«Құнанбай» фильмінің есте қалған төрт эпизоды

7 апреля 2019

"Құнанбай" фильміҚазақ киносы тағы бір тың туындымен толықты. Ол -«Құнанбай» фильмі. Ғаламтор мен газет журналда талқыланып, жұртшылықты шулатқан фильм. Әуелі прокатқа шықпай, көптен күткен көрерменімен қауыша алмай бір шулады. Артынша кинотеатрлар көрермен таппай тағы шулады. Киноны барып көргендер кейбір эпизодтармен келіспейтіндігін білдіріп, көлдей мақала жазып, келесі бір даутың басын қылтитты. Хош, біз бұл даудың біріне де араласпай сырт қалдық. Себебі фильмді өзіміз барып көрмедік. Көрмеген соң ешнәрсе айтпауымыз заңды еді.
Өткен аптаның соңында бұл кемшілігіміз жойылды. Кинотеатрға барып, «Құнанбайды» көріп қайттық. Бұл кезде аталмыш фильм ғаламторға жүктеліп, сайт-порталдар мен әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен болатын. Біздің «Қасым.kz» порталына да жарияланды. Әйтсе де үйде отырып көру бір бөлек те кинотеатрға барып, көппен бірге көру бір бөлек. Ерекше бақыт, ерекше ләззәт. Бұл бақытты бізге Қарағанды «Болашақ» Академиясының басшылығы ұсынды.

"Болашақ" Академиясының басшылығы "Құнанбай" фильмінде
Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан «Сарыжайлау» кинотетарында көрсетілген фильмге барған студент жастарда қисап жоқ. Қашанда жастармен бірге болуды ойлап, студенттермен қатар жүретін Академия басшылығы да осы жерде. Студенттерге киноға кіру тегін. Барлық шығынды оқу орны өзі көтерген.

"Болашақ" академиясының студенттері
Сонымен киноның жайына келсек. Экрандағы Құнанбай образы біз білетін, Мұхтар Әуезов сипаттаған Құнанбайдан бір бөлек. Олай болатын да жөні бар. Мұхтар Әуезовтің романы Кеңес дәуірінде жазылды. Қатал цензурадан өтті. Ол Құнанбайды құрбандыққа шала отырып, Абайды аман алып қалды. Ал енді тәуелсіздік алған шақта, сол Абай арқылы Құнанбайды ақтап алар шақ туды.
Түрлі тарихи деректерге көз салар болсақ, қарадан шығып хан болған Құнанбай елдің, жердің амандығын ойлаған тұлға. Рас ол ең алдымен пенде. Пендешілік жасап, кейбір жандарға тізесі батқан сәттері де болған шығар. Әйтсе де оның ел үшін жасаған істері сол кемшіліктерін жойып жібереді.
Киноны өз басым төрт басты эпизодқа бөліп отырмын. Бұл кино маманының емес, қарапайым көрерменнің көзқарасы деп біліңіздер.

Бірінші эпизод. «Түйе шешу» ойыны

Абайдың атасы Өскенбайдың асыКино, Құнанбайдың әкесі Өскенбайға ас беру сәтінен басталады. Барлық қазақтың салт-дәстүрі, бай дастарханы көрсетіледі. Ырым-жоралғылары да сөз болады. Ат жарыс, қазақша күрес, күйші-жыраулар, термешілер. Бәрі бар. Арасында жұртты шулатып, төсін жалаңаштаған келіншектің түйенің бұйдасын тісімен шешу сәті де бар. Бар болғаны бірер минутқа ғана созылған көрініс. Бірақ соның өзі көзі қарақты көрерменнің есінде қалды. Жұртты шулаты. Әрине егер ел арасындағы аңыз-әңгімеге зер салсақ, Өскенбайдың асында дәл осы ойынның болғаны шындық. Әйтсе де оны киноға қосудың қажеті бар ма еді? Дәл осы эпизодтың болуы Құнанбай образын құртып тұрған жоқ па? Осындай ойынды ұйымдастырған адам, артынша елдің, ұрпақтың тәрбиесі жайында келелі сөз қозғап, қыз алып қашқан тентекті қаматып қоюы ақылға қонымсыз емес пе? Не де болса бұл эпизот бұл жерде артық. Тарихымызда болған, ірі жиында ойнатылған ойын болса да, біз оны қайыра жаңғыртуға, насихаттауға тиіс емеспіз. Қайта жасырып, ұмыттыруымыз қажет. Ел оны баяғыда ұмытқан, демек жаңғыртудың да қажеті жоқ.
Мәселен көрші Ресейдің тарихи киноларын алып қарайық. Оларда адамзаттағы ең бір сұмдық салт бар. Ол қайын атасы мен келінінің ойнас болуы. Өздері оны «Сноходчество» деп атайды. Кең таралған, күні бүгінге дейін алыстағы орыс деревнияларында орын алып жүрген сорақылық. Әйтсе де бірде-бір кинода оны көрсетпейді. Неге? Себебі берер тәлім-тәрбиесі жоқ, азғындыққа бастайтын салт. Бізде «Түйе шешу» ойынын ұмытқанымыз жөн.

Екінші эпизод. Қодар мен Қамқаның өлімі

Қодар мен Қамқаның өліміКинодағы тағы бір есте қалар сәт осы. Біз жоғарыда айтып өткен орыстың «Сноходчество» салтына ұқсас масқаралық. Жалғызынан айырылған Қодар шалдың құдайға есе қайтару мақсатында келіні Қамқамен көңіл қосуы. Оның қарсыласпай, қайын атасымен ойнас болуы.
Бұл хабар Құнанбайға үлкен соққы болды. Бір шешімге келер сәтте қатты толғанып, билер сотына жүгінді. Дін маманын алға тартып, әрғі-бергі низамды қозғап, күнәһарларға лайық жаза өлім деп шешеді. Үкімді орындайды. Қазақ бірін бірі жатқа қиса да, жамандыққа қимайтын халық. Қамқа мен Қодарға араша сұрағандар да болды. Артындағы руы көтерілді. Әйтсе де: «Маған десе атам Ырғызбай тіріліп келсін!» деп шорт кескен Құнанбай үкімді өзгертей, өлім жазасын орындатты. Осы арқылы күллі қазақты бүліншіліктен аман алып қалды. Расында ел арасында арсыздық белең алып, тәртіпке бас қоймайтын бүлікшілдер көбейген тұста заң қатаюы керек. Сонда ғана бұқара халықта үрей болып, тура жолдан таймады.

Үшінші эпизод. Барақ пен Құнанбайдың кикілжіңі

Барақ сұлтан мен Құнанбайдың кикілжіңі

Қаракесектің жігіті Керейдің жігітін жекпе-жекте өлтіріп қояды. Ежелгі жаулық салдарынан болған төбелес болғандықтан бұл қапыда болған өлім емес, қасақана кісі өлтіру. Керейлер жағы Қаракесекке қанға-қан қайтару туралы талап қойып, олар көнбей, екі елдің арасындағы дау өршіген шақ. Осы дауға соңғы нүктені қойып, өштескен елді татуластыру үшін төрелікке Құнанбайды алдырады.
Мәселені байыппен саралап, әрі марқұмның жесірінің арызын тыңдаған Құнанбай істі Қаракесектің «пайдасына» жығып берді. Керейдің қанға-қан сұрауын теріске шығарып, «Ердің құны жүз жылқымен» бітімге келуді бұйырады. Қарап отырсаңыз дұрысы сол. Бәрбір өлген адам қайтып келмейді. Ал оның кегін қуып, қылмыстыны өлтіру марқұмның отбасына азық болмайды. Сондықтан келер күнде талғажау қылу үшін осындай байлам жасады. Бұл Бараққа ұнамай, екеуара ерегес пайда болды. Қалың Керейдің дауын Қаракесекке жығып бердің деп ашуланған Барақ би, тар жерде есе қайтаратындығын айтып кіжініп, қоқан-лоққы көрсетіп кетеді. Бұл да қазақ арасында жиі болатын көрініс.

Төртінші эпизод. Құнанбайдың тұтқыннан босап шығуы

Құнанбайды итжеккенге айдау

Құнанбай тұтқынға алынды. Себеп ағайынның көре алмастығы, үстінен түскен қап-қап домалақ арыздар. Түрмеде өзінің байыптылығымен, ұстамдылығымен тергеушіні састырып, тергеу ісі ұзаққа созылады. Тағылған айыптардың бәрін бірақ ауыз сөзбен жоққа шығарып отырады. Осы жерде Құнанбайдың Кеңесары көтерілісіне деген ойы да қалаң беріп қалды. Ол Кенесарыға қосылмаған. Тобықтың бірде — бір жігітін көтеріліске жібермеген. Әуелде патшаға берген антын сақтап, елді бүліншілікке салмай тыныш отырады. Әйтсе де кейбір қазақ билері мен сұлтандары қол бастап, хан Кенеге қарсы шапқанда да үнсіз қалады. Діні бір, қаны бір бауырына қарсы соғысуды ар санап, тыс қалады. Бұл да оның көрегендік, көсемдік қасиетінен хабар беріп тұрса керек. Антына беріктік әрі ұлтына сатқындық жасамау.
Тергеу ісі ұзаққа созылып кетеді. Кейін амалы құрығын шекара соты оны он жылға Сібірге жер аудару туралы қаулы шығарады. Құнанбай айдалып кете барды. Дәл осы кезде ешкім күтпеген жайт орын алды.
Құнанбайдың итжеккенге айдалып бара жатқанын естіген Барақ би, қарауындағы елді жиып, Омбыға мал айдатады. Ірі көлемде залокқа ақша төлеп, Құнанбайды аман алып қалады. Тар жерде ердің құнын сұраймын деп доқ көрсеткен жан қиын-қыстау жақта жанынан табылып, арысын жауға бермей, құтқарып қалды. Міне. Нағыз қазақтың бейнесі осы. Бірін-бірі қанша сөксе де, жауласып, жаға жыртысса да жеме-жемге келгенде жамандыққа қимайтын, баурым деп өкпе-ренішті ұмытатын ел.

Нұрлыхан Қалқаманұлы
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика