М.Жолдасбеков: «Жамбыл айтқан жалқауға ұқсап кеттім»

2 апреля 2017

Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, аса ірі түріктанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің күнделіктері енді «Егемен Қазақстан» газетінде тұрақты жарияланып тұрмақ. Мырзатайдың күнделігі — қазақ өмірінің айнасы, тәуелсіздік шежіресі десе де болады. Сонымен…

12.02.2013

Күнделіктің бетін ашып, қолыма қалам алмағалы, күнделік жазбағалы сегіз жарым ай болыпты. Неге екенін білмеймін, күнде ертеңмен осынша уақыттың өткенін сезбей де қалыппын. Жамбыл атам әңгіме қылатын жалқауға ұқсап кеттім. Өзімнен өзім ұялдым. Сөйтіп, өмірімнің сегіз айдан астам уақыты күнделік бетіне түспей қалды. Содан бері талай таң атты, күн батты. Жаз өтті, күз өтті. Қылышын сүйретіп қыс келді. Мұз қатты. Қар қалың жауды. Сақылдаған сары шұнақ аязды күндер де көп болды. «Желтоқсанның 22-күні ақырзаман болады» дейтін сөз де елдің үрейін алып бітті. Басқаны қайдам, мен осыған сенгенім жоқ. Бір күнде күн сөніп, тіршілік жойылуы мүмкін бе? Соның болатынын дәлелдеп сұңқылдаған «ғалымпаздар» да аз болған жоқ. Жазда, қолқа салып шақыра берген соң, Айман Мұсақожаева басқарып отырған Ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтына директор болып қызметке бардым. Қасыма мамандарды жинап, бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Біздің жастар ұлтының тарихын, халқының дәстүрлі мәдениетінің тарихын білмейді. Сол кемшіліктің орнын толтырмаққа 25 томдық қазақ өнерінің антологиясын шығаруды қолға алдық. Бұл бір игілікті іс болады деп ойлаймын. Күздің басында Алматыдағы Ұлттық кітапханада жеті томдық еңбектерімнің жинағының тұсаукесерін өткізіп қайттық. Күнделік жазбаған сегіз айда елде де, әлемде де талай оқиғалар болды. Солардың ең елеулілері: Путин – Россияға, Обама – АҚШ-қа президент болып қайта сайланды. Президент Н. Назарбаев Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында қақаған аязбен арпалысып, ақырзаман болады деп елдің үрейі қашып жүрген тұста әлі де құрылысы аяқталып бітпеген Астана-Опера театрында халыққа 2050 стратегиялық дамуының жоспарын жариялады. Президенттің барлық Үндеуін тарихи дейміз ғой, 1997 жылғы 2030 Стратегиясын жариялаған жолдаудан кейінгі шын тарихи жолдау осы – еліміздің дамуын айқындаған 2050 Стратегиясы болды. Бұл, расында да, қазаққа, ұлттың келешегіне арналған даму болды. 2025 жылы еліміз тегіс мемлекеттік тілге көшеді, латын әліппесі қабылданады, Қазақстан Қазақ елі деп аталады. Сөйтіп, қазақ халқы бағы замандардан бабалар аңсаған мәңгі елге қадам басады. Бәріміздің де арманымыз осы еді. Баянды болсын.

13.02.2013

Біз патриоттық тәрбие туралы көп айтамыз. Сөз көп. Іс аз. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге септігі тиеді деп, 2001 жылы қаражат жинап Отан, туған жер жайлы аталы сөздің бағы заманнан бергі басын қосып «Кіндігімді кескен жұрт» деген жинақ шығарған едім. Назарбаев соңғы жолдауында жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген екен. Осыны ескеріп, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов інімізден ақша сұрадым. Берді. Енді сол жинақты толықтырып қайта шығармақпын. Дайын болып қалды. Және де біздің жастарымыздың ата тарихын біле бермейтіндігін ескеріп, Қойшығара, Ақселеу үшеуіміз 2001 жылы «Елтұтқа» деген ел тұлғалары жайында кітап шығарған едік. Ол оқу құралы ретінде қолдан түспейтін, іздесе таптырмайтын кітапқа айналды. Министр інім берген ақшаға «Елтұтқаны» да толықтырып қайта шығармақпын. Бұл кітап та әзір болып қалды.

27.02.2013

Тікелей эфирден Ватикан Папасының өз еркімен тақтан таюына байланысты қоштасу рәсімін көрсетті. Таяуда ғана Рим папасы Бенедикт − ХХVІ жасына, денсаулығына байланысты тақты босатынын жариялағанда католиктер әлемі аң-таң болып, әлем шайқалғандай болып еді. Себебін әркім әртүрлі айтып жатты. Бірақ Папаның өзі жасым 86-да, денсаулығым нашар, әрі қарай басқара алмаймын деп мәлімдеген еді. Баяғыда бір Папа осыдан 597 жыл бұрын өз еркімен тақтан тайған екен. Бенедикт − ХХVІ содан кейінгі екінші кісі болып тұр. Әдетте Рим папалары тақтан о дүниелік болып қана кеткен. Ватикан алаңы халыққа лық толды. Әлемде 1 млрд 159 млн католик бар екен. Дүние жүзінен Папамен қоштасуға жүз мыңдаған адам келіпті. Папа «Папа-мобиль» деген автомобилімен жиналған жұртты аралап шықты. Сөйтіп, мінбеге көтеріліп сөз сөйледі. Сөзінен де, түрінен де мейірлі, қасиетті кісі екені көрініп тұрды. «Мен тақтан кеткенмен шіркеуден кетпеймін. Намазыма өздеріңді қосып отырамын. Мені де намаздарыңнан тастамаңдар», − деді. Қоштасу рәсімін Папаның өзі жүргізіп отырды. Әр елден келген католик шіркеуінің жетекшісіне сол елдің тілінде сөйлеп, солардың тілінде алғыс білдіріп отырды. Өзінің ұлты неміс қой, араб, португал, испан, ағылшын тілдерінде сөйлегенін естіп таңқалдым. Көп тіл білетін білімді кісі екен.

28.02.2013

Рим Папасы Бенедикт − ХХVІ бүгін Рим уақыты бойынша кешкі сағат 20-да тақтан түсті. Ватикандағы билік басындағылардың бәрі де қызметтен кетті. Сағат 20-да Ватиканды қорғаған швейцариялықтар іштен шығып, қақпа жабылып, қорғауды полицейлер қабылдады. Папа сағ. 19:00-де Ватиканда кардиналдармен қоштасып, алаңға шығып, аппақ киімімен аппақ тікұшаққа отырып, Римнің түбіндегі 30 шақырым жердегі жаздық резиденцияға келіп қонды. Онда бар болғаны 2,5 мың кісі тұрады екен. Бәрі жиналып Папаны күтті. Папа балконға шығып, оларға құрмет көрсетті. Папа осында үш айдай тұрады екен. Ватикандағы монастырдағы үйін жөндеп болғаннан кейін қалған өмірін монастырда өткізеді. Қоштасқан сөзінде Папа: −Мен енді понтифик (әулие) емеспін, пилигриммін, – деді. Ватикан оны құрметті Папа деп отыр. Енді Папаның орны бос. Жаңа Папа наурыз айында сайланады. Бенедикт − ХХVІ сайлауға қатыспайды. Ватиканның тарихында тұңғыш рет Папа болып қара нәсілді сайлануы да мүмкін деген жорамал бар.

03.03.2013 жылы Илья Жақанов Мырзатай Жолдасбековке тағы да телефон соқты. Не үшін, және қандай әңгіме өрбігенін толығырақ «Егеменнің» сайтында оқыңыз!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика