Лев Толстой: Ермактың жорығы

7 ноября 2018

Орыстың ақыл-ойы, данышпаны атанған жазушы Лев Толстойдың ерте де жазылған «Ермак» атты әңгімесі бар. Бұл әңгіме кәсіби аудармашы Әбілмәжін Жұмабайдың аудармасымен 1992 жылдың 20-шы наурызында «Заман Қазақстан» газетіне жарияланыпты. Бұл жазбадан ақ патшаның отарлау саясатын, оны іске асыру үшін Ермак жауыз не істегені жайлы айтылыпты.
Атаман Ермак және Строгоновтар Иван Васильевич Грозный патшаның тұсында Строгоновтар деген алпауыт байлар болады, олар Перьмде, Кама өзенiнiң бойында тұрады екен. Строгоновтар бiр күнi Кама өзенiнiң әрiректегi алқабында айналасы 140 шақырымдық құнарлы жер бар: оның қыртысына қадым заманнан берi түрен тiсi тимептi, сыңсыған қара орманын балта шаппапты. Жыныс тоғайы аңнан көрiнбейдi, зерен көлдерiне балығы тулап жатады және өзiнде тiрi жан тұрмайды, тек татарлар ғана iлуде бiр соғып кетедi екен, – деген сыбысты естидi.
Естидi де, Строгоновтар патшаға сусылдатып хат жазады: «Осынау жердi бiзге бер, бiз оған шоғыр-шоғыр қалашықтар салып, халықтың басын қосып қоныстандырамыз, сосын о жерден берi қарай татарларды аттатпай қоямыз» – дейдi.
Патша ағзам бұны мақұлдап, оларға со жердi бередi де. Строгоновтар жеделдетiп жұртты жинаңдар деп пiркәщiктерiн жұмсайды. Сол-ақ екен, олардың мекенiне бейсауат жүрген ел топырлап жинала бастайды. Келген кiсiлерге Строгоновтар жер мен тоғайды кесiп берiп, алдына мал салады және ешбiр алым-салық алмайды, тырбанып тiрлiк ет, тек тықыр таяғанда елмен бiрге татарлармен тартысқа шығасың дейдi де қояды. Сөйтiп сол араны орыс халқы мекендеп қалады.
Арада жиырма шақты жыл өтедi. Көпес Строгоновтар байыған үстiне байи түседi, баяғы жер ендi оларға аз көрiнедi. Арандары ашылып, қоңды жердi тағы да молынан қамтығысы келедi. Өздерiнен оқшау, 100 шақырымдай жерде аспанмен тiлдесiп Орал таулары жатыр, со таудың ар жағында таңғажайып жер бар дегендi, оның шетi де, шегi де жоқ дегендi естидi. Ол жер Көшiм деген Сiбiр сұлтансымағының билiгiнде көрiнедi. Бiр кезде Көшiм орыс патшасына мойынсұған екен, ендi бүлiк шығарып, Строгоновтар қалашықтарын шауып, талапай етемiн деп айбат шегетiн сияқты.
Мiне, осыдан кейiн Строгоновтар табанда патшаға хат жөнелтедi. «Сен бiзге жер бердiң, бiз оны бағындырып, сенiң қоластыңа қараттық, ендi әлгi ұры-қарылардың патшасымағы Көшiм саған қарсы бас көтерiп жатыр, берген жерiңдi тартып алып, бiздi тонап, қу тақырда қалдырмақ. Ендi сен бiзге Оралдың арғы бетiндегi иен даланы басып алуға әмiр ет; бiз Көшiмдi жаулап аламыз-дағы, оның күллi жер-суын қол астыңа тап-тұйнақтай жинап беремiз» – дейдi.
Патша ағзам мұнымен келiсiп: «Егер қолдарыңда күш болса, Көшiмнiң жер-суын тартып алыңдар. Тек Ресейден онша көп халықты шақырып жүрмеңдер» – деп тәртiп соғады.
Хош, сонымен Строгоновтар патшадан хат алысымен пiркәщiктерiн дүрлiктiрiп, тағы да жұртты жинауға жiбередi. Әсiресе Едiл мен Дон казактарын азғырып әкелiңдер дегендi қатты баса айтады. Ал о заманда Едiл мен Дон суында казактар өрiп жүретiн. 200, 300, 600 адам бас құрап, аламан топ болып, бiреуiн атаман етiп сайлайды да, жалпақ қайықтарға тиелiп алып, кездескен кемелердi ұстап, талап-тонап күнелтетiн, ал қыста елсiз жағалауда қосын болып шуласып жататын.
Пiркәщiктер Едiлге келiп, жай-жапсарды шыжымдап тартып. «Осы арадағы казак дейтiндер қайсысы» – деп сұрайды. Оларға былай деп жауап бередi: «Казактар қисапсыз көп. Бiз солардан-ақ құтыла алмай қойдық. Мишка Черкашенин деген бiреуi бар. Сары-Азман деген безбүйрегi тағы бар… Бiрақ атаман Ермак Тимофеевичтен өткен жауызы жоқ. Қарауында 1000 қаралы сойқаны, одан қаймана халық қана емес, көпестердiң өзi қорқады, ал патша әскерi бәленiң қарасын көргеннен қашады».
Сосын пiркәщiктер Ермак-атаманға барады, барады да, оған Строгоновқа кел деп қолқа салады. Ермак пiркәщiктердi оңаша қабылдап, айтқан сөздерiн зейiнмен тыңдайды да, жасағын ертiп тамызда, тәңiрия мейрамында келмекшi болып уағдаласады.
Тамыз айында тәңiрия күнiнде Строгоновқа атаман Ермак Тимофеевич бастаған 600 казак келедi. Строгонов әуелi оларды жақын-жуықтағы татарларға салады. Казактар оларды бөрiктiрiп қайтады. Сосын ұрынарға қара таппаған казактар со төңiректi торуылдап, жұртты жағалай талап, тонай бастайды.
Строгонов Ермактi шақырып алып: «Егер мына бейбастықтарыңды қоймасаңдар, мен сендердi бiр күн де ұстамаймын» – дейдi сызданып. Ал Ермак оған мынадай уәж айтады: «Осыған менiң өзiм де наразымын. Бұ содырларға не амал – iшi пысып, құтырынып жүргенi де. Бiзге одан да жұмыс тап». Строгоновқа керегi де сол: «Оралдың ар жағына барыңдар да, Көшiммен жауласып, жер-суын тартып алыңдар. Сонда сендерге патша да сый-сияпат көрсетедi» – дейдi. Сөйтiп, Ермакқа патшаның хатын көрсетедi. Ермактың жүрегi жарылардай қуанып, казактарын жинап алады да, сөз бастайды: «Сендер менi қожайынның алдында масқара еттiңдер, көздерiң қанталап, ел тонаудан басқаны бiлмейсiңдер. Егер сендер бұларыңды қоймасаңдар, ол сендерге ит қосып қуалайды, ал сонда қайда кетпексiң? Едiл суының үстi қазiр қара-құрым патша әскерi: бәрiмiздi бiр-бiрлеп ұстап алса бұрынғы iстерiмiз үшiн маңдайымыздан сипайды дейсiң бе? Ал, iштерiңде арыстан ойнап, құрып бара жатсаңдар, мiне, сендерге лайық жұмыс та табылады» – дедi де, Оралдың арғы жағынан Строгоновқа жер жаулап алуға рұқсат еткен патша ағзамның хатын көрсеттi. Казактар бiраз дуылдасып алды да, тәуекелге бел байласты. Ермак дереу Строгоновпен жүздесiп, екеуi отырып, олардың жорыққа қалай шығатынын ойластырды.
Өздерiне қанша қайық, қанша азық-түлiк, күш-көлiк, қанша мылтық, оқ-дәрi, бытыра керек екенiн, тiлмәштыққа неше тұтқын татарлар, қару-жарақ iсмерлерi, неше несiм керек екенiн ақылмен салмақтап, талқыға салды.
«Неше жерден қымбат болса да, бұл пәлеге керегiнiң бәрiн де берген жөн, әйтпесе осында масыл болып, менiң тұлдырымды қалдырмай тыр жалаңаш етедi» – деп ойлайды Строгонов. Ол келiсiмiн берiп, құрал-жабдықты түгел жинап, Ермакты казактарымен бiрге жолға шығарып салады.
Атаман Ермактың татарларды жаулап алуы1 қыркүйекте Ермак бастаған казактар 32 қайыққа мiнiп, қайық басы 20 адамнан, Чусовой өзенiмен жоғары қарай жүзедi. Олар бес күн ұдайы қайықтарын ағысқа қарсы жостырта есiп отырып, Күмiс өзеннен келiп шығады. Ендi одан әрi жүруге болмай қалады. Казактар жол бастаушылардан сұрап, осы арада мына бiр таудан асып, екi жүз шақырымдай жаяу жүргесiн, тағы бiр өзенге кездесетiнiн бiледi. Казактар сол араға тоқтап, шағын қала салып, бүкiл жүк-жабдықтарын түсiредi, қайықтарын жағалауға шығарып тастайды да, арбалар жасап, соларға бар мүлiктерiн тиейдi, сосын асудан асып, әрi қарай тартпақ болып, жермен жүрiп кетедi. Бұл өзi орман-тоғайлы меңiреу аймақ екен, қоныс тепкен халық қарасы мүлде көрiнбейдi. Олар он күн жермен жүрiп, Жаровня деген өзенге тап болады. Бұл араға тағы да аялдап, қайтадан қайықтар жасауға кiрiседi. Оны бiтiргесiн өзенмен төмен қарай жүзе жөнеледi. Бес күн жүзiп жағаға шықса, бұрынғы ма, көз жауын алатын бiр көрнектi жердi көредi. Көкорай шалғын, көк орман, көкшiл көлдер, ұшқан құс, жүгiрген аңға, балық пен бақаға тұнып тұр екен және со жануарлар тiптi үрку-қорқуды бiлмейдi. Тағы да тәулiк бойы жүзiп, Тұра деген өзеннен келiп шығады. Мiне, ендi осы Тұра өзенiнiң бойынан ел-жұрттың төбесi де, татар қалаларының қарасы да көрiне бастады.
Ермак әнебiр көрiнген қандай қалашық екен, күш-қайраты мол ма екен, барып бiлiп қайтыңдаршы деп казактарын жiбередi. 20 казак барып, татарлардың зәре құтын қашырып, күллi қыстақты бағындырып, мал-жандарын айдап әкелдi. Кей татардың көзiн жойып, кейбiреуiн тiрiдей тұтқынға алды.
Ермак тiлмәштары арқылы татарлардан олардың кiм екенiн, кiмнiң қол астында тұратынын сұрады. Татарлар өздерiнiң Сiбiр патшалығына қарайтынын, ханы Көшiм екенiн айтты. Ермак татарларды босатып жiбердi де, ақылдылау үшеуiн жол көрсетуге қасына қалдырды.
Олар iлгерi қарай жылжи бердi. Жүрген сайын өзен арнасы кеңейiп, үлкейе түстi, ұзаған сайын жер ажары кiрiп, шүйгiндене бердi,
Қара-құра халық та жиi ұшыраса бастады. Бiрақ халықтары әлжуаз. Казактар өзен бойындағы қалашықтардың бәрiн басып алды. Олар келесi бiр қаладан қыруар татарды көзiнен тiзiп, тағы бiр қадырмендi татар қариясын қоса айдап кеттi. Әлгi татардан оның кiм екенiн бiлгiсi келдi. Ол: «Мен Таузық деген кiсi боламын, Көшiм ханымыздың қызметшiсiмiн, ол менi осы қалаға бастық етiп қойған» – деп жауап бердi.
Ермак Таузықтан ханы жөнiнен сыр тартты. Оның әлгi Сiбiр деген қаласы әлi алыс па? Көшiмнiң әскер күшi көп пе, өзi шiрiген бай шығар? Таузық ештеңенi бүкпейдi. «Көшiм үшбу дүниенiң ең құдiреттi патшасы. Оның Сiбiр атты шаһары да – әлемдегi ең үлкен шаһар. Сол шаһарда көкте қанша жұлдыз болса, сонша адам мен мал бар. Ал Көшiм ханның күшi қисапсыз, оны бұ фәнидiң патшалары бiрiгiп келсе де жеңе алмайды» – дедi қария.
Ермак болса қатты кеттi. «Әй, бiз – орыстармыз, сенiң мұндағы патшаңды тоңқалаң асырып, қаласын тартып алуға келдiк; орыс патшасының қол астына кiргiзуге келдiк. Бiздiң күшiмiз ұшан-теңiз. Мына менiң қасымдағылар – тек алғашқы легi ғана, ал артымызда мың сан қайықпен қаптап келе жатқан қолға сан жетпейдi және бәрiнiң де мылтығы бар. Ал бiздiң беренiмiз – сендердiң шипая садақтарың мен жебелерiң емес, дөңбектей ағашты қақыратып тесiп өтедi. Сенбесең – қара».
Ермак осылай деп, гүрс еткiзiп ағашты атып қалғанда – ол жарыла кеттi, сол-ақ екен, казактар тұс-тұстан екiленiп, мылтықтарының шүрiппелерiн басып-басып қалды. Таузық қорыққанынан желп етiп отыра кеттi. Сонда тұрып Ермак оған: «Қазiр жаның барында әлгi Көшiм патшаңа бар-дағы, осында көргенiңдi түгел айт. Ол бiзге бас ұрып, бағынсын, бағынбаса, көзiн құртамыз» – дейдi. Сөйтiп Таузықты жөнiне жiбередi.
Казактар әрi қарай жүзе бередi. Тобыл деген бiр әйдiк өзеннен келiп шығады, сырғи-сырғи Сiбiр қаласына да жақындайды. Содан Бабасан деген шағын өзенге келiп түседi, қараса, жағалаудан көзге қораш бiр қалашық көрiнедi, қала маңы ызғындай шуылдаған татарлар.
Олар тiлмәшiн татарларға жұмсап, не жұрт екенiн бiлiп кел дейдi. Тiлмәш қайтып келгесiн мына хабарды жеткiзедi: Бұл жиналғандар Көшiмнiң қолы, ал әскер басы Көшiмнiң күйеу баласы – Мәметқұлдың тап өзi. Ол менi қасына шақыртып алып, сiзге айт – дереу кейiн қайтсын, әйтпесе тас-талқан етемiз – деп әмiр еттi».
Ермак казактарын шақырып, жағаға шығып, татарларға оқ бората бастады. Тарс-тұрс мылтық дауысын естiсiмен, олар тырағайлап қаша жөнелдi. Казактар байғұстарды өкшелей қуып, өлгендерiн өлтiрiп, тiрiлерiн қосақтап алып кеттi. Мәметқұл жан сауғалап әзер құтылды.
Казактар тағы да алға тартты. Ағысы қатты, кең айдынды Ертiс деген өзенге де жеттi. Ертiстi қуалап, күнi бойы жүздi, бiр әдемi қалашыққа келiп, қайық «басын» тiредi. Казактар топтасып қалашыққа қарай беттедi. Тақай бергенде татарлар садақ оғын жаудырып, үш казакты жаралады. Ермак тiлмәштi жiберiп, татарлар қаланы бiзге берсiн, әйтпесе бәрiн қырып саламыз – деп қыр көрсеттi. Тiлмәш барып мынадай мән-жайды бiлiп қайтты: «Мұнда Көшiмнiң Атық Мырза Қашар деген қызметшiсi тұрады. Оның әскер күшi көп екен, қаланы өлмей бермеймiз» – дейдi.
Ермак казактарын жинап былай дейдi: «Әй, жiгiттер, егер бiз мына бiр қаласымақты ала алмасақ, татарлар той жасап, тақияларын аспанға атады. Сосын бiздiң жүрер жолымыз кесiледi дей бер. Ал, егер тап қазiр мыналардың зәре-құтын қашырсақ, жүгiмiз де жеңiлдейдi. Кәне, бәрiң де шығыңдар. Бәрiмiз бiр кiсiдей лап қоялық». Олар солай еттi де. Татар шiркiндер де шексiз көп екен және өздерi шеттерiнен ер екен. Казактардың жан ұшыра ұмтылуы мұң екен, татарлар да адырналарын аңырата жөнелдi. Казактарды оқпен көмiп-ақ тастады. Көбiн о дүниеге жөнелтiп, қаңсыратып-ақ тастады.
Казактар ызаға булығып, татарларға жетiсiмен қолға түскендерiн түгел жусатты.
Осынау қалашықтан казактар көп олжа тапты, мал-жан, қалы кiлемдер мен үлпiлдеген ұлпандарға, бал мен майға шаш-етектен кенелдi, осы арада өлiлерiн қойып, өздерi армансыз тынығып, естерiн жинады да, мол олжаларын алып, қайықтарымен сыза бердi. Онша шығандап кетпей жатып, бiр кезде қапталға қараса, жағадан жасаудай бiр қала көрiнедi, ұшы-қиыры жоқ қаптаған қалың әскерден көз сүрiнедi, ал со қалың қол оқпан-арық iшiнде, оқпан алдына айқыш-ұйқыш ағаш дiндерiн құлатып тастапты. Казактар аңырап тұра-тұра қалысты. Ойланып-толғаныса бастады. Ермак айналасына жiгiттерiн жинады. «Ендi қайттiк, жарандар?» деді. Казактар жасып, қаймығайын дедi. Бiреулерi: жанай жүзiп өтелiк десе, ендi бiреулерi, кейiн қайталық дестi.
Олар сөйтiп торығысып, Ермакқа тиiстi. «Әй, сенiң бiздi осы тығырыққа әкелiп қамағаның қалай, а? Қаншамыз өлiп, қаншамыз жаралы болдық, ендi мiне, бәрiмiз де құримыз» – деп зарлады. Сосын көз жасына ерiк бердi.
Сол арада Ермак саңқ етiп, өзiнiң iзбасары Иван Кольцоға тiл қатты: «Ау, Ваня, бұған сен не дейсiң, кәне?». Кольцо тұрып: «Мен бе? Мен, ендеше бүгiн өлтiрмесе, ертең өлтiредi. Ертең өлтiрмесе, бостан-бос пеш үстiнде жатып жан тапсырамыз, деймiн. Маған салсаңдар, жағаға атып-атып шығып, жаппай жұмылып, татарларға тап берейiк – құдайдың жазғанын көре жатармыз сосын!».
Ермак жайнап сала бердi. «Әп, бәрекелде, Ваня, жарадың! Дәп осындай тәуекел керек. Ә, жiгiттер, сендер ме, сендер – казак емес, қатыныңдар! Сiрә, сендердi өзеннен бекiре аулап, татар қатындарын қорқытқаннан басқа iске алуға болмас, тегi. Бәрiн де өздерiң де көрiп отырған жоқсың ба? Кейiн қайтсаң – жайратады. Жанай өтсең – жусатады: осы арада тұрып қалсаң – құрисың. Ендеше көткеншектеп қайда ғана шегiнемiз? Қазiр бiр рет қиналсақ, сосын он рет тынығамыз. Солай жiгiттер, баяғыда әкемнiң тоқпақ жалды торы биесi болды. Ылдиға салсаң ылпып тұрар едi, жазыққа салсаң жан iлестiрмейдi, ал өрге салсаң кежегесi кейiн тартып, кейiн бұрылғысы келер едi. Жеңiл басып, желпiнiп жүрудi ұнататын бәлекеттi әкем қазықты жұлып алып, сонымен айдасын оны. Жануар шырқ айналып, тарпаңдай тепкiлеп, арбаны сындырсын. Сосын әкей оны арбадан босатып алып, шықпыртсын келiп. Арбасын сүйреп жүре бергенде ғой, о байғұс, әлгi қорлықтың бәрiн де көрмес едi. Бiз де қазiр тап сондаймыз, жiгiттер. Алдымызда бiр-ақ жол бар – тұп-тура татарларға тап беру».
Казактар ду етiп бiр күлiсiп алды да, жадырай тiл қатты: «Әсiлi сен, Тимофеевич, бiзден гөрi әлдеқайда ақылдысың. Бiздей ақымақтардан ақыл сұрап әуре болма. Қалаған жағыңа бастай бер. Кiсi екi рет өлмейдi, бiр өлiмнен қашса да құтылмайды».
Ермак сөздi лезде iлiп әкеттi. «Ендеше сөзге құлақ сал. Бiз былай етсек. Олар әлi бiздiң бәрiмiздi түгел көрген жоқ. Тап қазiр үш топқа бөлiнейiк. Бiрiншi топ ортамен жүрiп, оларды қақ маңдайдан соғады, ал қалған екi топ айналып барып, оларға оң, сол бүйiрлерiнен бүйiдей тиедi. Ортадағылар қиқулап тұра ұмтылған кезде, олар бұлардың бәрi осы екен деп ойлап қалады да, оқпаннан жамырап шыға келедi. Сол сәтте бiз аш бүйiрлерiнен оңдырмай соғамыз. Гәп осы, жiгiттер. Мыналарын бiр жәукемдеп тастасақ, қалғанынан қорықпасақ та болады, хан да, патша да өзiмiз болып аламыз».
Олар соны жүзеге асырды да. Ортадағы топты Ермак өзi бастап, тура тартысымен, татарлар уласып-шуласып, ұшып тұрып, тура ұмтыла бергенде, Иван Кольцо оң қанаттан, Мещеряк атаман сол қанаттан келiп соққыласын. Татарлардың үрейi ұшып, бытырап қаша жөнелдi. Казактар оларды баудай түсiрдi. Сонда Ермактың бетiне қарсы келер жан табылмады. Сол бетiмен ол Сiбiр қаласына барып кiрдi. Сөйтiп сарайға барып, патшаға ұқсап қонжиып отырып алды.
Ендi Ермакқа тағзым етiп, сұлтандар келе бастады. Сiбiрде тұруға ниет еткен татарлар да төбе көрсететiн болды. Ал Көшiм мен оның күйеу баласы Мәметқұл Ермакқа тiкелей бас салудан қаймығып, со маңайды торуылдап, оның көзiн құртудың амал-айласын ойлап жүрдi де қойды. Көктем суы жайылып тасыған шақта Ермакқа татарлар келiп, тағы бiр хабарды жеткiздi: «Мәметқұл саған тағы да төнiп келедi, қалың әскер жинап, Вагай өзенiнiң бойында тұр» – дестi.
Ермак дереу қол жинап, өзендi көктей өтiп, саздақты табандармен, сай-жыралармен, орман-тоғаймен жасырын жүрiп отырып, алаңсыз жатқан Мәметқұлға казактармен оқыс келiп тиiседi, қыруар татарды жамсатып тастап, Мәметқұлдың өзiн тiрiдей қолға түсiрiп, Сiбiрге алып келедi. Бұдан кейiн жауыққан татарлар аз қалады да, олардың бағынбағандарына Ермак ала жаздай көп теперiш көрсетедi, сөйтiп Ермак Ертiс пен Об бойынан аумағын екi айда аралап шыға алмайтын тұтас бiр мол аймақты жаулап алады.
Осы жерлердi шеңгелдеп алғаннан кейiн, Ермак Строгановтарға хат жазып, елшi жiбередi. «Мен, – дейдi ол, – Көшiмнiң қаласын алдым және Мәметқұлды да тұтқын еттiм, осы араның күллi халқын қоластыма қараттым. Тек қана казактардың шығыны көп. Бiздiң көңiлiмiз көтерiлсiн десеңiз, мұнда халық жiберiңiз. Ал жердегi байлық ұшан-теңiз». Бұған қоса ол асыл ұлпанды: түлкi, сусар мен бұлғын терiлерiн тең-теңiмен жөнелтедi. Осы оқиғадан кейiн арада екi жыл да зулап өте шығады. Ермак Сiбiрдi уысында ұстап тұра бередi, бiрақ Ресейден көмек келмейдi, сөйтiп Ермактың қарауында орыс адамдары аз қалады.
Бiр күнi татар Қараша Ермакқа елшi жiберiп, сәлем жолдайды: «Бiз саған тiзе бүгiп бағындық, ал ендi бiзге ноғайлар қиянат жасап жатыр, сен бiзге өзiңнiң сайыпқырандарыңды жәрдемге жiбер. Бiз тiзе қосып, ноғайларды табындырамыз. Бiз сенiң жiгiттерiңе тимеймiз деп ант су iшемiз».
Ермак олардың антына сенiп, Иван Кольцоны бас етiп 40 адам жiбередi. Осынау қырық адам келiсiмен, татарлар бас салып, олардың көзiн құртады. Казактар қатары селдiреп қалады.
Тағы бiрде Бұқар көпестерi Ермакқа: «Бiз сенiң Сiбiр шаһарыңа тауарлар апарайын деп едiк, бiрақ жолымызда құрсанған әскерiмен Көшiм тұр, өтейiн десек жiбермейдi», – деген хабар жiбередi.
Ермак қасына 50 адам ертiп, бұқарлықтар жолын тазартпақ болып атқа қонады. Ертiс бойы келiп, бұқарлықтарды таба алмайды. Сол араға түнеп шықпақшы болады. Түн тастай қараңғы, жаңбырлы едi. Казактардың ұйқыға бас қойғаны сол, қайдан шыққанын бiр құдай бiледi, татарлар сау етiп келiп, ұйқыдағы кiсiлерге тап қойып, қыра бастайды. Ермак ұшып тұрып, айқаса кетедi. Әлдекiм қанжар салып оның қолын жаралайды. Ол өзенге қарай тұра қашады. Татарлар өкшелей қуады. Ол өзенге қойып кетедi. Содан кейiн оны тiрi жан көрмейдi. Жұрт Ермактың мәйiтiн де таба алмайды және оның қалай өлгенiн де ешкiм бiлмейдi.
Келесi жылы бұл араға патша әскерi келедi де, татарлар жуасып бiтiм сұрайды.

namys.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика