Көркем әдебиет – қатыгездіктің вирусын ерітетін рухани дәрі

6 августа 2019

Қабдеш ЖұмаділовТаң әлі атпаған алакеуім шақ. Қою түннің іргесін шығыстан

тараған алтын арай түре бастады. Жазғытұры есетін ерке жел көшке қауырт дайындалған ауыл арасын аралап, алакөлеңкеде ат-көлігін сайлап жүрген ағайынды әлсін-әлі қытық­тап қояды. Қара елтіріге шашылған ақ маржандай жылт-жылт еткен көктегі сансыз жұлдыз көктемгі таң шапағына төтеп бере алмай, бір-бірлеп сөніп жа­тыр. Тек темірқазық қана түу алыс­тағы жасыл құрақты жайлауға түзу жол сілтеп, тап бүгін әдеттегіден ұзақ жар­қырап тұр. Таңмен таласа түйелерге тең артып, атқа қонған ұзын-сонар көштің алды қыр асып үлгерген. Кенет құлағының дәл түбінен: «Әй, Қабдижан, еркетайым, тұра ғой. Басыңа қазір шаңырақ құлай­ды», – деген нәзік дауыс естілді. Анасы, әйгілі Күдері бидің көркем мінезді келіні күні бойы тай мініп шапқылап, кешқұрым мұрттай ұшатын кішкентай Қабдешті оятып әлек. Шырт ұйқыға көмілген шибұт шаңырақтың басына қауіп төнді­ретінін құлағы шалғанда ғана ұшып түрегелді. Құдай-ау, мынау көш емес пе? Жайлауға көшеді мына жұрт. Төбесіне қарап еді, түңлік әлдеқашан сыпырылып, санаулы уық қалыпты. Кеше ғана күлді­реуіштен бірде күлімдеп, бірде жымың­дап қараған қалың жұлдызды санап көз ілген. Осы көшті бұл бала қаншама күннен бері армандап келді. Қаншама күннен бері бала қиялы аттарды жаратып, түйелерді қомда­ған елге елеңдеп, әлі ешкімнің табаны тимеген жайлаудың қызғалдағын елестетіп жүрді. Әнекей, сол арманын жүзеге асыратын қалың көш сауық-сайранымен, сән-салтанатымен ауасы жұпар аңқыған хан жайлауға беттеп барады.
 
Бұл – мектеп қабырғасында ақын­-дығымен танылып, кәмелеттік жасқа жетпей жатып-ақ «Жамал» атты әңгімесімен оқырманның ыстық ықыласына бөленген, екі елдің арасына алтын көпір салып, жат жерде қалып кеткен қалың қазақты атамекеніне бастап өткен әйгілі «Соңғы көш», «Тағдыр», «Таңға­жайып дүние» секілді теңдессіз роман­дардың авторы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш ЖҰМАДІЛОВТІҢ балалық шағы. Ол еліктің лағындай еркін ойнақтап өскен, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылын қатты сағынады. Бала кезіндегі бұла табиғатымен баурап алатын жасыл жайлауды әлі күнге іздейді. Таң арайлап атқанша түндіктен жұлдыз санайтын сәби көңілін жиі еске алады. Әсіресе, көш, қазақтың көркем көші, ою-өрнегімен, ат-көлігімен, мәдение­тімен, селкеуі жоқ салт-дәстүрімен сап түзеген кәдімгі көш жиі түсіне енеді.
Біз көзі тірі классиктің үйіне бас сұғып, табалдырығынан аттағанда осынау көшті елестетіп кірдік. Өйткені, көш Қабдеш Жұмаділовтің мәңгілік тұмары, айнымас серігі, алға жетелейтін темірқазығы іспет­тес. Көктемнің шуақты күнінде, халық даналығында тәуір мезгіл туатын сәуір айында дүние есігін ашып, көшпен бірге есейген Қабдешті қазір дүйім қазақ, қала берді әдебиетсүйер бүкіл әлем тегіс тани­ды. Жазушы осыдан сексен жыл бұрын өмірге келген, кіндігі кесілген ыстық өлкесін – Шәуешекті ұмытпайды. Бөтен елдің еншісіне өтіп кеткен киелі қазақтың атақонысын аңсайды. Тарыдай шашыраған қайран халық қағазбен бекітілген сызық­тың арғы жағында қалып қойып, пұшайман күйге түседі деп кім ойлаған?! Жазушының атасы, Алаштың төбе биі болған Күдері ақсақал, 15–16 жастарында отау құрған өз әкесі мен шешесі, тіпті, сонау Абай заманында жайлау сағалап, Шәуешек маңына қоныс тепкен бабалары бұлдыр дәуір орнайтынын біліп пе?! Біздің алғаш­қы сауал да сол көрікті көштің төңірегінен өрбіді.
– Көкте құс қалықтап ұшудан қалай шаршамаса, жерде қазақ көшіп-қонудан солай шаршамайды, – деді жазушы ақ қыраулы қалың шашын қысқа саусақ­тарымен бір сипап қойып. – Керек десеңіз, көш – қазақтың көрмесі. Жүктер буылып, түйеге теңеледі. Сайдың тасындай жігіт­тер ауыр теңдерді арқанмен шірене тартып, ауып кетпес үшін арбаға мықтап буып тастайды. Жау келді десе жөпел­демеде жұрт сипатып кететін жауын­гер, ширақ қазақпыз ғой. Таң атар-атпас­та көш қозғалады. Біз жылқы айдап тау асып кетеміз. Әр айда әр жерге кереге құрып, төрт түлік өрістететін қайран Көктекше, қайран Ақирек, қайран Қара­жал жайлаулары. Әбден сағындырды мені. Күні бүгінге дейін көз алдымда бәрі. Судың тұнығын ішеміз. Жан аяғы тимеген көк шалғынға үй тігеміз. Көз жауын алатын жасыл құрақ гүл жарған қызғал­дақтар­мен тіпті құлпырады.
Қаламгер жанарын айқара ашылған терезеден алмаған қалпы көсіле сөйлеп отыр. Тап қазір туған жеріне табаны тигендей тебіренеді. Түйдек-түйдек сөз, кесек-кесек теңеу, саудырай төгілген тізбек-тізбек сөйлем бізді сағымға айналған балалық шаққа, Қабдештің табаны тиген қиырдағы қазақтың атақонысына жетелей жөнелді. Жазушының бойын неліктен сағыныш кернейтінін енді түсінгендейміз. Ол қазақтың көші десе, таңды таңға ұрып әңгіме айтуға, сыр шертуге даяр. Әсіресе, осындай ерекше әсерден, ел басына туған қасіреттен, сағыныштан, атамекенге деген адал махаббаттан жазылған «Соңғы көш» романы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Бұл туындыны біз мектеп қабырғасынан сүйсіне оқып, атақонысқа бет түзеген қалың көштің бұйдасын ұстаған Естайдың ерлігіне, елжандылығына сүйсінген едік. Сөйтсек, сол Естай Қабдештің өзі екен. Жазушының бастан кешірген әр әңгімесі «Соңғы көштің» Естайымен ұштасып отырды.
«Соңғы көш» дейміз-ау, бүгінде дәл бұлай роман жазып, қалың кітап шығара­тындар өте сирек. Жасыратыны жоқ, әдебиет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жастар көсіліп жазылған көркем әдебиетті оқымайды да. Ең өкініштісі, мұның себебін түсіндіріп беретіндер аз. Біреу өмірдегі өзекті оқиғаны өрбітіп жазып, ой салатын жазушы жоқтығын алға тартса, енді бірі күнкөрістің қамын айтып, жаңа шығармаларды оқуға құлықсыз қоғамға мін тағады. Біз бүгінге дейін 70-тен астам әңгіме жазып, оқырманға 21 хикаят ұсынған жазушыдан әдебиетсіз қоғамға айналудың себебін сұрап көрдік.
– Әдебиетке талғам төмендеді. Біз оны қолдан құлдыраттық. Нәтижесінде сөздің қадірі қашты. Баяғыдай сөзді пір тұтатын, сөзге тоқтайтын, жазушыларға құрмет көрсе­тетін дәуір өтіп кеткен сияқты. Білесіздер ме, өткен ғасыр­дағы жарлылардың билігінде ұлт намысын қорғайтын, ұлт мүддесін ойлайтын бір де бір ұйым яки партия болған жоқ. Рас, елді еңбекке баулитын, бірлікке шақыратын материа­листік партия жұмыс істеп тұрды. Бірақ ол партияда ұлттың жоғын түгендейтін міндет жоқ еді. Сол міндетті Жазушылар одағы атқарды. Жазушылар одағы ресми емес ұлттық партия сияқты болды. Қоғам жазу­шы­ларды сүйеу, демеу көретін. Қорлық көрген де, тағдырдың тауқыметін тартқан да, пана сұрап келгендер де қорғаныш іздеп билікке емес, Жазушылар одағына келетін. Жазу­шылар араласса көп нәрсе жүзеге асатын. Халықтың мүддесі ешқашан аяқасты бол­майтын.
Романист әңгімені арыдан қозғады. Қабдеш Жұмаділовтің айтуынша, әдебиетсіз өмір сүрудің себебі тым тереңде жатқан сыңайлы. Ол жазушының бе­делі төмендесе, рухани дүниеге деген көзқарас құлдыраса, әлемді жауыздық, қаты­гездік билейтінін ескертті. Қаламгер егемендік енді алған сындарлы жылдарды еске алып, сол уақытта кеткен өрескел қателікті атады. Әсіресе, шетел асып келген кейбір шенеу­ніктер әдебиет пен мәдениетсіз де ел дами­тынын айтып, өзеуреп бақты. Олардың оңбай қателескен пікірін тұрмыс тапшылығына ұшыраған халық іліп әкетті де, қалың кітаптар, көркем шығармалар қараусыз қалды. Мұхит­тың арғы бетіндегі Америка халқында қалам­гер жұпыны дүңгіршекте кітабын сатып, күн көреді-міс. Оларда ары кетсе 5-6 жазушы ғана болады екен. Біздің елдегі 700 қаламгер кімге керек? Халық жазушысының ойынша, осын­дай сорақы сұрақтар қойылып, шала-шарпы дақпырттың соңы рухани құлдырауға әкеліп соғыпты.
Бүгінгінің талғамы басқа. Әдебиетке көмескі өмірді қағазға түсіретін беймәлім, тұңғиық, түсініксіз әлем сияқты қарайды бәрі. Қабдештің пікірінше, бүгінгінің қаламгері де өзгерген. Әдеби сыйлықтарды ұсыну да, оған қойылатын талап та алабөтен. Жазушы он бес жыл бойы кітапқа редакторлық еткен кәсіби көзімен үздік деп танылған шығармаларды оқыса, бір орында байыз таппай күйінеді. Әдебиет жайлы әңгімесінде жазушы ұзақ-ұзақ сөйлеп, ашынып кетті. Жүзінен шығарма­шылыққа деген жанашырлық байқалып тұрды.
– Әдеби сыйлық жазушының шабытын шалқытатын, еңбегін бағалайтын елдің ерен бағасы емес пе? Сыйлық халық берген абырой­дың нәзік өлшемі ғой. Сол әдеби сыйлықтарға ұсынылған туындыларды оқып көрсем, сюжет желісіндегі қатеден көз сүрінеді. Бас жағын оқығаннан шығарманың желісі аңда­ла­ды. Әдебиет бәйгесіне қосылған бүгінгі туындылар басын бүркеп, бөксесі көрініп жататын бозөкпе балалар сияқты. Әдеби сыйлыққа ілуде бір, кейде жылына екі жазу­шы ғана ілігуі тиіс еді. Осындай талаптың жоқтығы, сынның аздығы, сапа емес, санмен өлшенетін кітаптың көптігі әдебиеттің деңгейін төмендетіп, халықтың ықыласын жоғалтты, – дейді қаламгер.
Қабдеш Жұмаділов Жазушылар одағының қоғамдық ұйым қатарына түсіп қалғанына қынжылады. Мұндай санатқа жат ағымды насихаттайтын миссионерлер, шағын насихат, ақпарат топтары, белгілі бір саланы дамытуға арналған топтар кіреді. Ал Жазушылар одағының деңгейі халықтың ең биік өлшемі­мен, армен, ұятпен, намыспен, рухани байлық­пен таразылануы тиіс еді. Жазушы өнерге, әдебиетке жанашырлық азайғанына жаны ауырады. Оған қоса қаламақы, еңбегін бағалау, сын айту, пікір білдіру секілді әдеби үдеріс­тердің негізгі қозғаушы күші де толастаған. «Жастардың әдебиетке салқын қарайтын себебі де осы, – деді қарсы алдымда отырған классик. Аузынан төгілген сөз нық, бейнебір тегіс тақтайға жылтыр шеге қағып жатқандай мығым естіледі. – Алдыңғы буын ағалары қалтасы тесік болып жүрсе, жоқшылыққа ұрына бастаса, ізінен ерген жастар қайт­сін?»
Жазушының үйінде кітап тау болып үйіліп жатыр. Кіреберіске тізілген 
қалың кітап қораптарынан әлі сиясы кеппеген жаңа шығармалар екенін анық аңғаруға болады. Құдайым-ай, қазақ қоғамы да рухани мүгедектікке ұшырай бастаған ба? Мына кітаптың бәрі қолдан-қолға өтіп, халық таласып-тармасып оқуы тиіс еді ғой. Оқыр­ман неге жоқ? Жазушы біздің бұл ойымызды көзімізден оқып қойғандай тағы да әңгімесін жалғады.
– Міне, – деді қаламгер қабырғамен иық тіресіп тұрған жаңа жинақтарды нұсқап, – екі мың дана кітабымды өз қаражатыма шығардым. Баспа дайындап берді де, өзіме қайтарды. Несін жасырамын, енді осы кітаптарды дүкендерге өткізіп, өзім сауда­лауға мәжбүрмін. Біздің әдебиет осылай құлдырады. Шынын айтсам, 2000 жылдан бері роман жазуды тоқтаттым. Өйткені, қазір шалқайып жатып роман оқитын заман емес екен. Уақыт өте тар. Күнкөріс, тұрмыс, қызмет, ақша табу адамдарды руханияттан алыстатып жіберді. Жастар кітап оқысыншы, халық әдебиеттен қол үзіп қалмасыншы деген ниетпен шағын жанрда әңгіме жазуға көштім. Бұрынғыдай бір романға жүк болатын идеяларымды әңгіме, хикаят аясына сыйдырып беруді қолға алдым. Бір кеште, бір күнде оқып тас­тайтын жанрмен жазамын.
Жазушының әңгімесіне сүйенсек, дүкен­де кітап көп. Бірақ халықта оны саралайтын, сараптайтын өре тар. Ол өрені қалыптас­тыратын әдебиет сыншылары болмақ. Озығы мен тозығын тауып, әр шығармадан жыл құсындай жаңалықты сезе алатын қабілет екінің біріне бұйыра бермейді. Қабдеш Жұмаділов әдеби сынның жастар үшін аса қажеттігін айтады. Қарап отырсақ, қаламгер тек тәуелсіздік жылдарында екі-үш роман, он бес хикаят, елу әңгіме жазып тастапты. Алайда соларға сауатты сын, әдеби пікір я бағалау мақалалары жарық көрмепті. Бұл – тек Қабдештің басындағы емес, бүкіл қазақ қаламгерлеріне тән қасірет.
Жазушының жанын ауыртатын нәрселер бұл ғана емес. Қабдеш Жұмаділовтың дауысы бұл жолы сөйлеген сайын қатқыл шыға бастаған. Манадан бергі жұмсақ мінез енді жоқ секілді. Кейде қату көрініп, адамзатқа азаматтық мінберден үн қатады. Кейде көңіліне қаяу салатын қоғамның қаты­гездіктерін тізіп, себебіне үңіліп көреді. Енді бірде қатігездікті қаламмен жібіткісі келіп, шығармашылыққа отырады. Аршыса ар жағынан азғындық пен әділетсіздік белең алатын мына әлемде таза жүру – үлкен ерлік.
Қаламгер кенет терең күрсінді. Бәлкім, мына өмірдегі ит тіршілікке, адамдардың азғындап бара жатқанына, олардың қандай қатыгездік көрсе де жайбарақат жүре беретін бетпақ бейнесіне налығаны әлде ашынғаны шығар. Әйтеуір, ой құшағына көмілді. Мұндайда қаламгер оң қолын үстел үстіне қойып, саусағын алма-кезек көтеріп отырады екен. Арагідік қалың ақ шашын тарамдап жібереді де, ойлы көзімен терезеге ұзақ қарап қалады.
– Идеология – ұлтқа бағыт сілтейтін ту. Идеологиясыз біз ескексіз қайық сияқтымыз. Идеология – ұлттық мүдде. Ең үлкен қате­лігіміз, ашығын айтайын, бізде ұлттық идеология нашар. Біз үшін тәуелсіздіктің өзі керемет идеология. Бірақ ұлттың мүддесі кейінге қалатыны өкінішті. Осының кесірі­нен бізге батыстан жат ұғымдар, жат қылықтар кіріп жатыр. – Қаламгер сәл кідіріс жасап, қабағын түйді де әлденені шошына еске түсірді. – Өзің де естіген шығарсың. Құдай-ау, өткенде теледидардан қарап, газеттен оқысам, бір қазақтың әйелі жүйткіп бара жатқан көліктің терезесінен өзінің туған нәрестесін лақтырып жібе­ріпті. Бұған дейін ұры-қары, қатыгездік, қарттар үйі, жасанды түсік, жетімдер дегенге үрке қарап, жанымыз түршігіп келіп еді. Мынау әйелдікі ең сорақысы болды. Құдайым-ай, бұған да бейжай қарай бастап­пыз ғой.
Жазушы мұндай жан ауыртқан келеңсіз жағдайлар болашақта кө­бей­месе азаймайды деген пікірде. Себебі, халық рухани тәрбие­ден, әдебиет оқудан, көркем шығарма қарау­дан әлдеқашан қалған. Батыс­тан тараған жаһанданудың жезтыр­нағынан бізді өзіміздің төл әдебие­тіміз ғана ара­шалайды. Сорақылық атаулыдан қорғайтын жалғыз қор­ғаныш – әдебиетке құштарлық.
– Біздің елде мейірімсіздік, қатыгездік, ұрлық-қарлық, алаяқ­тық белгілері белең алып барады. Мұндайда халық қорғаныш іздейді. Ол қорғанышты адамзат әдебиет­тен ғана табады. Қоғамдағы қаты­гездіктің вирусын ерітіп жіберетін бір-ақ дәрі бар, ол – көркем әдебиет, – дейді жазушы шегелеп. – Абайды, Пушкинді, Лермонтовты, Шәкә­рімді, Мағжанды сүйіп оқыған адам қаталдыққа бармайды. Ұрлық жа­са­майды. Сорақы істерге, азғын­дыққа қадам баспайды. Біз рухани дүниеге салғырт қараймыз деп адамзат тәрбиесін төмендетіп алдық. Ашынған адамдар көбейді. Қанішерлікке оп-оңай бара беретін қылмыскерлер пайда болды.
Гуманистік оймен ізгіліктің дәнегін сепкен қаламгерді қоғамды ойсыратқан әрбір қылмыс, әрбір азғындық қатты қынжылтып жібер­гендей. Тіпті, осы көріністерді емдеуге күш салып, жаңа заманның кейіп­керлерін көркем шығармада сөйлетіп жүр. Бір әңгімесінде базар­ға бет алған қазақ әйелін тонаған жігіттер жайлы, олардың амалсыз әре­кеттерін, жан сарайын ашып көрсете білсе, енді бір хикаятында адамдарды мейірімге шақырады. Қа­лам­гер әдебиеттен қан­ша­­лықты алыс­таған сайын қоғамда қарақшылық соншалықты ұлғаятынын жа­сыр­май­ды.
Қабдеш Жұмаділовтің өзі айт­пақшы, ешкім де саусағын сорып жазушы болмайды. Көрнекті қаламгер қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сындарлы сәтте қазақ тарихына соқпақ салды. Ілияс Есенберлин бастаған бір қауым жазушылар қазақтың рухын көтеріп, көркемдік әдіспен тарихын таныта білді. Қазақтың тарихында ақтаңдақ беттер әлі де бар. Әлі де бұрма­ланған, отаршыл биліктің мүддесіне жалтақ­таған дүдәмал деректер жеткілікті. Жазушы­дан біз жас кезінен тарихи романдарға ойысуының сырын сұрадық.
– Біздің тарихқа қалам тарту себебіміз, таза деректің, шынайы дәлелдің жоқты­ғынан болған еді, – деді романист ұзақ ойдан кейін шешіле сөйлеп. – Өкініштісі, қазақтың тарихын орыс ғалымдары жазып берді. Мұның бәрі бұрмаланған дерек, ұлттық болмысымызды танытудың орнына тарыл­татын атүсті ақпар. Әсіресе, Қазақстан­ның ХVIII ғасырдағы тарихы шылғи өтірікке толы. Сол ғасырдың басты оқиғасы мен басты тұлғасы көмескіленіп, Ресей империя­сының қоластына өтуімізге назар ауда­рылған. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақ даласының жарты бөлігі шығыстағы жоңғардың табанында иленіп жатса, басты оқиға Әбілқайырдың Ресейге өтуі болушы ма еді?! Ол кезде қазақтың бар ойы жауға қарсы күрес, Алаш даласын жаудан азат ету емес пе?! Осындай олқылықтар тарихта әлі кездеседі. Қалам ұстаған қауымға сол тарихи деректерді көркем әдебиет арқылы түзеп, оқырманның оң қабылдауына жол аштық.
Қаламгер тағы да үнсіз ойға шомды. Бір мезетте басын көтерді де, 
Үндістанның үкімет басшысы Джа­ва­харлал Нерудің даналық сөзін мысалға келтірді. «Үнді көсемі: «Отар елдің тарихын отаршылдар жазып береді», – депті. Қазақ­тың тарихы да отар елдің деректеріне сүйенеді. Мәселенки, «Қазақ совет энцикло­педиясын» алып қараңызшы. Сонда Қабан­бай батырға сіріңкенің қорабындай ғана орын берілген. Ал соның жанындағы қабан деген хайуанға жарты бет анықтама жазылыпты. Осыдан-ақ қазақ тарихына ғылымның өзі қиянат жасағанын білуге болмай ма?» – дейді жазушы.
Ұлт жанашыры осындай олқылықты қайта түзеп, басы жоғары қарап қалған тарихи деректерді қалпына келтіру үшін әйгілі «Дарабоз» романын жазды. «Соңғы көш» өмірге келді. «Тағдыр» мен «Таңға­жайып дүние» туды. Жазушының айтуынша, тарихты образ тілімен сөйлетуге болады. Сол арқылы халықтың рухын оятып, шынайы ғылымға негізделген тарихты жазып шығуға жол ашылады. Отаршыл орыс билігі қарма­ғында ұстаған жылдары қазақ ғылымы ақиқатқа жақындай алмады. Бар мүмкіндік жазушыларда, қаламгерлерде ғана болды. Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтар сол мүмкіндікті молынан қолданып қалуға тырысты.
– Меніңше, қазақ тарихы енді зерттеле бастады, – дейді прозаик тарих туралы толғанысын ары қарай сабақтап. – Біздің тарих қалыптасып болған жоқ. Бетіміз енді бұрылып жатқан тың тақырыптар бар. Солардың бірі – Шыңғысхан тақырыбы. Ол туралы ақиқатты ашу керек әлі. Шыңғыс­хандай теңдессіз батырдан, Шыңғысхандай ұлы қолбасшыдан, Шыңғысхандай түрік дүниесін біріктірген ең күшті күрескерден бас тартуға бола ма? Өз бабасынан жерін­ген дәл қазақтай ұлт жоқ шығар. Отаршыл езгінің кесірінен Шыңғысханды жау, басқын­шы, ақымақ, қанішер көріп келдік. Батыс­тың идеологтары не десе, біз де тотықұс ұқсап солармен бірге сайрауды ғана білдік. Ұят! Тарихтың алдында ұят! Адамзаттың алдында ұят! Шыңғысхан қанішер, бәрін қиратушы, бәрін бүлдіруші болса, артында Алтын орда деген мемлекет қалар ма еді?! Үш ғасыр бойы бүкіл орыс елін, бүкіл шығыс Еуропаны, бүкіл Кавказды, араб пен парсы мемлекетін уысында ұстар ма еді?! Орыс­тар Алтын орда десе, былайғы жұрт Қыпшақ мемлекеті атаған. Сол қыпшақ болмаса, бүгінгі қазақ кімнің қанжығасында жүрер еді?! Қазақ халқы Шыңғысхан әуле­тіне қарыздар. Шыңғысхан – түрік. Әрине, біреу қият, біреу жалайыр деп жүр. Түк айырмашылық жоқ. Екеуі де түркі тай­пасы. Қият пен қыпшақ бұрын қатар аталатын. Баяғыда М. Әуезовтің «Қобы­ланды батыр» пьесасын көргенімізде ішінде «Қият, қып­шақ, елім бар!» деген ұран сөз кездесетін. Оның үстіне, ұлы Жошы осында жатыр. Өзі де көп ұзамай перзентінің жанына жерленуі мүмкін. Алаша хан деп атап жүргеніміз Шыңғысхан болуы кәдік. Мен соған илана­мын.
Қаламгер тарихтың көмескі тартқан тағы бір парағын ашқандай. Ұлы даланың рухы асқақтап тұрған Шыңғысхан дәуірін әлі сипаттап отыр. Прозаиктің пайымдауынша, Шыңғысхан – өз заманының заңғар тұлғасы. Тіпті, осы уақытқа дейін отаршыл теріс идеяның илеуімен бас тартып келген қазақ ұлты үшін жазушы Шыңғысханның рухынан кешірім сұрады. Екі жүз мың әскермен жан-жағына әділдік орнатып, тәртіпке келтірген ұлысты түгел түріктер құрағанын, монғол­дың саны ол кезде 20-30 мыңнан аспайтынын алға тартты. Бүгінде әзер екі миллионға жетіп отырған монғолдың сегіз ғасыр бұрын жүз мыңдап әскер шығарғаны еш қисынға кел­мей­ді. Жазушы тарих туралы ойын осылай түйіндейді.
Көркем әдебиеттен тартып, тарих тақырыбына ойысқан әңгімеміздің жүлгесі жазушылық өнермен ұш­тасты. Қабдеш Жұмаділовтің сөзінше, қаламгерлік қабілет қилы тағдыр арқылы қалыптасады. Әрине, әркім өмірбаянды қолдан жасап алмайды. Тағдырдың сыйы болады. Бұл жағынан біздің кейіпкердің көрген құқайы мен теперіші көп.
– Менің өмірім бұралаң, – дейді Қабдеш Жұмаділов. – Мен екі империяда өмір сүрген адаммын. Жиырма жасыма дейін Қытайда, Шыңжаң өлкесінде жүрдім. Жиырма жа­сым­нан кейін кеңестік биліктің қармағын көрдім. Қытайда да алып империяның босағасында өгейлік күн кешкен қазақ кеңес­тік басқару жүйесінде де құлдық санадан ары аса алмапты. Қай елде де қазақ тек қор­лауды, өгейсітуді, мазақты арқа­лады. Бай­қа­ғаным, екі елде қожайын ғана бөлек екен. Ал құлдар – қазақтар ортақ. Осы оқиға­ларды бастан кешірмесем, жүрегімнің елегінен өткізбесем, «Соңғы көш», «Тағдыр» жазылмас еді. Жазушылық – Алланың жарылқауы. Бұл өнер іштен туады. Оқыту арқылы жазушы етіп шығару өте қиын. Мысалы, бір ғана өзіміз білім алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан жылына жүздеген журналист, жүздеген тіл маман­дары даярланады. Бірақ солардың ішінен бесеуі жазушы болса, үлкен табыс. Жазу­шыға керек нәрсенің бірі – өмірбаян. Қайта­лап айтамын, саусағын сорып ешкім қалам­гер болмайды. Санаулы кітаптың басын шалып көріп, әңгіме жазып кету мүмкін емес. Сенің қаныңда, бойыңда жазушылық қасиет тулап тұрса нәтиже болады. Ас­фальт­та туған баладан, қалада есейген адамнан қаламгер шығуы қиын. Оларда салыстыру әлсіз. Таразылау төмен. Мұндай адам әлемге қаланың өлшемімен ғана қарай­ды. Ауылды елестете алмайды.
Алғашында әдебиет әлеміне ақындық өнерімен қадам басқан Қабдеш Жұмаділовті расында тағдырдың тауқыметін тартқан, өмірдің тезіне түскен, болаттай шыңдалған тұлға деуге әбден лайықты. Әуел баста «Соңғы көш» романымен жарқ етіп көзге түскен прозаик кейін оқырманды «Тағды­рымен» тәнті қылды. Осыдан ширек ғасыр бұрын осы романы үшін Мемлекеттік сый­лық алды. Дарынын мойындаған комиссия­ның 40 адамы түгел сол сыйлықты ұсынарда Қабдешке дауыс беріпті. Қытайда қуғын-сүргін көріп, тағдырдың теперішіне темірдей төзген жазушының әр шығармасында шына­йылық бар. Ол тарихқа қалам тартқанда деректерді белден басып, оқиғаларды ойдан бұрмалап жіберуге жол бермейді. Жазу­шылық өнерде адам географиямен, тарих­пен, ұлттың болмысымен, халықтың дәстү­рімен санасуы тиіс. Қытайдағы қазақ көшін атаме­кенге бастаған қайраткердің сөзіне сүйенсек, жазушылық жолға адамды Алла­ның өзі салады. Өмірдің өзі өткелден өт­кізеді.
– Мұхтар Әуезов «Алаш» партиясына араласпаса, Абай ауылында тумаса, Алматы түрмесінде ұлтшылдығы себепті төрт жыл жатпаса заңғар жазушы болмас еді ғой. Ақырында Ахмет Байтұрсыновтың: «Сен жас­сың. Біз осы бетімізбен кеттік. Бізді бұлар кешірмейді. Болашақта әдебиет пен өнерге сен керексің. Мына мемлекеттің талабын мойындай сал», – деп айтқан кеңесіне құлақ асып, кеңестік платформаға мойынсұнды. Осыны айтқан Ахаң қандай данышпан, оны орындаған Мұхтар қандай кемеңгер десе­ңізші. Бұлай болмаса, «Абай жолы» жазыл­мас еді. Ал «Абай жолынсыз» қазақ әдебиеті шарықтау шыңына көтеріл­мейтіні анық болатын. Мен мектеп қабыр­ғасында үздік оқумен көзге түсіп, Шыңжаң­нан Алматының ҚазҰУ-ына жолдама алдым. Екі жыл осы Мұхтар Әуезовтен дәріс алдым. Қытайдан келгенімді естіп, жеке шақырып алып сөй­лесті. Арғы беттегі қалың қазақтың тұрмы­сын, жағдайын, әдебиетін, өнерін сұрады. Осындай өзгеріс­тер, өмірімдегі игі ықпалдар менің жазу­шылық жолға түсуіме, әдебиетке келуіме әсер етті.
Қабдеш Жұмаділов екі елдің арасына салқындық түсіп, бір-біріне қырғи-қабақ мінез танытқанда амалсыз Қытайға қайтуға тура келеді. Онда да әдебиетке құштар баланы бір айлық курсқа қатысып, ел жаңалықтарын біліп қайтуға туған жеріне жібереді. Бұл өтірік шақырту еді. Қытайға өтісімен Қабдеш қудалауға ілігеді. Мао мен Хрущевтің арасындағы салқындық жазу­шы­ның өмірін де күл-талқан етеді. Санасы ұлтшылдықпен уланған студентті ауыр еңбекпен түзеуге аттандырады. Қытай халқында бағзыдан адам баласы ауыр жұмысқа жегіліп, жаны қиналса, іштегі пікірін, ұлттық көзқарасын өзгертіп, мемле­кеттік мүдде жолына түсе бастайды-мыс деген айнымас қағида бар. Қабдеш ұлтшыл­дармен күрес науқанына дөп келіп, жат жерде қара жұмысқа жегіледі.
– Қытай мемлекетінде еңбек адамның идеясын өзгертеді деген қате түсінік бар. Адамның өзгеруі оңай емес қой. Олар мені бірден көмір шахтасына апарып салды. Барған жерім қарағандылық шахта болса арман не? Мен ортағасырлық әдіспен қазылатын көне ұңғымаға түстім. Ешқандай қауіпсіздік ережесі жоқ, кәдімгі тереңдігі 30 метрлік ұңғымаға белге арқан байлап кіріп кетеміз. Түбіне түсе бере қапас ауа баста­лады. Қара шаңнан екі көзіміз ғана жыл­тырап көрінеді. Жер астында жан-жаққа қарай сан тарау тар жолдар бар. Сол дәлізде қою шаңның арасында көмір жүлгесін тауып аламыз да қазуға кірісеміз.
Қарсы алдымда отырған қаламгер қара жұ­мыспен әбден шыңдалыпты. Біздің әдетте қағаз бен қалам ұстаған жандарды ақ саусақ, тұрмыстық еңбекке ебі жоқ деп қабыл­дайтынымыз жасырын емес. Одан қалса, оқырманға ақыл айтатындарды байқасақ, қағаз бетіндегі данышпандығына жөн-жосықсыз налып жатамыз. Жоқ, Қаб­деш Жұмаділов ақ саусақ емес екен. Ол тек кітап жүзіндегі жазушы болудан аулақ. Ізінше, қытай билігі қара көмірге көмілген қаламгер жігітті құрыш құю науқанына салды. Алыс­тағы Англияны қуып жетеміз деген бос кеуденің ұранымен қу медиен далаға қаз-қатар кісі бойындай пештер тұрғызылып, құрамында кен бар тастар ыстық жалынға қыздырылды. ҚазҰУ-дың студенті мыңдаған пештің түбіне көмір мен тау тастарын тасып, қойыртпақ кен дайын­дады.
Қудалау мұнымен бітсеші. Күдік пен күмәнға іліккен Қабдешті қара жұмыспен қалыпқа салған билік енді өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге рұқсат береді. Онда да тек кәсіби тұрғыда ғана еңбегін пайда­ланды. Аты-жөнін еш жерге жариялатпады. Ақын әрі прозаик студентті Қытайдағы қазақтар төбесіне көтерді. Екі жыл Алматы көріп келген баладан атамекен туралы сұрай­тындар көбейді. Сөйтіп, Қабдеш сонау Шың­жаңнан Шәуешек қаласына қызметін ауыс­тырады. Мұндағы мақсаты тіпті басқа еді.
– Мен Қытай билігінің өз идеяларын өздеріне қуырып беріп: «Шыңжаңда жұмыс істеу маған өте ауыр. Бұл – үлкен жер әрі ірі орталық. Сондықтан, мен еңбегімді төмен­нен, шалғайдағы ауылдардан баста­ғым келеді», – деп арыз жаздым да, Шәуе­шекке келіп алдым. Мұндағы мақсатым – атаме­кенге жақын жүру. Шәуешек менің туған жерім, сонымен бірге Қазақстаннан 20 шақырым жерде орналасқан. Қанша ауыр жұмысқа жегіліп, жаным қиналса да, төс қалтамда тұратын ҚазҰУ-дың студенттік билеті мен сынақ кітапшасын сыртынан сипап қойып жүретінмін. Тіпті, жоғалмас үшін қалтамның аузын бастыра тігіп таста­ғанмын. Шәуешектегі ойым – кез келген уақытта шекара асып, Қазақстанға өтіп кету. Алматыдағы оқуымды жалғастыру. Аттана­тын ат та дайындап қойғанмын.
Жоқ, жазушы бұл райынан аяқасты қайтады. Өзінің осы қадамын қарақан басының амандығын ойлаған тоғышарлыққа теңеп, соңынан ерген қалың қазағының қамын жасауға бел буады. Ол уақытта жат жердегі қандастарды аштық жайлаған. Ортақ қазаннан тамақ­танған ел шала-шарпы шалап ішіп, ілдалдап күн көреді. Дереу Қабдештің басына атаме­кенге бүкіл қазақты алып өту идеясы келеді. Бұл, бәлкім, соңғы көш болмақ. Ұшарға қанаты жоқ қалың ел Қабдеш бастаған жастардың жалынды сөзіне еріп, атамекенге деген сағынышын уақыт өткен сайын ұлғайта береді. Ақыры елін сүйген қаламгер ата­жұртқа аттанатын күнді белгілейді. Қызыл­дар империясының кіндігі Мәскеуге, кеңес билігінің басшысына қытай жерінде қалып кеткен қазақтардың атынан хат жолдайды. Елдің қуанышы еселеніп, әлгі хатқа сүйінші жауап та келеді.
– Сол жылы көктем тым ерте шықты. Сә­уір айынан бастап қазақ көшінің алды қоз­ғалды. Бұл жолғы көш қазақтың сән-салтанатын танытатын, ұлттық нақы­шын паш ететін көрме емес еді. Анығында, біз Қытай империясының илеуінен одақтас отаршыл биліктің қанды қармағына қайта өттік. Ең бастысы, атамекеніміз, кең-бай­тақ Қазақстан жанымызға медеу, дәтке қуат, көңілге тіреу болды. Тарба­ғатай маңындағы бес әскери шеп атаме­кенге асық­қан ағайынға оқ жаудырмай, құшақ жая қарсы алды. Екі алып импе­рияның ор­тасынан екі-ақ шақырым жер қазақтар үшін ашылды. Қазақ көші күні-түні ағылды. Малын, дүние-мүлкін мемле­кеттің ортақ қаза­нына әлдеқашан салып қойған ағайында еш нәрсе жоқ болатын. Отбасын, ұрпағын арқалаған жандар екі шақырымдық ашық жерден атажұртқа аяқ басты. Айнал­дырған жиырма күннің ішінде 200 мың қазақ өтіп үлгерді, – дейді қаламгер асқақ дауыс­пен.
Қазақтың соңғы көшін бастап, қалың елдің бұйдасын ұстап өткен жазушы әңгімесін аяқтаған. Халқының жақсылыққа жасаған әр қадамына балаша қуанып, әр қайғысына шын жүрегімен мұңайып отыратын қалам иесі тағы да терең ойдың тұңғиығына батып кетіпті. Жазушының қилы жолы расында ауыр. Ол – ең әуелі елдің жүгін арқалаған атпал азамат, содан кейін ғана қарымды қаламгер. Сәуірде сексен деген мерейлі жасты алқымдайтын қарт жазушы өзінің азаматтық қызметінің биік шыңына осы көшті, қазақтың атамекенін аңсап жеткен соңғы көшін қояды. Ұлт алдындағы борышы атақонысқа аяқ басудың ұраншысы болып, тарихи көшті көрікті Қазақстанға бұрумен түбегейлі өтеліп тұрғандай. Тіпті, өмірінің соңғы тынысында да сол соңғы көшті есіне алып барып көз жұмбақшы. Классиктің жүрегі осылай үн қатты. Шаңыраққа шаншылған қалың уықтың арасынан аспанға көз тігетін қара бала бүгінде көшті сағынады. Қарасақ, жазушының жанарына жас толыпты.

Қуаныш ТҰНҒАТАР
Дереккөз: zhetysu-gazeti.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика