Қойылым жайлы қос пікір

27 мая 2018

ҚОЙЫЛЫМ ЖАЙЛЫ ҚОСЫ ПІКІРТеатр – рухани азық алатын, қа­ланың шаршатып жіберген қоз­ғалысын, проблемалық мәселе­лерді бірнеше сағатқа ұмыттырып, өнердің құдіретінен ләззат алып сергіп қалатын рухани орда. Өз басым, аптасына бір рет театрға барып, спектакль тамашалағанды қатты ұнатамын. Әртістердің тал­антына қайран қалып, актерлік шеберліктеріне тәнті болып, іштей риза болып отырамын.
Содан болар, өткен аптада «Ашы­на. Балкон. Өлік» атты спек­так­лінің премьерасын көруге қатты асықтым. Пьеса барысындағы оқи­ға Лондондағы қонақ үйдің № 13 бөлмесінде өрбиді. Уақыт пен орын, оқиға сынды үш бірлік заң­дылығын сақтаған қойылым желісі төмендегідей.
Премьер-министрдің оң қо­лы парламенттегі пікірталасқа бару­дың орнына ашынасы – хатшы қызбен кездеседі. Ел ағасы деп танылып жүрген азамат № 13 бөл­мені жалдайды. Ашынасымен бөлмедегі балконның тұсында өлік­ті тауып алады. Оқиғаның бұ­лайша күрт өзгеретінін ойла­маса керек, осы тұрғыда сюжет дами түседі. Рэй Кунидің бұл туындысының түп атауы «Бас­сыздық» («Out of order») деп ата­лады. Аудармашы Қ.Төлеушін «Ашына. Балкон. Өлік» деп аудар­ған екен. Бір айта кететіні, қа­рымды жазушы Кунидың бұл тырнақалды туындысы 1991 жылы үздік ағыл­шын ко­ме­диясы сыйлығымен мара­пат­талған кө­рінеді. Араға 20 жыл са­лып, пьеса қазақша сөйлеп, Сә­кен атындағы драматеатрда сахна­лан­ды.
Шынымды айтсам, сол спек­такль­ден шығып, не күлерімді, не жыларымды білмедім. Рухани ләззат алып, демалып, сергіп қайтам деп ойлағанымды қайтейін! Масқара, ұят көріністерді тама­шалап, мезі болып қайттым. Тіпті кей көрермен ұялғанынан кірер тесік таппай қалды. Тым артық, анайы көріністерді көрсетті. Кө­рермен арасында кәмелеттік жас­қа толмаған, өрімдей жас ба­лалар, оқушылар да болды. Ха­барландыру ілгенде де «тек кәмелет жасқа толған көрермендер үшін» деп жазса, ешқандай кері пікір білдірмес едік. Бұл кімнен кеткен қателік? Біздің өзімізге тұрпайы, сондай тәрбиесіз, анайы көріністер психологиялық соққы берді. Ал көрермен арасындағы оқушы балалардың санасында не қалды?! Жастар – біздің бола­шағымыз дейміз. Өскелең ұрпақ сондай көріністерден кейін қандай пікірде қалды? С.Сейфуллин атын­дағы қазақ драма театры осындай масқара спектакльді не үшін сахналады?
Шыны керек, премьераның негізгі көрермені– жастар қауымы болды. Сондықтан, спектакльден соң жастардың пікірі екіге бөлініп, қызу таласқа ұласты. Осы орайда екі жақтың да пікірін тыңдап, пре­мьераға қатысты ойларын білген едік.
«Ұлттық руханияттың қара шаңырағы деп үміт артып жүрген театрымыз тәлім мен тағылымның ошағы болудан қалып бара жат­қандай…» деп бастады сөзін Е.Бө­кетов атындағы ҚарМУ-дың студенті Ербол Сармурзин. Ол өз ойын былайша тарқатты:
«Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен Р.Ку­нидің «Ашына. Балкон. Өлік» ат­ты спектаклінің премьерасында бол­дым. Бұл қойылымның маған әуел­де-ақ аты ұнамап еді. Көрдік. Қо­йылымның идеясында, актерлердің шеберліктерінде ешқандай мін жоқ. Айтар ойы зор пьеса, актерлер әде­тінше өз образдарын тамаша сомдап шықты. Қазақ театрының әлемдік дең­гейдегі пьесаны қоюлары қуан­тады. Жалпы, біздің театрдың репертуарында жастардың түсінігіне жақын, жаңа заманның спектакльдері өте көп. Бұл, әрине көп көңіліне медеу. Атап айтар болсам, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуі» – жастардың ең таңдаулы спек­таклі. Бірақ, қазақ актерлерінің жылтыраған сандарын, ішкиімдерін көрсетуі біздің ділімізге жат дүние. Театрдың эстетикалық, тәрбиелік мұ­раты қайда қалады? Қаланың күйкі тірлігінің күйбеңінен шаршап, бірер сағат демалу, рухани баю мақсатында баратын бірден бір орын – театр. Одан енді теледидардан күнде берілетін анайылықты көруіміз мені қатты қынжылтады. Көрермен залында бе­сіктен белі шықпаған бала да, ақ жаулықты әжелеріміз де отырды. Жас талғап жатқан театр жоқ. Сахнадағы тұрпайы көрініс берілгенде жанымда отырған ақсақалдан ұялып, кірерге тесік таппадым. Бәлкім мұны кә­сіби мамандар модерн үлгісіндегі қойылым, жаңашылдыққа бейімділік, еуропалық деңгейге көтерілу дер. Бірақ жаңашылдыққа бейімделеміз деп, ұлттық менталитетімізді аяқ асты етіп, кері кетпесек игі. Базбіреулердің айтуынша, бұл спектакль Еуропаның, Американың, Ресейдің үлкен театр­ларында қойылып, әлемдік театр сын­шыларының тарапынан оң баға алған «шедевр» де шығар. Жақсы, солай-ақ болсын. Қалай болғанда да, денесін, ішкиімін көрсетпек түгілі, шашын да өзге жұртқа көрсетуге жасқанған қазақ қыздарының ойнайтын рөлі емес! Оның үстіне біздің көрермен мұндай қойылым тамашалауға дайын да емес. Ақ сандарын жалтыратып қыз­дар шыққанда залдағы жастардың шулап, күлуі біздің көрермен өресінің мұны қабылдай алмайтындығын аңғартты. Жастар мұндай қойылымды жабайы таныммен қабылдайды. Автор идеясын беруде басқа жолдарды қа­растыру керек секілді. Мәселен, қойы­лымның идеясын жеткізуде ак­тер­лердің жартылай жалаңаш бо­лулары қажет емес сыңайлы. Егер мұн­дай пьесалар әлі де қойылатын болса, театр көрерменінен қол үзіп қа­латындай. Премьера басталғанда залда ине шаншар жер болмай, кө­рермен партерге, балконға, қосымша қойылған орындықтарға сыймай, тұрып-ақ тамашалаған еді. Бірінші актіден кейінгі антракт арасында көпшілігі киімдерін алып, кетіп қалып жатуы – соның айқын дәлелі. Біздің болмысымыз бен тәрбиемізге, діліміз бен дінімізге жақын небір тамаша ұлттық, әлемдік туындылар жетерлік. Соларды неге қоймасқа? Бізге арзанқол қойылымдар емес, ұлттық рухты оятатын спектакльдер қажет! Біз әлі Еуропаға жалтақтау, соларға тәнті болу сынды кері қасиеттерден айырыла алмай келе жатырмыз. Аянышты-ақ. Біз Еуропадан емес, Еуропа біз­ден үйренсін! Батыстың боғын үйрен­ген­ше, Шығыстың шоғына қашан ден қояды екенбіз?» дейді.
Ал, Қарағанды «Болашақ» уни­верситетінің студенті Дулат Аманжол көрермен ретінде «Әлем­ге әйгілі драматург, белгілі комедиограф Рэй Кунидің осы комедиясы маған ерекше ұнады» деп өз ойын бастап кетті.
«Өйткені, «Ашына. Балкон. Өлік» («Out of order») спектаклі заманауи драматургияның клас­сикасы ретінде танылып, комедия жанрының атышулы шедевріне айналғаны қашан?! Сонда Еуро­па, Америка, Ресейдің ең ірі театрларының репертуарынан түс­пей келген аталмыш спек­такль қазақ сахнасында неге көр­сетілмеуі керек екен? Ағыл­шынның атақты комедиясы қа­зақ тілінде үн қатып, тұңғыш рет сахналанды. Еріксіз езу тартқызып, көрерменге күлкі сыйлады!
Анығын айтсақ, әлемдік те­атр өнерінде анайы, ұятсыз, көр­генсіз, әдепсіз, пасық һәм тұрпайы деген түсінік болмайды. Өресі биік көрермен өрелі өнерді өзінше түсініп, пайымдап, қабылдай алады деп ойлаймын. Өйткені, жарқылдаған ойын-күл­кі, динамика, пластика, амур, фарс, темп, ритм қазаққа жат емес! Мысалы, Лондонның оте­лінде болған оқиға Астананың мейманханасында қайталануы мүмкін емес деп кім айта алады? Сондықтан, менің ойымша, «бол­мысымызға жат анайы, әдепсіз спектакль… қайта Еуропа бізден үйренсін!» дегенге саятын про­винциялық амбициялардан, кон­­сервативті принциптер мен арзан пафостан арылу қажет. «Қазақ көрермені комедияны та­машалауға дайын емес», «жастар қойылымды жабайы таныммен қабылдайды» деген ауылдық са­на­дан көтеріліп, мегаполиске қа­рай бейімделуіміз керек сияқ­ты! Әлемнің даңқты театр сыншылары тарапынан «Ашына. Балкон. Өлік» комедиясы «өз жанрындағы ең таза химиялық ко­медия» деген лайықты баға­сын алғандай… Бұны әдепсіз сю­жет емес, әлеуметтік сатира деп ұққан жөн. Сондықтан, кө­рермен ретінде, өркениетті ел­дердің мәдениет шаһарларында қойылған спектакльді Сәкеннің театрында көрсетілгенін толық құптаймын».
Мінеки, премьераны тама­шалаған жастардың пікірі осы­ған саяды. Ал, «Ашына. Балкон. Өлік» комедиясы Сә­кен Сейфуллин те­ат­ры­ның ре­пер­туарынан түспей, осы маусым бойы көрсетіледі екен. Сонда бұл комедиядан не ұт­пақпыз, неден ұтылмақпыз?! Осыған орай үнсіз отырған театр сыншылары не дер екен?! Спектакльді тамашалаған өзге қауым қандай ой қоспақ.

Аяжан КЕҢЕСБЕК


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика