Қиылыс

11 июля 2019

ҚиылысЖолындағы кей шалшықтан аттап, кейбірінен оркиікше секіріп өтеді. Жұмысына бара жатыр. Шуақты күн жер-даланы алапес еткен. Көктем қыстың жасаған қылмыстарының қарға көмген айғақтарын тауып, ел-жұртқа жариялап әлек.

Шалшықтарға жанасудан қашатын себебі – қыры ыждаһатпен салынған шалбарының қамын жейді. Және жылтыратып майланған калошының.
Жылдағы жол – сол жол. Еріген қар суының жиналып қалатын орындары да өзгермейді. Күндегі жол – сол жол. Контораға басқа жолмен айналып, уақыт оздырып жетуді ойына алған емес.
Таңертеңгі жолы – сол жол. Әй,.. тек бұның алдында біреу жүріп барады. Ер адам. Бұрын-соңды ұшыратпаған кісісі. Көзінің өткір көретініне, әсіресе жіті қырағылығына селкеусіз сенгендіктен солай ойлады.
Бейтаныс болғандығы үшін де оған зейін салу бұған қызық істей сезілді. Сырықтай ұзын, жеке қабырға сүйектей жұқа екен. Үстіне пальто секілді етегі ұзын қара киім киіпті. Адымы үлкен, жүрісі ширақ болса керек – жеткізер емес. Жетуге неге асыққанының мәнін өзі де толық ұғынбады. Әлде оның жүзінен жылу аңдап, бір сәт көңілінің көсегесі көгере қоятынынан дәмеленді ме. Ауық-ауық өйткен көңілі құрысын дегендей ойлар миын шабақтайды.
Көңілі мен санасы арпалыса анаған қатарласты-ау. Әуелі оның басындағы әсем шляпаға көзі түсті.
Бұл қасына қатарласқан жас жігітті байқады. Әлденеге ыржаңдай мәз болған біреу. Көзі шырадай жанып-ақ тұр.
«Күн тамаша, ә?» деген сөзімен бұның пайымдауын бөліп жіберді. Қасын кере қарады. «Амандық-саулық жоқ, бас-көз жоқ… мынау қайдан түскен Есрәпіл?!», — деп іштей ғана айтты да, табан жолынан өзгеге назарын бұрмай жүре берген. Кенет анау тағы өзінің әңгімесімен киіп кетті.
– Аспан шайдай ашық. Қыстың аязының беті қайтқан. Неге тамаша болмасын! – Өзімен-өзі әңгіме-дүкен құрудан бәрқадар тапқандай.
Бұл анаған тағы қарады. Көзін жұмыңқырай, танауымен ауа біткенді өкпесіне жинап алатын адамша кең тыныстап келеді екен.
Одан соң «Мен де осы әумесер өмір сүріп жүрген әлемдемін бе?!» дегенге саятын сауалға жауап алу үшін жан-жағына қарады. Төбеде – шақырайған Күн. Төменде – лайсаң Жер. Ауада – «сенбіліктерден» хабар беретін түтіннің иісі. Мырс етті(!) Жоқ, … «пырс» па, «бырс-с» па, әйтеуір ерні мен мұрнынан осыған жуықтау бір дыбыс шығып кетті.
Табан жолынан көзін алмай жылдам адымдады. Кідірген де емес-тін. Тек ойы бөліне берген.
– Махаббаттың мезгілі ғой, шіркін!
Анау әлі қалмай қатарласып келеді екен (!)
«Айналайын, қарағым, сөйлесуге зауқым жоқ! Жайыңа баршы!» дей жаздады да, бөгеліп қалды. Өйткені таныды! Оның жайнаған жанарын көріп, базбір өткен шақтағы өзін таныды.
«Махаббат бар ма өзі?.. Жүрегіңде отырып алып сайраған бұлбұл сағымға айналғанда көрер ме еді сені!»
– Қандай махаббат? – деп бұл алғаш рет тіл қатты. Өзге түгіл өзінің құлағына оғаш естілетін осындай сұрақ қойыпты. Сезімге деген қатқыл көзқарасын барынша жұмсартып жеткізген түрі.
– Жігіттің қызға, қыздың жігітке асық болуы. Махаббат ұғымының ауқымы кең ғой… – Шабыттана сөйлеп келеді. Бірақ бұның көзіне қарамайды. Оның назары бағытталған дүниені таппақ болды – бұлыңғыр. – Ананың баласына деген риясыз махаббаты. Әкелік сезім. Перзенттік көңіл. Достық ықылас. Жалпы адамның адамды жақсы көруі. Ит пен иесінің арасындағы… Көп қой! Керек десеңіз, анау тұрған терекке деген пейіл. Мына тасқа деген жылылық! Құдайдың күллі жаратылысын сүю! Күллі жаратылысты.., – деп қайталай түсті, алақанындағы тасқа қарата айтқандай.
Тыңдаушының аузы ашылып қалды. «Мынауың көсілейін деді-ей! Ха-ха-ха!.. Шүйіркелестін жан кезікпей жүрген бәле ме өзі?!»
Аяғының астына қараған күйі жүрісін жылдамдата түсті. «Құдай дейді-ей! Хы!..»
Анау да жаяу жарыста бір елі қалысатын емес. Еліріп алған ба, қайта.
– Біз, адамдар, неге жануарларды өзімізден төмен санаймыз, осы?! Мейлі, олардың санасы жоқ болсын. Әйткенмен жандары бар ғой! Яғни сезім бар…
Мынау тоқтай қалып, анаған жалт бұрылды. Бүкіл денесімен. Бұдан әріге шыдай алмады. Оны бастан-аяқ көзімен шолып өтті. Аңдамапты екен (!) Жүрісі, сөзі, енді сықпыты да шошытты. Не адамнан, не тағдырынан соққы алған бейбақ деп түйді. Солайша тезірек қашуға ұйғарғанында, ойын жүзеге асырудың амалын да тапты.
– ЦОН-ға барамын, – деді де, жолдың бойындағы ғимаратқа шапшаң беттеді. Арқа жағынан шыққан «Мен күте тұрам!» деген сөзді естіді, есікті ашып жатып.
Қасақана біршама бөгелген соң тысқа шықса – анау жоқ. Тек бұл келгенде аулада жүрген күзетші темекі шегіп тұр.
– Кешіріңіз, жаңа осында … менің жанымдағы жігіт кетіп қалған ба? – деп сұрады бұл, қуанышына әбден сенімді болғысы келіп.
– Кім? Қандай жігіт? – Күзетшінің бет-әлпетінен таңырқау анық білінді.
– Қасымдағы. Маған ерген.
– Жалғыз келдіңіз ғой!
– ???
Басына – шляпа, үстіне – пальто, аяғына резеңке етіктің сыртынан калош киген, еңкейіп алып ебедейсіз қимылдаған, басын төмен сала күбірлеп келе жатқан бұл адам күзетшіге әу баста-ақ қораш көрініп еді…

Бекзат Алтынбек
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика