Күдікті судья өртеніп өлген әйелдің ақыл-есінің дұрыстығын тексеруді сұрады

13 Қыркүйек 2017

Өлімнен кейінгі тергеу. Әділ шешім шығармай басы шатылған экс судья Өмірзақ Серімов енді өз-өзін өртеген марқұм Светлана Тұрғанбаеваға психологиялық сараптама тағайындауды сұрап отыр. Айтуынша, оның шығарған шешімі суицидке себеп болмаған. Бірақ, марқұм жанның балалары ақталуға тырысқан Серімовтің бұл әрекетін жазадан сытылудың бір амалы деп отыр. Одан бөлек бүгінгі сот отырысына Серімовтің құқайын көріп, үйсіз қалған жандар да келді, деп хабарлады КТК арнасы.

судья 1309

Шешімінен ши шығып, бүгінде судьядан айыптыға айналған Өмірзақ Серімовке қатысты сот отырысы шұғыл бұрылыстарға толы болды. Өзін өртеп, бақилық болған Светлана Тұрғанбаеваның өліміне қатысы жоқ екенін кезекті рет қайталаған экс-судья, мәселенің мән-жайын анықтау үшін марқұмға психологиялық сараптама жүргізу керек деп айды аспаннан бірақ шығарды.

«Бұл мәселені тергеу органдары, сот органдары көп кезде қолдап бұндай сот экспертизасын тағайындайтын жағдайлар болған. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қылмыстық іс материалдары бар, атқару материалдары бар», – дейді айыпталушы Өмірзақ Серімов.

Серімов таяқтың екі ұшы барын айтады. Яғни, сот орындаушысы Елтоқовтың сол күні Тұрғанбаеваның тілін таппай, жанжалға түсуі өлімге себепкер болды дегенге меңзеп отыр.

«Сот орындаушысы емес, ол өзі кінәлі болып тұр. Өзі кінәлі! Сол үшін сот орындаушыға жабайын деп отыр», – дейді Светлана Тұрғанбаеваның қызы Айнұр Омарбаева.

Ботадай боздап анасынан айырылған балалардың өзектері әлі күні ащы өксіктен өртенеді. Өмірзақты өмір бойына қарғамасақ, кешірмейміз дейді.

«Светлананың баласымын. Айуансың! Сен құрттың шешемізді!»

Марқұмға сараптама жасауды ұсынған Серімовтің өлі адамдармен тырнақшаның ішіндегі «байланысы» бұрыннан бар болып шықты. Алматылық, Әлімжан Аңсаров та 2010 жылы экс судьяның шешімімен далада қалған. Бір қызығы, іс бір жыл бұрын қайтыс болған адамның пайдасына шешілген.

«Ол 2009 жылы қайтыс болған. Алаяқтық жолмен біздің баспанамызды тартып алды. Мен бұл жерге әділдік іздеп келем. Серімов өз жазасын алар деп сенемін», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Әлімжан Аңсаров.

Сергелдеңге түскен Светлана Тұрғанбаеваның балалары Серімовтің судан таза, сүттен ақпын деген сөзіне сенгісі жоқ. Жазықсыз жанды жер жастандырған судьянаның өзі сотталмайынша тоқтамаймыз деп бекініп отыр. Келесі отырыс бір аптадан кейін жалғасады. Бірақ, атышулы істің нүктесі қашан қойылатыны әзірге белгісіз.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика