Кенесары ханның Ақтау бекінісіне шабулы

29 Қазан 2017

1838 жылдың 22 маусымы. Сарыарқа төсінде салынған Ақтау бекінісін Кенесары ханның әскері қоршауға алды. Алдағы шайқас қазақ даласының тағдырын айқындамақ. Бекініс ішінде бақайшығына дейін заманауи қарумен жасақталған, орыстың тұрақты армиясы. Ал сыртта қаруы әлсіз, бірақ жүрегінде қазақтың қолынан шығып бара жатқан азаттықты қайтаруды көздеген жалын бар хан сарбаздары. Кім жеңбек? Қай әскердің айласы басым түседі?

 

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайық. Қазақ жерін отарлауды көздеген Ресей империясы шекаралық аудандарға әскери бекіністерді көптеп сала бастады. Әу баста бұл бекіністер сауда керуендерін қорғайды, жергілікті халыққа ешқандай қысым жасалмайды деген уәде берілген болатын. Бірақ іс жүзінде бекіністер сол өңірді мекендеген ру-тайпалардың шұрайлы жерін тартып алып, өздерін қу тақырға қарай ығыстыра түсті. Араққа бөгіп алған орыс әскерлері жақын маңдағы қазақ ауылдарын шауып, қыз-келіншектерді қорлады. Мұның бәрі көкірегінде намыс оты өшпеген азаматтарға ауыр тиіп, олар Ресейге қарсы қол жинаған Кенесары ханның әскеріне қосыла бастады.

Өз кезегінде Кенесары хан орыс билеушілеріне бірнеше мәрте хат жазып, Ақтау бекінісі мен оған жақын орналасқан әскери бекеттерді жою талабын қойды. Бірақ бұған империалистер бәлендей назар аудара қоймады. Хатына жауап болмаған соң Кенесары хан атқа қонып, бекіністі алмаққа бекінеді. Бірақ күш тең емес еді. Кенесары ханның жасағы шиті мылтықпен және найза, қылыш тәрізді дәстүрлі қарумен жарақталды. Ал орыс бекінісінде бірнеше зеңбірек және озық үлгідегі мылтық бар еді. Әрі қамалдың атты адам әрең сыятын жалғыз ғана қақпасы болды. Оның кіре-берісі шауып келген адамның жолын бөгейтін жалмен көмкерілген еді. Сондықтан шабуылдың баяғы әдіс-тәсілдері іске жарамай қалды. Хан кеңесшілерімен ақылдаса отырып, бекініске шабуыл жасаудан бұрын сарбаздарын тыңғылықты әскери дайындықтан өткізеді.

Тарихшы Темірғали Аршабековтің айтуынша, Кенесары әскерінің қолбасшылары Наурызбай батыр мен Ағыбай батыр бастаған сарбаздар бекіністен 50 шақырым қашықтықтағы Қорған тауларының ішінде тастан қамалдың үлгісін тұрғызады. Сол жерде сарбаздар қамалға шауып келіп, қарсы беттегі жалға арандап қалмай ішке өтудің әдіс-тәсілдерін меңгереді.

Дайындық аяқталып, шабуылға шығар сәт келді. Сарбаздардың бір бөлігі қамалдың ту сыртынан шабуыл жасады. Шайқас басталды. Орыс әскерлері Кенесары ханның айласына алданып қалды. Империяның әскері бар назарын қорғанның сыртқы бөлігіне аударған сәтте хан әскерінің екінші бөлігі Манақа өзенін бойлай өскен мойыл мен талдан түйе қомындай бума дайындайды. Осы буманы тасаланып, қақпаға жақын келіп садақпен оқ жаудырған. Жебенің ұшын ешкі майына суғарып, оған от қояды. Осылайша кіре-беріс қақпаны өртеп жібереді. Қақпа құлаған сәтте Наурызбай бастаған атты әскерлер өзен жырасына тасаланған жерін тастап, «Абылайлап» ұран салып бекініске кіреді.

 

Айдаһардың ордасындай айналасына жайпап, қазақ ауылдарының мазасын алған Ақтау бекінісі осылай құлады. Бекіністің құлауы Кенесары ханның ел арасындағы беделін бұрынғыдан да асқақтатып жібергендей еді. Бұрын екі ойлы болып жүрген ауылдар енді оның қарамағына өтіп жатты. Тарихшылардың айтуынша, Ақтау бекінісіне жасалған шабуылдан кейін Кенесары ханның әскері он екі мыңға дейін ұлғайған екен.

Ойлап қараңызшы, кез келген сәтте соғысқа кіруге дайын тұрған, арнайы жаттығудан өткен солдаттары бар, тиген жерін жайпап түсетін бірнеше зеңбірек орнатылған, озық үлгідегі әскери бекіністі басып алу, нағыз ерлік емес пе?

Бір айта кетерлігі, хан әскері бекіністі ұзақ ұстап тұра алмады. Өйткені оны ұстап қалу тым қауіпті болатын. Қазақ әскерінің қолындағы қару-жарақтың заманға лайық болмауы мүмкіндік бермеді. Бекіністі ұстап қалған жағдайда зеңбірекпен қаруланған орыс әскері оны оп-оңай басып алар еді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика