Қытайдан келген қазақ баласы: «Сәлем, Қазақстан»

20 декабря 2018

Қытай қазақтарыБіз Қытай мемлекетіндегі Шыңжан өлкесінде өмірге келдік. Ауылда өсіп, ата мен әженің көзін көріп, ақылын тыңдап өстік. Кімге еркелемедік? Жаны жақын жандарға, тау мен дала бәрі-бәріне еркеледік. Дегенмен, үлкендердің қабағында бір құпия мұң бар екенін бала жүрек сезетін. Содан бәз уақыттардан кейін еркелеуге тиіс елдің басқа жақта екенін жан-жүрегімізбен ұға бастадық. Өсе келе бұл елге мүлдем еркелеуге болмайтынын түсіндік. Содан бастап көкейде бір арман пайда болды. Ол арман – елден там-тұмдап жүріп еститін әңгімелердегі «Қазақстан» деген жаңа сөзге қатысты еді. Ол жайлы не айтылса да үлкен бір таңданыспен, таңырқаумен, қызығумен тыңдайтын болдық. Бара-бара осы Қазақстан деген сөз жүрекке беймәлім сағыныш ұялатып, алыстағы Отанын аңсаған қазақ баласына ой салып, санамды билеп, өзіме ерік бермейтін бір құдіретті күшке айналды. Менің өзім Қазақстан туралы таудың бір түкпірінде жатып, он жасымда естіген болсам, содан бері он жыл өтіпті. Осы уақыт кезеңі шеттегі мен секілді Отанына жете алмай жүрген қаншама жандардың үкілеген үміті екен десеңізші…

Бүгін міне, сол он жылда іште бұққан сағыныш пен арманды қоса арқалап атамекенге оралған бақытты шағым жаныма қуат береді. Мен он жылдық сағыныш деп қоямын. Бәлкім бұл ғасырдан да ұзақ сағыныштың – сағынышы болар. Себебі мен өз туған-туыстарымның ішінен ата-бабамның аңсап кеткен арманын арқалап, олардың туған топырағына аяқ басқан жалғыз жанмын.
Өткендегі тарихтың ізін айтпасам да рухы бар адамның жүрегі сезінсе керек. Сондықтан, осы айтылған жан сырларымның артында қаншама ерке күнмен бірге елес болып кеткен қиялға толы сағыныштар бар екені белгілі. Осы айтылғандардың астарында жалғыз ғана менің емес атамекенге оралғысы келетін көптің арманы жатыр. Осы жаққа жол жүрерде жақын туыс-туғандарым көздеріне ыстық жас алып, жақсы тілектерін білдіріп, ұзатып тұрғандары жанарларыма қарап жаным тебіреніп, толқыған едім. Сұңғыла кеудемде не жатқаны дәл қазірге дейін өзіме ғана аян.
Кешегі ес білмес балалық шақтың өзі бір тамаша еді ғой. Ал, содан кейін ес біліп, елді тани бастағанда, тарихи Отанды аңсап үйде ылғи әке-шешемнің мазасын алатынмын. Сонда ол кісілер: «Балам, алдымен оқуыңды тәмәмдап ержетіп ал. Сосын барып еліңе жетерсің, сосын оның дамуына үлесіңді қосарсың», — дейтін. Бірақ, маған ол сөздер жаттанды болып, үнемі айтқандарын толығымен тыңдамай, өзімше «немене, қазір кетсем, ол жақта оқу жоқ па екен?» деп қарсылық білдіретінмін. Әйтсе де,ренжіген жалғыз ұлдарының бейнесіне қарап мазасызданатын әке-шешемнің ой түкпіріне не жатқанын кейін ғана іштей сезінетін болдым.
Ақыры күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп жоғары оқу орнына талаптанып атамекенге ккелудің сәті қалай түскенін өзім де білмей қалыппын. Сонымен аңсаған еліме келіп, арқам кеңіп, кең төсіне шығып, ерке желіне кеудемді тостым. Тауына да, даласына да ғашық көзбен қарадым. Егемен елімнің келешег болыпөркендей өсіп келе жатқан өзім сияқты өрімдей жастарды көрдім. Даласы әсем, көк тудай ашық аспанды көрдім. Әйтеуір, көзге көрінгенмен сезінгенімді жан тәніммен қабылдадым. Жанымдағы жақсы да әсем сөздерім мен жүрегімдегі еліме деген толғанысымды тілмен жеткізу қиянның қиыны екен.
Жұдырықтай жүрегімнің қабылдағанын арқау етіп, тереңде жатқан тебіренісімді әр қазақ баласына жеткізу үшін еліме келдім. Сырт жүрген қаншама бауырларымыздың арманы болған ата-бабаның туған топырағына табаным тигені үшін Аллаһха мың да бір рахметімді айтып, көк аспанға бойын таластырған Көк Туыма сәлем беріп, Әнұранымды айқайлап айтып, «Сәлем, Қазақ елі!», «Сәлем, менің туған елім!», «Сәлем, бар қазақтың бағы болған Отаным!», «Сәлем!», «Сәлем!», «Сәлем!» деп айта бергім келеді, айта бергім келеді.

Өмірзақ Батырғазыұлы
«Болашақ» Академиясының І курс студенті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика