«Мамочкино моласының» тағдыры

27 Мамыр 2018

Кеше «Болашақ» академиясы , Қазақстан халқы Ассамблеясымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Долинка кентіндегі «Мамочкино моласының» басында сенбілік өткізді. Сенбілік барысында ағаш отырғызу, моланың айналасын тазарту, қоршау шаралары ұйымдастырылды.


Соңғы жылдары қараусыз қалғандықтан «Мамочкино моласының» айналасын қоқыс басып кеткен. Жергілікті тұрғындар арасынан шыққан вандалдар балалардың басына қойылған ескерткіш белгілерді ұрлап, металл сынықтарын қабылдайтын орынға өткізіп жіберіпті. Әрі іргедегі өзен тасып, моланың кей тұстарын шайып кеткен. Бұл зират – тоталитарлық режимнің айқын мысалы. Ал оның қараусыз қалуы – қасірет.


«Карлагтың әйел тұтқындарына арналған перзентханасы Жартаста орналасқан. 1931 жылдан Карлаг астанасы (Карлагтың бас басқармасы). Тұтқын анадан туған тұтқын нәрестелер балалар қалашығында («Мамкин дом» деп те аталатын «балалар комбинатында») болған. Күніне екі не үш рет емшектегі баланы тамақтандыру үшін әйелдерді қарауылмен камераға кіргізген. Бала 2-3 жасқа жеткенде жетімдер үйіне тапсырылып отырған. Балалар өлімі өте жоғары болған: ГУЛАГ НКВД СССР санитарлық бөлімінің ақпараттары бойынша , бір ғана 1939 жылы 350 баланың 114-і көз жұмған. Балалардың денесін қалашықтан алыс емес орналасқан молаға көмген. Тұтқын балаларды жеке-жеке көмбей, бірге жерлеген. Қыстың күндері өлген балалардың денесін үлкен бөшкеге салып, бөшке толғанда апарып жерлеп отырған деген де ақпарат бар. Кей ретте көмілген жерді белгісіз қалдырған. Жеке көмілген, белгіленген қабірлер өте аз. Бұл жерге ересек тұтқындарды да көмгені белгілі», – деді «Карлаг: келешек үшін есте сақтау» ғылыми-білім беру жобасының жетекшісі, профессор Н.О.Дулатбеков. Айта кетейік, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтың басшылығымен қолға алынған «КарЛаг: келешек үшін есте сақтау» ғылыми-білім беру жобасы соңғы 10 жылда Карлагтың ақтаңдақ тұстарын ашумен айналысып келеді.


Осы орайда, трагедия мен көңіл білдіру орыны ретінде «Мамочкино моласын» белгілі мемориалды орындар санатына қосу ұсынылады. Саяси қуғын-cүргін құрбандарына арналған тарихи-архитектуралық музей ансамбльдерінің бірігуіне, бірлесіп іс атқаруларына зор мүмкіндік беріп, жол ашатыны анық.
«Мамочкино моласы» жоба бөлігі ретінде мистикалық компоненті қамтуы мүмкін, бірақ ең алдымен, ол сәулет, суреттер, дәстүрлердің (сәбилер байланысты халық дәстүрлері), жарық және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары мүмкіндігі (әр түрлі тілдерде бесік жырын орындау) арқылы саналы кеңістік қалыптастыру жобасы болуы мүмкін.


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздестіріп, жерленген жерлерін анықтау, өзге де сұрақтары бойынша ЖОО-на көптеген шет ел азаматтары мен ұйымдары хабарласуда. Осы орайда зобалаң күннің зұлматын бастан кешкен саяси қайраткерлерді толықтай зерттеу, ғылыми ізденістерін, шығармашылық еңбектерін іздестіру, жаңарту, топтастыру, құрым көпшіліктің назарына ұсыну секілді бірсыпыра жұмыстардың басы болмақ.

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика