Күйеу баласы қайын атасын бес сағат бойы ұрған

2 июня 2017

Алматыдағы қарттар үйінің тұрғыны Айып Байғұлов болса, туған қызы мен күйеу баласынан таяқ жеп, үйінен қашып, қарттар үйінен пана тапқанын айтады. Қарияның сөзінше, зейнеткердің ақшасымен күн көрген қыз-күйеу балаға, бұл кісінің “өз күнімді өзім көрейін” деген сөзі жақпаған. “Күйеу балам бес сағат бойы ұрды” дейді Айып ата. Сондай-ақ, тісін жөндетуге зейнетақымды жұмсаймын деген сөзі үшін де, соққыға жығылыпты. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

“Күйеу бала екеуі жабылып, соқты ғой. Ол кезде мен пенсияға шықтым ғой. Шалмын, тістің бәрі түсіп қалды. Қол қоям қағазға, қызым алады ақшаны”, – дейді ардагерлер үйінің тұрғыны Айып Байғұлов.

Ал Жүсіп Бигелов қазір облыстық жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін шағын автобус алып, ауыл арасына жолаушыларды тасып жүрген. Айтуынша, таяуда көрші ауылға футболдан жарысқа апарып келуді өтінген азамат өзін соққыға жыққан көрінеді.

“Көзімді ашсам, енді ұрайын деп келе жатыр. Енді бір ұрса, өліп қалам”, – дейді зейнеткер Жүсіп Бигелов.

“Жақынынан зәбір көргендер бізге де жиі келеді” дейді қарттар мен мүгедектерге арналған жекеменшік пансионат жетекшісі Галина Бурматова.

“Жақындары бас тартқан он шақты қария бар. Ол кісілерге көмек тегін көрсетіледі. Жалпы, біздің пансионатта 40-қа жуық қарт тұрады. Басым бөлігінің күтімі үшін, балалары қаражат төлейді. Біз ол кісілерді демеушілер дейміз. Альсгеймер синдромы мен паркинсон ауруына шалдыққандар және инсульттан соң, жүре алмай қалған науқастар да бар”, – дейді қарттар мен мүгедектерге арналған пансионат жетекшісі Галина Бурматова.

Қарттармен жиі жұмыс істейтін  Галина Бурматова, “Өмір-бумеранг секілді. Бір кездері жұмыс деп жүгіріп, баласына дұрыс тәрбие бере алмағандар, қартайған шағында қараусыз қалып жатады”  дейді. Қазір бұл жекеменшік пансионатта тұрып жатқан қарттардың басым бөлігі – бір кездері өздерін түрлі салада дәлелдеген интелигент азаматтар екен.

“Альсгеймер ауруын айтады ғой, интелегентті адамдардың ауруы деп. Сондықтан біздің пансионатта бірді-екілі болмаса, басым бөлігі дәрігерлер, бухгалтер, әкімшілік қызметкерлері”, – дейді Қарттар мен мүгедектерге арналған пансионат жетекшісі Галина Бурматова.

Қарттар үйлерінде жатқан зейнеткерлердің басым бөлігі бір кездері қызметте болған адамдар екен. “Балаңызды алтынмен аптап, күміспен күптесеңіз де ол барлық пен байлық – балаңыздың маңдайынан сүйіп, “балапаным” деген ықыласыңыздың орнын баса алмасы анық. Ата-анасы бақытты болса, баласы да бақытты”.  Бала тәрбиесі туралы жіті зерттеп жүрген шетелдік ғалымдардың пікірі бұл. Қазақ мұны “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деп бір ақ ауыз сөзбен  түйіндей салған. Бірақ бұл – бүгінгі кейіпкерлердің барлығы бірдей баласына дұрыс тәрбие бере алмады деген сөз емес. Бір нәрсе анық -жақынына жаны ашымаған адам, қоғам үшін де аса қауіпті. Бүгінге айтпағым осы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика