ҚЫЗЫЛ КІЛЕММЕН ЖҮРІП ӨТКЕН «ТОМИРИС»

30 сентября 2019

 

 

«Қаратауды – ата-бабаның әруағы жатқан жерді дұшпан атының тұяғына таптатпаймыз», – Томиристің халық алдында айтқан осы сөздері бүкіл жұртты рухтандырыпты.

Шамамен екі мың жыл бұрын қанаты кеңге жайылған қазіргі қазақ жерінде ержүрек халық Сақтар өмір сүрген. Олар туралы айтулар мен аңыздар әлемге тараған еді. Сақ батырларының образы әлемдік мифологидан да көрініс тапқан болатын. Ешқашан жеңіліс тауып көрмеген батыл әскерді Сақ патшайымы Томирис құрған. Патшайым біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда өмір сүріп, өзінің көркімен, ақылымен және әскери стратегия құру шеберлігімен ұлан-ғайыр Сақ даласының көрші мемлекеттеріне танылды. Оның тағдыры сынаққа, қасыретке және халқының азаттығы жолындағы күреске толы болды. Томиристің әкесі Спарғап ел билеген өте абзал, батыр және патриот азамат болған. Кішкентайынан қызын жауынгерлікке баулығын әке оның бойындағы батылдылықты шыңдай түсіреді. Томирис бес жасында атқа мініп, ал он үш жасында найзаны, садақ пен қылышты асқан шеберлікпен пайдаланған. Бойында жігері бар бойжеткен садақпен нысанаға дәл тигізіп, барлық бәйгелерде бірінші болып келетін. Жалпы, Тұмар ханшайымның тағдыры мен образы бүгінгі күнге дейін идеал. Оның ержүрек образына арналған көркем картиналар мен шығармалар өте көп. Отандық киноматограф та Ұлы даланың патшайымына көз қырын салып, үлкен кино туындыны жарыққа алып келді.

Көптен күткен «Томирис» көркем фильмі прокатқа шықты. 2,5 жыл түсірілген тарихи драманың алғашқы жабық көрсетілімі көрерменнің назарына осы аптаның сәтті күні сәрсенбісінде ұсынылған еді. Фильмнің тұсаукесеріне қатысқан танымал өнер жұлдыздары қызыл кілеммен жүріп өтті.

«Томирис» фильмінің режиссері Ақан Сатаев бұл картинаны дүниеге алып келу үшін бар күштерін салғандықтарын айтты. Біріншіден кино көрерменнің көңілінен шыққанын ойлаған режиссер мырза, әр картинаның тұсаукесері ол үшін үлкен емтихан екенін жасырмады. Жалпы әр режиссерге әр көрерменнің пікірі маңызды.

Фильмде кішкентай қыз баладан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айырылып, сатқындардан өшін алған және Сақ тайпаларын өз билігімен біріктіре білген Ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымның тағдыры баяндалады. Томиристің ролін сомдау үшін 15 000 астам үміткердің ішінен Альмира Тұрсын таңдалады. Өз кезегінде Альмираның мамандығы психолог және бұл кино әлеміндегі оның дебюті.

Актрисаның сөзін тыңдаса: «Осы күнге дейін киноиндустрия саласында болмаған адам ретінде айтарым, кино алаңда өткізілген әр күн мен үшін қызыққа толы болды. Қиындықтар да болды. Шүкір, картинаның көрерменге тартқан сәтіне де жеттік! Көңілден шығады деген ойдамын».

Кино картинада Альмира Тұрсыннан басқа Томиристің образын бала кезінен ересек шағына дейін екі актриса сомдайды. Картинаның кастинг директоры Жайна Әбдиева Республикалық деңгейде ұйымдастырылған кастингте Томиристі (Альмира Тұрсынды) тек бір суретіндегі көзқарасын көргеннен-ақ басты ролді алып шығатынына сенімді болған: «Алмираның суретін көрген бойда оның осы ролді толықтай алып шығатынына сенімді болдым. Оның көзқарасында жауапкершілікті көрдім».

Шығармашылық топтағы әр актер соғыс көрінісіндегі өз ролін жақсы сомдау үшін шеберліктерін шыңдап, тарих қойнауына қайта оралды. Тарихи тұлғалардың мінезі мен болмысын жеткізе білу өз алдына, көбіне кейіпкерлерге көне түркі тілдерінде сөйлесу қиынға соққан секілді.

Картинаның түсіріліміне еліміздің алдыңғы қатардағы кино мамандары қатысқан. Кинотуынды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Картинаның түсірілімі 2017 жылдың желтоқсан айында басталып 2,5 жылға созылды. Фильмнің сюжеттері Жаркентте, Бурабайда, Баянауыл мен Шарын шатқалында және Вавилон қаласының декорациясы жасақталған «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Үлкен бір дәуірдің тарихын көрермен назарына ұсыну үшін материалдарды және рухани мәдениетті қайта қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Біздің заманымызға дейін VI ғасырда болған оқиғаны дәлме дәл көрерменге жеткізе білу үшін еліміздің тарихшылары мен археологтары зерттеу жұмыстарын жасаған. Арнайы декорациялар, он мыңнан артық қару-жарақ дайындалған. Актерларға мыңнан аса киім, ал басты рольдегі Томиристің өзіне жиырмадан аса жиынтық костюм дайындалыпты. Бұл жүгі аса ауыр жұмыстың барлығын фильмнің басты қоюшы суретшісі Қуат Тілеубаев бастаған кәсіби мамандар тобы жүзеге асырды.

P.S. «Томирис» фильмін екі жарым сағат бойы тапжылмай тамашаладық. Эмоция керемет! Қатардағы көрермен ретінде айтатын болсам, қазақ киносында оған дейін пайдаланбаған масштабты байқадым. Декорациялар, костюмдер, жылқылар мен қару-жарақтар, массовка барлығы да жоғары деңгейде жасалған. Ал актерлік құрам асқан шеберлікпен таңдалған. Томиристің бала кезін сомдаған кішкентай актриса Лия Фоминаның садақты үлкен қырағылықпен пайдалануы барлығын да тәнті еткен секілді. Дебютпен кинода көрінген Альмира Тұрсынның бар болмысы Сақ ханшайымынан тура суреттеліп алынғандай. Оның көзқарасы мен мимикасы, халық алдында сөз сөйлеуі мен қалың қолды ұрысқа бастауы Тахмарыс ханшайымның (Томирис) образын толық ашуға үлкен септік болды. Жалпы, кинотуындыны тамашалау барысында бойымдағы ұлттық кодпен дарыған елге, тарихқа және салтқа деген патриоттық сезімім оянып, қазақтың рухты қызы екендігімді мақтан еттім!

Ruh.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика