Қытай қыздарының қасіреті

6 Наурыз 2017

Ертеде, шамамен X ғасырларда Аспан асты елінің императорына өнер көрсететін Ю есімді бикеш інжу-маржанмен көмекерілген алтын тұғырдың үстіне шығып билейді екен. Тұғыр лотос гүлінің күлтелері формасында безендіріліпті. Император сол бикештің кіп-кішкентай аяқтарын мақтап отырады-мыс. Шамамен сол кезден бастап «алтын лотос» аяқтар сәнге еніпті. Сөйтіп, патшалық жаппай осы сәнге бас қойып, ғасырларға созылған қыздарды қинау дәстүрі басталады.Қытай қыздары

«Алтын лотосқа» қол жеткізу үшін – табанның ұзындығы 8 сантиметрден аспауы тиіс. Аяқ өлшемін 4 сантиметрге жеткізгендер де бар екен.

Қызды құтты орынға қондырудың маңызды шарты — аяғы кішкене болуы еді. Аяғы табиғи күйінде қалған бойжеткендер «қарадан шыққан секілді» деп келеке болған. Шаруа әйелдер жұмыс істейтіндіктен «алтын лотосқа» ие болу мәртебесіне бөлене алмапты. Ал сарай ақсүйектері және ауқатты отбасымен құдандалы болудан дәмелі орта шаруалар қыздарының аяғын барынша кішірейткен.

Аяқты матау жалпы мәдениеттің бір бөлігіне айналады. Қалыңдық айттырарда жігіттің ата-анасы ең бірінші қыздың табанының ұзындығын сұраған, содан соң ғана ажары сөз болған. Аяқ өлшемі қыздың басты адами құндылығы деп есептеліпті.

Қыз бала он жастан асқан соң кеудесін қатты тартып байлап тастайды. Омырау бездерінің жұмысы бұзылады. Бірнеше жыл бойы еркін демалудан да қалатын кеуде өсе келе қушиып, жұп-жұқа, өте «сәнді» болып шығады. Ал оған дейін, жеті-сегіз жасқа толған кезде аяғын кішірейту басталады. Ол үшін алдымен аяқты бірнеше сағат бойы жылы суға малып, әбден жібітеді. Сосын аяқтың төрт башпайы табанға тиегенше қайырылып, ұзындығы 3 м., ені 5 см болатын матамен мықтап байланады.

Аяқ байланған соң анасы қызының өкшесіне салмақ түсірмеуін қадағалап отырып жүргізеді. Түнде қысатын аяқ киім кигізіп жатқызады. Аяқтың орауын босатуға тырысқандар аяусыз жазаланған

Аяқты қолдан кішірейту дәстүрі туралы көне жазбалар, сарай ханымдарының естеліктері көп. Қайырылып оралған соң аяқ күп болып іседі. Сосын майырылған сүйектер жан шыдатпай солқылдайды. Одан кейін өртеніп бара жатқандай күйіп-жанады екен. Баланың жаны көзіне көрініп, бірнеше тәулік ұйқыдан айырылады. 3-4 күннен соң талықсып құлайды екен. Сол кезде орауын шешіп, аяғын жуып, енді ашудас қосып бұрынғыдан да қатты тартып байлайды. Үш-төрт айдың ішінде башпайлар толық қайырылып, табанның астында қалады.

Аяқ үнемі жараланып, іріңдеп, қанап жүретіндіктен, иісі сұмдық болады екен. Орауды шешіп, жуу – ең жиісі – аптасына бір рет, ең сирегі – жылына бір. Аяқтың қан айналымы бұзылады, оттегі жетпейді. Нәтижесінде адамның жалпы денсаулығы әлсірейді. Аяқ қатаң құпия жағдайда жуылады. Бөтен еркек осы процестің үстінен түсіп қалса, тәрбиелі әйелдер ұяттан өліп кетуге бар еді. Ол түсінікті де, шіріп жатқан құбыжық аяқ көрінісі мен мүңкіген иіс ешкімге ләззат сыйлай қоймасы анық

Азапты қиналыс пен денсаулықтың нашарлауынан қыздардың беті қан-сөлсіз бозға айналады. Есесіне бойжеткен «мәрмәр терілі», «ай маңдайлы» сәнді ару деп саналатын болған. Айтпақшы, «ай маңдайға» қол жеткізу үшін тәуір әулеттің қыздары бетін сопақша ұзын етіп көрсету үшін маңдай шашын қырып қояды екен

Ал аяқ ойдағыдай болу үшін 2 апта сайын аяқ киім ауыстырылады. Әр аяқ киім алдыңғысынан 3-4 мм кішірек болуы керек. Қыздар аяғы жаңа аяқ киіміне сай аяғы кішірейгенше азап шегеді. Осылай кемі 2 жыл бойы аяқтың өсуі тежеліп, тіпті кішірейтіліп отырады.

Үйдегі әйел атаулының бәрі осыны өткеруге тиісті болған. Бәйбіше мен тоқалдарға жеңілдіктер екен, олар таңертең бір, кешке бір және жатарда ғана аяқтарын байлап жатады. Отағасы мен бәйбіше байлаудың қаттылығын күнделікті тексереді, босатып қойғандар таяқ жейді.

Үнемі қайырылып байланған аяқпен жүру дене пішінін өзгертеді. Әйелдердің бөксесі ісініп шығады, омыртқа жүйесіне орасан салмақ түседі.. Қаңқа сүйектерінің салмағынан ішкі ағза мүшелері зардап шегеді. Қытай әйелдері сұлулық үшін тым қымбат құн төлеген екен. Бізге мұны түсіну қиын, бірақ мылжаланған қорқынышты аяқтарын әйелдер мақтан тұтса, еркектерді ерекше елітетін болыпты.

«Мінсіз» аяқ иелері өмір бақи азаптанып өтеді. Кей сәнқойлар табан сүйектерін сындыруға да барған. Ондайлар көбінесе өздігінен жүру мүмкіндігінен айырылады. Оларды қызметшілері жеңіл арбамен көтеріп жүреді, өзі тұрмақ болса, екі жағынан екі адам сүйемелдейді. Мұндай сұлуларды «жел соқса ырғалатын құрақтай бұралған» деп ақындар өлеңіне жиі қосыпты.

Он ғасырға созылған қытай қыздарының қасіреті 20 ғасырдың аяғында ғана толық тоқтатылды

Құралай Райсова

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика