Құлдықта болған қыз басынан өткен сұмдық жайды баяндап берді

11 июля 2017

Атырау облыстық ауруханасының неврология бөлімшесінде жатқан науқас «Ақ Жайық» басылымының тілшілеріне басынан өткен сұмдық жайды баяндап берді. Қарақалпақстан Республикасының 26 жастағы тұрғыны Паруаз Мнажатдинова ұзақ уақыт бойы белгісіз адамдардың қолында құлдықта болған. Жауыздар оны әбден ұрып-соғып, не бір қорлықты көрсеткен екен. Ол ауруханаға түскен кезде қасындағы адамдарға басынан өткен жайды айтып беріпті. Ал олар журналистерге хабар берген.     

Паруаздың айтуынша, ол Нукус қаласынан Ақтауға келе жатқан. Жан жары осы қалада жұмыс істейді екен. Пойызда ол оранып алған үш келіншекпен танысып, әңгімелері жарасады. Келіншектер оны жол бойы азғырып, Атырау қаласында бала күтуші болып жұмыс істеуді ұсынған. Тіпті күн сайын қолма — қол ақша төлеп отыруға уәде береді. Табысы жақсы жұмысқа қызыққан келіншек жолдан түсіп қалған. Оларды Атыраудан джип мінген ер адам күтіп алып, қала сыртындағы зәулім сарайға алып келеді. Сол жерде Паруаздың құжататрын тартып алып, өзін жертөлеге қамап тастаған. Сол күннен бастап өмірі тозаққа айналады. Жауыздар оны жұмысқа жегіп, еңбегін жейді. Ал түнде тышқандар жайлаған жертөлеге қамап отырған. Ол бірнеше рет қашып шығуға талпынады. Бірақ үнемі ұсталып қалған. Бұл әрекеті үшін «қожайындары» оны аяусыз соққыға жыққан. 

«Олар мені шашымнан жұлып, басымнан ұрды. Мен сегізінші сыныпта эпилепсиямен ауырған едім. Бұл қорлыққа шыдаймай, талмам қайта ұстай бастады. Мұны көрген олар қорқып, мені көшеге лақтырып тастады. Ал есімді жиған кезде басым ауған жаққа қашып кеттім», — деді Паруаз.

Бұл оқиға туралы атыраулық полиция әзірге еш пікір білдірмеген. Ал жергілікті тұрғындар болса жәбір көрген келіншекке көмек көрсету акциясын бастап кетіпті. Олар Паруазға тағам, киім және ұялы телефон әкеліп берген. Оның туыстарына да болған жайды баяндаған. Бірақ әкесі материалдық жағдайына байланысты шекара асып келуге қаражат таппай отыр екен.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика