Қытайлықтар қазақ тілі мен мәдениетінен сынға түсті

5 мая 2017

Қытайдың жоғары оқу орындарында оқып жатқан  өзге ұлт студенттері арасында қазақ тілінің шетелдегі мәртебесін көтерген жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат kazakh.cctv.com сайтына сілтеме жасап.

Қазақ тіліне үлкен қызығушылық танытып, құрмет көрсеткен бұл шараны Шыңжаң тіл-жазу комитеті, Бейжіңдегі Орталық  ұлттар университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультеті, Шынжаң университеті, Іле педагогика университеті және Қытай тілдер университеті сынды білім ордалары ұйымдастырды.

Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінде өткен  жарысқа Қытайдың жоғары оқу орындарында қазақ тілі мамандығы бойынша білім алып жатқан өзге ұлт жастары қатысты. Қазақ тілінің аламан бәйгесінде 24 студент бағы мен бабын сынады. Қатысушылардың деңгейін әр қырынан сынаған байқау бірнеше кезеңге бөлінген. Олар жазбаша, ауызша емтихан тапсырып, қытай, қазақ тілдерінде ауызекі аударма жасау, берілген қазақша мәтінді жатық оқып, мазмұндап беру, берілген тақырып аясында мақала жазу түрлері бойынша сынақтардан өтті. Байқау барысында қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүріне және қазақша жаңа атау, терминдерге басымдық берілген.

Осылайша, екі күнге жалғасқан шара соңғы мәресіне жетіп, қазылар алқасы қазақтың тілін, ұлттық дәстүрін жақсы меңгеріп, шын жүйрік екендігін дәлелдеген жеңімпаздарды анықтады. Олар Бейжіңдегі Орталық  ұлттар университетінің студенті Го Хау, Шынжаң университетінің студенті Го Шужуән, Іле педагогика университетінің студенті Уаң Зыли.

Шара соңында Орталық  ұлттар университеті, қазақ тілі және әдебиеті факультетінің деканы, қазақ тілінің маманы, профессор Жаң Диңжың қазақ тілін ұлықтаған келесі жарыс Бейжіңдегі Орталық  ұлттар университетінде өтетінін хабарлады.

 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика