Қос ақынның жұмбақ өлімі

26 Қыркүйек 2018

Кейде, әлем әдебиетін қарап отырсаң, тұлғатану өте жоғары деңгейде дамығанына қызығасың. Белгілі адамдардың өміріндегі әр қалтарысын зерттеп, алдыңызға жайып салады. Ал да оқи бер… Бізде де осы «тұлғатану» саласы кеңінен қолға алынса, «…солай болыпты-мыс» дейтін сүйкейсалды емеуріннен ептеп құтылар едік…

Бүгін сіздерге бір кездері өлімі жұмбаққа айналған ақын Александр Блок пен Маяковский туралы біршама мәліметтер ұсынуды жөн көріп отырмыз. Александр Блок 1921 жылы өмірден өтті. Өкініштісі, өлім себебі мен ақыры ажал құштырған сырқаты туралы ақпарат жоқтың қасы десе де болады. Қалай дегенмен, бізге жеткен кейбір ақпараттар бойынша ақын бір жарым жыл бойы Александр Пекелис деген дәрігердің бақылауында болғаны айтылады. Алкесандр Блок сымбатты, толқындай бұйра шашты, көзі өткір, шығармашылықта өте еңбекқор болған. Тіпті, үзіліссіз жұмыс жасағаны соншалықты, дәрігерге де сирек қаралған екен. 1921 жылдың сәуір айында кенеттен ақын өзін жайсыз сезіне бастайды. Ал, 17 мамырда дене қызуы көтеріліп ауруханаға жатады. 78 күннен кейін дәрігерлерге де, жақындарына да түсініксіз дерттен көз жұмады. Әрине, ақын өмірден өткен соң, әркім өзінше «диагноз қойып» үлгергені айтпаса да түсінікті… Ал шын мәнінде оқиға қалай болған?..

Сырқат тарихы

1909 жылы Блоктың әкесі дүниеден озғаннан кейін ақынның жүрегі сыр бере бастайды. Оған Әскери медицина академияның доценті Николай Федорович Чигаев «асқынған неврастения және ипохондрияның дамуы» деген диагноз қояды. Дегенмен, 1911 жылдың қаңтар айында тексеруден өткенде Блоктың денсаулығы жақсарғаны байқалады. Бірақ, кешікпей ақынның денсаулығы қайтадан сыр береді. Оған себеп көктемде тұмаудан мұрттай ұшуы еді. Сол кезде дәрігерлер оған бадамша безін алып тастау керегі туралы кеңес берген екен. Кейбір мәліметтерде ақынның жүйкесі сыр бере бастаған соң күштеп арреноль препаратын ішкізгені туралы айтылады… Кейін тұмауға уайым қосылады. Ол 1913 жылы осы бір кезең жайлы: «Әр күн жабырқаулы әрі мұңлы… Өте ауыр! Ұйқысыздық. Тұңғиыққа тартатын сағыныш…» деген сарында күнделіктер жазып отырған. Соған қарағанда ақынның ауруы созылмалы тонзиллиттің асқынған түрі мен бадамша безінің қабынуы болған сияқты деп жорамалдауға болады. Бұдан шығатын қорытынды ақын жоғарыда берілген дәрігерлердің кеңесін тыңдамаған… Қанша жерден күйзеліп, сырқаттанып жүрсе де ақын 1921 жылдың мамыр айында Мәскеуге жасалатын іс-сапарын тоқтатпаған көрінеді. Онымен бірге жолсерігі болып ақын Корней Чуковский барады. Сол сапар турлаы Чуковский: «Менің алдымда Блок емес, құдды басқа адам отырған сияқты болып көрінді. Оның шырмауыққа оралғандай болған тұңғиыққа кеткен көздері мен суық жүзі адам танығыссыз болып өзгеріп кеткен. Петроградта ұлы химик Менделеевтің қызы Любовь Дмитриевна қарсы алды. Ақын бұған да жылы қабақ таныта қоймады. Бұндай қылық бұған дейін болған емес еді» -деп жазады. Осы бір ауыр күндер туралы ақын Георгий Иванов: «Блокты емдеген дәрігерлер оның шын мәнінде немен аурғанын анықтай алмады. Алғашында әлсіреген күйін қалпына келтіруге тырысты. Ол әрекеттері оң нәтиже бермеді. Кейін, қатты уайымға салынған ақынға морфий қолданды…» – деп жазған. 17 маусымда Медицина Институты мен Әскери-Медицина Академиясының профессоры Петр Васильевич Троицкий, Обуховский ауруханасының нервологиялық бөлімінің меңгерушісі Эрнест Августович Гизе және ақынның емделуші дәрігері Александр Пекелис сынды ақ халаттылар шұғыл отырыс жасайды. Бұған дейінгі барлық анализдерін қарап, қорытындылай келе барлығы бір ауыздан «асқынған эндокардит және психастения» деген диагноз қояды. Блоктың жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Бұл кезде дәрігерлер өздері де абдырай бастаған еді. Себебі, ешқандай ем қонбай кеткен-ді… ақынның жағдайын жіті бақылаған Максим Горький болса санаторийге ауыстыру үшін әрең дегенде рұқсат алады. Бірақ тым кеш еді. Өйткені, науқастың жүріп-тұруға жарамай қалған кезі. Блоктың жеке дәрігері Александр Пекелистің жазбасында: «Зерттеу барысында мына нәрселерді байқадым: дене қызуы –39. Басы ауырып, әлсіреп барам деп ғана шағымданды; жүрек соғысы мен тыныс алуы, қан айналымы бір қалыпты болды. Оғаш ештеңе байқалмады. Бірде тәуір, бірде нашарлаған Блок пештің қасында отырған еді. Жұбайы жатып тынығып ал дегенде Блоктың көзіне жас келіп қолына тиген құмыра, айна және т.б, заттарды лақтырып, сындыра бастады…» – делінген…

Заманауи медицина не дейді?

Одан бері біраз уақыт өтті. Заман өзгерді. Заманмен бірге медицина да күн сайын жаңалық ашуда. Ақынның өлімі жайлы қазіргі медицина: эндокардит – жүректің ішкі қабығының қабынуы болған дейді. Яғни, стресстің әсерінен ағзадағы созылмалы аурулары асқына бастаған деген сөз. Бұл эндокардитті бүгінгі күні де бақылау қиын болып отыр. Бүгінгі күні осы эндокардитке қарсы антибиотиктер шығарған күннің өзінде өлім деңгейі – 50%-ға дейін жетеді. Ал Блоктың заманында антибактериалды терапия мүлдем болмаған. Ақын дүниеден озғаннан кейін 18 жылдан соң ғана ең алғашқы антибиотик шығарылды. Бұл нақты болмаса да, болжам бойынша ақынның өліміне себеп болуы мүмкін деген диагноз ғана… Ақиқаты ашылу үшін әлі де уақыт керек шығар?..

Маяковскийдің өліміне Лили Бриктің қатысы бар ма?

1978 жылдың 4 тамызында ХХ ғасыр мәдениетінің танымал жұлдызы Лили Брик дүниеден озды. Лили Брик – ақын Владимир Маяковский өміріндегі маңызды адамдардың бірі болды десек те болады. Екеуінің арасындағы байланыс туралы көп айтылса да, ақынның өлімінен кейін өмірі қандай жағдайда болғаны, сондай-ақ Лили Бриктің өмірімен қоштасқысы келгені жайлы көп жерде айтыла бермейді. 1930 жылдың 14 сәуірінде Владимир Маяковский өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қош айтысады. Шын мәнінде ақын өзіне қол жұмсады ма, әлде өлімнің астары басқаша өрбіді ме деген сауал әлі күнге дейін талас-тартыс туғызып келеді. Көпшілік Лилиды ақынның өліміне тікелей қатысы бар деген пікірде. Себебі, оған ақынның өлгені оған тиімді болған деседі. Ақынның назары бір өзіне ғана ауғанын қалаған ару осындай қадамға баруы да мүмкін деген жорамалдар айтылады. Әрине, өлімнің қашан, қай сағатта келерін біз болжай алмаймыз. Дегенмен, ақынның өзіне қол жұмсау туралы ой болса неге қайтыс боларының алдында Вероника Полонскийге үйлену туралы ұсыныс жасады? Елдің көкейіндегі ақын өзіне қол жұмсамаған деген күмән дәл осы оқиғадан кейін өрши түскені анық… Маяковскийдің өлімінен кейін Лили Брик ақынның анасы мен әпкелері секілді ақынның заңды мұрагері деп танылады. Сондай-ақ, оның пәтеріне, жинаған ақшасына, ең бастысы кітаптарының басты редакторы, құрастырушысы, түсініктеме берушісі болып, шығармаларының жарты бөлігінің авторлық құқығына ие болады.

Ақын: «Мен Лилиді сүйемін. Қалған нәзік жандыларды екінші орында ғана жақсы көре аламын» – деген екен. Демек ақын Лили үшін қандай қадамға да бара алады деген сөз.

Ал енді Лили Бриктің ақынның өлімінен кейінгі өмірі қалай өрбіді?

Лили Брик Маяковскийдің мәңгілікке есте қалуы үшін шығармаларын жинақтап, кітапхана-мұражайын құруға кірісті. Одан кейін 13 жыл отасқан күйеуі Осип Брикпен ажырасып тынды. 1930 жылы Лилия қолбасшы Виталий Примаковпен танысады. Көп ұзамай соған тұрмысқа шығады. Шын мәнінде Лилияның отбасылық өмірінде тұрақтылық болмады. Оның бір дәлелі – 1936 жылы Виталий Примаковтың халық жауы ретінде тұтқындалып, атылып кетуі… «Мен Виталийдің кінәлі екеніне бір кездері сенгенім де бар… Өзімді сол үшін кешіре алмаймын. Бізге оның әскери әріптестері келетін, арасында. Уборевич те болды. Олар: «Бұл Ворошилов ақмақ қой» немесе «Буденный сауатсыз!» – дегендерін құлағым шалып қалатын. Бұның бәрі олардың астыртын әрекеттері екен. Мен Примаковтың бұл жайында маған тіс жармағанына таң қалдым. Сол ойларым үшін өзімді кешіре алмаймын» – деп Лилия жолдасы ақталған кезде өз өкінішін білдірген екен. Лили Брик – жас кезінде ер адамдарды тез баурап алатын еді. Тіпті, ол туралы дуалап алатын қасиеті бар деген алыпқашпа сөздер сол кезде желдей есетін. Бұл қасиеті туралы өзі: «Ең бастысы азаматты өзінің данышпан екеніне сендіру. Және де оған үйде жасауға болмайтын нәрселерге рұқсат беру. Мысалы, темекі шегу немесе қайда барғысы келсе сонда жіберу. Ал қалған мәселені жақсы туфли мен жібек көйлек шешеді» – деген көрінеді. Қарапайым формула.

Лили Брик пәтерінде әдеби кештерді жиі ұйымдастыратын. Оған ақсүйектер әулеті көп қатысатын. Мұндай мүмкіндікті оған бірінші күйеуі Осип Брик жасап отырған. 1915 жылы сондай бір жиында Владимир Маяковскиймен танысқан екен… 1945 жылы Осип Брик қайтыс болады. Бұл өлім Лили Брик үшін ауыр соққы болады: «Маяковский өлген кезде – ол өлді… Ал Ося өлгенде – мен өлдім» – дегенінен-ақ алғашқы күйеуінің өлімі өзіне қаншалықты соққы болғанын аңғарамыз. Жалпы, әңгімеміздің басында тұлғатану туралы сөз қылдық қой. Орыс әдебиетінде тағы бір жақсы дамыған жанр – мемуар. Тұлғалардың көбінің шынайы өмірі мен бет-бейнесін мемуарлардан байқауға, оқуға болады.

Лилия Бриктің Маяковскийге қатысты айтқан ауры пікірін де Фаина Раневская өз мемуарында келтіреді. Ол жерде: «Лиля өзінің Осип Брикке деген махаббаты туралы айтатын. Бірде «Осяны жоғалтпау үшін қолымдағының барлығын берер едім» – деді. Сонда мен: «Маяковскийге деген махаббаттан бас тартар ма едің?» – деп, сұрағанымда ол еш кідірместен «Иә, Маяковскийден бас тартар едім. Маған тек Осямен бірге болу керек еді…» – деген еді. «Осы сөздерді естіп, Маяковскийді аяп кеттім… Жылағым келді» – дейді атақты актриса. 1950 жылдары Лилия мен Катанян дәстүрге айналған әдеби кештеріді қайта жандандырды. Оған атақты әншілер мен ақын-жазушылар жиі жиналатын. Арасында Майя Плисецкая, Родион Щедрин, Андрей Вознесенский, Микаэл Таривердиев, Татьяна Самойловалар да бар. Плисецкая өзінің мемуарларында: «Революцияға дейін Ресейде бұндай әдеби салондар көп еді. Бірақ, большевиктердің зұлымдығына ұшыраған бұл зиялы қауым жан-жаққа қудаланды. Елуінші жылдардың соңында бұл Мәскеудегі жалғыз салон болған-ды…» – деп еске алады. 1950 жылдардың аяғында Лилия Бриктің Маяковскийдің жарияланбаған хаттары басылған «Новое о Маяковском» атты кітабы жарық көреді. Бірақ кітапта ақын образына қарама-қайшы дүниелер жарияланған деген айыппен 1959 жылы КПСС орталық комитеті арнайы шешім шығарып, Бриктер пәтеріндегі мұражайды жабады. Ал 1973 жылы Маяковскийдің 80 жылдығына Лилиді шақырмаумен қатар, оның ақынмен бірге түскен фотоларын өңдеп, Лилидің бейнесін біржола жояды. Өмірінің соңғы жылдарында Лили Брик жолдасымен Переделкинодағы саяжайда тұрады. 1978 жылы абайсызда алған жарақатынан төсекке таңылып жатып қалады. Тәкаппар, еркін жүріп үйреніп қалған Лили ешкімге масыл болғысы келмеді ме екен, ұйықы шақыратын дәріні артығымен ішіп, дүниеден озады. Ол кезде Лили Брик 86 жаста еді. Өзінің өсиеті бойынша мүрдесін өрттеп, күлін Мәскеу түбіндегі далаға шашып жібереді. Осылайша ақын мен ақынның музасы көп құпияны өздерімен бірге ала кетті. Ал бізге қалғаны сезімге толы өлеңдері ғана…

Материалды дайындаған: Айжамал Көпеева


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика