Көшпелілер мемлекеті — ерекше құбылыс

7 июля 2019

Көшпенділер өркениетіКөп уақыт бойы батыс және орыс тарихшылары «мемлекет» ұғымын тек отырықшы елдерге ғана тән, көшпелілерге жат құбылыс санап келді. Бұл көзқарас бізде әлі де орын алып отыр. Кеңестік тарихи-этнологиялық ғылымда көшпелілердің қоғамдық-саяси тарихы туралы ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жаппай жүргізілген зерттеулер тұжырымы «кочевники не успели осесть, создать культуру, государство» деген еуроәспеттік тезистің маңайында болды.
Қазіргі кезде қоғамдық ғылым­дардың дамуы ересен, бірақ пост­кеңестік жүйедегі зерттеушілер әлі де осы қалыптасқан көзқарастар шеңберінен шыға алмай отыр. Осы бағытта соңғы кезеңде өнімді жұмыс жазып жүрген ресейлік Н.Н.Крадин ғұндарға арналған көлемді монографиялық еңбегінде көшпелілер құрған мемлекеттік құрылымдарды «вождество» деп атауды ұсынады. «Вождество» бұл жерде «көсемдік» деп атауға болатын құбылыс, яғни, зерттеушінің пікірі бойынша, көшпелілердің билік жүйесі тайпалық жүйенің негізінде құрылған нұсқа.
Қазақ хандығын мемлекет ретінде тануға құлықсыздар бізде де аз емес. Осы мәселелерге арнайы мақала жазған И.В.Ерофеева «номадтық қоғамның әлеуметтік-экономикалық негіздерін құрылымдық-жүйелілік әдістерін пайдалана отырып зерттеу барысында бір топ ғалымдар жалпы көшпелілерде, соның ішінде қазақта мемлекеттік билік дәстүрі болмағанын дәлелдеді» дей отырып, мемлекеттілікті жоққа шығарушылар тізімін жасады.
Осы көзқарастың бір көрінісі – Н.Е.Масановтың «Мир Евразии» журналында 2008 жылы жарияланған «Реноме кочевников» мақаласы. Бұл мақала соңғы жылдары «Қазақ альманағы» басылымында қайта жарияланды (2012, №3, -141-152-б.). Н.Масанов «кочевник не признает государственности, не платит налогов» дей келе, қазақта ешқашан мемлекет болған емес, оны Ресей жасап берді деген пікірді ұсынады: «Государственность в среду казахов была привнесена Российской империей…»
Бұл жерде Ресей империясының үш ғасыр бойы қазақтың дәстүрлі хандық билігімен, өзге де басқару институттарымен неге күрес жүргізгені түсініксіз болып қалады. Қазақ халқының бірнеше ғасырға созылған ұлт-азаттық күресінің мағынасы мемлекетті қайта жаңғырту емес пе?! Иә, 1841 жылы Ұлытауда қазақ көсемдері Кенесарыны неге хан сайлады? А.К.Гейнстің «Уақытша ережені» дайындау барысында ХІХ ғасырдың 60-ыншы жылдары жазатын «Было бы чрезвычайно полезно последовательно уничтожить у казахов всякую сильную выборную власть» деген сөздерінің мағынасын қалай түсіндіріп берер екенбіз ?
Қазақ тарихына қалам тартқан ғалымдардың ішінде халқымыздың өткен жолында мемлекет болды деп айтып та, жазып та жүргендері баршылық. Әйтсе де, олардың өздері қазақ мемлекеттігін саяси-қоғамдық жүйе ретінде сипаттап, салыстырмалы баға беруге келгенде күмілжіп қалады.
Қазақ хандығы туралы жазардың алдында біз бір сұраққа жауап беруіміз керек екені анық. Еуразия көшпелілерінің саяси жүйелері «вождество» ма әлде«мемлекет» пе? Қазақ тарихи-этнологиялық ғы­лы­мында бұл мәселе – ойыншық емес, себебі, бұл ұлттық тарихнаманың ең осал тұсы. Егер біз өткен тарихымыздан мемлекет мәселесін (онымен бірге билік құрылымдары, құқықтық ережелері, т.б.) алып тастасақ, біздің тарихтың оқулықтарында әр уақыт кезеңіне реттестіріліп жинақталған эмпирикалық фактілер ғана қалады. Егер сіз зер салып қара­саңыз, «Қазақстан тарихының» қазіргі кездегі кілтипан тұсы да – осы. Біздің тарихта бәрі де бар – бірақ бүкіл деректерді, даталарды, тұл­ғаларды жүйеге түсіріп отыратын мемлекет жоқ. Біз бүгінгі күнге дейін бұл тақырыпта тұшымды жұмыс жүргізілмегендіктен, мемлекеттілікті жоққа шығарушы зерттеушілердің еңбектеріне қатысты аз-кем мәсе­лелерге тоқтала кетейік:
– Қазақ мемлекеттілігін жоққа шығарушылардың бірінші қателігі: олар өз зерттеулерін мемлекет ауыр дағдарысқа ұшыраған ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардың деректеріне негіздейді;
– Екіншіден, олар қазақ деректерін түкке тұрғысыз қылып, оларды тарихи дерек есебінде қолдану мүмкіндігін жоққа шығарумен айналысады. Олар түпнұсқа дерек
/первоисточник/ есебінде тек қа­ғазға түскен құжаттарды /Ресей, Қытай шенеуніктерінің жазбаларын/ мойындайды;
– Үшіншіден, «жаңаша зерттеу әдістері мен қосалқы зерттеу әдіс­темесін» пайдалану қажет» деген желеумен ғылыми жылтырақ тер­миндерді қолдану арқылы негізгі мәселені көмескілеп, оқырманның назарын екінші қатардағы немесе түкке тұрғысыз мәселелерге ба­ғыттап жібереді;
– Төртіншіден, қазіргі тарихшылар патшалық және большевиктік тарихнаманың қазақ мемлекеттік дәстүрлерін санадан, жадыдан өшіру үшін бірнеше жүз күрес жүргізгенін еске алмайды. Тым әріге бармай-ақ, Е.Бекмахановтың «халық жауы» атанып, сотталар алдындағы соңғы дискуссиялардың бірінде сөйлеген сөзін қысқаша ғана еске алайық: «Мои критики дошли до такого абсурда, что они готовы отказать казахам в наличии в их истории государственности, демогогически утверждая, что казахи получили свою государственность только после Октябрьский революции. По их понятию, казахский народ, живший на огромной территории и имевший экономическую и культурную общность, жил вне государства, как аморфная масса» (Бекмаханов Е.Стенограмма // Сочинения в семи томах. Т.6. Павлодар,2006., с.299). Ғажап емес пе?! «Ит жеккенге» айдалар алдындағы соңғы сөзі.
Адамзат өркениетінің негізгі даңғылы әрі қозғаушы күші болып табылатын мемлекет деген құбылыстың қазаққа қатыстылығы жайында тың да түбегейлі зерттеу­лер жүргізу – болашақтың үлесі. Біз әлі де Маркс және Ленин салған соқпақ жолдан шыққан жоқпыз. Әдіснамалық тұрғыдан мемлекеттің шығу тегін тап күресінің аясында ғана қарастыру – Маркс ілімінің ең осал тұсы. Ал, түбегейлеп келгенде, бұл көзқарас та батыстық, яғни, отырықшылық өркениет туғызған әдістемелік өріс.
Мемлекет дегеніміз – екі
түрлі тап, екі түрлі мәде­ниет деп тану адамзат
баласы туғызған тоқсан тарау тірші­ліктің мағынасына бойла­мағандық. Батыс Европа елдерінің жаңа дәуір­д­егі тарихының кейбір сырын тү­сіндіріп бере алғанымен, көшпе­лілер тарихына келгенде, бұл таным әдісі европоцентризмді туғызады.
Біз мемлекет тек тап күресінің нәтижесі деген пікірден бас тартып, мемлекеттің тууын оның әлеуметтік реттегіштік қызметінен іздеуіміз керек. Қоғамдық ғылымдардағы классикалық көзқарастарға сүйен­сек, биліктің басты белгісі – басқару аппараты. Осы ұғымның ішінде мемлекеттік алым-салық амалын іске асыратын фискалдық шенеуніктер, әскери және қауіпсіздік қызметі сияқты толып жатқан билік жүйесінің құрамдас бөліктері мен тетіктері бар. Бір сөзбен айтқанда, билік жүргізуге қажетті атрибуттар. Бұлардың бәрі де әртүрлі деңгейде Қазақ хандығында кездеседі. Мысалы, оның жеке-дара билеушісі болды ма? Болды. Қазақ хандығының билік жүйесімен терең таныссақ, біз алдымен Түркістанда ақ кигізге көтеріп сайланатын үлкен хандарды көреміз. Хандықтың әкімшілік-саяси шаруашылығының орталығы болды ма? Болды! Үлкен хандардың тақ құрған жерінен орданы да көреміз. Осы сияқты мемлекетке қызмет атқарған реттегіш тетіктер толып жатыр.
Бір қарағанда, қазақ қоғамында монархиялық биліктің нұсқасы бар сияқты. Себебі, қоғамның ішінде «ақ сүйек» атанған, бұқара халыққа қарағанда біршама артық­шылықтарға ие әлеуметтік топ – төрелер жүреді. Қазақ халқының саяси тарихында төре институтының алатын орны ерекше. Егер қазіргі заман тілімен түсіндірсек, «төре» дегеніміз – мемлекет қызметкері, мемлекет заңының орындалуын қадағалаушы адам. Біздің пайымдауымыз бойынша, «төре» сөзі өте көне ұғымдардың бірі, оның шығу тегі қазіргі қолданыстағы «мемлекет» сөзінен де әрі. «Мемлекет» араб сөзі, оның мағынасы – империя, патшалық. Еуразияның көне тұрғындары бағзы замандарда «мемлекет» сөзінің орнына «ұлыс» атауын қолданып келді.
«Төре» сөзінің мағынасы қазақ тіл қорының көне негіздеріне бас­тайды. Оның қай заманда қолда­нысқа енгенін дәл анықтау да оңай емес, дегенмен, көк түркілері кезеңінде бұл сөз «заң, ереже, тәр­тіп» мағынасында өте белсенді қол­даныста болғаны белгілі.
Сонымен бірге, орталық билік ту тіккен орда қызметі, оның жұмысын басқаратын аталықтар институты біздің тарихнамада әлі зерттелген жоқ. Қазақ төрелерінің маңына төлеңгіттер жиналды, бұлар – бір жағынан әскери қосын, екінші жағынан нөкер, сондай-ақ, хан-сұлтанның шаруасын, елшілігін атқаратын адамдар. Ресейде Иван Грозный тұсында қалыптасқан дворяндықтың дәл біздің төлеңгіттерден айырмашылығы шамалы. Жаугершілік тұсында сырттан түскен тұтқынның көпшілігі төлеңгіт атанып кетеді, құлдарды азаткер қылса, олар да төлеңгіт қатарына қосылады, өзге елді шауып-шаншып айдап келсе, олар бала-шағасымен төлеңгітке кіреді. Сонымен бірге, іргесі бос, ағайыны момын, малына билігі болмаған қазақ та пана іздеп келіп төренің қарамағына төлеңгіт болып кіреді. Біздің тарихнамада төлеңгіт пен құлдың айырмашылығы әлі ашылмаған. Деректерге қарасақ, төлеңгіттердің әлеуметтік орны қара қазақтан жоғары. Олар елшіліктерге, келіссөздерге белсене қатысып,
жауапты тапсырмаларды атқарады және алатын жол ақысы да өзгелерден мол, сол себепті төлеңгіттерді мем­лекеттің орталық билігінің басқару функциясын іске асырушы тетік есебінде қарастыру керек.
Қазақ қоғамының негізі рулардан құрылатыны белгілі. Қоғамдық тұрмыс пен өзара қарым-қатынас туыстық жүйе арқылы реттеледі. Шын болсын, өтірік болсын, рулардың бәрі бір-біріне туыс, бірі – үлкен, бірі – кіші. Қазақтың «жол» тәртібі осы туыстық заңына бағынышты болғандықтан, небір алқалы жиын­дарда, жауға қарсы тұрғанда «ағалы-інілі» тәртібін қолданады. Үл­кен ру конфедерацияларының өзі де туыстық жүйемен жинақталады, тіпті, жүздерінің атаулары да «ұлы», «орта», «кіші» делініп, бір атадан тарағандыққа
меңзейді. «Қазақ хандығы» деген мемлекетті ХV ғасырдың ортасында құрған кезде ел басшылары ақылдасып, «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», Алаша ханның үш баласынан тараған ел-жұртпыз деп, жаңа әкімшілік-аумақтық жүйені ұстануға уағда байласқан.
Тарихи деректерді байыптап қа­расақ, ата-бабаларымыз құрған мем­­лекеттердің екі түрі бар екенін кө­реміз. Оның бірі – ұлыстық-им­перия­лық, екіншісі – туыс­қандық жүйеге негізделген ұлттық
мемлекеттер. «Мемлекет» атауына екі түрлі: 1) қо­ғамды ұйымдастырушы, реттеуші жүйе ретінде 2) қоғамның ресми билік органдарының және атрибуттарының тұтас жиынтығы деп анықтама беруге болады. Егер де адамдар арасында тең дәрежелі және еркін қарым-қатынас қамтамасыз етілсе, меншіктің әрқилы түрлері мен көзқарастарға тыйым салынып, қудалауға ұшырамаса, қоғам мемле­кеттік басқару жүйесін толық бақы­лап, жауапқа шақырып отырса, ол мемле­кеттіліктің керемет үлгісі ретінде танылады. Қазіргі уақытта саясаттану мұны «азаматтық қоғам» деп те атайды.
Еуразия көшпелілері, әсіресе, қазақ халқы құрған мемлекеттер азаматтық қоғам деңгейіне, тәртібіне сай. Шоқан Уәлиханов қазақ қоғамының осы қасиеті туралы «Наконец, что всего важнее, формы нашего общественного развития находятся в том самом безыскуственном периоде, когда они представляют наибольшую аналогию с результатами высшего, культурного развития» дейді. Азаматтық қоғам туралы пікірлер мен тұжырымдар жаңа қалыптасып, көшпелілердің ішкі құрылымдық жүйесі зерттеле қоймаған алмағайып кезде осы екеуін салыстырып, ұқсастық іздеу мүмкін емес еді. Енді осы мәселені қолға алуға болатын сияқты.
Екінші бір әдіснамалық әлсіздік – мемлекет туралы айтылған немесе жазылған пікірлерде (әсіресе, тарихшылардың) қоғамның билік жүргізу жүйесін, оның әртүрлі атрибуттарын (мәселен, сот,
прокуратура, әскер, қазына, т.б. зерттеу және түгендеу басым да, ал мемле­кет­тің реттеуші-ұйымдастырушы жүйе екендігі әлсіз көрсетіледі. Осыдан келіп көшпелілерден немесе қазақтың ХV-ХІХ ғасырлардағы тарихынан батысқа (отырықшыларға) тән атрибуттарды кездестіре алмағаннан кейін «көшпелілерде мемлекет болған жоқ
және болуы мүмкін де емес» дейтін теріс пікір туындайды.
Мемлекет, ең алдымен, әрбір адамның санасында өмір сүреді. Бірақ, бұл билік нұсқасының түп астарында біздің зерттеушілердің назарына ілікпеген тағы бірнеше мәселе жатыр. Бұл ұлы Абай айтатын қазақтың «бұл замандағылардың артық екі мінезі: «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. …Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» (Абай /Ибраһим Құнанбаев/. Қара сөздер// Екі томдық шығар­малар жинағы. Алматы, 1986, 156-157-б).
Бұдан шығатын қорытынды біреу: қазақ қоғамының билік жүйесінің ішкі мазмұнын барламасақ, біз оның сыртқы түріне қарап алданып қаламыз. Егер де ежелгі қазақ әлемі еркін азаматтардың қоғамы екенін ескерсек, олардың әр жылы жалпы халықтық жиын өткізгенін (бүкіл халықтық жиындарды ертеде «қаз» деп атаған. Мысалы, «көтеріп қазға салармын» Бұқар жырау), маңызды мәселелерді сол жерде талқыға салғанын еске түсіреміз. Тәртіп бойынша әр қазақ азаматы ат аяғы жететін жердегі жиын-мәжілісті құр жібермейтінін, қандай бір күрделі болса да, мемлекеттік, қоғамдық мәселелерге өз көзқарасы бар екенін ес­керсек, біз басқаша қорытынды түйер едік. Көшпелі қазақ азаматы таңның атысы, күннің батысы соқаның соңында жүрген мұжық емес, ол, ең алдымен, жауын­гер, ел қорғаушысы, тең құқылы азамат.
«Аттан» деген ұран шыққанда тастай қараңғы түнге, жауын-шашынға, аяз бен боранға қарамай, атқа қону оның міндеті, олай етпесе, сыйы қалмайды. Осындай мықты сана мен жауаптылық деңгейінде тұрған қауымға ойдан шығарылған атрибуттардың қанша қажеті бар?!
Қазақ қоғамының бір ерекшелігі – мемлекет пен билік санада белгілі бір символдарға негізделетіні. Ол символдарды тарих туралы түсініктер қалып­тастырады, ұлттық сана тарихи жадыға сүйенеді. Мысалы, «Ел-жұрт» деген ұғым рухани константа есебінде халықты біріктіруші күш, ол рулық, аталық дең­гейден жоғары тұрады. Символдардың ішінде біз мағынасына онша бойлай бермейтін «атақоныс», «кіндік қаным тамған жұрт», «қарға тамырлы қазақ», «алаш» сияқты іргелі түсініктер бар. Кезінде ел тұтқасына ие болған аңыздық тұлғалар – хандар да мемлекеттіліктің, тәуелсіздіктің символы.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы 
ЕҰУ-дің профессоры, 
тарих ғылымының докторы
Дереккөз: «Астана ақшамы»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика