ҚОЙЛЫБАЙ АСАН: «ТЕКТІЛІК – ӨЗ-ӨЗІҢДІ ТАНИ БІЛУ»

8 Қыркүйек 2017

Қойлыбай Асанов– Серік Ақсұңқарұлы ағамыздың: «Осы Қойлыбайда бір керемет тектілік бар», – дегенін талай естідік. Серік ағамыздың бұл сөзі – екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін сөз. Тегіңіз бен туған топырағыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Мен далада туып-өстім. Көкжиегіне көз жетпейтін Ақтаудың (Жаңаарқа ауданына қарасты елді мекен) ұлы байтағы – менің туған жерім. Бір өлеңімде былай дегенім бар:
Жастық қалды боз көделі белесте,
Өткен күндер, бұла дәурен – бәрі есте.
Көз жетпейтін кеңістікті бетке алып,
Өмір дейтін араластым егеске…

Туған жердің түсінгенге нұры – құт,
Содан әр кез сезуші едім жылылық,
Жалқы сәуле жүрегімде қалса егер,
Ол – даламннан жұққан кие, ұлылық!

Елу жыл ғұмырымның отыз жылын Серік аға Ақсұңқарұлының қасында өткізіп келемін. Тектілік – өз-өзіңді тани білу. Өз жолыңды, өз өреңді бағамдау. Алланың берген азды-көпті дарынына қанағат ету. Өмірдегі ең жаман қасиет әрі қасірет – Алланың бермегеніне қол созу, соған ұмтылу… Мен шама-шарқым келгенше осы ұстанымда өмір сүруге тырыстым. Бәлкім, Секең менің бойымнан осы қасиетті көрген шығар…
– Қойлы аға, еңселі елу жасыңыз құтты болсын! Ғасырдың жартысын артқа тастадыңыз! «Елу – ердің жасы» дейді қазақта. Әйтсе де өміріңізді қайта бастауға мүмкіндік болса, нені өзгертер едіңіз? Өткен күнде өкініш жоқ па? Әлде бәрін осы қалпы қалдырар ма едіңіз?
– Ештеңеге өкінбеймін. Шыр етіп дүниеге келгенде, Тәңір маңдайыма нені жазды, соның бәрін көрдім. Қызық та, қиыншылық та көп болды. Пенде, пешенесіне не жазса, соны көреді. Одан қашып ешқайда кетпейсіз.
– Сіз айтыста талай топ жардыңыз. Бірақ кейін келе жастарға жол берген сыңайлысыз. Орайы келгенде сұрап қалайық, бүгінгі айтыс пен кешегі айтыстың өзгешелігі неде? Не дамыды, не қалыс қалды? Бүгінгілер келісіп айтысу, жаттап бару деген жаман әдет тапты. Сіздердің кезде қалай еді бұл жағы?
– Біздің кезімізде сексенінші, тоқсаныншы жылдары айтыс таза болатын. Үлкен республикалық айтыстарда бір жапырақ мақтау грамотасын алатынбыз. Соған қатты қуанатынбыз. Әлі есімде, Жезқазған облыстық ақындар айтысында қабырғаға ілетін сағат берді. Сол кішкене домалақ сағатты анам әлі күнге сақтап келеді. Үйге келген көршілерге: «Қойлыбайымның жүлдесі ғой», – деп мақтанып отырады. Тәуелсіздіктен кейін айтыс жүлдесінің құны көтерілді. Миллиондаған ақша, шетелдің қымбат көліктері… Қу дүние, құлқынның қамы қай заманда опа беріп еді? Бұл жерде «байдың малын байғұс қызғанадының» кері емес, саф өнерге салқынын тигізген кейбір жағдайларды көзіміз көргеннен кейін айтып жатқаным ғой… Өткенде Астанада айтыс өнерінің бүгіні мен болашағы туралы келелі кеңес өтті. Сол дөңгелек үстелде біраз мәселе айтылды. Қазақ халқы бар болса, оның айтыс өнері ешқашан да өшпейді. Айтыстан қырыққа таяған шағымда кеттім. Ол – қазіргі уақытта табиғи заңдылық. Одан кейін қолыма қалам алып, айтыс өнерін зерттедім.
– Айтыс өнерінен докторлық диссертация қорғадыңыз. Айтыс өнерін түбегейлі зерттеген екі адам болса, соның бірі сізсіз. Жалғыз болса, ол да сіз деп білеміз. Бұл айтыс өнерінің тамыры қай ғасырда жатыр өзі? ХІХ ғасырда ұлттық өнер, ұлттық кие болған айтысты біз ХХІ ғасырда өңін қашырып, тоздырып алған жоқпыз ба?
– Айтыс өнерінің алтын ғасыры ХІХ ғасыр еншісінде. Сүйінбай мен Қатаған, Кемпірбай мен Шөже, Әсет пен Ырысжан, Біржан-Сара айтыстары – айтыстың классикалық үлгілері. ХХІ ғасырда да жақсы айтыстар әредік болса да көрініс беріп жатады. Мәселен, Аманжол мен Сара ақынның айтыстарын өзінің әлеуметтік мәні, қоғамдық маңызы тұрғысынан дәстүрлі айтыстың сәтті сабақтастығы деп айтуға болады. Айтыс туралы ғылыми пайымдаулар, зерттеулер ертеден жазылып, айтылып келеді. Тіпті, әріге бармай-ақ М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов жазбаларында айтыс жырлары туралы толымды пікірлер мол ұшырасады. Бірақ монографиялық деңгейде кешенді зерттеулер кейінгі жылдары жазыла бастады.
– Сізді ел жазба ақын ретінде де таниды. Өлеңдеріңізді газеттерден оқығанымыз болмаса, жеке жинағыңызды көргеніміз жоқ. Ғылыми кітаптарыңызды оқыдық. Поэзиялық кітабыңыздың жоқ болуына не себеп?
– Жиырма жылдан астам уақыт қолымда домбырам жүрді. Кейінгі он жыл таза ғылыми жұмыстарға арналды. Сонда өзі елу жылдан не қалады? Өлеңді жазып бастағаным рас. Таяуда «Фолиант» баспасынан «Қойлыбайдың қобызы» атты жыр жинағым жарық көрді. Жалпы, өлеңге өлермендік жүрмейді. Бәлкім, алғы күндерде оның да өрісіне ат шалдырып қалармыз…
– Қызыңыз Ақерке Асан да – ақын. Кітабы шықты. Әуелде өлең жазғанына сіз қарсы болды деп естідік.
– Қыз балаға ақындық жол ауыр деп жатады. Бірақ ақындық – Алланың кез келген адамға бере бермейтін киелі қасиеті. Білімді, зерделі адам ғана өлең жазады. Тек өлермен болмаса болды. Ақеркем қазір орыс, шетел әдебиетін біршама тәуір біліп қалды. Оның оқып жүргендерінің кейбірін өзімнің де білмейтінімді несіне жасырайын. Өлең оған білім әкеледі. Мен қызымды осы тұрғыдан қолдаймын.
– Осы шақта Қарағандыда тас лақтырсаң, ақынға тиеді. Жасы мен жасамысын қосқанда елуге тарта ақын бар. Сіздердің жас кездеріңізде Қарағандының әдеби ортасы қандай еді?
– Елу ақын бар екенін білемін. Өзім де көптеген мүшәйраға қазылық етіп жүремін. Бірде Серік баурыма (Сағынтай) осы қалай дегенім бар. Сонда Серік бауырымның: «Осы елуден болашақта қазақ әдебиетіне бес ақын қосылса, соның өзі олжа емес пе?» – дегені бар еді. Расында, солай ғой. Ең жаман ақын қазақтың тілін, ділін, дәстүрін сыйлайды, сүйеді. Мұның несі жаман?
– Жыл сайын облыс әкімдігі ұйымдастыратын «Алтын сұңқар» байқауы өтетіні белгілі. Сол сыйлықты кім алмады деңіз… Қазылар алқасына жиналған ағаларымыз «Аққу, шортан һәм шаян» секілді қызылкеңірдек болып, әйтеуір, өзіне қараған біреуге алып береді. «Әділет» деген сөз жетім бұл арада. Аты дардай журналистика бөлімі бар-ау деп те ешкім қаперіне алмайды. Сол қазылар алқасына журналистика бөлімінен бір адамды шақыратын жөні бар деп ойлаймын өз басым?!
– Қарағандыда болашақ журналистерді даярлайтын бірден-бір оқу орны ҚарМУ-дың журналистика кафедрасы екендігін жақсы білесің. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының беріліп келе жатқанына бәлен жыл болды. Журналистика кафедрасын жылда ескерусіз қалдырады. Айтатын уәждері – «Өндірісте істейтін журналистерге ғана береміз», – дейді. Мұны қандай ақылға, қандай заңға сыйғызатынымызды білмейміз.
– Адамның арманы таусылмайды дейді. Бала күнде нені армандап едіңіз? Қазір ше?
– Жас кезімнен журналист болуды армандадым. ҚазМУ-дың журналистикасына үш рет барып, құлап қайттым. Бірақ сол арманыма бәрібір жеттім. Кандидаттық, докторлық диссертациямды сол ҚазМУ-дың Ғылыми кеңесінде «журналистика» мамандығы бойынша қорғап шықтым.
– Өзіңіз ұстазсыз. Талай шәкірт тәрбиеледіңіз. Соның бірі – мен. Сіз тек ұстаз ғана емес, жанашыр аға болдыңыз, жастарға пана болдыңыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Ал енді ұстаздың ұстазы кім болды екен? Жалпы, кімге қарап бой түзедіңіз?
– Әрине, Қарағандыға жиырма жасымда келдім. Әлгінде айтып өткенімдей, содан бергі өмірім Серік аға Ақсұңқарұлының жанында өтіп келеді. Ол кісі мені азаматтыққа, адалдыққа баулыды. Талант пен халтурщиктің кім екенін таныдым.
– Қарашаның 14-і күні өтетін шығармашылық кешіңіздің сүйіншісіндей болсын, бір өлең оқып беріңізші?
– Қиял-ғұмыр қоңыр қаз қанатында,
Таусылғандай төзімім, тағатым да.
Қадым күндер алысқа жетелейді,
Жұлдыз сөніп, аз қалды таң атуға.

Қоңыр үйде… ошақтың оты сөніп,
Көңілімнің, дариға-ай, хошы кеміп.
Мұнар көктен естілген мұңлық үнмен,
Кеткім келді қоңыр қаз көшіне еріп.

Кеткім келді алысқа, қияндарға,
Қоңыр қазға ілесіп, Күй-арманға.
Өмір деген – білгенге өткен ғұмыр,
Елес беріп жүретін қиялдарда.

Көкжиекте көк өрім күнім қалып,
Ай күрсініп, өтеді түнім налып…
Бейуақта беймаза күй кешемін,
Естілгендей, қоңыр қаз, үнің талып.

Батар күннің шомылған жалқынына,
Сары белдің айналдым толқынына.
Менің мұңым ертеңге жетер ме екен,
Қоңыр қаздың ұқсайтын қаңқылына?!
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

Аймақтық «Арқа Ақшамы» газетінің Бас редакторы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика