Қуғынмен басталып, азаппен аяқталған ұлы ғұмыр

10 Тамыз 2018

f99c998bd32ca119bdae22a6668ad0e2Көрнекті қоғам қайраткері, көркемсөз шебері, ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың туғанына 130 жыл

1. ҰЛТЫН ОЯТЫП, ЖИЫРМА ЖАСЫНДА ҰРАНДАҒАН

«Алыстан алаш десе, аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда атам қазақ, шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын».
М.Дулатов

«Алаш» қозғалысының көсемдерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, жалынды ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың ұлты үшін жасаған қызметтері, шығармашылығы бүгінгі қазақ әлеміне жақсы аян. Оның өткен ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Оян, қазақ!»(1909 ж) кітабы ұлт қозғалысы дәуірінің басында тұрғаны да белгілі. Ал, «Бақытсыз Жамал»(1910ж) романы қазақ прозасының бастауы болса, «Есеп құралыда»(1911ж) математикалық оқулықтың ең алғашқысы еді. «Оян, қазақ!» кітабы Уфадан басылып шығып, бүкіл қазақ еліне аты шыққанда Міржақып Дулатов небәрі жиырма төрт жаста еді. Мұның бәрі бүгінгі қазақ тарихында жақсы мәлім деректер.
Менің бұл мақалада кеңірек айтайын дегенім мүлдем басқа. Яғни, менің аталмыш мақалам болашақ қайраткер, ақынның ХХ- ғасырдың бас кезінде небәрі 19 жасқа толған жас та, қайратты оқыған жігіттің отаршылардың езгісін көріп, қиналған ел жұртының азаттығы үшін, бостандығы үшін күресуге бел шешіп, жедел кірісіп кеткені, жастық жалыны мен бар қайратын ұлт болашағы үшін жұмсап, сол ұлы жолда көрген қуғындары мен азаптары туралы болмақ.
Торғайда орыс қазақ училищесін айяқтап, екі үш жыл мұғалім болған кезде ержетіп, азаматтық және саяси танымы қалыптасып қалған Міржақып Дулатов 1904- жылы Омбы қаласына есімін ертеден естіп жүрген ағасы Ахмет Байтұрсыновты іздеп келіп, танысқанда Ахаң он тоғыз жасар жігіттің көзқарасына, сөз саптасына таңғалған еді. А.Байтұрсынов М.Дулатовтың өлеңшілдікке бейім екенін бірден аңғарған. Екеуі сол күннен ағалы інілі бауырдай табысып кеткен.

Оларды әсіресе жақындастырған елшілдік ойлары еді. Содан Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Қарқаралыға келеді. Ахаң Қарқаралыда, Міржақып Зайсан жақта мұғалімдік қызмет атқарады. Дегенмен, өзара жиі кездесіп тұрады. Ахаң мен Жахаңның саяси белсенділігі күшейгені осы кез. Ахаң мен Жахаң Қарқаралы базары кезінде, басқа уақытта да қалың отырған ауылдардың арасында отаршылардың қарашекпенділерді қазақ жеріне заңсыз қоныстандырып жатқаны, жайылымдық және қыстаулық жердерді тартып алып жатқаны, қазақтың олардың тарапынан езгі көріп жатқаны жайлы белсенді насихат жүргізеді. Содан қазақ зиялылары қостай келе, 1905-жылы Қарқаралыда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов қосылып, патшалық жергілікті өкіметке петиция жазады.(Петицияға бір деректе 42 адам қойған десе, басқа деректерде 14 мың адам қол қойған деп жазып жүр). Бұл талап арызда орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруды тоқтату, қазақ жерлерін заңсыз тартып алуды тоқтату, жер мәселесін шешу үшін земство ашу, қазақ балалары үшін мектептер ашу, қазақ мұсылмандарын мүфтиятқа қарату және т.б.мәселелер талап етілген. Петиция бойынша жергілікті губернатор қылмыстық іс қозғатып, жандармерия тыңшылықты жолға қояды. Соның нәтижесінде осы петиция ісімен әуелі Жақып Ақбаев (соған дейін, патша өкіметімен қуғындалған, белгілі заңгар) түрмеге жабылады. (М.Құлмұханбеттің жазуынша Ж.Ақбаев 1906- жылы түрмеге жабылған.) Ал, кейбір жазбаларда «А.Байтұрсынов пен Ж.Ақбаев петиция ісі бойынша түрмеге бірге жабылған» деп жазылып еді, оның авторы қазір есімде жоқ. Одан кейін, осы іс бойынша 1909-қыркүйекте Ахмет Байтұрсынов түрмеге қамалады. Ахаң бұл түрмеден тоғыз айдан кейін ғана шығып, Орынборға жер аударылады. Ал, М.Дулатовтың да петиция ұйымдастыруға қатысқанын , оның алдында Семейдегі қазақтың оқығандарымен, көзі ашық белсенділермен, байларымен кездесіп, патша отаршыларының қазақ елі мен жеріне тізесі батып бара жатқанын жиі әңгіме етіп, ел арасында насихаттық қызмет істегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Менің ойымша, патша жандармериясының бұл жолғы жазасынан «құдай сақтап қалған» деп қана айтуға болады. Аймақтық үкіметке петиция жазылғанда онда М.Дулатовтың да еңбегі болғанын М.Дулатов туралы жазғандардың бірі Ж.Ысмағұлов та атап кетеді.Олай болса, келешекте жазылатын «Алаш қайраткерлері», немесе, «Алаш қозғалысының тарихында» «Міржақып Дулатовтың ұлты үшін жасаған саяси белсенді қызметі қазақ зиялылары мен қайраткерлерінің 1905-жылы аймақтық үкіметке жазған петициясынан басталды» деп жазылса жөн болар еді. Өйткені, М.Дулатовтың өмірі мен шығармашылығын бүгінгі зерттеушілер М.Дулатов саяси ұшталып келген кезін 1906- жыл деп көрсетеді. Өйткені, осы жылы кадет партиясының , анығын айтқанда Бөкейхановтың тапсырмасымен Петерборға барады. Онда М.Шоқай және басқада қазақ зиялыларымен кездесіп, саяси көзқарасының аясы кеңейе түседі. Осында татарлардың «Ульфат» газетінің қазақша қосымшасы «Серке» газетіне М.Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы мен «Жастарға» деген өлеңі басылып шығады. Газеттегі мақала мен өлең Міржақыптың бүркеніш есіммен жарияланған. Өлең мен мақала басылған «Серке» газетін қала жандармериясы сол күні кәмпескелейді және газеттің әрі қарай шығуына тиым салған. Өлеңнің авторын іздеп, әуреге түседі. Бірақ, бұл кезде Міржақып Дулатов елге жүріп кеткен еді. «Серкедегі» өлеңі қанаттандырған М.Дулатов елге келе шығармашылықпен айналысты. Қазақтың отаршылардан көріп жүрген қорлығы, езгісі, жас ақынның көкірегінде бірге қайғы, күйік болып, біте қайнады. Міржақыптың өлеңдері жанындағы достарынан, әсіресе, ұстазы әрі ағасы Ахаңнан рухани қолдау тапты. Ақыры, М.Дулатовтың осы аралықта өлеңдері Уфадағы Каримов баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен кітап болып басылып шықты. Дәл осы уақытта А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал» атты кітабы да жарық көрген. Екі кітап та қазақ арасына қазірде тез тарап кетті. Ауыл арасындағы сауаты барлар кешке қарай бүкіл ауылды жинап алып, «Оян, қазақ!» пен «Қырық мысалды» оқып беруді әдетке айналдырған. Оныншы жылдары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімдерін білмейтін қазақ болмады. Кей еске алушылар «Ауылдарда«Оян, қазақ!» пен «Бақытсыз Жамалды» оқығанда көздерінен жастары пар парлап ағып, жылап отырушы еді» дейтін. Осы сөздерден кейін маған «Оян, қазақтағы!»
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетіп, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты..» деген жолдарын құлағымен естіп көкірегіне тоқып, намысын қайрап отырған жан елестесе,
«Бақытсыз Жамал» романын көзі қарақтылардың әсіресе, мына жолдарды
«Қыз байғұс қолға түске сандуғаштай,
Торында өмірі өтер кілтін ашпай.
Сатады мал көп берген кісі болса,
Кетеді жылап сорлы қарсыласпай…» деген жолдарды оқығанынан естіп, егіліп, жылап отырған, қазақтың небір сұлу қыздарының күйікті бейнесі көз алдыма келе қалады.
Міржақып Дулатовтың 1909-жылы кітап болып шыққан «Оян,қазағы» мен АхметБайтұрсыновтың
«Қырық мысалы» қазақ жұртына үлкен серпіліс әкелді. Отаршылдыққа қарсы ұлттық күрес дәуірінің екінші толқыны болды десек те, қателеспейміз.
Ендеше осының алдында айтқан сөзімізді еске түсіре кетсек, ХХ ғасырдың бас кезіндегі, тап басып айтсақ , 1905-жылғы А.Байтұрсыновтың, Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, Ж.Ақбаевтың және т.б. қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен жазылған және аймақтық патша өкіметіне жолданған ПЕТИЦИЯСЫ қазақ тарихындағы жалпы қазақ ұлтының отаршылдыққа қарсы білдірген алғашқы саяси қозғалысының бастауы болды десек, артық емес.
Шешендігімен, шығамашылдығымен, елшілдігімен қазақ арасында зор еделгі ие болған Міржақып .Дулатовты сонау петиция жазылған 1905-жылы ақ «ел арасына іріткі салушылар» тізіміне қосып, патша жандармериясы қудалауды бастағанын қадап айтқым келеді.

Жалғасы бар…

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика