Көкірегі көмбе тау тұлға

16 января 2017

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы» кітапхананың 40 жылдық мерейтойы аясында тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті, оның ішінде Жайық Бектұров шығармаларын насихаттау, халық арасынан талантты, талапты жастарды іздеу мақсатында 2016 жылдың 10 қарашасында «Көкірегі көмбе тау тұлға» атты Жайық Бектұров оқуларында І орын алған эссе

Жайық БектұровҚарашаның күңгірт күзі. Шағын келген бөлмемнің оң жақ бұрыш жағында көз жасыма малынып отырмын. Құшағыма қапсыра қысқаным — «Жайық Бектұров шығармалары» деп аталатын кітап. Үнемі жайдарлы жүретін қызды жылатқан не күй дейсіз ғой?! Онда әрі қарай оқи беріңіз…
«Өкініш пе? Өтініш пе?» деген шығармада жетім баланың жетім тағдыры бейнеленген екен… «Ұя басқан құсты аңшы – мерген атып, не тұзақ құрып ата – анасын алғанда, ұядағы жұмыртқа сарыуызданып, кезек күтіп жатады. Оларды қанатының астына алып ұшыратын ата – ана болмаған соң, балапан қанаттанбайды, ұша алмайды. Тек жорғалап жүріп өліп қалады. Құс балапанын аспанға тұмсықтарымен тістеп көтеріп әкетіп, төмен қарай ұшырып жіберіп, қанаттандырады. Әке-шешесіз әркімнің аузына қарап өскен…» дей келіп, әрі қарай қорғансыздың күйін көк сиямен ақ қағазға түсіре беріпті. Көк сия деймін – ау… Сол көк сияны билетіп отырған бір жүрек бар емес пе? Жетім жүрегін түсіне білген ол кім? Ол — Жайық Бектұров!
Осыдан бір ай бұрын ұстазымнан «Жайық Бектұров – көкірегі көмбе тау тұлға» деген тақырыпқа эссе жазуға ұсыныс түсті. Шындығын айқындасам, туған өлкемдегі сол кісінің атын иемденген кітапхананың барын білген болсам да, дәл сол кісіні танып – білген мен емес едім. Ұстазыма келісімімді бере сала, кітапханаға қарай жол тарттым. Біраз асыл сандық — кітаптарды жиып әкелдім де, қолыма түскен алғаш кітаптың бетін парақтадым. «Осы өзіме Жайық дейтін атым ұнайды…» — деуші еді ақсақал кей мақаласы «Ж. Бектұров» болып жарияланып кеткенде» — деп басталған екен. Осыған дейін мүлдем ойланып көрмеген «Жайық» деген атқа зор мән бердім, әрі «Ж. Бектұров» деп жазылатын жерлерге өкінішпен қарауды шығарып алдым. Содан барып өзге шығармаларын да қопара келе, аталмыш «Өкініш пе? Өтініш пе?» деп аталатын шығарманы оқи бастадым. Оқи түсіп құнықтым. Құныққан сайын оқи түстім. Өзгеше күй бар болмысымды баурап алды. Енді бірде өксік бойымды кернеді. Жазушының жазған шығармасында болмашы болса да, өз өмірінің ақиқаты көрініс табатыны шын болар, сірә?.. Жайық ақсақалдың да жетімдік дәмін ерте тартқанын білетінім бартын. Қаламгер ішіндегі әке-шешенің жоқтықтығының өкінішін, «Қайта айналып келсе екен…» деген өтінішін оқырмандарына осындай жолдармен жеткізгендей сезім қалдырды. «Балапан басқан құсты аңшы – мергендер атып, балапаны анасыз қалғанда, балапан сарыуызға айналып, кезек күтіп тұрады» деген жолдар менің де өткенімнің өкінішін есіме оралтты. Бала кезімде осындай күңіренген күңгірт күз уақытында ауыл балаларымен ойнап жүріп, құстардың ұясындағы жұмытқаларын алып, кейде тіпті жарып кететін едік… Жарылған жұмытқаны көргенде, Ана — құс қандай күйде болды екен?-деген ойыма ешқашан оралмаған сұрақтар келді. Өмір – ай… Сол істегеніме деген өкінішім мен «Өткенге оралып, қателігімді түзейінші» деген өтініш көкірегімді тесіп бара жатқанын көрмеймісің?! Бұл да болса, жазушының шеберлігі болар. Көркем шығармасымен балғын жүрегімді баурап алған осы кісімен әрі қарай таныса түсуді жүрегім қалап тұрды…
Деректерге көз салып, мен жазушы деп таныған Жайық Бектұровты басқа қырынан тани түстім. Публицист атамыздың өзінің ауқымды да бейнелі сөздерімен Орталық Қазақстанның көптеген фактілері мен тарихи оқиғаларын көпшіліктің жадында қалдырғанын, республиканың әдеби ортасында кеншілер өлкесінің қалыптасуы мен дамуының, оның орталығы – Қарағандының шежіресін жазған шежіреші ретінде, өзінің шығармашылық және ұйымдастырушылық таланты арқылы облыс пен республиканың мәдени өміріне үлкен үлес қосқандығын, ол — ол ма, Қарағанды және Қарағанды облысының энциклопедиясын жасаушылардың бірі болғандығын білдім.
Жайық Бектұровтың Алаштың азаматтарын елімен қайта қауыштырғанын білгенде, жетім тағдырын оқып егілген жүрегім, одан әрі езіле түсті. Ұстаздарымның аузынан күнде естіп жүретін елім деп еңіреп өткен Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаевтар бейнесіне шаң түсірмей, естелігімен, ізденісімен қазіргі, келешектегі ұрпаққа ұлы бейнелерін анық қалдыру жолындағы үлкен еңбектерінің өзі бір төбе емес пе қазақ үшін?!
Жайық атамызды зерттеуші ретінде құрметтеп, бас июіме оның қазақтың болашақ жастары үшін жинақтап кеткен мол мұрасы себеп болды. Қазақ халқының ардақты азаматтары Ш.Уәлиханов, С. Сейфуллин, Н. Нұрмақов сынды тау тұлғаларымызды ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ескерткіш тақта орнатуы, Шоқан мен әкесі Шыңғыс, Сәкен, Ыбырай мен Потанин, Бұқар жырау бабамыз, Мәшһүр Жүсіп, Қажымұқан, Ақан сері сынды тұлғаларымыз туралы тың тарихи деректерді жинастырып, мағлұматтарды тірнектеп жүріп жинаған еңбегі арқылы ол өз есімін ұрпақ жүрегінде мәңгі өлмеске қалдырды. Сол кездегі солақай саясаттың салдарынан шындықтың шыңыраудан шыға алмайтынын білген Атамыз бар жазбаларын өзінің жеке архивінде ширек ғасырдан астам уақыт сақтап, есінде қалғанын, көңілінде жатталғанын қағазға түсіріп, көкірегі ояу ізбасарларына табыстаудан еш жалықпапты.
«… ауыр зардапты асқындырмақ түгіл, оның үрейлі атын да естен шығаруға жетсек, бар өміріміздің күні-түні шамшырақтай жарқырап тұруын көксеп, осы ізгі мақсатқа жетуге талпынсақ, бұл аз арман-тілек болмас еді. Осы мақсаттағы шежіреміз осы ізгі ниетке септігін тигізсе, көңілдағының тез жазылуына шипа болар еді”, — деп ағынан жарылған екен «Таңба» романының алғы сөзінде Жайық атамыз. Атамыз аңсаған шамшырақтай жарқыраған күніміз туды. Атамыздың еткен еңбегі ақталды. Қазақ халқы үшін баға жетпес алтын байлық әдебиетіміз бен тарихымыздағы тау тұлғаларымыздың өмірін зерттеп, ұрпаққа мұра етуді мақсат еткен Жайық есімі менің балғын жүрегімнің төрінен орын алды. Оның елі үшін еткен еңбегін өзіме үлгі қылып алдым. Теңіздің талай дүлей дауылына төтеп берген “Жайық мінген қайықтың” ескегі — мен сияқты жас ұрпақтың қолында. Ал ол ескектің есуін тоқтатпау – менің азаматтық борышым.

Каменова Жансая,
«Болашақ» колледжінің ІІІ курс студенті.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика