Кеңестік атаулармен рухани жаңғыра алмаймыз

26 Желтоқсан 2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасалатын негізгі шаруаның бірі ономастика мәселесі болса керек. Өйткені елімізде кеңестік кезеңнен қалып кеткен жер-су атаулары жетерлік. Әсіресе, мұндай атаулар еліміздің солтүстік өңірлерінде әлі күнге дейін сіресіп тұр. Міне, осылардан арылып, ұлттық нақыштағы атауларға бет бұру – заман талабы. Алайда біздің бұл ойымыздың жүзеге асуы халық санына тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн. Оны Ақмола мен Павлодар облысындағы ономастика дауында анық аңғардық.

Солтүстік Қазақтан ғана емес, сонымен қатар қазағы қалың кейбір өңірлердің өзінде ономастика мәселесі ақсап тұр. Мысалы, Жамбыл облысының Тараз қаласындағы көше әлі күнге дейін Ленин атымен аталады. Сондай-ақ жуырда Алматы қала­сындағы Фурманов көшесі Елбасының құрметіне Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп аталатын болды. Тізе берсек, осындай көше аттарынан көз сүрінеді. Әйтсе де, соңғы кездері ономастика мә­селесіне байланысты бірлі-жарым болса да жұмыстар жаса­лып жатқандай.
Мәселен, таяу уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданның аты қазақшаланатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді. Қазіргі таңда аталған облыста көшелерді айтпағанда, аудан мен ауыл атауларының өзі қазақ тілінде емес. Айталық Шемонаиха ауданында 11, Глу­бо­кое ауданында 17 ауылдық округтің атауы орыс тілінде.
– Глубокое ауданында бір­қатар атаудың орыс тілінде екені рас. Шемонаиха ауданында да жағдай осындай. Әрине, біз ономастикамен айналысуымыз қажет. Түптің түбінде, елдіме­кендеріміз тарихи атауын алады. Бұл Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарына да қатысты. Бірақ бір ескеретін жайт бар. Мәселен, Шемонаиха ауданында 20 пайыз қазақтар болса, қалған 80 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Сондықтан да біз объективті болуымыз керек. Нақтырақ айт­сам, сол аудан тұрғындарының мүд­десін ескеруіміз қажет. Қазір осы бағытта жан-жақты талдау жүргізіп, атауларды қазақшаға ауыстыру мәселесімен айналысып жатырмыз, – деді облыс басшысы.
Даниал Кенжетайұлының сөзіне сенсек, өңірде ономастика мәселесіне байланысты жұмыстар жасалып жатқан көрінеді. Алай­да ол бұл мәселені түбегейлі шешуде халықтың талап-тілегі ескерілетінін тілге тиек етіп отыр.

АҚМОЛАДАҒЫ АЙҚАС АЛАШТЫҢ ПАЙДАСЫНА ШЕШІЛДІ
Жуырда Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласының бұған дейін орысша аталып келген 60 көшенің 58-і қазақшаланды. Нақтырақ айтсақ, «Капцевич», «Комсомольская, «Черемушка», «Трудовая» секілді көшелер Оқжетпес, Әлдебек би, Бапан би, Үмбетей жырау, Б.Әшімов деген атаулар алды. Белгілі ақын әрі Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының директоры Алмас Темірбайдың айтуынша, 58 көшенің атын ауыстыру оңайға соқпаған. Әйтсе де, біраз айқай-шудан кейін ұлттық мәселе оңынан шешілген.
– Кеңестік кезеңде Көкшетау қаласында қойылған атауларды ауыстырудағы күресіміз нәтижелі аяқталды. Жиын­да қазақтың мысы басып тұр­д­ы. Көпшіліктің қолдауымен, депутаттардың дауысқа салуымен күн тәртібіне қойылған 60 көшенің 58-нің атауы қазақшаланды. Қалған 2 кө­шенің тағдыры кейінгі жина­лыс­тарда шешілетін болды. Негізі, біле білген адамға 58 көшенің атын ауыстыруда аз жеңіс емес. Шыным­ды айт­сам, біздің басты мақсатымыз орындалды. Бұ­ған дейін Facebook пен Insta­gram желісінде жарияланған посттарда орыстар мен орыс­тіл­ділер «Көше атауларын неге өзгерте бересіздер?!», «Қаражатты басқа мақсатта жұмсайық, көше аттары солай қала бергені дұрыс» деген сыңайда керітартпа пікір білдірген болатын. Сондай-ақ олар «Капцевич деген көшені қазақшалап не керек? Ол – Көкшетау қаласының негізін қалаушы» деп айтқан еді. Шын мәнінде, Капцевич деген отарлаушы орыс әскерінің қаныпезер генералы екені, ол туралы Гоголь мен Герценнің өзі сыни мақала жазып, теріс пікір білдіргенін олар қаперлеріне алғысы келмейді, – дейді ақын.
Көкшетау қаласындағы орыс тіліндегі 60 көшенің 58-нің бір­ден қазақшалануы қуанышты жаңалық. Өйткені біздің кеңестік кезеңдегі жер-су атауларынан арылмай, «Рухани жаңғыруымыз» мүмкін емес. Әйтсе де, ономастика мәселесінде халықтың жан санының басты рөл ойнайтынын ескерген жөн. Себебі, Алмас Темірбайдың «Жиында қазақтың мысы басып тұрды» деп жазуы тегін емес. Қазіргі таңда Ақмола облысындағы қазақтың үлес салмағы 50 пайыздан жоғары болып тұр. Бұған – облыстың Астананың іргесінде тұрғаны әсер етті деп есептейміз.

КЕРЕКУДЕГІ КЕРІСУ НЕНІ КӨРСЕТТІ?
Павлодар облысындағы мем­лекет құрушы ұлттың да үлес салмағы 50 пайыздан жоғары. Алайда Керекудегі Ленин көшесінің Астана болып өзгеруі қиынға соққан тәрізді. Өйткені өзге ұлт өкілдері әртүрлі сылтаулар айтып, қаланың қазақылануына қарсы тұрғанын БАҚ арқылы естіп, біліп отырмыз. Жалпы, Кеңестік кезеңдегі көше аттарын ауыстыру мә­селесі көтерілгенде қала қазы­насына қабырғасы қайыса қалатын азаматтар баршылық. Олардың айтуынша, бюджеттен қыруар қаржы шығарып, көше аттарын ауыстырудың қажеті жоқ. Әйтсе де, сала мамандары бір көшенің атауын өзгертуге небәрі 300 мың теңгедей қаражат жұмсалатынын айтады. Бұл, әрине, қала қазынасына салмақ салатын қыруар қаржы емес. Десек те, өзге ұлт өкілдері кеңестік кезеңде қойылған көше аттарынан арылмай отыра бергісі келеді. Мысалы, қалада Ленин көшесінен басқа, Кутузов пен Суворов сынды көше аттары жетерлік. Белгілі ақын әрі жергілікті азамат Арман Қанидың айтуынша, аталған атау­лар­дан арылып, ұлттық батыр­ла­рымызды ұлықтауымыз керек.
– Ленин көшесінің атауын «Астана» деп өзгерту мәселесі бойынша өткізілген қоғамдық тыңдауда жаңа атауға 8 депутаттың тек біреуі ғана қарсы шықты. Қалалық мәслихаттың сессия­сын­да 20 депутаттың бәрі бір кісі­дей қолдап дауыс берді!
Бұл – жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтың шебі бұзылды деген сөз. Енді алдымызда – Куту­зов пен Суворов көше­ле­рін қаза­қы­ландыру мақсаты тұр. Екеуі ре­сейліктер үшін қаһар­мандар саналғанымен, қазақстандықтар үшін ешкім емес. Большевиктер 1919 жылы атып тастаған пат­ша­­зада Павел Романовтың да Ер­тістің Кереку – Баянауыл өңі­рі­не еш қатысы жоқ еді. Өкі­ніш­ке қа­рай, олардың есімдері әлі күнге де­йін әспеттелуде. Осы өңір­ді сырт­қы жаулардан қорғаған Ол­жа­­бай, Жасыбай, Малайсары ба­­­тырлардың атында көше жоқ, – дейді Арман Қани.
Негізі, Тәуелсіздік үшін күрес­кен тұлғалардың атында көше болмай, керісінше отарлаушы елдің азаматтарының аты әспет­телуі жақсылықтың белгісі емес. Егер біз шын мәнісінде «Мәңгілік ел» боламыз деп алдымызға мақсат қойып отырсақ, онда мемлекеттің саясаты ұлттық негізде жүзеге асуы керек. Өкінішке қарай, біздің әкім-қаралар «Рухани жаңғыруға» қатысты тамаша баяндама жасағанымен, ономастикадағы түйткілді мәселеге жүрдім-бар­дым қарап отыр. Әйтпесе, елі­міз­дегі ауыл мен қала аттарын айт­пағанда, қарапайым көше аттарын қазақыландыруға болар еді ғой.

ОНОМАСТИКА МӘСЕЛЕСІНДЕ АСТАНА ҮЛГІ
Шыны керек, Павлодар қала­сындағы Ленин көшесі Әлихан Бөкейхан немесе қазақтан шық­қан басқа бір тұлғаның атында аталсын десек, бұл мәселе тез арада шешілмес еді. Жергілікті зиялы қауым өкілдері мен белсенділер «Ленин көшесін – Астана деп ауыстырамыз» дегеннен кейін амалсыздан келіскен тәрізді. Алайда біз солтүстік өңірлердегі мыңдаған көшенің барлығын бірдей Астана деп ауыстырып, ел-жұртты шатастыра алмаймыз ғой. Сонда не істеу керек? Негізі, ономастика мәселесінің оң ше­ші­луіне мемлекет құрушы ұлттың жан саны басым болуы керек. Мысалы, бүгінде Астана қаласындағы қазақтардың үлес салмағы 75 пайыздан жоғары болып отыр. Осының арқасы болуы керек, елорда көшелерінің басым көпшілігі ұлттық атауларға ие болған. Астанадағы қазақтар 50 немесе одан аз болса көше аттарын көңілдегідей шеше алар ма едік?
Мәселен, 1979 жылғы халық санағы бойынша Целиноград қаласындағы қазақтардың үлес салмағы 14 пайызды құраған. Бұл дабыл қағып, алаңдауға негіз болатын жағдай болатын. Алайда Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде «Бұл қалай?» деп мәселе көтерудің өзі қиын еді. Ұзын сөздің қысқасы, ол кезде орыстануға қарсы тұрар­лық қауқар болмады. Тәуелсіздік алып, өз астанамызды ауыстырғаннан кейін орыстанудан қазақтануға бет алдық. Шын мәнісінде, Қазақ елі Тәуелсіздік алып, етек жеңімізді жинай бастағаннан бастап, Астанада қазақтардың саны біршама арта бастады. Мысалы, 1998 жылы Астана халқының саны 300,5 мың адамға жетіп, қазақтардың қарасы көбейді. Арада 10 жыл өткенде, яғни 2009 жылғы халық санағы бойынша Астанадағы қазақтар саны 613 006 адамға жетті. Бұл – қалада қазақтардың үлес салмағы 69,4 пайызға жеткендігін білдіреді. Осы санақ бойынша, орыстар 5,6 пайызға, украиндар 29,3 пайызға, беларустар 34,9 пайызға кеміген. 2009 жылғы санақ бойынша Астанадағы орыстар – 19,9 пайыз, украиндар – 2,1 пайыз, беларустар 0,6 пайызды құраған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кеңестік кезеңде қойыл­ған көше аттарынан арылу үшін қазақтың қарасы қалың болуы керек. Өкінішке қарай, еліміздің кейбір аймақтарында мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы 50 пайыз, тіпті 40 пайыздан төмен болып отыр. Мұндай жағдайда ономастикада ұлттық саясат жүргізу күрделі болып саналады. Әйтсе де, бұл мәселені шешуде халық санынан бөлек, жергілікті биліктің саяси ерік-жігері жоғары рөл атқаратынын естен шығармаған жөн. Мысалы, Жамбыл облысында қазақтардың үстемдігі 70 пайыздан жоғары болса да, Ленин сынды кеңестік кезеңде қойылған жүздеген көше бар. Міне, осы көшелерді жергілікті билік «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы шешсе, оларға ешкім қой демейді ғой. Бір қызығы, билік басындағы азаматтар кеңес­тік кезеңде қойылған жер-су атауларымен «Рухани жаңғыра» алмайтынын ескермей отыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика