Құмар ойынның соңына түскен жігіттің өкініші

2 Қазан 2017

Құмар ойнамаса, тұра алмайтын ауруға шалдыққан бір жас жігіттің алдына қойған жалғыз арманы болады. Ол – ешкім тең келмейтін ең шебер құмарпаз болу. Осы мақсатының орындалуы үшін ұзтаз іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Бірақ еш жолы болмайды. Ол сонда да үмітін үзбей, ұстаз іздеуін жалғастыра береді.

Бір күні бір жерде құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмарпаз бар деген хабар алады. Әлгі жігіт мұны ести сала жолға түсіп, құмарпаздың алдынан бір-ақ шығады. Амандасып, танысқаннан кейін уақыт өткізбей дереу келген шаруасына көшеді. Асқан шебер құмарпаз болғысы келетіндігін айтып, соған жәрдем беруін сұрайды. «Егер үйретер болсаңыз, не қаласаңыз да орындауға дайынмын» дейді жігіт. Жасы егде тартқан құмаршы:

–  Балам-ау, сенің мұнша құмарпаз болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Мақсатың не, не істемексің? – деп сұрайды. Сонда жігіт:

– Мен осы жолмен тез байығым келеді, – деп жауап берді. Мұны естіген құмарпаз былай деп өзінің ащы тәжірибесін бөліскен екен:

– Жігітім, егер құмаршы болу арқылы баюға болатын болса, мен байыған болар едім. Сен мені ең шебер құмарпаз деп естіп, келіп отырсың. Мен шынында да елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адам едім. Бірақ қазіргі халімді қара, жағдайым өте нашар. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айрылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да ғибрат ал!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика