Мағжанның бір кем дүниесі

18 мая 2018

Мағжанның бір кем дүниесіЖүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Осы күнге дейін Алаш мұрасын тыңғылықты зерттеуге өмірін арнаған ғалымдардың еңбегі сүбелі. Түсінде де, өңінде де тұлғалармен тілдескен Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелді сияқты тұғырлы тұлғалардың арқасында ақылдың ағынымен қанат қағып, болашаққа жол салу арқылы өткен өмірге өзгеше көз тастайтын болдық. Дегенмен ашылмаған аңғарлары да бастан асып жығылады. Әлекең (Әлихан Бөкейханов), Ахаң (Ахмет Байтұрсынов), Сәдуақас Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов секілді шоқтығы биік, есімдері ел жүрегінде жаңғырған кешегі Алаш арыстарының ізгі істерін жалғаушы бүгінгі мына біздер екенімізді ұмытпай, тектілік танымын тереңдету басты борышымыз екендігін естен шығармау. Қара қазақ, сары бала қамы үшін аттың жалы, түйенің қомында күндерін өткеріп, ел басына күн туған шақта етігімен су кешіп, тағдыр таразысы сынға салынған күрмеулі кезеңде елінің елдігін тік көтере отырып қилы ғұмырдың у-ын татып өтті. Осы жолда құрбан болған Мұхтар сүйген Мағжанның бір кем дүниесі яғни беймәлім өлімі жайында ойтолғап, ішкі әлеммен үндесе сұхбат құра отырып көз көрген көрген жандардың естеліктері арқылы жауап іздеп көрелік.
«Мен Мағжанды көрдім», – дейді ақиқаттың алдаспаны Бауыржан Момышұлы атамыз. 1938 жылы наурыз айының 19 жұлдызында шаш ал десе, бас алатын қаскөйлердің қолынан ажал құшқан аяулы ақынды соғыстан кейін тұтқында отырған күйінде Баукең қалай көрді? Жалғыз Баукең емес, Ресейдің Колыма аймағындағы Барак лагерьінде Мағжанмен бірге жапа шеккен Атыраулық Абдолла Әбдірахманов атты ақсақалдың ақынмен бір жерде тұтқында отырғандығы жайында «Жас Алаш» газеті түсірген видеожазбаны да көріп едім. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп түйіндейді ғой халқымыз. Мағжанды көргендігін Бауыржан атамыз өз естелігінде былайша әңгімелейді: «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі, сотталғандар болуы керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде:
-Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, – деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:
-Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, – деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де:
-Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын бола тұрыңыз, – дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты.»[Қаһарман Бауыржан Момышұлы, 98-бет. Алматы, «Өнер» баспасы, 2008 ж.] Әттең Баукең дегеніне жеткенде, біршама тұйыққа тірелген тұлғалардың тағдырын ашу арқылы, талан таражға түскен кеңестік кезең саясатының бет пердесін сыпырар еді ғой. Профессор Мекемтас Мырзахметұлынан осы жайында сұрағанымда «бұл күрделі мәселе, алайда Баукең Мағжанды өз көзімен көргені рас» деген еді маған. Әлбетте Мекемтас ақсақал дұрыс айтады. Баукең сөзсіз өтіріктің маңына жуымайтын адам екендігін мұқым қазақ біледі емес пе?! Осы жайды естігеннен кейін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде істейтін қызметкерлерден әкем арқылы сұрастырып көрген едім. Өкінішке орай архивке кіру оңай шаруа емес, тіпті мүмкін емес дегендей сыңай танытқан көрінеді. Жарайды, дәл қазір бел шешіп кірісе алмаспыз, әйткенмен студентпіз ғой. Болашақ жарқын болса, бұл істің де түбіне жетерміз. Айта кететіні Алаш арыстарының болашақ ұрпақ үшін зұлмат пен зұлымдық, азап пен тозақ көргенін естен шығармасақ екен. Осындай тәуелсіз заманға, сол бабаларымыздың аққан қаны мен төккен терінің арқасында қол жеткізгенімізді әсте ұмытпасақ деймін.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,
Қазекең таң қаларлық кепте жатыр.
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр.
Астана, жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен-күнге ұрып жатыр.
Біреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытып өзін-өзі бүл сабазың
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр, –
деп күйінген ақын жүрегі мұңды көп арқалап, елін өрге сүйреймін деп жәбір көрді, құлазыған күйі халықтың жан-айқайын жүрегіне тоғытып, бақытқа апарар жолды іздеумен ғұмыры тозды. Абдолла ақсақалдың айтуы бойынша 1951 жылдың қаңтарында бақилық болған екен. Жаны жаншылып, тәні тепкі көрумен-ақ өтті ғой бес күндік дүниесі. Өлерінде қандай күйікті басынан өткерген екен? Жарықтық. Бұл да бізге беймәлім, бір кем дүние.
Жалғанның бір көрермін көп пен азын,
Өмірімде енді болмас жылы жазым.
Енді бір өлгенім де, жүргенім де
-Қолымнан ұшқаннан соң қоңыр қазым.
Бір ғана айтарымыз, Алла жанын жәннат еткей. Қазақ үшін Мағжан аты әманда бізбен бірге.

Әзімхан ИСАБЕК.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика