«ҚОШҚАР МЕН ТЕКЕ». СҰРАНЫС БАР, ҰСЫНЫС ЖОҚ

10 Ақпан 2017

Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Тарихымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тауып жатырмыз. Ұлт үшін маңызы бар талай шаруаның да басын қайырдық. Бірақ бұл жеткілікті ме? Әрине жоқ. Елімізде кино өндірісі, оның ішінде балалар киносы мен мультфильмдер шығару ісі кенжелеп қалды. Қазақ тілді телеконтентке сұраныс жоғары, тек айналысатын адам жоқ. Бұған кім кінәлі? Билік пе, әлде бизнес өкілдері ма?

Қошқар мен теке«Үкімет өлтірмейді» деген сөзді естіген боларсыз? Бұл қазіргінің айтар сөзі емес. Жеке меншік шектелген, экономика жоспарлы түрде жүзеге асқан өткен ғасырдың ертегісі. Ол кезде әлеуметтік-экономикалық дүниелердің бәрі биліктің қолында болатын. Қарапайым адам үшін өзгеріс жасау, компания ашу мүмкін болмады. Бұл қоғамның санасына «Бәрін билік жасауы керек» деген түсінікті берік сіңірді. Қазір сәл нәрсе болса болды, басшылықты кінәлап шыға келу соның айғағы. Бұл – кеңестік стереотип.
Шетелдіктердің үлгісіне көз салайық. Әлемді тамсандырып отырған ірі жобалардың артында үкімет емес, қарапайым азаматтар тұр. Олар бір жобаны бастайды, қаржы құяды және жемісін көреді. Қаржысы жұмсалғандықтан өнімнің сапалы болуына барын салып, аянбай еңбек етеді. Жоба өтпей қалса шығынға батады, сәтті шықса пайдаға кенеледі. Ал үкіметтің жобалар бұлар сәтті шықпайды. Жобаға арнап бөлінген қыруар қаражаттың тең жарымы орта жолда жоғалып кетеді. Өтірік пе?
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Көшпенділер» деген фильм түсірдік. Қазынадан қыруар қаражат бөлінді. Бірақ сәтсіз туынды болып шықты. Шетелге шығару былай тұрсын, ел ішінде де сұранысқа ие бола алмады. Ал жұмсалған қаражатты айтсаңызшы… «Өзінікі емеске өзгенің жаны ашымас» деген осы да.
«Барлық баланың санасын арбап алған жұлымыр қыз бен аңғал аюдың анимациясы Youtube-те 20 миллиардтан артық қаралыпты. Машаның қуыршағы секілді лицензиялық өнімдерінің өзінен 225 миллион доллар тауып, Еуропадағы балалардың ең танымал бес брендінің қатарында тұр. Жалпы, әлемнің 25 тіліне аударылып, 130-дай мемлекеттің телеконтентінде орны бар. Сұмдық қой, сұмдық! Соны істеп отырған Кузовков деген аниматор басқаратын жетпістей суретші. 70 адамның күші орыс қызының аузымен ертегілерін айтып, құндылығын әлемге жайып отыр. Ақшаны да күреп тауып жатыр.
«Орыстың қолтығы – сасық, президенті – Путин, зымыраны – шіріген» деп арқан иіргенше, неге осындай феноменнің сырын ашпасқа? Қазақстанда әлем тұрмақ, өзіміздің көңіліміз тоятын қандай медиаконтент жасадық? Кино туралы заңымызды енді қабылдағалы жатыр. Аниматорларымыз қайда?», – дейді Өркен Кенжебек.
Расымен де, 17 миллион халқы бар Қазақстанда сауатты маман жоқ болғаны ма? Олай деуге келмейді. Өркен мырза айтып отырған Youtube-те қазақстандық «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» анимациялық фильмі 2 273 670 рет қаралған. Аз көрсеткіш емес. Сұраныстың барын айшықтайды. Әрі шыққан сәттен бастап, бұл фильм көптің көңілінен шыққан болатын. Бір әттеген-айы, ғұмыры алысқа бармады. Небәрі екі сериямен шектелді. Сұраныс бар, ұсыныс жоқ. Осыдан соң қазақ балалары шетелдіктердің өніміне телміруге мәжбүр. Ал кино идеологиялық құрал екенін ескерсек, болашағымызға балта шауып жатқандаймыз.
«Сақ» киностудиясының режиссері Батырхан Дәуренбеков «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында сериалды халықтың жылы қарсы алғанын хабарлаған. Тіпті Қытайда арнайы жүлдемен марапатталып, Қазақстандағы үздік 5 мультфильмнің қатарына да кірген екен. Десек те, жоба тоқтап қалған. Оның сыры әлгі тапсырыстың кесірі. Алғашқы сериалдар «Қазақфильм» тапсырысы бойынша түсірілген. Одан кейін қаржы бөлінбеген. Қазір «Қошқар мен теке» сериалының үшінші бөлімі дайындалуда. Бұл серия алдыңғылардан да қызықты болатынына сенімі мол. Өйткені, қошқар, теке, қасқырлардан да бөлек кейіпкерлер қосылған. Бірақ бәрі қағаз бетінде ғана. Экранға шығару үшін қаражат жоқ. Әрі киностудияның басшылары да бұл мәселеге бас ауырта қоймаған тәрізді. Батырхан Дәуренбековтің мәлімдеуінше, олар демеуші іздеу жұмысына кіріспеген.
Бұл елімізде әлі күнге дейін киноиндустрия саласында дамудың жоғын айшықтайды. Қандай да бір жобаны бастау үшін, оған қаржы керек. Ал қаражат не инвесторлардан немесе мемлекет тарапынан беріледі. Әлемде біріншісі басымдылыққа ие болса, бізде тек екінші жолы ғана бар. Бұл да болса отандық кинолардың аяғына тұсау салып тұр.

Нұрлыхан Қалқаманұлы
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика