Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа белесі

3 октября 2017

Қазақ тілі латын графикасына ауыспайды, керсінше қайта оралады. Өйткені біз үшін латын әліпбиі таңсық дүние емес, өткен ғасырда қазақ жазба тілі латын қарпімен бейнеленген болатын. Мұны мұрағат пен мұражайлар қорындағы құжаттардан анық байқауға болады. Егер өзіңіз де көзжеткізгіңіз келсе, онда Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған көрмеге барыңыз.

Облыстық мұражай ұйымдастырып отырған көрме экспозициясы қазақ жазба тілін латын графикасына ауыстыруға арналған.Көрмеге мұражайдың қорындағы құжаттар мен жергілікті мұрағаттағы құнды құжаттар қойылған. Олардың арасында көпшілік назарына өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген газет-журналдар, қаулы, хаттама, кітаптар ұсынылды. Көрмеге келген тұрғындарға қазақ әліпбиін алғаш болып құрастырған ғалымдар – Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, К.Жұбанов, С.Аманжоловтар туралы ақпарат берілді.

Көрменің ашылу салтанатынан соң оқушылар үшін қазақ тілінің латын графикасына ауысуы туралы ақпараттық сағат өтті. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.

Латын графикасына өтудің басты артықшылығы – Батыс Еуропаның ғылыми-техникалық прогресіне ілесу. Смарт, сенсор, ақпараттық және жалпы сандық технологияның ілгерілеуіне ілесу үшін бізге міндетті түрде латын қарпіне көшу қажет. Ең бастысы, қалайда ешбір ноқатсыз, артық нүкте, үтірсіз таза 26 әріптен тұратын латын таңбасын қолдануымыз тиіс. Бағдарламалау тіліне бір ноқаттың қосылғаны жеткілікті. Бүкіл тіліміздің ойран-асырын шығарады. Тағы да пернетақтаның жоғары бөлігіне түрлі ноқаты бар латын әріптерін орналастыруға тура келеді. Бізге мұндайдың керегі не? Бізге юзер болудың қажеті жоқ. Біз ақпараттық технологияны өндіруші ел болсақ қана бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында Қазақстанның 2025-ші жылға дейін латын әліпбиіне өтетіні туралы жариялаған болатын. Елбасымыздың бұл бастамасы зиялы қауым өкілдері мен тіл мамандарының қызу қолдауына ие болды. Қазір Республика көлемінде латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылау және насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін латын графикасына негізделген бірнеше әліпби үлгісі ұсынылды. Алдағы уақытта олар жетілдіріліп, жыл соңына дейін жаңа әліпби қабылданбақ. Бұл Қазақстанның заманауи өркениетке қарай басқан маңызды қадамы болмақ.   
«Латын әліпбиі — қазақ тілінің жаңа белесі» атты көрме облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жыл соңына дейін жалғасатын болады. 

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика