕН” КЕСЕЛІ

19 Қараша 2017

МАРТИН ИДЕН«Адамның рахаттанып өмір сүруіне кедергі «Өмірдің мәні неде?», «Өмірді не үшін, кім үшін сүруім керек?» деген сұрақтарға жауаптың табылмауы», – дейді ғалымдар. Жауаптың табылмауынан ғұмырының екінші кезеңіне ешқандай дайындықсыз өтіп кеткен елудегі ел ағасы қалған өмірі мен артық уақытын қайда жұмсарын білмей дағдарады. Виктор Франклдың шәкірттері осы мәселені әрі қарай зерттей түседі. Оның Элизабет Лукас есімді шәкірті мынадай қызық фактіні анықтайды. Ол Венадағы үлкен саябақта көңіл көтеріп жүрген ересек кісілерге анкеталық сұрақтар таратып, сауалнама жүргізеді. Сауалнаманы сараптай келе, Элизабет мынадай қорытындыға келеді: паркке қызық іздеп баратын ересек кісілердің көңіл күйлерін торығу сезімі торлап алған. Олар жұмыстан келген соң үйлеріне сыймай, отбасында ұзақ отырса, жаны жалығып, жабырқай бастайды. Осы бойкүйез хәлден құтылу үшін еркектердің көбі парктерде әткеншек теуіп, балаша мәз болып, әбден шаршағанда ғана отбасына оралады.
Әлбетте, барлық бала асыр салып ойнағанды жақсы көреді. Студенттер паркке барып, қыздармен қыдырғанды ұнатады. Жастардың желігіп, балалардың қызыққа құмартуы – қалыпты құбылыс. Бірақ 30-дан асқан ер жігіт қызық қуалап, саябақта уақыт өлтірумен айналысса, жігіттің жан дүниесінде кемшілік бар дегенді білдіреді. Бұл психологиялық кемдікті «инфантилизм» (балалық шақта қалып қою) деп атайды.
«Не үшін өмір сүру керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрмеген жас адам «өмірдің мәнін таба алмадым» деп ойланбауы мүмкін, әрине. Алайда орта жастан асып, құмардың қызығы сарқыла бастағанда ер азамат өмірінің тұйыққа тіреліп, рухани тоқырағанын анық сезе бастайды. Өмірдің бұлжымайтын заңы бойынша тұрмыстық деңгейдегі жетістікті өмірлік мақсат етіп қойғандар рухани тоқырауға тез ұшырайды. Себебі, орта жаста біраз «биікті» бағындырып болған соң, ол бейне бір қу медиен далада қаңғып қалғандай жаны құлази бастайды. Психологтар бұл көңіл күйді «Мартин Иденнің синдромы» деп атайды. Бұл – Джек Лондонның атақты романындағы басты кейіпкер. Мартин есімді американдық жас жігіт талантын барынша пайдаланып, өмірде үлкен жетістікке жетіп, қоғамның қаймағы саналатын адамдардың қатарына кіргісі келеді. Сол үшін ұйқысын бес сағатқа шейін қысқартып, жылт еткен бос уақыттың бәрін тынбай кітап оқуға арнайды. Жанкешті еңбегінің арқасында қарапайым теңізші жігіт қысқа мерзім ішінде мақсатына ақыры жетеді. Кедей кезінде бұрқыратып жазып тастаған әңгімелерінің бәрі ойламаған жерден кітап болып басылып, даңқы жер жарады. Арман болған гонорар да өзен құсап ағылып, қалтаға құйыла бастайды. Сіңірі шыққан кедей жігіт бас-аяғы 5-6 айда мультимиллионер болып шыға келеді. Есесіне шылқыған жаңа өмір Мартинді тез жалықтырады. Атақ пен ақша пайда болғанда ғана қасынан табылғысы келетін арсыз адамдардың қоршауында қалып қойған дарынды жас жазушы жаңа ортасы мен мағынасыз өмірінен жиіркене бастайды. Ол «Өмірдің мәні еде?» деген қарапайым сұраққа жауап таба алмай, су жаңа пәтерінде өзінен өзі жүнжіп, біржола шөгіп отырып қалады. Әрі қарай не істерін білмей дал болған Мартин Иден өзін өзі теңізге тастап, тұңғиыққа батып өледі.
Рухани тоқыраудан туатын неше түрлі келеңсіз кикілжіңдер ер азаматтың жасы 43-45-47-ге келгенде ақырындап асқынады. Бір қарағанда, өмірдегі үлкен белестің бәрі бағындырылған секілді. Студент кезде арман болған қызметтің қызығы мен рақаты қырықтан аса бере қолға түседі. Кеше ғана ашқұрсақ жүрген студент маман болып мойындалған соң баспана мәселесін шешпей қоймайды. Бастық болып бекітілген соң, қызметтен көлік беріліп, жеке шопыры айтқан жағына ызғып тұрады. Бұдан артық не керек?! Ақиқатында өмір үшін шынайы күресті енді бастауға тура келеді. Себебі 60-70-ке жетіп, зейнетке шығамын дегенше, кем дегенде 20-25 жыл тағы да өмір сүру керек емес пе?! Артылып қалған 20-30 жыл өмірдің жаңа мақсаты айқындалып, мәні ашылмаған соң, «жолы болған жігіттің» өмірі кілт тоқтап, бір орнында тұрып қалғандай сезіледі. Енді 20 жыл бойына тынымсыз қайталай беріп әбден меңгеріп алған жұмыстағы кәсіптік нәрсенің бәрін өзгеріссіз қайталай бергеннен басқа жол жоқ. Осы қайталаудан ғана тұратын сүреңсіз өмірдің кесірінен жүрек түкпірінде «бәрінен жалығу» деген рухани кесел пайда болып, жігіт ағасының жанын сұрықсыз ойлар тоқтаусыз кеміре береді. Көп еркек бұл кезде жас шағында жіберген қателіктерін еске алып, таусыла бастайды. «Сол кезде өйте салу керек еді, бүйте салу керек еді» деген секілді орынсыз өкініштер көкірегін тырнап жатады. Рухани тоқырауды бастан кешкен ғаріп жанның бәрі психолог мамандардың алдында мынадай сезімді бастан кешетіндерін айтады: адам жаны бейне бір ауасыз кеңістікте асылып тұрып қалған секілді алға да жылжи алмай, артқа да кете алмай, қалбалақтап қараңғы кеңістікте қалқып, бет алды лағып жүргендей сезінеді. Не болмаса табан тірейтін түбі жоқ қараңғы апанға құлап бара жатқандай қорқынышты сезімде болады. Өмірде жолы болып, жұмысында бастық болып, елге танымал болған курстас құрдастарын көрген кезде көп еркек: «Мен де солар құсап жүрер едім, жас кезде көп нәрсені басқаша жасағанда», – деп өзін өзі мүжіп, қажай береді. «Шындығында, бұл – сылтау ғана», – дейді ғалымдар. Себебі өмірдің мақсаты мен мәні ашылмай, адам қарттыққа қарай қадам басқан сайын көңілдегі жағымсыз кірбіңнің кетпей тұрып алуы – заңды құбылыс. Сіз жас кезіңізде қандай қадам жасасаңыз да, «Өмірдің мәні неде?», «Ендігі қалған ғұмырым мен қажыр-қайратымды не нәрсе үшін жұмсасам болады?» деген сұрақтарға жауап табылмағандықтан, рухани тоқырау болмай қоймайды.
Көп адам қыз-келіншектерді кәріліктен қатты қорқады деп санайды. Расында да бір қарағанда солай сияқты. Себебі нәзік жандылар бет-әлпетін әжімдерден қорғау үшін неше түрлі опа-далаптан артық ақшасын аямай-ақ жұмсап жатады. Алайда психологтар зерттеуі басқаша нәтиже көрсетеді. Дене пошымы күн санап сыйықсызданып, белден қалып, шашы селдіреп, тісі түсіп, денсаулығы қайта-қайта сыр беріп бастағанда темірдей мықты көрінетін ер азаматың кәдімгідей сары уайымға салынып, шөгіп қалады. «Ер адам барлық нәрсеге шыдамды болу керек» деген пікірге сәйкес болу үшін көптеген азаматтар іші түтін боп жүрсе де, елдің арасында сыр алдырмай, сыртқа жүнін қампайтып жүре береді. Сол үшін жасы 40-тан асып кетсе де, 25 жасар жігіттің джинсилерін киіп, барынша жас болып көрінуге тырысады. Ел ағасы деген атауға сәйкес салмақты сөйлеп, кешірімді, жұмсақ мінез табудың орнына күлдіргі анекдоттар мен жеңіл әңгімелерді жинап-теріп жаттап жүреді. Ақиқатында олардың ішінде қарттық пен сырқаттың қорқынышы күн санап үдей береді. Соның себебінен ер адамдар ұйықтағанда ауру-сырқау туралы мазасыз түстерді әйелдерге қарағанда әлдеқайда көп көретін болып шыққан. Сонда да болса көп еркек беріспей: «Мен әлі қартаймағанымды дәлелдеймін», – деп «балшыққа» бата береді. «Әлі де болса жастықтың жігері бойымнан табылып қалар” деген үміт көп еркекті «жас ашына табу» деген қателікке әкеп ұрындырады. Бұл, шындығында, «кешігіп келген махаббат» емес, қарттықтан қорқып қашқақтаған шарасыз еркектің ойлап тапқан сұрқия амалы. Бұл жасырын кездесулер отбасындағы адал жармен арадағы қарым-қатынасты бұзбай қоймайды. Отбасындағы ырың-жырың осы кезде әбден шегіне жетіп, іштегі ірің ақыры жарылады. Осылайша жас кезінде отбасының бүкіл жауапкершілігі мен ауыртпалығын арқалауға міндетті болған ер азаматымыз 40-50-дің ортасында себепсіз ажырасып масқара болады. Ажыраспаған күннің өзінде отбасындағы әдемі сыйластық, ерлі-зайыптылардың арасындағы нәзік түсінік пен құрмет сезімдері ізім-қайым жоғалады. Логотерапиямен айналысқан ғалымдардың бәрі бірауыздан бір фактіні мойындаған. Ол – рухани тоқырауға әйел заты ерлермен салыстырғанда әлдеқайда аз ұшырайтыны. «Себебі, – деп түсіндіреді ғалымдар, – әйел адамдар көп жағдайда бөпе көтеріп, азап тартып дүниеге жаңа тіршілік иесін әкелетін болғандықтан, «біреу үшін өмір сүру» деген рухани міндетті адал атқарады. Үйде отырған әйелдер күйеулерінің жағдайларын жасайтын болғандықтан, жандары осы қызметтен рухани азық алып, тоқырау сезімін бастан кешпейді. Ал егер әйелдер тұрмысқа шығып, бала көтеріп, күйеу бағудан бас тартып, жұмысында мансап қуалайтын болса, орта жастан асқан соң олардың да «Мартин Иден» кеселімен ауруы әбден мүмкін. Еуропалық ғалымдардың осы ойларына таңғалам. Тура біз жайлы да айтып отырғандай күй кешем. Ғалымдар себебін тарқатып жазған проблемалардың бәрі біздің де басымыздан Құдайдың құтты күні өтіп жатыр. Қазақстанда адам көңілін жалығу, торығу сезімдері торлап алған кезде, тым болмаса Еуропадағыдай уақытша болсын, алданып, қыдыратын көңілді парктер мен әдемі әткеншектер жоқ. Қалада тұратын ер азаматтар 40-тан асқан соң, саунаға барып, бильярд ойнау деген жаңа «кезеңге» келіп кіреді. Бильярд тұрмақ, моншасы да жоқ ауылдағы еркектер бұл торығу сезімін көбіне арақпен тұншықтырады. Сондықтан ауылда ішкіштер көп. Ал, керісінше, ауылдық жерде ауыр тұрмыс кешіп жатқан қазақ келіншектері мен бәйбішелерінде өмірден түңілу, үйден безіну деген рухани сырқаттар жоқтың қасы. Себебі олар ешқашан өз рақаты үшін өмір сүрмейді. Балаларды жетілдіру, күйеуді күту, қартайған ата мен ененің жағдайын жасау деген секілді жанкешті қызметтері жанды жегідей жейтін сұрақтарды жүйкеде туғызбай тастайды. «Өзің үшін емес, өзге үшін өмір сүргенде ғана өмірдің мәні ашылады» деген ұлы қағиданы олар бейсаналы түрде орындап жүрсе де, рухани тоқыраудан аман қалады.
Шыны керек, біздің елде логотерапиямен арнайы айналысатын діни сауаты бар психолог мамандар жоқ. Бұл мәселені шешуде дін де елеулі рөл атқарар еді. Өкінішке қарай, біздің елде дін әліге дейін қысқа балақ пен қауға сақалдың деңгейінен көтеріліп кете алмай жатыр.

Санжар Керімбай


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика