Қытайлық техника жұртты қырып кете жаздады

5 октября 2017

Тағы да қытайлық ауыр техниканың кесірі тиді!  40-тонналық жүк көлігі жүргізушінің басқаруына бағынбай, жол шетіндегі үйлерге кеп соғылған. Абырой болғанда, аулада жан болмапты. Әрі есік алдында қаңтарылып тұрған «Газель» көлігі қалқан боп, соның арқасында бірсыпыра адам аман қалыпты. Періштесі қаққан тұрғындар қытайлық көлік тиесілі құрылыс компаниясын жазалауды сұрап отыр.   Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Александр Самбурский болған жайттан әлі де түршігіп, өз-өзіне келе алмай жүр. Қайта-қайта құдайға алғысын айтқан оны таңатпай мына 40-тонналық техника жаншып өлтіре жаздаған.     Таңда жұмысқа барғалы жатқан оны мына «Газель» құтқарып қалыпты. Есік аузында қаңтарылып тұрған көлік қалқан болмағанда, бірден екі үйдің талқаны шығады екен.

Александр Самбурский, Алматы қаласының тұрғыны:

-Үйге кірген бетім сол еді. Егерде верандада аздап тосылып қалғанымда қазір тірі тұрмас едім. Періштеміз қаққан екен. Өйткені, көрші үйдің кішкентайлары аулаға ойнауға шыққалы жүрген.

Шарбақты жапыра кірген ауыр техника ауыз үйді талқандап, шатырды да сыпырып әкетіпті. Оған қоса, көрші үйдің қоршауын бұзған. Сөйтіп, үшінші үйді соға жаздап бір-ақ тоқтаған. Абырой болғанда, аулада адам болмаған. Екі үйдің иелері де бала-шағасымен түпкі бөлмеде отырған екен.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

-Бұл өте ауыр жол апаты. Абырой болғанда күнде бола бермейтін жол апаты. Білуімізше, тізгінде отырған адам сау. Яғни, мас болмаған. Неліктен бұл апаттың орын алғанын анықтайтын боламыз.

Жүргізушіні де періштесі қаққан екен. Көлік ішінде қысылып қалған оны тұрғындардың өздері көмектесіп шығарып алған. Тізгінде отырған жігіттің айтуынша, 40-тонналық көліктің тежегіші істен шығып қалыпты. Ал жұртты қыра жаздаған қытайлық жүк көлігі құрылыс компаниясына тиесілі екен. Кәсіпкер шығынның орнын жабуға уәде етіп, шу көтермеуге көндіріпті. Десе де, бір ажалдан аман қалған жұрт кінәлілерді жазаға тартпай, тынышталмақ емес. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика