М.Әуезов театрында «Ақтасын сағынған Ахико» спектаклі қойылады

19 октября 2016

Ақтасын сағынған АхикоҚазан айының 22 мен 23 аралығында Алматы Қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ақтастағы Ахико» драмасының премьерасы болады. Бұл театрдың 91 маусымының алғашқы премьерасы болмақ. Жаңа қойылым Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. 

Қазақ елі Кеңестер одағының құрамында болған тұста жеріміз сынақ алаңы мен тұтқындар лагеріне айналып кеткен еді. Тарихтың ақтаңдақ тұстары тек тәуелсіздік алған жылдары ғана ашыла бастады. ҚР Мәжіліс депутаты Н.О.Дулатбековтің басшылығымен еліміздегі ең ірі лагер Карлаг туралы бірнеше том кітап жарық көрді. Жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым жасалды, НКВД-ның сорақылықтары ашылды.
Карлаг – Кеңес Одағындағы лагерьлердің бас басқармасы ГУЛАГ-тың Қазақстандағы филиалы болған. Мұнда түрлі айыппен сотталған миллионға жуық адам жазасын өтеді. Соғыс уақытында қолға түскен жапон әскери тұтқындарының бір бөлігі осы лагерге жіберілген болатын. Кейін олар өз елдеріне қайтарылды. Алайда тағдырдың тәлкегіне тұскен Ахико Тэцуро қазақ даласында қалып қояды.
Ол тұтқынға түскен кезде небәрі 18 жастағы курсант екен. Соғыс  заңына сай 10 жылға сотталып, Карлагқа жіберіледі. Басынан түрлі нәубетті өткереді. Тек 1954 жылы бостандық алады. Әйтсе де өз отанына оралудың сәті түспейді. Жапонияға қайтарылатын əс кери тұтқындардың тізімінде оның фамилиясы жоқ болып шығады. Себебін сұрағанда «Сен солдат емессің, Кеңес Одағына қарсы соғысқан жоқсың, сондықтан əскери тұтқын болып саналмайсың» деген жауап алған. Содан бері Қарағандының іргесіндегі Ақтас кентін паналап келеді. Рас, бертінде туған жеріне жолына түсіп, барып келген екен. Бірақ Жапонияда ұзақ уақыт тұруға шыдамай, Қарағандыға қайтып келеді. Бұл қылығын, қазақ даласына деген сағынышымен түсіндірген.
«Ақтасыма жетпейді екен, үйімнің алдында шемішке шағып отыратын кезімді сағындым» деп айтты» – дейді Нұрлан Дулатбеков.
М.Әуезов театрының 91 маусымдағы алғашқы прьемерасы – «Ақтастағы Ахико» спектакліне қатысты өткен баспасөз мәслихатында театр директоры, актер Ерлан Біләл Қарағандыға жолы түскен бір сапар кезінде Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековпен жолығып, әңгіме барысында КАРЛАГ жайлы тың мәліметтер естігенін айта келіп: «Музейді арнайы барып, көзіммен көрдім.Көзбен көріп, сезіну бөлекше әсер етті. Өте ауыр күйде бірнеше күн жүрдім. Ақыры, Нұрлан Дулатбеков мырзамен бірлесе отырып, Ахиконың тағдырын арқау еткен сахнаға лайықталған шығарма жазуды жоспарладық. Содан театрымыздың драматургі Мәдина Омарова Ахико Тецуроға әдейілеп барып, басынан кешкен өмірін өз аузынан жазып алып келді де, шығармаға кірісті. Сөйтіп, өзіндік ерекше қолтаңбасымен көрермен ықыласына бөленген режиссер Асхат Маемировті шақырып, қойылымды сахналауды ұсындық. Міне, бұйыртса, қазанның 22-23 күндері прьемерасын өткізгелі отырмыз» деді.
Жаңа қойылымның қоюшы-режиссері Асхат Маемиров. Ахико Тэцуро рөлін дарынды актер Дулыға Ақмолда сомдайды.
Ахико Тецуроның өмірі қазақ халқының дархандығының анық дәлелі бола алады. Қойылым барысында жапон тұтқының басынан өткерген қилы тағдыры баяндала отырып, ұлтаралық достықтың жарқын үлгісі көрсетіледі.

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика