Кітап құндылық болудан неге қалды?

14 июня 2019

Кітап құндылығыКез келген адам ақыл иесі ретінде өмір сүруге және өзінің білімін жетілдіріп отыруға міндетті. Білімді жетілдіруге қажетті құрал – ол кітап. Ал кітапты құрастыратындар кімдер? Мықты ақыл ой иелері емес пе?

Ендеше, кітап мықтыларды дайындап ғана қоймайды, сонымен бірге тәрбиелейді деген сөз. Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек, оқымай ойлау – қауіпті» дейді. Ал Сенека болса: «Қорғанды оқудан ізде, сонда сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың» дейді.

Яғни, кітап адамды көбірек ойландырады екен. Албырт сезімімізді тежеуге, ішкі ойлау күшімізді арттыруға себеп болады. Кітап – ол дос, жұбатушы, басшылық қабілетімізді арттыратын көмекші құрал.

Жақында «Астана» арнасындағы «Біздің уақыт» бағдарламасында жазушы Дидар Амантай бүгінгі түрлі қылмыстық оқиғалардың дендеуіне кітап оқымауымыздың кесірі тиіп отырғанын жеткізді. Нәрестесін қоқыс жәшігіне тастаушылардың саны артуы, алты жасар баланың жоғалуы, алты жастағы баланың пышақталуының себептері осыған саятын секілді. Қазір әлем әдебиетін былай қойғанда, қазақ әдебиетінің өзі оқылмайтын дәрежеге жетті. Кітап оқылмаған кезеңде ұрпақтың да тәрбиесінің бұзылуы заңдылық емес пе? Алайда, бүгінгі әдеби агенттер кітапты тауар ретінде саудалағысы келеді. Кітап тауарға айналар болса, онда біз оны ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде қалай пайдаланамыз?

Ақын Аманхан Әлім бұл ойымызды былай жұптайды: «Әрине, тәрбиелейді. Бірақ ол көп жылдық жеміс сияқты. Жемісін бірден бермейді. Алдымен жан-жүрегіңе әсер етіп, сана-сезіміңе ықпал етеді де, бірте-бірте ойыңа да, бойыңа да сіңіп, ақыры уақыт өте жемісін береді. Білімді әрі білікті азамат ретінде эволюциялық жолмен қалыптастырады. Сөз жоқ, оның арасында адами-азаматтық басқа да процесстер жүріп жатады».

Кеңестік кезеңде оқырман кітапқа үйір болды. Қой баққан қойшы да, ой баққан ойшы да қойнынан кітабын тастаған жоқ. Ол әдебиет бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, ана тілінің кәусарына шомылдырып өсірді. Алайда, тәуелсіздік алған жылдардың бедерінде кітаптан бедел кетті. Мұның себебі неде? Оқырман кітаптан гөрі телехикаяларға әуес болып алды. Телеарналарды жаулаған сериалдар кітаптың орнын алмастырды деген пікірді алға тартушылар да көп. Дегенмен кітап пен оқырманның арасының алшақтауының себебін бір сөзбен түсіндіру қиын.

«Жамбыл» атындағы жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі Ғазиза Құдайберген: «Өз басым әлі күнге кітап пен газет журналда жазылған дүниелерге құдайдай сенемін. Қазір кітап деген құдіреттімнің де қадірі кетіп барады. Екінің бірі баспа ашып, қалаған дүниесін шығара беретін болды. Сондықтан мен кез-келген кітап емес, жақсы кітап тәрбиелейді дер ем.Кітап оқудың пайдасы ұшан-теңіз ғой. Білімді боласың. Білімді адамның алмайтын қамалы жоқ екені даусыз. Ой-өрісің дамиды, сөздік қорың көбейеді, есте сақтау қабілетің артады, одан бөлек кітапта шекара жоқ, рахат. Сүйікті кейіпкерлеріңмен бір өзің…Адам кітапты өзі үшін оқиды емес пе?! Енді кітапты елеп-екшеп оқырманға жеткізетін кітапханаларды сақтасын деңіз…«Мен өзімнің кітаптарым жайлы айтылып жүрген магияға сенбеймін. Бірақ мен жақсы кітап оқығанда сіздің шындап бір керемет нәрсені бастан өткеретініңізге сенемін» дейді Джоан Роулинг. Өзім кітап оқығанда кейіпкерлеріммен бірге әр түрлі күй кешемін. Кітап оқып отырған адамның өзіне қарап-ақ бой түзей беруге болады. Сол үшін кітап оқуды қайтадан сәнге айналдыру керек-ау. Ұрпақ тәрбиесі үшін. «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» дейміз Абайды қайталап» дейді.

Демек, жақсы кітаптың салмағы бар. Білім алуға да, ғылым жинауға да кітап қажет. Кез келген кітапты оқымасаңыз да, ара-тұра, жақсы кітапты жанға серік ету пайдалы. Ал ақын Қалмаханбет Мұхаметқали: «Менің ойымша, кітапты тәрбиелі адам ғана оқитын сияқты. Рас, мына заманда білімсіз адам жоқ. Бірақ білімді болу дегеніңіз – тәрбиелі екендігіңіздің өлшемі емесқой. Жә, бұл үлкен әлеуметтік мәселенің тақырыбы! Нақтылағанда, кітап оқырманды тәрбиелейді. Оқыса, әрине… Өкініштісі, қазіргі кезең кітап оқылмайтын уақыт сияқты. Адамның рухани тәбеті шаппай тұрғандай…Өтпелі кезең екендігіне сенгің келеді.. Өзімнен, айналамнан мысал келтірейін: біздің балалық шағымыз Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабымен өтті. Тәрбиелендік. «Түбі адам болатынымызға» сенімді едік. Кітаптың шынайылығы сонда! Біз, тіпті «Мың бір түнді тығылып оқысақ та, тәрбиелік мәнін ұқтық. Қазір таң қаламын, сол кітапта біз енді дүрлігіп жазып жүрген «еркекпен еркектің жанасуы» жайлы элементтер бар еді, ондайлардың басы алынатын еді Халифтің әмірімен. Оқыдық, жирендік. Сол жиреніш әлі күнге дейін бар. Тағы да кітаптың қуаты! Сосын біз қазір кітап оқитынымызды ауа жұту сияқты қажеттіліктен гөрі, мақтан ба, басқа ма, бір себеп үшін жарнамалайтын сияқтымыз. Мысалы, жақында бір өте белгілі бауырымыз кітап сатып алды. Кітапта мін жоқ, мен ала алмадым. Ақшам жетпеді. Әрі ана жігіттен алып оқып шығармын дедім. Соңғы бір ай бойына ол кітапты оқуға үлгермеді. Ақыры жоғалды. Көлігінде жүріп, қолды болыпты. «Ол кітапты жұрттың бәрі сатып алып жатқасын, ала салып ем, не кереметі бар дейсің» болды менің кейісіме жауабы. Айтпақшы, кітап оқуға барлық мүмкіндік бар қазір. Түптелген қағазды қорсынсаңыз, смартфонға толығымен жүктеп алып, саусақпен түртсеңіз жетіп жатыр. Демек, оқымауға себеп жоқ. Сылтау…адамның өзінің тәрбиесіздігі» дегенді алға тартады.

Бір жылда кітабын екі рет шығарып, оқырманға таратқан ақын Ырысбек Дәбейдің ойынша: «дұрыс кітап оқырманды тәрбиелейді». Ол «Әуелі көктен түскен төрт кітап оқырманды (адамды) тәрбиелеуге түсті емес пе?! «Өлтіретін молда, өлмейтін кітап бар» дейді қазақ. Яғни, «адам қолымен жазылған кітаптардың бәрі оқырман тәрбиелейді» деп кесіп айтуға да болмас, оның ішінде оқитыны да, өртейтіні де толып жүр» деген пікірде.

Әлемдегі ең үлкен кітапхана Отырар мен Александрия кітапханалары туралы жиі естідік. Отырар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасындай дүниежүзіндегі ең үлкен кітапхана болып келген. Елімізде 1930 жылдары 290 бұқаралық кітапхана болса, 1939 жылы олардың саны 3304-ке жеткен. Кітапханалардың саны неге бұлай күрт артқанын түсінуге болады. Рухани азық беретін кітаптар адамзатты тәрбиелеудің басты құралы екенін білгендіктен осындай харекетке барды. Кітапты құдіретті құндылық, білім көзі, өмір ұстазы санауымыздың басты себебі осында. «Адамды адам ететін – кітап, адамзат ететін – кітапхана» деген сөз де бекер айтылмаса керек-ті.

Бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта одан көзі ашық, көкірегі ояу адам қалыптасады. Әрі кітап оқудың тағы бір артық қасиеті – миды жаттықтырады. Неге Абай дара? Өйткені ол өз білімін өз бетімен ізденуінің арқасында жетілдірді. Шығыс пен батысты қатар меңгерді. Шығыстан да, батыстан да ой түйді, қажетін алды. Максим Горькийдің «бойымда артық жақсылық болса, оның бәрі кітаптың арқасы» деген сөзі де бекер емес. Кітапты қай кезде де оқыса да жарасады. Кемел ойлы азамат болып қалыптасудың жолы осында. Салауатты, сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – адамзаттың ұлы мұраты.

Түйін: «Өзінің биік, таза рухани қасиетімен кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады.

Кітап – адамзат баласына ағарту һәм білім сыйлай береді. Кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпиялары сақталған.

Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Адамзат кітапқа өзінің қасиетті сезімі мен жан жылуын сеніп тапсырған. Кітап біздің алға жылжуымызда, катаклизмдерден арылуымызда, адамгершіліктің биік шыңына көтерілуде өлшеусіз ақыл қосады.

Кітап – ең сабырлы ұстаз. Тек кітап қана қайырымдылық пен айуандықтың, ақиқат пен жалғанның ара жігін айнытпай танып білуге үйретеді» дейді Елбасы.

Гүлзина БЕКТАС

aikyn.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика