Қисынсыз өтірік немесе Нобель сыйлығымен марапатталған қазақ

22 сентября 2018

nobel.-dostaiБаяғыда Қожанасыр халықты қатырып алдамақшы болып, елге жақындағанда есегіне қамшыны басып беріп, ауылға шауып кіріпті. Ойбай, Қожеке сізге не болды, бала-шаға емессіз мына шабысыңызға жол болсын дегендерге: -Ана жақта алтын жауып жатыр, соған қапшық алайын деп үйге келе жатырмын, -депті ол түтігіп. Мұны естіген халық қапшық, дорбаларын алып Қожекең сілтеген жаққа жүгіреді ғой. Олардың алданғанына қарап, біршама күліп тұрған Қожекең біраздан соң ешкім қалмай, бәрі жүгіріп кеткенде, ойпырмай, шынында алтын жауып жатпасын, бәрі де кетіп қалыпты ғой, деп өзінің өтірігіне өзі де алданып, қапшығын ала жүгірген екен…
Сол сияқты, қазір Интернетте жауапсыз жаңалықтар, өтірік деректер шықса болды, оның тегін тексермей, кейбір сенімді деген ақпарат құралдарының өзі көшіріп баса беретін болды. Сөйтіп, халықпен бірге өзі де оп-оңай алданып жатады…
Салмақты сөйлейтін, ойлы дүние айта алатын басылымның бірі сияқты көрінген соң «Қазақ үні» сайтын анда-санда қарап қоятын әдетіміз бар еді. Осы сайт 5 желтоқсандағы санында «НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫМЕН МАРАПАТТАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ» деп айғайлатқан мақала беріпті. Ойпырмай, мынау шын ба, шын болса сенсация болды ғой, біз қалай естімедік? Басқа ақпарат құралдары не ғып үнсіз жатыр, қашан алды екен, кім болды екен деп шұқшия қарап, оқып шықтық.
Сөйтсек… сайт деректі көп адам біле қоймайтын басқа бір сайттан алыпты. (Жарнамалау үшін оның дерегін жазбадық). Осы сайт қазақ азаматы Достай Раманқұловтың сонау… 2005 жылы МАГАТЭ-де істеп жүргенде Нобель сыйлығын алғанын жазыпты. Тіпті үзіп-жұлып бір кездерде басқа басылымдар да осылай жазған екен.
Егер бұл оқиға шын болса ендігі төбемізге көкке жеткендей қуанып, Достайдың атағын аспанға шығарар едік қой. Өйткені, Нобель сыйлығын алу деген… адамзаттың мойындауы дегенді ұқтыратын ерекше атақ. Мәселе тіпті оның ақшасының көптігінде де емес, атағының әлемдегі ең зорлылығында.
Енді мына жалған ақпараттың жайын айтып көрейік. Нобель сыйлығын алушыларды жыл сайын тұтас институттар мен академиялар анықтайды. Сыйлыққа ұсынылған жүздеген еңбектердің арасынан физиология мен медицина саласынан лауреат болатын еңбекті Каролин институты, әдебиет саласының лауреатын Швед академиясы, физика мен химия салаларының лауреатын Шведтің корольдық ғылым академиясы, ал әлемдік бейбітшілік сыйлығының лауреатын Норвегияның Нобель комитеті анықтайды. (Бұрын швед пен норвегтік уния бір болып, 1905 жылы ғана бөлінген. Сондықтан Нобель сыйлығының бір саласы бойынша лауреатты белгілеу норвегтіктердің үлесіне тиген).
nobelТіпті бұл ұйымдар өздері де анықтамайды, тек олар жауапты деп саналады. Ал лауреатты анықтайтын әр саланың білікті мамандарынан тұратын халықаралық комитеттер. 1969 жылдан бері Швеция банкісінің бастамасымен экономика саласы бойынша да сыйлық беру белгіленді. Осыдан кейін Нобель сыйлығының қоры номинациялар санын көбейтпеу туралы арнайы шешім қабылдады. Айта кететін жайт, Альфред Нобельден қалған байлық бүгінгі бағаммен 250 млн. долларға тең болған. Ал сыйлықтар осынша қаражаттың құнды қағаздарға салған өсімінің есебінен төленеді. Сондықтан ол жыл сайын өзгеріп тұрады. Бірақ осы уақытқа дейін 1 млн. АҚШ доллары көлемінен түсіп көрген емес.
Енді 2005 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы туралы айтайық. Осы жылдың желтоқсан айында Норвегияның астанасы Осло қаласында халықаралық МАГАТЭ ұйымына және оның басшысы Мұхаммед әл Барадейге ядролық қуатты әскери мақсатқа жұмсауға қарсы жасаған әрекеттері үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Сөйтіп, бір сыйлық ұйым мен оның төрағасына бөліп тапсырылды. Ұйымның атынан сыйлықты Басқарушылар кеңесінің сол кездегі төрағасы Юкия Амано (Жапония) қабылдады. Ал Мұхаммед әл Барадей өзіне тиесілі бөлікті өзі қабылдап, төсіне Нобель сыйлығының алтын белгісін қадатты. Сөйтіп, 2005 жылғы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына МАГАТЭ ұйымы мен оның сол кездегі төрағасы Мұхаммед әл Барадей ие болды деп алтын әріптермен нобелдік кітапқа жазылды.
Бар оқиға осы. Ал біздің жазғыштар осы сыйлықты сол кезде МАГАТЭ-де қызмет ететін Достай Раманқұлов та алды деп қойыпты. Қазір халықаралық ұйымдарда қызмет істейтін қазақ жігіттері мен қыздары толып жатыр. Достай да соның бірі. Ол МАГАТЭ-ге берілген сыйлықтан басқалармен бірге үлес алуы мүмкін, алайда бұл Нобель сыйлығының иегері болды деген сөз емес. Сондықтан оны «қазақтан шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының лауреаты» деп даңғазалау орынсыз.
МАГАТЭ мен М.Ә.Барадейдің есімдері осы жылы 200 үміткердің арасынан таңдап алынған. Тартыстың қаншалықты қиын болғанын осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан бүйрегіміз қанша бұрып тұрса да қол жеткізуі өте қиын сыйлықты өз қандасымызға оп-оңай тели салғанымыз… жұмсартып айтқанда ұят болады.

Жақсыбай САМРАТ,
журналист


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика