Кітап көрмесі көпшіліктің көзайымына айналды

16 ноября 2017

Бүгінде қоғам өкілдері елбасының тапсырмасымен жасалған латын әліпбиін қызу талқылап жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында М.Әуезов атындағы кітапхана жүйесінің жетінші филиалы «Латын және Қазақстан» атты шараны қаламыздағы «Таис» баспаханасы мен бірлесіп өткізді.

Шара барысында кітап көрмесі де көпшіліктің көзайымына айналды. Кітап көрмесіне латын әліпбиі жайындағы газет-журналдарға шыққан материалдар қойылып, копшілік те көкейіндегі сұрақтардың көпшілігін осы материалдардан тапты. Жаңа әліпбиге арналған жоба латын графикасындағы кейбір әріптердің қалай жазылуы және калай айтылуы туралы пікірталас сабақ ретінде жүргізілді. Бұл сабақ мекемедегі жұмыскерлерді қызықтырып, үйреніп көрсек деген құлшыныстарын да арттыра түсті. ХХI ғасыр –ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында үстемдік жасаушы-ол латын графикасы десек те болады. Сонымен қатар баспахана қызметкерлеріне латын әліпбиі туралы презентация жасалып, таныстырылды.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2013 жылғы халыққа жолдаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы» жолдауында да «2025 жылдан бастап латын әліпбине көшуіміз керек» деген. Біздің шаң басып жаткан мұрағаттарымызды ақтарсақ, көптеген мұраларымыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Сондықтан біздер латын әліпбиіне көшсек, 1940 жылға дейінгі баға жетпес бай мұраларымызды да кеңінен зерттеуге мүмкіндік туар еді. Мәселен, Алаш арыстарының бірқатар еңбектері латын әліпбиімен жазылып, халықтың кәдесіне аспай жатқаны жасырын емес. Бүгінде сала ғалымдары жаңа әліпбидің нұсқасын жасап, оны тәжірибе барысында сынап көрмек. Осынау мамандардың пікірінше бұл жоба халқымыздың жазу-сызуына, тұтас болмысына ықпал жасайтындықтан латын графикасына көшу үрдісі кезең-кезеңмен жалғасады. Қазіргі таңда да шетелдегі білім-ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа бағдарламаларға ағылшын тіліндегі латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Келешекте латын әліпбиіне көшкенде халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді. Яғни, ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. 2025 жылдары мемлекеттік тұрғыда жаппай латын әліпбиін игерген кезеңде саяси, ғылыми, үлкен өзгерістер болуы мүмкін екендігі де күмән тудырмайды. Сол себепті алдағы өзгерістерге бүгіннен бастап мұқият дайындалған дұрыс.

М. Әуезов атындағы № 7-ші кітапхана ұжымы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика