Қорлықтан елін құтқарған есіл ер

12 Қазан 2018

«Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз… Өстіп жер жүзіндегі халықтың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе?» – деген екен данышпан Абай. Аздығымыз Жаратушы иеміздің жазуынан шығар, ал қазақ біздердің халық болып қалыптасқаннан бергі азап шегіп, азып-тозғандығымыздың басты себебі аздығымыз болса да енді бірі Абай айтқан осынау «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» болған ауызбірлігіміздің жоқтығынан екенін мойындамасқа лаж жоқ.

Ірілер, күштілер мықтылығын көрсетіп білгенін істейтіні рас. Дегенмен өз ішінде тату-тәтті, береке-бірлікпен ұйысып, өзгеге соқтықпай жайында жатқан елге өзге бір ел жаулық жасай қоюы екіталай. Өзге мемлекеттердің ортасында дербестігін сақтап, өз күнін көрумен келе жатқан талай кіші халықтар бар. Жан саны ол тұста тым орасан молаймаған кезінде ғұндар мен түріктерге, одан моңғолдар мен шүршіттерге бодан болып ғасырлар бойы қасірет тартқан қытай ұлты ынтымағының арқасында дойбының тақтасына ұқсас тарих сахнасында «биге шығып», енді міне ең дамыған держевалармен шен таласып өз мемлекеті ішінде адам еркіндігін қайталап ауыздықтай бастағандығы сол ұлттық ауызбірлікке сенгендіктің арқасы болса керек.

«Үй іші ала болса, кереге басы толған пәле болады» немесе «Шайтан қабаққа қарап басады» дегендей қайсыбір елдің өз ішінде алтыбақан алауыздық пайда болып, іріткі шыға қалса сыртқы дұшпан басынып, зорекерлігін жасап, оп-оңай жаулап алатынына қазақ біздің де өткен тарихымыз куә. Қазақ мемлекеті Әз Жәнібек пен Керей ханның кемеңерлігімен, қаймана халқын топтастырған алғырлығымен дүниеге келген болса, осы орданың керегесі керіліп, іргесі бекуіне Қасым, Тәуекел, Есім сынды хандардың жанқиярлық ерлігі, халықпен біртұтастығы негізгі арқау болған еді.

Алайда сегіз алаш атанып, қанаттана түскен Қазақ Ордасынан хан Тұрсынның ант ұрғандығы кесірінен екі сан қатағанның, кешікпей қырғыз, қарақалпақ, құрамалардың бөлініп кетуі «тозған қазды топтанған қарға аладының» кебін кигізіп үш алашты ғана қалдырғанда «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келген: Түпкі төркіні бөлек, әлденеше қайта өзара жауласқан бола тұра салты ұқсастығын пайдаланып басқаға үстемдік жасау мақсатымен мәжіліс құрып мәмлеге келген Қалқа мен Жоңғар бірігіп «Моңғол, Ойрат заңын» қабылдап, шапқыншылыққа дайындалған тұста біздің қазақ хандықтарға бөлініп, бас-басына би болуының ақыры «Ақтабан-шұбырынды»-ға тап болғызған.

Кене ханға қазақтың өз ішінен бақталастар шыққандықтан Қазақтың іргелі елі тәуелсіздіктен айырылып бодандыққа тап болды. Қазақ жеріне баса-көктей еніп келіп бекеттер салып орыс басқыншыларының үркітуі, Ресей мен Қытай патшалығының 1860-1864 жылдарда астыртын ымырамен қазақ жерін бөлісіп алып шекара белгілегендігі қазақ халқын жан-жақты құлдыққа жаппай қамтып, бұл жақта қалғандар мәнжі-шүршіттің, қытайдың қол астында, бірде гоминданның фашистік қанды құрсауында, бірде коммунистік қатал тәртіптің қыспағында қала берді. Қайсысында болса да қасаң саясаттың айла-шарғысымен ұсақ әкімшіліктер мен биліктерге бөліп, шен-шекпен тағып «сүйек тастап» бәсекелестіру, біріне бірін айдап салу арқылы құл (қожайыны күшін пайдалануға, сатуға, өлтіруге де құқықты зат, қожайынына тиесілі мүлкі бар, қожайыны ұйғармаса үйленуге еріксіз, тіпті әтек болуға даяр, шағым жасаудан мақрұм) ретінде пайдалана берді, құрдымға кетіп бара жатса да санға салмады. Жаны мен арына батып титығы құрыған қазақ бұқарасының бас көтергені қынадай қырылып, тас қамақтарда шіріп жатты.

Шен-шекпенге қызығып алданбаған ерлер ғана қинала-қинала жерін қиып, елін қорлықтан құтқаруға бел байлады. 1860 жылдарға келгенде Жылқышы би, Көбеш батыр, Қожамжар төре бастап бір мың отбасымен қазіргі Моңғол жеріне келіп қоныс тепті. Олардың өз қоластынан кетуіне наразы болған Алтайдың күн бетіндегі керей билері Цин өкіметіне шағым айтып, қарулы топпен келіп, қайта көшуге қарсы келген Көбештің ұлы Асылбектің басын алып, Жылқышыдан бір мың ат, он мың қой айыппұл алып қайтып кетті.

1911 жылы Қытайда Сунятсен төңкерісі жеңіске жеткенде Моңғолия отаршылдықтан құтылып тәуелсіз ел болды. Осы елдегі билердің бір тобы Қытайдың билігінде қала бергісі келсе, Қылаң бастаған енді бір бөлігі тәуелсіз Моңғолдың қарамағына өтуге ұсыныс білдіргендіктен өзара және қырқысты. Іле-шала Жалама (Ресейдің кәсіпкер тыңшысы қалмақ Дамбийжанцан) деген жау шығып, ойраттан қол жиып қазақ қауымына ойран салғанда да атқамінерлердің бақталастығы жұрттың бірнеше бөлініп ауа көшіп, тозғындауына себепші болды. Сол ызытпен 1921 жылы қытай қарулы тобы келіп Қылаңның басын алды. Бірақ оның басын алғызғандар бақталас қандастары еді. Онымен тынған жоқ, 1921 жылы бақталастар керей билеушісі Дөрбетхан мен Мұқаны орыс ақбандыларына атқызса, кешікпей олардың кегі Әубәкір, Дөрбет, Шабан үш азаматтың қанымен қайтарылды.

Өзіне қарасты елін 1887 жылы Бөке Жырғалаңұлы бастап Шыңжаннан Шизаңға ат басын бұрды.

«Жерімнен кет деп құқайлап, қорлығы жаудың өткені,

Сол қорлыққа шыдамай Бөкенің ауып кеткені.

Бөке кеттің алысқа, шыдай алмай намысқа.

Серікке ерттің Қаманы, бір тұратын қонысқа…» – Ақыт Үлімжіұлы. Бөке қуғыншы қыруар шерікке аяусыз соққы беріп, қапысыз қырды. Өкініштісі – өзі ажалдан өлді де өзіндей серігі болмағандықтан ауып тозған елі кері қайырылды. Осыдан былайғы уақытта, әсіресе екіжүзді жауыз Шэн Шисайдың тұсында Шыңжанның ішінде, сыртына қарай үрке, ауып көшу мейлінше белең алды. Сұлтаншәріп, Елісхан, Адубай, Зайып, Құсайын, Қалибек, Қамзалар жеке-жеке руын бастап ауа көшіп, арттан қуған және жолдан тосқан жаумен алыса-жұлыса қан кешіп, ажал құшқандарды ашық та тастап, ат-көлік түгіл топ-топ сәбилерінен тірілей айырылып екі аралыққа әлденеше елдер бірнеше он жылдарды салып азғантай ғана тобы Түркияға жетіп жан шақырғаны жайындағы азапты көштер баянын Моңғолиядағы біздер 1980 жылдарда Халифа Алтай марқұмның Түркияда басылып шыққан әдеби, естелік кітаптарынан оқып жанымыздан түңілген едік.

1990 жариялы жылдардан күллі қазақтың мың өліп, мың тірілгені жайлы тарих ақтаңдақтарына кеңірек таныстық. Шыңжаннан сыртқары беталған азапты көштер туралы туындылардың ең бір ақиқат та көркем шығарылғаны жазушы, тарихшы Жәди Шәкеннің «Қаралы көш» романы. Романда отарлаушылар саясатын, бодан халықтың аянышты хал-күйі мен тағдырын сормаңдай елді бостандыққа жеткізу жолында ауыртпалықтар мен ажалдан бас тартпастан ұзақ сапар кешіп, сол арманына жетіп құрбан болған есіл ер Елісханның образы арқылы тартымды да шебер бейнеленген.

Бірнеше жылдың алдында Моңғолияның Бәйтік тауы, Тәкі жотасы мен Баркөл, Құмыл аралығына таяу иен жатқан бір сай аузында шашылып қалған қалың адамның бас сүйегі мен қаңқа сүйектерін, уық кереге, шаңырақ сынықтарын көргенім бар. Жәди романындағы Әліп үкірдай ауылының қырғындалған уақиғасын оқығанда сексен жылдың алдында қанға батқан сол бір ескі жұрттың суреті көз алдыма келді. Тірі жәндікке обал болады деп қазақ баласы құмырсқаның илеуін де табанмен таптамайды, мынадай жауыздыққа кім төзеді, елін бастап Елісханның ауа көшкенінде ешқандай кінә жоқ-ау, тек қана әттеген-айы сол тұстағы қазақ билері ауа көшкенше күрескер көсем Есімхан, Ырысхан, Оспандармен бірлесе жаумен арпалысса мүмкін ұлы жеңіске жетер еді, тым құрыса туған жерде табыты қалар еді.

Қалай ойласақ та есіл ер Елісханның елі ата жауды артқа тастап, еркіндікке жетті. Тұқымын тұздай құртуды көздеген қараниет дұшпанның мақсаты жүзеге аспады. Орны бар оңалып, ұрпақтары өніп-өсіп, алыстап кеткенімен де азаттығын алып, мәңгілік өсіп-өрлеуге жол тартқан атамекені-тарихи Отанына оралып жатыр, Аллаға шүкір! Ал өткен тарихтан сабақ алып, береке-бірлікті қастерлеу – біздің асыл мұратымыз.

Шынай Рахметұлы, Моңғолия, Баян-Өлгий
Abai.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика