ҚР Білім және ғылым министрі call-орталықтың операторы ретінде жұмыс істеп көрді

23 апреля 2020

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жақында іске қосылған call-орталығының операторы ретінде жұмыс істеп көрді. Бұл туралы ведомства басшысы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

 

«Оқушылардың қашықтан оқыту форматына көшуіне байланысты call-орталығының жаңа 1450 қысқа нөмірін іске қостық. Жедел желіге көптеген сұрақтар келіп түседі. Бұған өткен аптада түскі үзіліс уақытында орынбасарларыммен бірге өзім «оператор қатарында жұмыс істеп», көз жеткіздім. Сұрақтардың басым бөлігі қашықтан оқытуға, жалақының қалай төленетініне қатысты болды», — дейді министр.
Асхат Аймағамбетов жазбасында ведомства мен халықпен арасында орнатылған байланыс тетіктерін атап, ата-аналармен, педагогтермен үнемі байланыста болуға тырысатындығын жазған. Сондай-ақ, жас министр азаматтардың сұрақтарына жылдам әрі мазмұнды жауап беру маңызды екендігін атап өтті.
«Азаматтардың конструктивті сауалдарына жылдам әрі мазмұнды жауап беру маңызды. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде біз коммуникацияның түрлі құралдарын пайдаланамыз. Олар — дәстүрлі БАҚ, танымал интернет-платформалар, әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз, Call-орталығы, онлайн-конференциялар, арнайы чаттар мен басқа да форматтар»,- деп жазады Асхат Қанатұлы.
Ведомство басшысының айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі халықпен кері байланыс орнату үшін түрлі каналдарын қолданады. Министрдің тапсырмасы бойынша өңірлердегі білім басқармаларының, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің және ЖОО басшылары әлеуметтік желілерде парақшаларын ашып, белсенділік танытып жүр.
«Кері байланыс орнату барысында өткен жылдың күзінде іске қосылған Call-орталық ерекше рөл атқаруда. Сонымен қатар, біз Whatsapp-чаттарын және Telegram-арналарын тиімді қолданамыз. Министрліктің Telegram-дағы @edu_news_qz арнасы бүгінгі күні 200 000 жуық аудиторияға ие, сондай-ақ «Бала қорғау» @bala_qorgau арнасы кері байланысты қамтамасыз етуде. Мектеп директорларымен, әдістемелік кабинет, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің, білім басқармаларының басшыларымен, ЖОО проректорларымен және ректорларымен, ғылыми ұйым басшыларымен жеке чаттарымыз бар», — дейді Асхат Аймағамбетов.
Жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында министр жұртшылықпен үнемі байланыста болатындығын, тіпті білім саласының бірінші басшылары да Call-орталығына түскен сауалдарға жауап беруі мүмкін екендігін жеткізді.
«Біз Call-орталығына түскен қоңырауларға мамандармен бірге бірінші басшылардың да жауап беруі тәжірибесін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бізге жалпы білім беру және ғылым жүйесі жұмысының тиімділігін үнемі арттырып отыру үшін әрдайым байланыста болу, ұсыныстар мен пікірлерді, тілектер мен ескертулерді естіп-біліп отыру — өте маңызды», — деп қорытындылады ведоства басшысы.

Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика