Қыдыр бабаның Аяз атадан қай жері кем?

14 марта 2018

Түбі бір түркі елдері үшін ұлы да, ұлысты ұлттық мереке – әз Наурыз мейрамына азғантай қалды. Әншейінде, григориан күнтізбесіндегі Жаңа жылға бір ай бұрын дайындалатын басшылар да, қосшылар да, қалың көпшілік те бұл жолы үнсіз. Қазақы жыл басы саналатын Ұлыстың ұлы күнінің иісі әзірге сезілер емес. Мерекенің мысқалдай да нышаны, жыл күткен жұрт байқалмайды. Жылдағыдай «Наурыз тойы тар көлемде аталып өтпесін» деп бірлі-жарым азаматтар бас көтергені болмаса, қалғандары санамызға сіңіп, қанымызға дендеген әдеттен арыла алмай отыр. Неге?..

Қыдыр бабаның Аяз атадан қай жері кем?

Жасыратыны жоқ, жыл сайын Нау­рыз мерекесіне дайындық шаралары оған төрт-бес күн қалғанда басталады. Турасы дайындалған болады. Көңіліңізге келме­-сін, бірақ бұл – шындық. Мәселен, Иса пай­ғам­бардың туған күнімен тұспа-тұс келетін Жаңа жылға ел-жұрт кемі бір ай бұрын қамданады. Шыршаның шамын жағып, көшелер мен ғимараттардың бар­лығын мерекелік реңкке сай безендіреді. Балабақшадан бастап, мемлекеттік меке­мелерге дейін шырша кештерін ұйым­дас­тырып, Аяз ата мен Ақшақарға төрінен орын береді. Ата-аналардың бірі бала­­-ларын түрлі ертегі кейіпкерлері кейпіне ендіріп әлек болса, енді бірі мейрамхана­ның тәуірін іздеп, оған ай бұрын тапсырыс беріп сабылады. Тіпті Аяз ата мен Ақша­қарды ақшаға жалдап, жанұясына шақы­ратындар да жоқ емес. Үлкендер болса, ақ­қайнары мен отшашуын әзірлеп, бірнеше күн қонақ күтеді. Өздері де қыдырудан қа­лыс қалмайды. Қысқасы, Жаңа жылды жан-тәнімен қарсы алады.
Наурызды ше? Ел егемендігіне қол жеткізіп, Наурыз мерекесімен қайта қауыш­қан тұста наурызкөже Ұлыстың ұлы күні ұсынылатын ұлттық тағам ретінде танылды. Өкінішке қарай, сол көженің айналасынан әлі күнге шыға алмай жүр­-міз. Әрине, наурызкөже – мерекенің не­­-гізгі атрибуты. Десе де, Наурыздың бұдан өзге өзіндік белгілері жоқ па?
Мәселен, Американың Санта Клаусы мен орыстың Аяз атасы, Ақшақарлары сансыз ертегі мен аңыздар арқылы өшпес, өлмес кейіпкерлерге айналды. Қыдыр ата мен Ұмай ана ше? Олар туралы ертегі, аңыз жоқ па? Жердің киесі, жаңажылдық бе­рекенің бейнесі, адамзатты жамандықтан аластаушы Ұмай ананың Ақшақардан қай жері кем? Түпкі шығу тарихы беймәлім Ақшақар ұл-қыздарымызға қандай үлгі-өнеге көрсетеді? Қазақ елі жаңа түскен келінді табалдырықтан оң аяғымен аттата сала «От ана! Май ана! Жарылқа! Жа­рылқа!» деп отқа май құйғызған. Осы ізгі ниетті ақ тілеудегі «От ана», яғни «Май анамыз» – бүгінгі ғалымдардың түсін­ді­руі бойынша Наурыз мерекесіндегі Ұмай ана. Қалай атасақ та, бұл кейіпкеріміз Ақшақарға қарағанда қазақы салт-дәс­түрімізбен сабақтасып жатыр. Жаңажыл­дық персонаж ғана емес, бүгінде түрлі фильм­дерде сайқымазаққа айналып жүрген Аяз ата бізге нені үйретуде, ұрпағымызға қандай тәрбие беруде? Одан да қазақы жыл бастау бойынша алғашқы таңның шуа­ғымен бірге келетін, тұлғалы да, кескінді Қыдыр атаны неге ұлықтамаймыз? Әлгі Аяз ата мен Ақшақарды ақшаға жал­да­ғыштар неге төрін абыз ақсақал Қыдырға беріп, балаларының санасын қазақы әдет-ғұрыппен сусындатпайды? Әрине, бұл Аяз атаны біржолата ысырып тастап, қазақ Қыдыр атаны ғана қарсы алуы керек деген сөз емес. Тек орыстың «шалынан» кем түс­пейтін Қыдыр атаны ұлтымыз лайықты деңгейде ұлықтаса екен деген ой. Наурыз тойында бір көжемен шектеліп қалмай, осы кейіпкерлерімізді қайта тірілтіп, ұрпақ санасында жаңғыртса екен дейміз.
Тағы бір ой, Наурызда туған нәрес­те­лерге Ұлыс күнінің құрметіне «Наурызбай», «Наурызгүл», «Науша», «Науан» сынды есімдер берген. Осы салт та бүгін ұмыт бо­лып барады.

Жасандылықтан жалыққан жоқпыз ба?

Тағы бір айтатыны, қазақ халқы ертеде Наурыз айында әр жерге үлкен от жағып, оған май құйып, көрші-қолаңға ұлттық тағамдар ұсынып, ескі киімдерін жаңаға ауыстырып, айналасын күл-қоқыстан та­зартып, көшет еккен. Яғни, бәле-жала ескі жылмен кетіп, бар тіршіліктің оянар сәтінде жақсылық шаңырағымызға ұя­ласын деп ырымдаған. Қазір бұл салт пен ғұрыпты әрбір қазақ ұстанып келе жатыр десек, еріксіз езу тартарсыз. Өйткені ауыл­дағы ағайын ғана наурыз айында көже пісіріп, жоғарыда аталған дәстүрлердің бірлі-жарымын орындамаса, қалада­ғы­лардың жадында мұндай салттың бары ұмыт болғалы қашан…
Рас, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мектеп оқушыларынан бастап, мекеме қызметкерлеріне дейін сенбілікке шығып, көшелер мен саябақтарды тазартуға кі­рі­седі. Бірақ бұл ерікті түрде емес, «Амалым бар ма?» деп жасалатынын ішіңіз сезіп отырған болар. Дәл сондай, көктем шығы­сымен тал егіп, көшет отырғызушылар да көбейетіні белгілі. Алайда, олардың да бұл әрекеті қазақы дәстүрге беріктікті емес, мәжбүрліктен туындаған қадам екені ай­-дан анық. Өйткені Наурыз мерекесі жа­қындағанда басшы біткен тал отырғызып жатқандарын жарыса жарнамалайды. Осы тұста біз наурыз айы ең алдымен мейірім мен жақсылықтың, бірлік пен берекенің төгілер шағы екенін ұмытып кеткендей­міз. Алысқа бармай-ақ славяндарды мы­салға алсақ, олардың көктемді қарсы алып, қысты шығарып салатын «Мас­ле­ница» деген мерекесі бар. Ешқандай ресми мере­келенбесе де халық жиналып, от жағып, бәліштерін таратып, өздерімен-өздері арқа-жарқа болып жатады. Ән де салады, би де билейді. Барлығы шын кө­ңілден. Өздері үшін. Ал бізде барлығы есеп. Біреу үшін істейміз. Жоғарыда айт­қан, сенбілік пен тал егу шаралары, қала берді киіз үй тігіп, көже пісіру де ішкі есеп­пен жаса­-лады.
Тағы бір шындық, бүгінгі қазақ наурыз көжені де ақыға дайындатады. Мерекелік киіз үйлердің қазан-ошағына бара қалсаң, жылда көже сапырып, табақ әзірлеп отыр­ған таныс адамдарды көресің. Олар көже­нің әрбір қазанына 25-30 мың теңгеге дейін алады. Сонда бір көжені киіз үй иелері дайын­дай алмаса, маңдайшасына «бәлен­ше деген мекеменің киіз үйі» деп жаһанға жар салудың қажеті не? Тағы да сол ішкі есеп. Әйтеуір, жоғары жаққа жақсы кө­рінсем деген ой.
Тағы бір таңғаларлығы, Наурыз мере­кесі жақындаған сайын ұлттық киім мен бұйымдарды жалға сұраушылар көбейеді. Әйтеуір, қарызданып, қауғаланып жатса да сатып алады. Осыдан кейін халқымыз бұл мейрамның парқын қайдан ұғынып, қалай сезінсін?!

Бірізділік болмай, көш түзелмейді

Көпшілік Наурызды «қыз ұзату», «құда түсу», «тұсау кесу», «сүндетке отырғызу» көріністерін көрсету деп түсінеді. Наурызды тойлап жатқан қай жерге барсаң да, осы салт-дәстүрлерді келсін-келмесін сахна­лап, көрініс ретінде көпшілік назарына ұсынады. Осындай сәтте «Жылына бір келетін Наурыз мерекесінде жаттанды дү­ниелерді емес, тереңнен тамыр тартатын тың дәстүрлерімізді неге танытпасқа?» деген ой келеді. Мәселен, мектеп оқу­шы­лары мен ұрпаққа тәрбиелік мәні зор «Бәсіре беру», «Ашамайға мінгізу», «Шарғы салу», «Қыз көші», «Шөміш қағу», «Нау­рыз­көк», «Наурызшешек», «Дәмету», «Құт­тық», «Бел көтерер», «Селт еткізер» сынды ырымдар мен дәстүрімізді неге дәріп­те­мейміз?! Тарқатып айтсақ, бала есі кіріп
4-5 жасқа келгенде оған туған-туыстары бәсіре тай тарту етеді. Егер балаға арнал­-ған бәсіре аты үйретілген, мінуге жарап тұрған болса, онда «Ашамайға мінгізу» дәстүрімен баланы соған отырғызады. «Ашамай» дегеніміз – екі жаны Х әрпіне ұқсатып жасалатын балаға арналған айшық­ты ер. Баланың аяғы қысқа бол­ғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Әбзелдің үстіндегі көрпе де балаға лайық­талып тігіледі.
Бұдан бөлек Наурыз тойындағы салт «Ұйқыашар» мен «Селтеткізерді» де біл­мейтіндер көп. Айталық, бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiтiне тартады. Бұл қазақта «Ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «Селтеткiзер» рәсiмiн жасайды, яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна – пәк­тiктiң, жастықтың, тарақ – әдемiлiк пен сұлулықтың, ал әтiр суы – жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпырсын деген игi тiлектiң белгiсi.
Сондай-ақ наурызда «Көрісу», «Жүз­десу» деген жақсы дәстүр бар. Бабалары­-мыз ертеде 14-21 наурыз аралығындағы бір жетіні өлара деп атаған. Оның сыры – бір жылда 365-66 күн болса, осы күнді бір айдағы 30 күнге шақсаңыз 6 күн артық қалады. Осы алты күн наурыздың 13-і мен 21-і аралығына келеді. Осы мерзімді қазақ «Өліара» кезеңі дейді. Өліарада табиғат құбылыстары, күтпеген оқиғалар, қыстың қаһарынан қалған ауру-сырқау, табиғат апаттары болады деген сенім болған. Осы күндері қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күнінен үмітті жұрт бірін-бірі құшақтап көрісіп, құрметтеп қонаққа шақырады. «Көрісу», «Жүздесу» деген қазақы дәстүр осы. Одан бөлек, қазақ өліараның әр күнін болжап, жаңбыр жау­-са, «шөп шүйгін, мал тоқ болады», ал жел тұрып, күн суытса, «жаз салқын түседі» деп бір жылдың ауа райын болжаған. Осы амалдан өткеннен кейін бір ай бойы Нау­рыз мерекесі тойланған.
Қазір осы дәстүрлер сақталуда ма? Рас, «Көрісу» кәдесі батыс аймақтарда бұрын­нан кең көлемде өткізілуде. Көрісу күні қазір «Амал мерекесі» деп аталып жүр.
14 наурыз күні Отпан тауының ете­гіне жиналған жұрт бір-бірімен көрісіп, келер жылдан жақсылық тілейді. Дәл осындай «Көрісу» дәстүрінің басқа об­лыстарда кең көлемде салтанат құрғанын естігеніміз жоқ. Тек биыл бірқатар өңір ұлық мерекені 22 наурыздан 22 сәуірге дейін бір ай тойлауды қолға алып жатқан көрінеді. Әрине, мұндай игі қадамдарды қос қолдап құптаймыз. Бірақ әр өңір өз «Көрісу» күні мен Наурыз тойын мере­келеуді қалауларына қарай белгілейтін болса, ұлт болып ұйысуымыз қайда қа­лады? Осыдан екі-үш жыл бұрын Ұлыстың ұлы күнін жаз айында қарсы алуды ұсын­ғандар да болған. Оларға салса, әр облыс Наурыз тойын жылдың әр мезгілінде қарсы алатын шығар. Міне, жыл басын қарсы алудың өзінде бірізділік болмай тұрғанда, басқа жағын қалай жөнге келтіреміз?!

Естір құлақ болса, елер…

Әрине, мұндай жағдайда ең бірінші үгіт-насихат жұмыстары қажет екені дау­сыз. Жайшылықта желтоқсанда келер Жаңа жыл былай тұрсын, жеке артистер­дің шығармашылық кешінің өзін бір ай бұрын жарнамалайтын телеарнала­ры­мыздың Ұлыстың ұлы күніне келгенде тым-тырыс бола қалатындығына таң­ғаласың. Әрине, көпке топырақ шашпай­мыз. Бірақ отандық арналардың дені тек Наурыз мерекесінің қалай тойланғаны туралы ғана ақпарат берумен шектелетіні жасырын емес. Дәл сондай, Жаңа жылда «Жаңажылдық жеңілдіктер!» деп жаһанға жар салатын сауда орындары да Наурыз мейрамының қарсаңында үнсіз отыра­ты­нына ішің қынжылады. Апта сайын «Түнгі жеңілдіктер» деп ұйымдастырып жататын акциялардың бірін Наурыз мерекесіне арнаса, ешкімнің тірлігі тұралап қалмас. Бұл мәселе өңірдің кәсіпкерлеріне де қа­тысты. Облыс орталығы мен аудандарда орналасқан сүт өнімдерін өндіруші кәсіпорындар тауарларын наурыздық на­қышпен, әлде «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!» деген сынды жазулармен шы­ғарса, қандай тамаша болар еді. Онсыз да тауарлардың бетіне алақ-жұлақ суреттер жапсырып насихаттап жүрген кәсіпорын­дар осындай игі іске барса, бұл көпке үлгі болары даусыз.
Тағы бір ұсыныс, биыл болмаса да, келер жылы билік тармақтарының халық алдында есеп беруі наурыз айында ұйым­дастырылса, бұл да бір бабалар дәстүріне адалдық, Ұлыстың ұлы күніне деген құрмет болар еді. Бұл жай есеп емес, қазақы таным бойынша «Бір жылда не істедім? Не тын­дырдым? Кімдердің көңілін қал­дыр­дым? Кімді ренжіттім?» деген сынды ру­ха­ни есепке де айналары айқын. Оған қоса, осындай жиын арқылы билік пен бұқара бір-бірімен көрісіп, өкпе-ренішті өткен жылда қалдырып, алға мол сеніммен қа­-дам басар еді.
Егер Наурыз мейрамын рухани есеп беру айына айналдыра алсақ, мәдениет бағытындағы бар дүниелерді қорытынды­лар едік. Өткен жылдың ең үздік әнін, күйін, биін, жырын, термесін, әдебиет сала­сындағы үздік шығармаларды анық­-тап, сый-құрмет көрсетіп дәріптесек, ұтары­мыз көп болары белгілі. Тіпті Мем­лекеттік сыйлық, «Халық Қаһарманы» тәрізді жоғары наградалар мен атақтар осы айда берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін болса, мемлекетіміз Наурыз айын рақым­шылық айы етіп белгілеп, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қайы­­рым­дылық шаралары ұйымдас­ты­рылса, Ұлыс­тың ұлы күнінің ұлылығын көрсетері тағы хақ. Өйткені Наурыз – рухани өрлеу күні. Наурыз – табиғатпен тұтасу айы. Наурыз – кешірім мен мейірім мерекесі.
Ең бастысы, бағаласаң – әз Наурызды бағала! Ұлықтасаң – әз Наурызды ұлықта! Өйткені қазаққа бұдан асқан қадірлі, жанына жақын мереке жоқ.

Жапар САТЫЛҒАНОВ, 
этнограф, натуралист, құсбегі

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика