Кенесарыдан коммунизм артық па?

29 января 2019

Күнделікті әдетімізбен «Фейсбукті» қарап отырғанбыз. Әлеуметтік желідегі досымыз, белгілі ғалым Омар Жәлелұлы жариялаған бір сурет елең еткізді. «Астана қаласында осындай ескерткіш тақта бар екен. Қай жерде екенін кім біледі?» деген сауал қойыпты Омар ағамыз. Білмегеннен кейін ескерткіш тақтаның анықтамасынан тірек сөздерді алып, ғаламтордан іздедік. Табылды. Есіл өзені жағалауында орнатылған болып шықты.

Ал енді бұл ескерткіш тақта кімнің немесе ненің құрметіне қойылған дейсіздер ғой. Анықтамасын қаз қалпында берейік. Онда: «Осы жерде 1919 ж. шілде айының 6 жұлдызында Камы­шиннің 38 партизаны патша үкіметінің адмиралы Колчакқа қарсы Маринов көтерілісіне қатысқандары үшін атылды» деп қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Колчак құрбандарына бұл ескерткіш 1967 жылдың 30 қыркүйегінде қойылыпты. Кейіннен жаңартылған. Қазір қарасаңыздар, бүгін ғана қойылғандай болып көрінеді.

Ақмола облысының Атбасар ауданында Мариновка кенті бар. Өткен ғасыр басында бұл кент тұрғындары «ақ» әскерге қарсы көтеріліпті. Көтеріліс атауы содан шыққан. Осы кенттің православ зиратында аталмыш көтеріліске қатысқан 2 мыңнан астам адам жерленген. Олардың ұрпақтары кентте әлі тұрып жатыр.

Жалпы аталған елді мекен әлі күнге дейін коммунизм заманында өмір сүріп отырған секілді. Кентте «күн көсем» Владимир Лениннің ескерткіші әлі күнге дейін мызғымай тұр. Бастапқыда 1919 жылғы оқиғаға арналып салынған жергілікті тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залдары да сол заманнан көп сыр шертетін тәрізді. Атап айтсақ, «Есіл бойындағы азамат соғысы» аталатын жеке зал жұмыс істейді. Көтерілісті бастаған Ирченко атына теміржол стансасы берілген.

Ал Астанада Ирченко көшесі бар. Біздіңше, бұл дәл сол көтеріліс басшысының құрметіне қойылған. Аталмыш көше елорданың ең бір көрнекті жерінің бірінде, Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында орналасқан.

Омар Жәлелұлы «Фейсбукке» салған суретін көрген соң да есімізге Кенесары түскен. Анығы, Ақмола, Астана тарихын бір кісідей білетін жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайылдың қазақтың соңғы ханына қатысты көтеріп жүрген мәселесі. Осы жылдың басында қаламгермен сөйлескенімізде де ол бұл ұсынысты қайта жаңғыртты.
«Қазақтың ең алғашқы бүкіл елді қамтыған ұлт-азаттық көтерілісі Ақмоладан басталған. 1832 жылы патшалы Ресей Ақмолада, қазіргі Қажымұқан Мұңайтпасов стадионының орнында бекініс салды. 32 рет зеңбірек атып, осы жерді билеп алғандарын мәлімдеді. Округ ашып, оның аға сұлтаны Әз Тәукенің ұрпағы Қоңырқұлжа Құдаймендин болады.

1838 жылы Кенесары бастаған қалың қол осында келіп, бекіністі шабуылдайды. Стадионның маңайында сол ұлт-азаттық көтеріліс тарихын баяндайтын монументті қоятын уақыт баяғыда келді. Тым құрығанда стадион қабырғасына ескерткіш тақта іліп қою керек. Үш жүздің батырлары бас қосып, елдің азаттығы үшін осы жерде соғысқан ғой» деген еді Алдан ағамыз.

Жазушының бұл ұсынысына қосылмасқа болмайды. Оның үстіне биыл Кенесарының Ақмола бекінісіне шабуыл жасағанына 180 жыл толып отыр. Алайда осындай ұлтқа керек мәселелерге келгенде шешуші органдар сылбыр қимылдайды. Мәселен, былтыр қалалық қоғамдық кеңес сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетов, аса көрнекті ғалым Рымғали Нұрғалиұлы, спорт сайыпқыраны Анатолий Храпатый тұрған үйлерге ескерткіш тақта орнату ұсынысын бірауыздан қолдады. Қала бюджетінен тиісті қаржы бөлініп те қойды. Бірақ арада бір жыл өтсе де, соның орындалғанын естіген жоқпыз.

Осылай бейқам отыра берсек, кеңес заманына қайта оралатын түріміз бар. Былтыр Қазан төңкерісінің 100 жылдығына орай Қазақстан коммунистік халық партиясының Ақмола облыстық комитетінің өкілдері Мариновка кентіне барды. Бұл туралы Атбасар ауданы әкімдігінің ресми сайтынан оқыдық. Сол сапар аясында коммунистер кенттегі қазақ мектебіне кіріп, ұстаздар мен жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізген. Сайттың жазуынша, жастардың ықыласы керемет болып, кездесу соңында қонақтарға «Сіздерді қайдан табамыз?» деген сұрақтар қойылған. Кенесарыдан коммунизм артық па? Біздіңше, қазір артық болып отырған секілді…

Аманғали Қалжанов
astana-akshamy


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика