Кобэ Абэ. Ақын тағдыры

10 октября 2019

 

(әңгіме)

Жик-жик… Ж-жик… таңнан түн ортасына дейін осы дыбыс.

Отыз тоғыз жасар кемпір онсызда қысқа ұйқысын қысқарта түсіп, қара маймен майланған ұршығының педальін әлі басып отыр. Бейне бір жанды ұршық секілді. Ол ұршығының майқұйғышы пішіндес асқазанына май құйғандай кеспенің майлы сорпасынан тәулігіне екі мәрте құйып тұрады. Тек бір ғана мақсатпен: сүйектен, болар-болмас бұлшық еттерінен құрастырылған механизмін істен шығармау.

Белгілі бір уақыт өткеннен кейін әйел былғарымен қапталған ұршығының бұлшықеті солыңқы тартып, сүйегі сарғайғанын, қалың шаңға көмкерілгенін және қалжырағанын байқады. Күндіз-түні жұмыс істеп, сақал-шашын алмаған бейшара кейіптегі ұршығына ұзаааақ қараған әйелдің бойын күдік жаулады.

« Расында, былғарының ішіндегі заттың маған қандай жақындығы бар? Егер бейтаныс дәрігер арнайы құралмен зерттеп көрмесе, өзге түгіл өзіме беймәлім ішкі ағзамның қамы үшін неліктен мен оның педальдарын дамылсыз баса беруім керек? Неліктен? Әлдебір қорқынышты ойлар менің кеудемнің бір қуысында жіптен ұя тоқып жатқандай. Ж-жик… Ж-жик… Ух, менің бойымда күш қалмады. Мен жіпке айналып кеттім».
Тігінші әйел отыз шырақты аспаншамның астында педальді әлі басып отыр еді. Жүн бітті. Ол сол сәтте-ақ былғарының ішіндегі тіршілік иесіне тоқта деп бұйырды. Әлгінің бұйрыққа бағынар ойы жоқ.

Ұршық жүн иіруді тоқтатпас үшін дамылсыз әрі аяусыз айналып жатты. Иіретін жүн қалмағанын байқаған ұршық өзіндегі соңғы жіптің ұшымен кемпірдің саусағын орай бастады. Кемпірдің шарасыз болғаны соншалық, ол жүнге айналып кетіп, саусағының ұшынан бастап иіріле бастады. Отыз тоғыз жасар кемпір толығымен жіпке айналып болған соң ұршық та айналуын тоқтатты.

« Сендер елу адамды жұмыстан шығардыңдар және сол елу адамның жұмысын біздің мойнымызға арттыңдар. Онымен қоймай сендердің мүсәпір хәлдеріңді ашық айтатын ешкім қалмағанына қуана жүріп, барлығымызды ауыр жұмыстарға жегіп, біздің қара жұмысымызбен елу миллион иен пайда таптыңдар. Сондықтан да біздің жалақымызды тез арада өсіріңдер»!
Бұл отыз тоғыз жасар кемпірдің фабрика басшылығына қарсы күні бойы гектографқа осындай сөздерді жазып таратқаны үшін жұмыстан қуылған ұлы. Ұлының мақсаты: бір күнде қайыршы хәлге түскен жұмыстастарының сөнуге айналған үміт оттарын жағып, жұмыр жүректеріне дем беру. Ал шаршаған соң ұршықтың педальін дамылсыз басып отырған анасының аяғына кеп жартылай жалаңаш денесін газетпен жауып ұйықтап кеткен. Ж-жик… ж-жик… Ұршықтың жұмысы тоқтап, шу басылғаннан кейін оянып кетті. Сол сәтте-ақ қара киімнің ішіндегі қызарған аяқтың ұшын көрді. Ол уақыт өткен сайын ұршықтың нүктедей тесігіне ене берді.

— Апа!

Отыз тоғыз жасар бойжеткеннің қартайған ұлы саусақтарын айқастырып, оларды қызарғанша қатты қысып отырды. Ойда жоқта ол ойлауға, жүрегімен сезінуге болмайтын сезімдермен саусақтарын айқастырып отырып беттесті. Айқасқан саусақтарының арасынан сусып өткен сезімдерді тұла бойымен сезініп, кемпірдің тәнісіз қалған жұмыс киімдерін жамылып еденге қайта жатты. Физиканың заңы солай. Ол қатты шаршады. Оның қолында өзін байлап, матаған шынжырлардан басқа ештеңе жоқтын. Қазіргі жағдайдағы барлық арман, тілегі – сол шынжырлардан босап, көз шырымын алу еді.

Жіптей созылған өмірдің келесі күні өздеріндей кедей көршінің аяқ тырсылынан басталды. Ол кемпірдің кешегі иірген жіптерін алып кетуге келді. Кемпір иірген жіптен жемпір тоқып, ең болмаса отағасының тапқан табысымен асырауға жетпейтін бас-аяғы бес адамнан құралған отбасына ішер асқа аз да болса ақша табуға болады.

— Анаң үйде жоқ па? Таң атпай қайда кетуі мүмкін? Жіпті де орамаған. Жағдай ауыр. Бірақ, мен қатты асығып тұрмын. Бар жіпті алам да кетем. А, айтпайқшы, апаңа комиссия жайында да ескерт.

Қартайған бозбала есінеуін басып, саусақтарын айқастырып қайта отырды.
-Меніңше, сіз жіпті алатын болсаңыз қиын жағдайға тап боласыз.
-Қиын жағдайға тап боламын дейсің бе? Хмм! Өзің бір қызықтау адам екенсің! Сен өзі ауамен қоректенетін дұға тапқаннан саумысың, жігітім?! Ойыңдағы дүниені мұндай салмақты жүзбен айтпағаның дұрыс.
-Сіздікі дұрыс. Бірақ, жағдай сіз ойлағаннан да қиын. Мені түсінбей тұрсыз.
-Әрине, түсінсем бұл жерде аяғым түгіл менің аруағым да тұрмас еді. Сен мендей жасы келген адамның тарапына қалжың айтатын жаста емессің.

Үш күн өткеннен кейін кемпірден жемпір тоқылды.
Көрші әйел жемпірді алып көшеге шықты.
Фабрика тұрған көшенің бұрышында көрші әйел өткен-кеткенге жемпірді ұсынып тұрды.
-Сатып ал, інім, өте жылы. Суық тию жайында ұмытасың, інім, інім!
-Расында, ол әлі жылы!

-Жылы болмағанда ше! Шаруалардың үйінде қырқылған меринос қойының жүнінен тоқылған.
-Қызық, бұл жемпірді біреу жаңа ғана шешкен сияқты?!
-Таңданатын ештеңесі жоқ. Тауар жап-жаңа. Мен оны жаңа ғана тоқыдым.
-Әлде, жүнге бір қоспа қосылды ма?
-Інішек, жақынырақ келіп ұстап көр. Керек десең жүн шаруаның үйіндегі тірі меринос қойынан қырқылып алынған.

-Мүмкін шын… Ой… жемпір ғажайып дауыстар шығарып жатыр. Естідің бе?! Дем шығарып, тіпті маңырап жатқан да сияқты. Мүмкін, тірі моринос қойының жүнінен тоқығаннан шығар?
-Қалжыңдауды доғар! Бәлкім сенің асқазаның шығар маңыраған?! Көгерген бұршақ жеп…

Жемпірдің ішінде кемпір өксіп жатқан еді, жемпірдің ішінде кемпір көз жасын әзер ұстап жатқан еді, жемпірге айналса да ол бәрін де ойлап, бәрін де жүрегімен сезіп жатқан еді!

Жемпірді саудалап тұрған әйелге кемпірдің ұлы келіп:
-Сатасыз ба? Менің ойымша, сіз оны сататын болсаңыз қиын жағдайға тап боласыз – деді.
-Қиын жағдайға тап боласың дейсің бе? Ал, менің ойымша, сен саудама кедергі жасасаң, қиын жағдайдың көкесі сонда болатын сияқты. Сендей ездің мазағына қалғаннан асқан қорлық жоқ – деп түнере түсті.
-Сіздікі жөн. Жемпір тек сауда үшін ғана.
-Әлбетте! Егер сен мына жемпірді кию үшін тоқыдым деп ойласаң қатты қателесесің – деп кемпірдің ұлына зеки сөйлеп, көше бойлап бара жатқан өткіншіге бұрылды. – Бауырым, кел киіп көр, саған дәл ме өзі қалай? Сұлу бойжеткендердің барлығы саған көз салатын болады. Суықтың не екенін ұмытасың, бауырым, кел, киіп көр!
Саудагер жемпірді саудалауын жалғастырды.

Арада біршама уақыт өтті. Жемпір келісті, әрі әдемі тоқылғанмен, оны ешкім сатып алмады. Тоқымаға арналған біздің отыз жыл қысқа ғұмырында өзін ептілікпен қолданған егесінің саусақтарының жүйкесі өзінің бойына бітіп кеткендей. Біз де бір жеке тіршілік иесіне айналып кеткен.

Жемпір киер мезгілде келіп қалды. Қыс қыр артында.
Мәселе мынада: маңайдағының бәрі – кедей.

Көрші әйел тоқыған жемпірге мұқтаж адамның бәрі кедей еді. Ал оны сатып алуға жағдайлары жететіндердің бәрі жемпірді шетелден алдыратын қалталы, басқа деңгейдегі адамдар. Ақыры көрші әйелдің кемпірден тоқылған жемпірі бар болғаны отыз иенге ломбартқа тапсырылды.

Ломбарттың бәрі жемпірге, ал қаладағы шатырлардың асты жемпірі жоқ адамдарға толды.
Болып жатқан жағдайға адамдар қалай ғана алаңдамай жүр?! Мынау суық жалғанда жемпірлердің бар екенін қалай ғана ұмытып кетті?!

Кедейлікке белшесінен батқан сол қаланың адамдары бөшкенің түбіндегі тұздалып жаншылған көкөністерге ұқсайды. Былғары қапқа оралған тәндерінен барлық арман, тілегі мен жандары да сығылып ағып кеткен. Тәнді тастап ұшқан арман, тілектер тұманға айналып, қаланың аспанын торлап алды. Жемпірмен әлденені орау керек болса, онда еш күмәнсз сол көкке ұшқандарды орау керек еді. Адамдарды жылы жемпір кию бақытынан айырған соқыр кедейлік оларды жемпір киетін тәнінен де айырды.

Адамдар кедейліктен жан кедейлігіне ұшырап жатты.

Осындай кедейлікке не себеп болды? Ол қандай қауіп төндіре алады? Ол өзі қайдан келді?

Арнайы фабрикаларда тоқылатын шекараның ар жағынан келген гүлдің суреті салынған жұқа әрі әдемі жемпір киетін жоғары сатының адамдыры жоспар құрды: «Жемпірлер шектен тыс көбейіп кетті. Бәлкім оларды шекара асырып сауда айналымына шығару үшін соғыс бастармыз. Керек десеңдер суықтың денсаулыққа тигізер зардабы жайында том-том кітаптар жазармыз?»

Күннің тізесі бүгіліп, көлеңкелер ұзарып, әлжуаз болып кетті. Қалаға қыс түсті. Адамдардың жаны мен олардың арман, тілектері аспанға бу болып ұшқан күйі қап-қара бұлттарға айналып, Күннің жарық дидарын тұмшалап тастады. Шатырлар мен тас жолдарға сәуле түспеді. Сол себепті де осы жылғы қыс қатты болды. Ешкімнің де қас-қабағына қарамады.

Ағаштар жапырақсыз қалып, құстар ерте түледі. Ауа шыныдай өткір болып, қаңыраған тәнді паршалап турап тастардай хәлге жетті.
Адамдар бүкірейіп, олардың мұрындары қызарып, ауыздарынан шыққан сөз бен жөтел бу болып шықты. Буды табак түтіні деп ойлаған мұғалімдер оқушыларына, ал бастықтар қоластындағыларға қамшыдай тиді. Кедейлер келер түнді есіне алған сәтте-ақ желкелерінен түндей қорқыныш басты. Ал таң атқанда жүздерін мұң торлады. Шекараның ар жағынан келген жемпірлерді киген еркектердің бар ойлағаны аңшылыққа арналған қарулар болды. Гүлдің суреті салынған жұқа да сәнді жемпірлерді киген олардың әйелдері айнаның алдында шыр айналып жүрді. Конькишілер конькилерін қайраумен болды. Қаладан ең соңғы қарлығаш ұшып кетті. Көшенің бір бұрышында бірінші көмір сатушы қолын жуып тұрды.

Метеорологияның заңдылықтары өн-бойына адамдардың жаны мен арман, тілектерін жиған сұр бұлттардың іші-сыртын мұзға айналдырды. Мұз боп қатқан олар кристаллға айналып кетіп, уақыты жеткенде қар болып жерге құлай бастады.
Кеңістіктегі қардың тығыздығына анықтап қарасаңыз, бейне бір кеіңістіктің өзі аспаннан қар болып жауып жатқандай. Төменге баяу құлап келе жатқан қар қаладағы тіршілік үнін жұтып алды. Көктен түскен өлі тыныштықтан тек қар мен қардың қақтығысы ғана естіледі. Кеңістікте қаңғыран дыбыстар, жаңғырық жұтқыш бөлмедегі бұршақтай қоңыраудың үніндей әлсін-әлсін естіледі.
Адамдардың арман, тілегінен жаралған қар кәдімгі қардан қарағанда ерекшелеу еді. Кристаллға ұқсас қарлар сұлулық атаулының бәрін қамтыған күрделі, таңғажайып болды. Кейбір қар ұшқындары шебер қашалған таңдаулы фарфорлардай ақ әрі суық болса, енді бірі аса бір дәлдікпен кесілген пілдің сүйегіндей ақ-күңгірт болды. Басқалары коралл атты теңіз жәндіктерінен із боп қалған маржандардай ақ. Енді бірі жүзі өткір отыз семсерден құралған, енді бірі планктонның жеті түрінің қосындысынан пайда болған. Оларға қарап тұрсаң бейне бір калейдаскоп ойыншығының тесігінен сығалап тұрғандай күй кешесің.

Қар – ауадан суығырақ және ерекше қаттылау. Егер ол ұстара пішіндес болса, онымен қырынуға болатын еді. Жерге түскен қардың үстінен көліктер жүріп жатқанда олар еріген жоқ. Керісінше қатайа түсіп, көліктердің дөңгелектерін кескілеп жатыр. Оларды кескілеймін дегендердің өздері бөлшектеліп кетті, оларды еріткісі келгендердің өздері еріп мұзға айналып кетті.

Мына суық жайында қандай мысал келтіруге болады екен? Көшедегі ызалы топтың жүздеріне, немесе, саябақтағы құшақтасқан қос ғашықтың еріндеріне қонған қар жайында не айтуға болады? Олар қатып қалған Далидің түрлі-түсті бояуға боялған мүсіндеріне ұқсайды. Ал өлім алдындағы соңғы сөздерін айтып, дертімен арпалысып жатқан адамның ыстық маңдайына қонған қар жайында ше?.. (өмір мен өлім арасында жатқан адам өмірге де, өлімге де бұйырмады. Белгісіз бір кеңістікте қалып қойды.) Мүмкін, қабырғаның жарылған жерінен жол тауып, сұр бөлменің ішіне еніп, бір сіңірі шыққан кедейдің сығырайа жанып тұрған керасин шамына құлаған қар жайында айтармыз? (шынының ішіндегі от шыныдан жасалған бұйымдай қозғалыссыз қатып қалды).

Уақыт өткен сайын қар үзіліссіз жауа берді. Аспан – «форд» заводының алып конвейері сияқты. Қалың қабатты қола қоңырауды саусақпен шерткендей естілер-естілмес дыбыспен қар ұшқындары бір-бірімен соқтығысып жатты.

Көшені жағалай өскен ағаштардың бұта, теректеріне.

Пошта жәшіктеріне.

Қарлығаштардың бос қалған ұяларына.

Шатырларға.

Жолдарға.

Су ағатын арықтарға.

Темір көпірлерге.

Жер асты жолдарының есік алдына.

Алаңқайларға.

Тауық қораларға.

Көмір сатушылардың лашығына.

Жемпірлер сақталған ломбрдтарға.

Қар үстіне қар жауды. Көшелерді меринос қойының жүніндей жұмсақ қар жапты. Үзіліссіз қар жауған бірнеше күнмен бірнеше сағаттардан кейін қала қозғалыссыз қалды. Бейне бір кинопроектордың механизімі істен шыққандай. «Минковски кеңістігінен» [физикалық үш өлшемді кеңістікті уақытпен біріктіретін төрт өлшемді кеңістік] уақыт өсі жоғалып кетіп, тек жауған қарға қарсы жүрген тақтайдай түзу кеңстік қана қозғалыс үстінде болды.

Таңғы асы салынған қорапшасын ұстаған жұмысшы, есіктен денесін жартылай шығарып, аспанға қараған күйі қатып қалды. Алаңқайдағы ойын баласының көкке лақтырған добы да көзге көрінбейтін өрмекші торына түсіп қалғандай. Бір-бірінің шылымын тұтатып тұрған күйі қатып қалған көшедегі адамдардың сіріңке шиіндегі от – түймедей ғана қызыл түсті гаухар тас сияқты. Алып заводтардың мұржасынан ұшқан будақ түтін – жаурағаннан қара жамылғы жамылған жындарға ұқсап, су ішінде қатқан желімдей қозғалыссыз тұр. Торғайлар кішкентай шар боп қатып, жерге соғылып, электр шамындай шағылып кетті.

Барлығын қар жауып жатты. Сынап бағанасы төменге құлдырай берді. Меже бітіп, мәңгі жұмбақ кеңістік пен қараңғылыққа қарай құлдилай берді.

Уақыт өте келе теп-тегіс көшелердің бетінде жарықтар пайда болып, жарықтар қар бүрки бастады. Бірақ, олар сол сәтте-ақ ұйытқыған қатты желден бүтінделіп кетті.

Дегенмен, болып жатқан ғажайыптар да, үрейлі тыныштық та шарықтау шегіне жетпестен бұрын бірнеше жанұя жандарын бағып қалған. Олар – шекараның ар жағында жасалған жемпірлерді киетін жанұялар еді. Бірақ, олардың аман қалуына жемпірлердің еш қатысы жоқ. Бар болғаны кедей емес еді және олардың шатырларының ішін қар баспайтын. Үйлерінде қызыл алаулы пештері болатын. Бірақ олар да түптің түбінде азық-түлік сақталған сөрелерінің күн өткен сайын босап бара жатқанын байқап, үрейге бой алдырды. Бықсыған пеш түбінде отырып бір-бірінің қанша мөлшерде тамақ жегенін аңдыйтын хәлге жетті. Көмірдің жетіспеушілігінен ағаш төсектер мен ағаш орындықтарын, мандарин сақтауға арналған жәшіктерін, ақыр аяғы еденнің тақтайларын жаға бастады. Электр лампалары керасин шамымен, керасин таусылғанан соң керасин қараңғылықпен алмастырылды. Жібек матаға оранған бикештер жүні ұйпа-тұйпа, арық әрі сүйкімсіз түлкідей, ал аңшылыққа арналған мылтықтың ауызын тазалап жүрген мырзалар жүні түскен бұралқы иттей күн кешті. Олардың детектив жанрындағы романдарды бас алмай оқып өскен ұлдары түпкір бөлмедегі шешесінің сандығынан ақша ұрлайтын қарулы көше сотқарларына айналды. Үй қызметкерлерінің тарапына айтылған қатаң сөгіс пен карта ойындарының ләззатынан шыққан қатты күлкілер анық естілетін күңгірт терезенің ар жағынан бүгінде тек ұрыс, айқай, ауыр заттардың еденге соғылған дыбыстары мен жыртылған матаның дауысы, тіпті ұшар алдындағы жанның айқайы да естіледі.

Отағалары күндіз-түні радиотелефонмен аман қалған қала тұрғындарына сансыз қоңырау жасап, кеңесумен болды. Ақыр-соңында көрші мемлекеттерден көмек сұрауға бел байлады.

Олардың жазған радиограммаларына келген жауап мынандай болды: «Тағы да гүлдің суреті салынған ақ-қара жолақты жаңа бес мың жемпір сатып алыңдар. Ал, елу атом бомбасы ше?» Кедейлерге жұмыс істетіп, заводтарды іске қосу үшін түптің-түбінде соғыс бастау керек екені айдан анық еді.

Қозғалыссыз уақытпен өтіп жатқан күндердің бір күнінде таяқтарды бір-біріне жалғап, оның ұшына ілмек ілген бір ақыл иесі терезені сәл ашып, көшедегі қаққан қазықтай қатқан жаяу жүргіншілерді түрткілеп көрді. Сол сәтте гүлдің суреті бар жемпірді киген азаматтар мен азаматшалар барлық ұрыс-керістерін доғарып, дүрбімен радиотелефонды ұстаған күйі демдерін ішке тартып тынып қалды. Ал, жаяу жүргіншілер ешқандай да тіршілік дыбысын шығармай, көлденеңнен құлап, бөлшектеліп кетті.

Өз-өзіңе қол жұмсаудың ең оңай жолы ол – терезеден қолыңды шығару.

Бір қызығы, маңайдағы тіршілік атаулының бәрі мұздың құшағында жатқанда, ломбарттың жертөлесінде жалғыз ғана егеуқұйрық аман қалған. Ол- жатырындағы көп кешікпей дүние есігін ашуға тиіс балаларына арнап жылы ұя жасау үшін жүн тектес бірдемелерді іздеп, жертөлені кезіп жүр.

Оған – адам өміріндегі қалаулы арманыңа апарар жолдағы алып бөгет сынды кедейлік ұғымы таңсық еді. Көз алдындағы ғажайып жемпірді көрген егеуқұйрық оны кеміре бастады.

Бір кезде – егеуқұйрықтың тісі батқан жерден қан төгіле бастады. Оның тісі кемпірдің жіпке айналған жүрегін шаншып өтті. Қаннан шошынған егеуқұйрық ініне қашып тығылып, уақытынан бұрын босанып қойды.

Кемпірдің қаны еденнің бұрыш-бұрышына дейін ағып, жемпір қып-қызыл бояуға боялды.

Аяз өзінің шырқау шегіне жеткеннен болар, аспаннан жауған қар қозғалыссыз тұрды.

Жемпір ыстық қаннан қып-қызыл болып жарқырап, еденнен баяу көтерілді. Бейне бір көзге көрінбейтін адам жемпірді киіп алғандай. Сол қалпында жемпір сыртқа шықты. Күн мен түнін айыра алмас мылқау кеңістікте қардың үстімен ақырын қозғалып келе жатты.

Жүріп келе жатып қардың үстінде жатқан бозбалаға сүрінді. Ол – завод қақпасының алдында парақшалар таратып тұрған қалпы қатып қалған кемпірдің ұлы еді.

Жемпір тоқтап, қып-қызыл күйінде бозбаланың тәніне киіле бастады. Оны көзге көрінбейтін адам киіндіріп жатқандай. Сол сәтте-ақ бозбала көзін ашып, мойынын оңға, солға бұрып, таңданыспен маңайына қайта-қайта қарады. Бозбаланың мөлдір көздері тәніне киілген жемпірге түсті. Ол өзін ақын сезініп, сәл жымиды.

Қолына алған бір уыс қардан көзін алмай ұзақ отырды. Қарды қолымен ұстаса да бозбала мұзға айналған жоқ. Ол бәлкім қардан да суық шығар? Көздерінен нұр төгілді. Жағалаудағы жылы құмды ұстап отырғандай қарды бір қолынан бір қолына аударып отырды. Кім білсін, оның қолдары шойыннан да қатты боп кеткен шығар? Басын төмен түсіріп, терең ойға батты.
Ішкі жан дүниесінің өзгерісіне не себеп болғандығын еске түсіруі керек. Бәрін еске түсіруге тырысты. Еске түсіруге тұрарлық дүниелер бар еді. Мұз құрсауында қалған естеліктердің бәрі кедейлердің ғана өміріне жақындығы бары анық еді. Сонымен, мына қардың бәрі қайдан жауды?

Жауап айтарға сөз таппаса да, жанымен сезінді. Күрделі әрі ғажайып кристалтардар, кедейлердің жадынан өшкен жылы сөздер емес пе екен? Кедейлердің жаны мен арман, қалауларының кристалдары. Қар – кедей жанының элементтері бойына біткен алты қырлы, сегіз қырлы, он екі қырлы гүлдердей… олар гүлдерден де әдемі еді. Кедейдің сөзі – күрделі, сұлу, ықшамды. Тек шынайы әрі таза кедейдің жаны ғана кристалға айналуға бейім еді.

Қызыл жемпір киген бозбала мөлдір көздерімен қардың сыбырлаған әр сөзін естіп тұрды. Бірден қойнындағы бүктеулі қағазға қардың сөзін жаза бастады. Бір уыс кристаллды алып аспанға лақтырды. Олар сыңғырлады. Ал, төменге құлап келе жатып: « жемпір, жемпір! » — деп әндете жөнелді. Бозбала күлді. Оның кеудесіндегі жұмыр жүрек әсем әуенмен еріндерін жанап өтіп, аспанға ұшып ғайып болды. Бейне бір маңайдағы қардың бәрі жүрекке қосылып ән шырқап жатқандай. «Жемпір, жемпір!»

Бозбала әр кристаллды анықтап зерттей бастады. Жазды, таңбалады, талқылады, көрсеткіш жасады, сұлбаларын сызды және тағы да құлақ түрді. Оның құлағына қардың сөзімен қатар арман, қалауарын сыбырлаған кедейлердің дауысы жетіп жатты.
Ол, адам сенгісіз күш-қуатпен тынымсыз жұмыс жасап жатты.

Осының бәрі жалғасып жатқанда қар ақырын ери бастады. Ендігі көкірегіндегі зар-мұңды ақынға аманаттаған қар үшін келер күннің мағынасы болмады. Пеш ішінде лаулаған оттың өзін мұзға айналдырған қар еріп кетті. Ал жауғандары жерге қонған бетте еріді.

Күнтүзбенің бетін өкшесімен тықылдатып көктем бикеш те келіп қалды. Оның отты көздері бозбаланың қолындағы өлеңдер жазылған бір бума қағазда.

Күндердің бір күні көктегі Күн сакэ* құйылған шөлмектің түбінен жоғалғанынын іздеген ерке әрі тілазар қызға ұқсап қалың бұлттардың арасынан ұзын қолдарын сұғып, нәзік әрі баяу қимылмен қалаға жан бітірді.

Қозғалыс басталды. Көшеге қадамын шайқала басқан жартылай мүгедек адамдар шықты. Олар бозбалаға қолдарын созып жымиды. Созылған қолдарымен оның үстіндегі жемпірді сипап тұрып күбірлей берді: « жемпір, жемпір! »

Әр жерден осындай көрініс көруге болады: қақпалары айқара ашылған егесіз қоймалар. Олардың ішінен сақтаулы жемпірлер шығарылып жатты. « Жемпір!» – шаттық пен үмітке толы ұранды көшеге шыққандар көтеріңкі көңіл-күймен шырқап жүрді. Аспан астын қуанышқа толтырған ән мен жыр бусанған жер анаға, көктемнің елшілері мен ағысы үш жасар баланың адымындай баяу өзендерге, әр жерде бір қалған тіршіліксіз аралдардай қар үйінділеріне арналды.
Көктем қала шатырларына ұя салды. Бірақ, көктемнің суық күндері кедейлер жемпір кие алатын болды. Кедейлердің жемпір кигенін көру үлкен бақыт емес пе?!

Ең соңғы қар еріп, бозбаланың да жазуы аяқталды. Іске қосылған өндіріс орындары мен оның айналасынан жемпір киіп жұмысқа бара жатқан адамдарды көруге болады. Бәрінің жүзінде күлкі. Олардың ыстық ықыластары мен сәлемін қабылдап тұрған ақын, өлең дәптерінің соңғы бетін жапты. Қолындағы өлең дәптері сорындай қалың, тағдырындай ауыр еді. Ол – бәрін жазып тастап, ғұмырының барлық шәрбәті мен мәнін тауысты. Содан соң өлеңдері жазылған парақтардың арасына еніп жоқ болып кетті.

Сакэ* — ашытылған күріштен алынған шарап.

Аударған: Ерік НАРЫН


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика