Киелі жерлер картасына кіретін нысандар талқыланды

30 Қазан 2017

Киелі жер. Қазақ баласы үшін Қазақстанның әр өңірі, тау мен тасы, өзен мен көлі киелі. Қай өңірге барсаңыз да «біздің топырақ киелі ғой, жарықтық» деп отырған ақсақалды қарияны кездестіретінің анық. Бұл ұғым бізге қанмен берілген және ұлттық ерекшелігіміз болып қалмақ. Мұны Елбасымыз да жақсы түсінеді. Сондықтан да Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» жасауды тапсырды. Алдағы уақытта халыққа ұсынылатын бірегей картағы Қарағанды облысынан 19 нысан кіргелі отыр. Бұл туралы отырысына «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы Қарағанды облысына келген сапарында мәлімдеді.

 

«Карта жалпы болады. Республикалық деңгейде киелі деп танылған жерлер бір түспен, аймақтық киелі орындар басқа түспен боялады. Қарағанды обысында бастапқыда 16 киелі жер белгіленеді деп жоспарланған болатын, алайда тұрғындардың және аймақтық Мәдениет басқармасының өкілдерінің ұсынысы бойынша картаға республикалық деңгейдегі – 19 жер және 54 – аймақтық белгіленбек. Барлық киелі жерлер көрсетілген нақты бекітілген тізім жуырда жарияланатын болады», – деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Қарағанды обыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен кездесуде еліміздің киелі жерлерінің картасына кіретін жергілікті тарихи көрікті мекендердің тізімі талқыланды. Талқылауға аталмыш жобаны қолға алған жұмыс тобының мүшелері,  «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері мен өлкетанушылар қатысты.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, жоба аясында халық киелі деп санайтын жерлердің барлығы қамтылады. Рас әу баста жүз орынды анықтау туралы тапсырма болған еді. Бірақ бұл республикалық маңызы бар нысандар үшін. Сонымен қатар өңірлік маңызға ие жерлер де тізімделеді және оларға ешқандай да шектеулік жоқ.

Кездесу барысында Берік Әбдіғалиұлы жобаның негізгі мағынасына да терең тоқталып өтті. Айтуынша, бұл қандай да бір діни немесе ғылыми емес рухани жоба болмақ. Мұнда  халық жадында түрлі аңыздармен сақталып, киелі ұғымына ие болған нысандар ғана ескеріледі. Әрі осы ауқымды жобаны жүзеге асыру арқылы біз көп нәрседен ұтатын боламыз. Ең алдымен жастарды туған жерін сүйуге тәрбиелейміз. Олардың өңір тарихымен сусындауына мүмкіндік береміз. Сондай-ақ біріңғай картаның болуы отандық және шетелдік турситер үшін қолайлы болмақ. Тарихтың ізі қалған өлкені көзімен көріп, аңызын тыңдау кімге де болмасын қызық екені анық. Тағы бір маңызы – діни фанатиктерге тосқауыл қойып, киелі өңірлерді дәріптейміз.

«Жоба бес жылға шақталған. Биылғы жылы ел арасында аса танымал, жалпы ұлттық деңгейдегі 100 нысанды анықтау міндеті тұр алдымызда. Біз ол киелі жерлерді бес санатқа бөлдік: ол табиғи, археологиялық-тарихи, діни ескерткіштер, сондай-ақ ғұлама тарихи тұлғалардың жерленген жерлері мен маңызды тарихи-саяси оқиғалар болған мекендер» , – деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Айта кетейік, бұған дейін тізімге Қарағанды облысы бойынша шамамен 50-ге жуық киелі жерлер енгені хабарлаған болатын.  16 нысан республикалық, ал өзгелері өңірлік  деңгейдегі орындар. Әйтсе де тізімді талқылау барысында бұл нысандардың қатары тағы да толыға түсті. Олардың қатарында республикалық тізімге енген Теміртаудағы Тұңғыш президент атындағы тарихи-мәдени орталық бар. Берік Әбдіғалиұлының айуынша, мұндай бірегей орталық Қазақстанның өзге қалаларында жоқ. Сондай-ақ Теміртау қаласы Елбасымыздың қызмет жолын бастаған өңірі. Сондықтан да оны киелі жерлер тізіміне қосу туралы шешім қабылданған.

Жергілікті өлкетанушылар мен тұрғындардың ұсынысы бойынша, тізімге  Ағыбай батыр мен Бердіқожа батырдың, Тәттімбет пен Мәдидің мазары енгізілді.

Республикалық деңгейдегі картаға Долинка кетіндегі  «Карлаг» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы енгізіліп отыр. Бұл біздің тарих. Кешегі қанқұйлы сталиндік дәуірдің қылмысын әшкерелейтін орын. Мұнда қан жатыр, халықтың қасіреті жатыр. Сонысымен де киелі.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика