Күйеуін жұтқан әйел (оқиға)

17 апреля 2018

Тірі адамның тіршілігі таусылған ба, сірә? Қолыма үлкен ақ дорбаны салақтата көтеріп , керекті азық-түлік алу үшін базарға келе жатырмын. Әрине,базардың аты базар ғой. Әркім өзіне керегін сатып, өзіне ұнағанын алады. Міне, мен де қу тамаққа қажетті заттар алып болып, еріне басып базардан шығып келемін. Әттең қолда артық ақша жоқ, болмаса талай нәрсені алу ойымда бар болатын. Осылай алақтап келе жатқанымда «Дәбөтай!»,-деген әйел дауысы естілді. Дауыс шыққан жаққа қарасам, қарсы алдымдағы сәкіде Кәмила отыр екен. Кішкентайымыздан бір өскен оның даусы маған сондай таныс әрі ыстық еді. Мектеп бітірген соң ол мұғалімдік оқуға түсіп, бес-алты жылдай мектепте сабақ берді.Одан кейін ұстаздықты тастап, саудаға біржола бет бұрған болатын. Күйеуі жеке көлігімен адам тасиды деп есіткенмін.


-Кәмила, қалай жағдай? Көктен түстің бе, жерден шықтың ба? Сыңғырлаған дауысың құлағымды жарып жібере жаздады ғой,-деп мен қалжың аралас амандастым.
-Көкке де ұшқан жоқпын, жерден де шыққан жоқпын. Кеше Алматыдан келіп, бүгін сол товарларымды реализоват еткелі отырмын,-деп ол да ақтарылып жатыр. Бұрыннан аппақ болып көрінетін ол одан әрі алабұртып, әдемі болып кетіпті. Осылай екеуіміз сөйлесіп , өткен-кеткенді еске алып тұрғанда жасы 55-60-тарға келген орта бойлы, бұйра шашты, қара торы жүзін қалың әжім торлаған, жүдеу киінген бір әйелдің бізге жиі-жиі қарағыштай бергенін байқадым. Нұры тая бастаған көздерімен адамға мөлие қарағанда өте қорқынышты болып көрінеді екен. Кәмиламен сөйлесіп тұрсам да, әлгі әйелге көзім түскен сайын бойым тітіркеніп, өзімнен-өзім әлденеге қуыстана бердім. Ақыры, сенімім алдамапты.
-Сөздеріңді бөлгеніме айып етпеңдер, айналайындар. Менің сенде шаруам болып тұр, інім,-деді қартаң әйел қой көздерін тіке менің жүзіме тақап.
-Кешіріңіз. Сіздің менде қандай жұмысыңыздың болуы мүмкін. Мен сізді танымаймын да ғой,-дедім қолға еріксіз түскен тұтқындай таң қалып.
-Оқасы жоқ, сен танымасаң-мен танимын. Сен әлгі газетке жазып жүретін Дәбөтай Ақкөңілов емессің бе? Анық сол болсаң, маған 15-20 минут уақытыңды бөл, айналайын. Одан артық уақытыңды алмаймын. Ал, менің ішімде қаншама сырлар ашылмай булығып жатқанымен ешкімнің де жұмысы жоқ. Жүрші айналайын, сөйлесейікші бір. Ұнаса газетіңе жазарсың, ұнамаса өзің білесің. Саған айтып, бір ақтарылып қалайын,-деп қоймады. Шынын айтқанда, бұрын көрмеген бейтаныс әйелден сытылып, қашып кететін ешқандай да уәж таба алмадым. Бір жағы «жүрші айналайын» деп жалынып та тұр. Сасқанымнан:
-Ал, жақсы Кәмила. Көріскенше күн жақсы болсын. Мен кетіп барамын,-деп Кәмиламен даусым дірілдей қоштастым. Бейне бір бейтаныс әйел мені сөйлесуге емес, барса келмес аралына жетектеп апара жатқандай…Екеуіміз қатар жүре отырып, базардың шетіне шықтық. Сол жерде төбесі жартылай ғана жабылған орындығы жоқ сәкі бар екен. Маған әлде қайдан орындық тауып әкелген әйел «қазір келем» деді де кетіп қалды. Содан біраз уақыт өткенде жарты бөтелке су аралас спирт пен екі-үш ұсақ құртты алып келді. Сырадан босаған ыдысқа құйылған су аралас спиртті қолына алып, ұзақ шайқады. Сосын қалтасынан кір аралас бүктемелі пласмас стақанды шығарып, оның қыртыс-пыртысын жаза бастады. Одан кейін спиртті лақылдата стақанға толтырды. Әрине, қолдары еркінен тыс қалтырап кеткен оның бұл шаруаны оңай атқаруы қиынырақ соқты. Спирт аралас суды менің алдыма жақындатты. Мен ішпеймін дегендей басымды шайқадым.
-Обшым ішпейсің бе, жоқ әлде менің қолымнан шыққан арақты ішкің келмей отыр ма?-деп бейтаныс әйел маған сынай қарады.
-Жоқ, апай, мүлде ішпеймін,-дедім ант қабылдаған жас жауынгерше орнымнан атып тұрып.
-Ә, оның жақсы екен. Ал,мен кеттім онда. Бізден кәшек те қалмайды және ешқандай да ішкіліктен отказ болып көрген емес,-деп пласмас стақанды көтере берді…Шынында да, өзі айтқандай кәшек қалдырмады.. Одан әрі босаған стақанды жерге қойды да,шамалы тыжырынып алып, жарты құртты жайындай аузына итере салды…
-Алдымен танысып алайық, інім. Менің шын атым-Өжеткүл болады.Кейбір достарым Оля деп те атай береді. Жасым-59-да. Өзім Жуалы жақтың қызымын, Түлкібастың келіні болам. Күйеуім бұдан он жылдай бұрын қайтыс болып кеткен. Екі ұл, үш қызым күйеуімнің ауылында. Менен бөлек тұрады.
-Ал, сіз қазір кіммен тұрып жатырсыз?-деген сұрақтың аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де аңғармай қалыппын.
-Мен соңғы 20-жылдан бері негізінен мына кісімен тұрып келем,-деп Өжеткүл апай сәкінің астында домалап жатқан арақтан босаған бөтелкені көрсетті. Сөйтті де тауып айттым дегендей кеңкілдеп күліп алды. Енді байқадым, жаңағы спирт әсер еткен бе, Өжеткүл апай борша-борша боп терлеп отыр екен.
-Қысқасын айтқанда, інім, мен саған басымнан өткен жағдайларды айтқалы отырмын. Мүмкін жақтырарсың, мүмкін жақтырмассың-ол өз еркің. Бірақ ол үшін сен қиналма. Керек жерін миыңа тоқи бер де жазатын газетіңе жаза бер. Тек, аты-жөнімді өзгертуді ұмытпасаң болғаны. Турасын айтқанда, мен…күйеуімді ажалынан бұрын өлтірген кесапат адаммын. Маған енді ешқандай да жаратқанның шапағаты тимейді. Шынын айтқанда, біткен жанмын. Мені ешкім де сыйламайды. Сыртым бүтін, ішім түтін болып жүрген бейшарамын әшейін.
Осылай деді де жаңа ғана күліп отырған апай бірден өкіріп қоя берді. Нұры тая бастаған қой көздерінен тарам-тарам боп аққан жас әжімді бетін қуалап ағып жатты. Шала піскен картопқа ұқсаған жалпақ танауын қорс-қорс тартып, бір сәтте бейшара болды да қалды. Құдай-ай, бұл дүниеде әйел баласының жылағанынан өзге қандай қасірет бар дейсіз? Не істерімді, қалай жұбатарымды білмей состиып мен отырмын. Ақыры,жалпақ мұрынын дарылдата сіңбірген Өжеткүл басындағы көнелеу орамалымен көз жасын сүрте бастады.
-1965 жылы тұрмысқа шықтым,-деп бастады әңгімесін қарлығыңқы дауысымен Өжеткүл апай,—. Сегізінші сыныптан соң оқымай, колхоздың сиырын сауған болатынмын. Мені көрші ауданда шофер болып істейтін Орақ деген жігіт алып қашты. Әрине, оны бұрыннан білетінмін. Екі-үш рет отырыстарда да бір болғанбыз. Ол кезде мен он сегізде, ал ол жиырма екіде болатын. Үш ағамнан кейінгі жалғыз қыз болғандықтан ба, мен әйтеуір әкем жоқ болса да, тым ерке боп өскен едім. Шешем мені бетімнен қақпай өжет етіп өсіруге тырысты. Сонымен жалғыз шешесі бар Орақтың үйіне келін болып түстім. Өр көкіректігіме салып: « Мен Орақты сүймеймін, еріксіз басып әкелді»-деп ой қиғылықты салдым-ау…Көкіректері өзімнен аумаған үш ағам қатты ашуланып Орақты өлтіреміз деп ит өлімші ғып тепкілеп тастағанда, ағайындары жабыла жүріп әрең ажыратып алғандары әлі есімде. Кейін бәрі тынышталып, келісімге келді ғой. Бірақ, мен алған бетімнен қайтпадым. Ылғи « сүмелек, оңбаған» деп Орақты мұқатып отыратын болдым.
Жылдар өте келе арада екі бала дүниеге келсе де ноқта көрмеген асау байталдай жұлқынудан танбадым. Күйеуімнің сөзін сөйлейтін шешесі өлгеннен соң бұл әдетті одан әрі үдете түстім. Ағайындар бас қосқан жерге ақыры Орақ бара алмайтын дәрежеге жетті. Жұрт мені «Орақтың байы» деп атайтын болды. Уақыт осылайша өтіп жатты. Мен сауын фермасына жұмысқа кірдім. Орақ қырдағы механизаторларға жанар-жағармай тасиды. Сауыншы бола жүріп, колхоздың бастығымен ауыз жаластым. Жұмыстан соң бастық машинасын қаңтарып, мені күтіп тұрады Екеуіміз қолтықтаса мініп, «Қараүңгір» қыстауына қарай тартамыз. Түнімен жабыса құшақтасып, құмарлықтың шырқау шегіне жетіп, білгенімізді істейміз. Азанда сүйіктім түк болмағандай жұмысқа әкеліп тастайды. Көңілдесімнің арқасында талай сый-құрметке ие болып, ауданға депутат та болып сайландым. Үстіме жарқырата жаңа киім киіп, қолыма алтын сақина, құлағыма алтын сырға тағып, тайраңдап жүріп жаттым. Біздің бұл тауық махаббатымыз әрине, кішкене ауылға қураған шөпке от тигендей лезде тарап кетті. Күйеуім ішіп келіп біраз қоқаңдап, қыр көрсеткен болып еді. «Білген боғыңды же, қолыңнан келгенін аяма. Жүдә қорықпадым»-деп тұрып алдым. Не істесін, күйеуім байғұс түк те істей алмады. Бар тапқаны-өшін арақтан алып жүрді. Бірақ,бастық екеуіміздің махаббатымыздың өмірі ұзақ бола қойған жоқ.
Бір күні түсте үйде шай ішіп отырған жерімнен оның әйелі келіп тура шашымнан сүйреп, тепкінің астына алды… Түйедей тепсініп келген жардай қатынға қамсыз отырған мен түк те қарсылық көрсете алмадым. Шашымнан бүре ұстап жерге ыңқ еткізіп жатқызып алған соң ол бас-көз демей бет-аузымнан түк қоймай ұрып, тырнай бастады…Одан арғысы есімде жоқ. Есімді кейінірек жинап, орнымнан тұрсам көйлегімнің, дамбалымның порша-поршасын шығарып жыртып тастапты…Мен оның бірде-бірін білмеймін ғой. Ажыратып алған көрші әйелдерден есіттім. Тұрайын десем, сау жерім жоқ. Бұтым сыздап ауырғанда бар ғой, өте қорқынышты. Содан бір аптаға дейін талтаңдап жүре алмай қалдым. Міне, осыдан кейін « Жалмауызға да жан керек емес пе?» Енді қайтып көңілдесіме жолауға бата алмадым. Оның үстіне енді жоласаң өлтіремін деген әйелінің сөзі және бар. Жүдә қойдым.
Келер жылы көктемде біздің ауылға кавказдан бір топ жалдамалы кісілер келді. Оларға колхоз басшылары сиыр фермасының кем-кетігін жөндеуді тапсырды.Бет-ауыздарының бәрі жүн, алпамсадай жігіттер кешке қарай қолдары жұмыстан босаған соң қылмыңдап, фермадағы қыз-келіншектерге тиісетінді шығарды. Өздерінің ақшалары көп пе білмеймін, әйтеуір түрлі сыйлықтармен қыз-келіншектерді арбай бастады. Давид деген ұзын бойлы, шүңірек көзді, қоңқақ мұрын, көкірегін тұтасымен жүн басқан жігіт те маған көз тастап жүрді. Бір күні тана бағатын Нышанбай деген кісіден жылтыр қағазға оралған үлкен қорап бір нәрсесін беріп жіберіпті. Ішін ашып қалсам, қымбат бағалы көйлек, алтын сақина, әдемі әтір мен түрлі иіс сулар екен. Олардың астынан сүйіктісіне естелік Давидтен деп жазылған түрлі-түсті открытка қоса шықты. Сонымен қойшы, қымбат бағалы сыйлық пен көп мөлшердегі ақша мені Давидтің жүн басқан құшағына жаншылуға ықпал еткен еді…Мол дүниеге қызыққан мен байды да, бала-шағаны да бәрін ұмытып ,қоңқақ мұрынның жанды қуыршағына айналып шығв келдім…
Бір күні түнге қарай Давид екеуіміз ферманың дежуркасында аймаласып, өліп-тіріліп жатқанымызда есік тоқылдады. Давид қиналса да барып есік ашқанда аржағынан менің күйеуімнің сұлбасы көрінді. Өзі ептеп ішіп алыпты.
-Тұр орныңнан. Кеттік үйге!-деп бұйырып тұр. Күйеуімді көрсем албастыдай көретін әдетім. Жыным ұстап:
-Бармаймын, өзің кете бер,-дедім міз бақпай.
-Жүр дедім ғой саған!-деп ол жетіп келіп мені жұлмалай бастады. Араға Давид келіп килікті.
-Оля саған бармаймын деп тұр ғой. Не саған түсінікті емес пе?-деді «дамбал бажасына» зілдене қарап. Оған күйеуім қолын бір-ақ сілтеді.
-Сенің жұмысың болмасын. Әйел меніке. Әй, тұрасың ба, жоқ па, оңбаған салдақы!-деп Орақ мен мүлде күтпеген қылық көрсетіп, жағыма шапалақпен шарт еткізді. Жағым ду ете қалған мен Давидке қарадым. Әрине, сүйіктісі таяқ жеп тұрса ол қалай шыдап тұрсын! Гүрзідей жұдырығымен күйеуімнің иегінен бір қойып еді, кескен теректей жалп ете қалды. Орнынан шапшаң тұрып қайта ұмтылған оны және бір ұрып құлатты. Күйеуім еденде бір сәт үнсіз жатты да, кенеттен бар даусымен айқайлап жылап жіберді…Мен сонда да міз бақпадым-ау! Бірақ, кеудемде оңбай таяқ жеген күйеуіме деген аяныш сезімі бір бой көтерді де лезде ғайып болған еді…Содан кейінгі өмірім көрген түстей қысқа болды ғой, інім-ау. Келімсектен таяқ жегеннен бастап Орақ өзгеше бір күйге түсті. Өзінен-өзі сөйлеп, кейде қатты сақылдап күлетін болды. Тамақ бермесең өздігінен ішпей қаңғып кететінді шығарды. Күзге қарай Давидтер елдеріне қайтты. Ал, мен қара бет одан екіқабат болып қалдым ғой.Кейінірек ол шарананы өлі туып құтылғандай болдым емес пе? Сол жылы 7-ші ноябрь күні азанда бәріміз шай ішіп отырғанбыз. Кенеттен ортаншы қызым үйге жүгіріп келді.
-Ойбай, мама көкем мал қорада құлап жатыр,-деді ентігіп. Бәріміз жүгіріп шықтық. Қой қораны тазалап жүрген Орақ шалқалай құлапты. Үйге көтеріп әкеліп төсекке жатқыздық. Басын көтеріп адамға қарағанмен, тілге келе алмады. Көздері жәудіреп ұл-қыздарының беттеріне кезек-кезек қарап жатты. Сосын менің жүзіме көз тастады. Ойпырмай, қанша адамның көзіне тіке қараудан тайсалмасам да, дәл күйеуімнің жанарындағы көз қарастай құбылысты байқамаппын. Кішкене ғана қара көздерінің аясында мөлдіреген бір тамшы төгіліп кетпей тұнып тұрды. Оның көз қарасынан бар сырды: кінәлау ма ,жоқ әлде жазғыру ма әйтеуір, бәрін оқып тұрғандай болдым. Бірақ, бетім күйіп одан әрі күйеуімнің бетіне қарай алмадым. Осылайша бәрімізді күңірентіп күйеуім байғұс жүріп кетті. Жұрттың көпшілігі бұл оқиғаға «бетің кесілгір, жезөкше» деп мені кінәлап жатқанын сездім. Содан кейін мен мүлде ішкіліктің соңына түсіп кеттім. Кім арақ, темекі әпереді- соның айтқанын орындаймын.
Жел тұрып тұрған күзді күннің бірінде өзім секілді бұзылған бір келіншекпен арақ ішіп,тәлтіректеп қайтып келе жатқанымда әскер қатарына шақырылған он шақты өрімдей бозбала жігіттер мені ұстап алып, қалағанымша арақ құйып беріп, соңынан кезек-кезек зорлап, білгендерін істепті. Осыны есіткен ұл-қыздарым ( олардың түрлері әкелеріне тартқанымен мінездері тура өзіме тартқан еді) ашуланып енді ауылда жүруіңізге қақыңыз жоқ, әкемізді өлтірген жұлынқұрт деп үйден қуып жіберді. Содан қайда барам, байынан ажырап сор маңдай болып жүрген сіңлімнің қолында тұрып жатырмын бүгінде. Қайбір оңған өмір дейсің? Әйтеуір, жүріп жатырмын ғой. Осындайда өмірден ерте кеткен құдай қосқан қосағым Орақты еске алғанда сай-сүйегім сырқырап кетеді. Байғұсқа бір жылы қабақ танытпай, көзіне шөп салып бел омыртқасына түскен жұлынқұрттай жалмағаныма өзімді қашанда кінәлі санаймын. Қайтем енді, мың жерден жылап, жүз жерден кешірім сұрасаң да бәрі кеш емес пе? Бүгінде сырымды бөлісіп, ой тарқатар ешкімім де қалмады. Бәрі мені көрсе бұзылған, жезөкше деп сырт айналады. Өмірден түңіліп, не істерімді білмей күйік дертімді ішкілікпен басып жүрмін, айналайын. Кеудемде қыбырлаған жан болған соң әйтеуір, тірі деген атым бар. Болмаса, мен давно…өлген адаммын. Қазір де көрмеген қорлығым жоқ. Сіңлім де қол көтеріп ұратын болды, ішкенімді көрген сайын. Қайтейін, шіріген бір жұмыртқа болдым ғой. Тірі өлікпін бүгінде естисің бе? Мен өлген адаммын…
Өжеткүл апай тағы да жылап жіберді. Қатты булыққаннан кейде дауысы да шықпай үнсіз егілуге көшті. Бұдан әрі отыра беруден қайран жоғын сезген мен бұрылып алып жүре бердім. Қайда бара жатқаным белгісіз…Құлағымда көпке дейін » Мен тірі өлікпін, күйеуімді жалмаған жұлынқұртпын»-деп зарлаған Өжеткүл апайдың ашына айтқан сөздері көпке дейін кетпей жаңғырып тұрып алды…

Орынтай КӨМЕКОВ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика