Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ. ОЙЛЫ ОППОНЕНТТЕН ҰТЫЛМАУ ҮШІН

13 ноября 2016

Мәмбетәлі ҚойгелдіҰлтты жаңа сапаға көтеремін, сол арқылы оған бостандық, азаттық әперемін деп алтын айға қол созған өткен ғасырдың басындағы ұлт зиялылары бір нәрсені анық сезінген, бір мәселемен бетпе-бет келген. Ол – қазақтың ұлт болып ұю процесінің кешеуілдеп қалуы еді. Мемлекет құрып, осы мәселені шешуден үміттенді.
Өкінішке қарай, оның бұл әрекеті құрдымға кетті. Аңдысқан күштер айлалы, әдіс-құралы басым болып шықты. Бұл өмір күрестен тұрады. Жер үстіндегі орынға жеке мемлекеттердің, этностардың. Кімнің даярлық деңгейі жоғары болса, сол өміршең, ұтады. ХХ ғасыр басындағы арпалыста біздің даярлығымыз төмен болып шықты. Ұтылдық. Жеңілдік.
Жаңа ғасырдың басында Алла, Жаратушы Иеміз бізге тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттігіміз бар. Қазақтың жалғыз үміті – осы мемлекеттілігі. Осы мемлекеттілікке ие болып, жүріп жатқан әлемдік күрес айдынында аударылып қалмай, емін-еркін жүзе аламыз ба?! Бұрын қазақ елі мен жерінің оппоненті біреу болса, енді бүгін бірнеше. Яғни өзіңді тәуелсіз субъекті ретінде сезіну және ұстау күрделене түсті деген сөз.
Не істеу керек? Алданбау үшін, айлалы оппонентпен қатынаста ұтылмау үшін… Елдің күнделікті тіршілігіне қажетті мамандықтарды, кәсіпті игеру, өзіңе тиесілі міндетті мүмкін болғанша сапалы деңгейде, үлкен жауапкершілікпен, ыждағатпен атқару қай заманда болмасын ел үшін ең өзекті мәселе болған. Бүгін де дәл сондай.
Бұған қосымша: біз, қазақ, өткен тарихымызда көп ұтылған халықпыз. Ендігі уақытта ұтылмау үшін жинақы, өз ісін білетін, бүгінгі сұраныстағы кәсіпті игерген, қандай деңгейде болмасын, қазақ деген ел екендігін сезінетін, өз болмысын жоғары ұстайтын және оны қорғауға әзір елге айналғанымыз жөн. Басқа жол жоқ. Ал бұл биіктен шығуға мінез қажет. Меніңше, ондай мінез біздің халықта бар. Егер өткен тарихқа, тәжірибеге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945) қазақ елі ондай мінезін көрсеткен. 20-30 жылдардағы советтік сәтсіз реформалар мен жойқын репрессияны басынан кешіре отырып, майдан даласында қайсар рухының сынбағандығын байқатқан.

Мәмбет Қойгелдиев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика