Қонажайлық тек үйдің шеңберімен шектелмейді

7 марта 2018

«Шақырылмаған қонақ келмейді», «Асықпаған арбамен, асыққандар таксимен бара берсін» сынды өзгеріске ұшыраған  заманауи мақалдарға көзіңіз түскен шығар. Солардың қатарына «Қалаға қонақ келсе, таксистер баиды» дегенді де қосуға болатын сияқты. 2017 жылдың маусымында «Венгрия азаматын әуежайдан  қонақүйге жеткізген таксист бұл қызметін қырық мыңға бағалаған» деген кеңінен таралған жаңалық  әлі есімізден шыға қоймады.  Әуежай мен вокзалдан қаланың кез келген нүктесіне барудың әдеттегі сапардан әлдеқайда қымбатқа түсуінің сыры неде екен? Қонақжайлықтан жұрдай жүргізушілердің қалтасына қонақ неге жайлы ?

Осыны зерттеу мақсатында бірнеше маршрут құрып, көлік тоқтатып көрдік. Нәтиже таң қалдырды. Қосшы ауылынан Азиа парк сауда орталығына  дейінгі жолға қаланы білетін адам 120-150 теңге төлейді. Ал тоқтаған жүргізушіге «Азиа парк қай жақта? Алыста ма? Әдетте қанша алушы едіңіздер? Қаланы білмеймін» десең, ол баға он есе өсіп кетеді екен.  Жүргізушілердің 1000, 1200, 1300 теңге дегендерін естігенде, есеңгіреп, тіпті не айтарыңды білмей қалады екенсің. «Қымбат екен, иә» деген жауабымыз жүргізушілердің басым көпшілігін ыңғайсыз жағдайға салғаны рас. Тоғыз жүргізушінің жетеуі бағаны 900-600 теңгеге дейін түсірсе, қалған екеуі «Астанада бәрі қымбат», «Азиа парк алыс қой» деп кете барды. Сөйтіп қалаған жерге бар жоғы 120 теңгеге жеттік. Бірде Астанаға алғаш келгендегі ақымақтығым дейін бе, таксистің алаяқтығы дейін бе, әйтеуір бір жағдай есіме оралды. Оқуға енді түскен кезім. Азиа парктің алдында тұрған маған тез арада Хан шатыр сауда орталығына жету керек болды. Көлік тоқтаттым, қанша деген сұрағына қаланы білмейтін едім дегенім «ақымақпын» деп естілді ме, әйтеуір бес минуттық жерге 500 теңгеге жеткізген. «Осындай жақын жер ме? Неге айтпадыңыз, жаяу бара салар едім ғой» десем, «Айналайын, айналып бардық қой, баға осы» деп ашуланып қояды… Дәл сол маршрутты қайталап, жүргізушілерді тағы бір сынап көргім келді. Бұл жолғы нәтиже қуантпай қоймады. Тоқтаған 6 жүргізушінің бесеуі Хан шатырдың өте жақын екенін білдірсе, біреуі 100 теңгеге жеткізуді ұсынды. Сынағымды әрі қарай жалғастырсам, «Жол жабық, айналып бару керектер» кездесер ме еді, кім біледі?

Бәріне бірдей топырақ шашпаймыз, бірақ «пайда ойлап, ар ойламайтындардың» барын жоққа шығаруға болмайды. Қонажайлық тек үйдің шеңберімен шектелмейтінін жадымызда ұстап жүрген жөн сияқты, құрметті көлік иелері.

Назерке Семей


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика