«Қонаевқа не істегенін білесіздер ме?..». Желтоқсан оқиғасына қатысушы көзімен көргенін айтты

16 апреля 2019

Желтоқсан оқиғасына қатысып, қанды алаңда болған сол кездегі студент желіде өз көргенін баяндап, жазба жариялады.

Мені өлді деп ойлапты…

«1986 жыл, физфак КазГУ, 21-де ғанамын. Біз 18 минут ішінде Орталық компартияның бірінші хатшысын алып тастап, оның орнына Қазақстан жерін ешқашан аяғы баспаған адамның келгеніне сене алмадық.

17-желтоқсанда жатақханадағы жігіттер дастарқан жайдық, курстасым палау пісірді. Осы кезде сырттан айқай-шу естілді. Соңы көрінбейтін құжынаған адам. Дастарқанды тастай сала, солай қарай жүгірдік. Көптің арасына қойып кеттік.

Алаңға да жетіп алыппыз, біз: «Қонаев қайда, келсін, жағдайды түсіндірсін» — деп тұрып алдық.

Ол кісі қалың жұрт алдына шығып, жағдайды түсіндіреді деп ойладық. Бірақ оның орнына сахнаға прокурор мен құқық құрылымы, ресми билік өкілдері шығып, біздің тарауымызды талап етті. Ал кешке демонстранттарды күштеп таратуға бұйрық берілді.

Бұйрықтың аты бұйрық. Ұл ма, қыз ба, жалпы адам ба?.. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бәрі жаппай таяқтың астында қалды.

Резеңке тоқпақтан мен де аямай таяқ жедім, жан ұшыра қашып, жатақханадағы бөлмеме келдім. Барлығы суып қалған тамақтан алып жатыр екен. Мені көріп қуанып кетті. Қыздар мені өлді деп ойлапты. Өйткені мен ең соңғысы боп жеттіппін. Келесі күні тағы да алаңға шықтық.

Үш күн шыдау керек дедік.
Түс секілді. Аса бір қатты қорқыныш та жоқ. Арамызда біреуден естіп қалдым: Алаңда үш күн тұрсақ болды, мұндай наразылық акциясына Біріккен Ұлттар Ұйымы, халықаралық қауымдастық назар аударады екен.

Ол сәтті қалай ұмытасың? Тіз қатар келе жатырмыз, ДНДшниктер — ерікті халық сақшылары алаңға жетпей көше-көше бойында тізіліп тұр. Ол кезде орыстарды шошытып қойды ғой.

Көшеде басбұзарлар қаптап жүр, балабақшаларды талқандап, орыстарды сабап, өлтіріп жатыр делінді. Әрине, өтірік қой.

Бірақ солай сыбыс таратты. Әлгі еріктілердің қолында арматура мен тас болды. Оны көргенде, әрине, қорықтым. Көзіне қарасам, олар да әрең тұр. Бойларында үрей бар. Бір уақытта бір еркек: «Балалар ол жаққа кіре алмайсыңдар, үйлеріңе қайтыңдар» — деді. Бірақ біз тыңдамадық. Алға жылжи бердік. Алаңға жақындағанда автобустарды көрдік. Ұстағандарды сол автобусқа тығып жатыр екен. Қалың қол бытыраңқы. Әр бүйірден келіп ұстап әкетіп жатыр. Біз де қаштық. Көбін ұстап алды.

Содан соң бүкіл студентті бір-бірлеп прокуратураға шақыра бастады. Сұрақ-жауапқа. Неге екенін білмеймін, біздің топтан мені көпке дейін шақырмай қойды. Өз-өзімнен қуыстанып, сатқын секілді сезіндім өзімді. Ақыры дәріс өтіп жатқанда кәстөм-шалбар киген екеу кіріп келді. Декан ашуланып, наразылығын білдіргендей болды. Олар кешірім сұрап, бұл соңғы рет екенін ескертті. Шыдамадым, қолымды көтеріп, мұғалімнен сыртқа шығуға сұрандым.

Ал біздің физфакта, ол кезде физика ағылшынша жүретін, менің жерлесім Құрманғазы Рахметов те оқитын. Біз оны қатты сыйлаймыз. Қазір де құрметтейміз. Өйткені ол достарын сатып кетпеді, бәрін өз мойнына алып 7 жылға сотталды. Атышулы іс қозғалды. Үлкен сот болды. Менен де сұрақ-жауап алынды:

— Алаңда болдың ба, қай жердің тумасысың?
— Семейденмін.
— Онда Рахметовті танисың ғой? Демек, осының бәрін ұйымдастырып жүрген сендер екенсіңдер ғой» — деп олар маған шап берді.

Сұрақ-жауаптан шыққан соң жатақханада тұратын жігіттер мені қаумалап алды: «Неге алаңда болдым дедің, ертең болмадым деп айт, қорқып кеттім деп айта сал» — деп кеңес берді.

Оқудан шығарып, тентіретіп жіберді
Келесі күні мені басқа кабинетке шақырып алды. Шені жоғарылау мені көріп:

— Мынаны неге алып келдіңдер? Сен алаңда болып па ең?
— Жоқ…
— Жұмыстарың аз ба еді сендердің, жіберіңдер оны, — деді.

Дәлізде келе жатып, Құрманғазыны көріп қалдым. Қасында еңгезердей бір кісі бар. Жанына барып, амандастым. Сол кезде мені ертіп келе жатқан: «Жерлесім дейсің бе? Алаңда болған жоқпын де. Қазір, осы арада тұра тұр, сенің суретіңді іздеп көрейік» деді. Құрманғазы жалма-жан: «Қаш, бар деймін саған, сенің суретің барлық жерде толып жүр» — деді асыға. Мен тұра жүгірдім…

Көппен бірге оқудан шығарып жіберді, 1987 жылдың 1-наурызына дейін қаладан кетуімізді талап етті.

Көп жыл құрылыста жұмыс істедім. Армандар сағым боп осылай қала берді. Ол кезде ауыл баласына КазГУ-ға, онда да физматқа оқуға түсу деген қиян-қияметтің бірі еді. Мен мектепте жақсы оқыдым. Өз бетіммен оқуға түстім, ғылыммен айналыссам деп армандадым. Бірақ осының бәрі бір күнде күл-талқан болды…

Қазір балаларым бар. Кәсіпкермін. Қатты өкінішім жоқ. 1986 жылдың адасқан тағдырларымыз ғой, ақыры тәуелсіздік алдық, бұл осы оқиғаның нүктесі еді. Біздің қойғымыз келген нүкте. Сондықтан мен жеңілген жоқпын, біз жеңдік!..

Жүрсін Тастекеев, 50 жас
(Бұл жазба Жүрсін Тастекеевтің Facebook-тегі парақшасынан алынып, аударылды)


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика