Кеңес дәуіріндегі эмиграциялық әдебиет

4 декабря 2018

Кеңестік дәуірдегі қазақ  әдебиетінің бір тармағы – эмиграциялық әдебиет. Эмиграциялық әдебиеттің тууына себепші болған әртүрлі  кезеңдегі  қуғын-сүргін, зобалаңнан сыртқа, шет елге қашып, ауып кеткен адамдар өмірі. Өз еліндегі қыспақтан әлемге тарыдай шашыраған қазақтардың тобы негізінен Қытай, Түркия, Еуропа  жерлерінде пайда болды. Қазақтар, әсіресе социализм бүлігінен көп теперіш көрді.

i

Сондай бір атақты, шет жердегі қазақ жазушысы Хасан Оралтай өзінің автобиографиялық  «Елімайлап өткен өмір» кітабын жазды. (Стамбул, 1999 ж). Кітапта сонау  1944-1945  жылдары  Шыңжаң жерінде құрылған Шығыс Түркістан Ислам жұмхіриетінен бастап 1991жылы  Қазақстан елінің тәуелсіздік алуына дейінгі аралықтағы қызу саяси өмірлер суреттелген. Автор кітапта Қытай қазақтарының дінсіз  комунистерге қарсы соғысын шынайы айтады. Х.Оралтай көп жылдар Американың  СССР-ға  қарсы құрылған «Азаттық» радиосында жұмыс істеген. Х.Оралтай саяси күреске бейім, ұлтшылдық сарынды ұстанған жазушы. Эмиграциялық әдебиеттің  көрнекті өкілді – Мұстафа  Шоқай. М.Шоқай  1929 жылы Парижде «Яш  Түркістан» деген  журнал шығарып тұрған. М.Шоқай өмірінің ақырына дейін большевизммен күресіп өткен жан. Большевиктерді ол жақсы  таныған. Бір сөзінде «Ия, большевиктердің есінен ешқашан шықпайтын және бірінен екіншісіне ауысып  отыратын бір өнерлері бар. Ол –ұятсыздық, ождансыздық, өтірік, өсек», — дейді. (М.Шоқай.Таңдамалы шығ-р.А.2007,154-б).М.Шоқай өз саяси ұстанымында түрікшілдік идеясын ту ғып ұстанған тұлға. Дархан Қыдырәлі деген тарихшы 1932 жылы «Яш Түркістан» журналында жарияланған «Домбырама құлақ сал» өлеңін Мұстафа Шоқайдың шығармасы ма екен дейді.(Д.Қыдырәлі. Эмиграциядағы Түркістан әдебиеті.//Қ.Ә.29.10.2004 ж).Ол өлең мынау:
Домбырамның құлағын бұрай алмаймын,
Бұрай алмасам, ширығып, тұра алмаймын.
«Бай мен кедей тең» деген тентек орыс,
Тең  болғанды дүниеде көре алмаймын.
Құрғақ отты қайнатсаң ас болмайды,
Қара балшық, құрғатсаң тас болмайды.
Жұрттың биі өзінен болмақ керек,
Қызыл орыс қырғызға бас болмайды.
Түкті жерді жайлаған байлар қайда?
Кісінеген, тебісіп тайлар қайда?
Жылқыдағы торының жалын тұтып,
Құла дүзде ойнаған айлар қайда?
Қазақ түйе көрмейді ауылдарда,
Қырғыз бие көрмейді қияларда.
Түрік баласы қалмады, қанқор орыс,
Өрмекшідей ау құрды ұяларда!
«Комунистік» дегенің тұзақ екен,
Айтқан сөзің өзіңнен ұзақ екен.
«Тауариш» деп алдадың туғаныңды,
«Азаттық» деп айтқаның – тұзақ екен.
Жоғарыдан келемін, жолаушымын,
Бабалардың жолын мен құраушымын.
Қызылдардың қырғынын күні келіп,
Құнын қайтып өзіңнен сұраушымын.
Алыс екен келген жол, жете алмаймын,
Ел есіме түскенде жата алмаймын.
«Кеткен енді келмес» деп айтпа, ақымақ,
Жаным құрбан, жұртымды сата алмаймын.
«Қызыл көшіп келеді Алмалыға,
Кім көнбейді тағдырдың салғанына».
Түркістанның түріктігін білмек керек,
Мен сенбеймін орыстың қалмағына.
Қара торы  атыммен есе алмаймын,
Ақ қымызды сіміріп іше алмаймын.
«Жұрттан кетті» демеңіз қызыл қорқау,
Өлгенімше елімнен кете алмаймын.
Домбыраның айтқанын тыңдадың ба?
Болмағанға болар деп таң қалмаңыз,
Құлақ салып, жақсылап түсіндің бе?
Түркістанның түрік болғанын білмедің бе?
Эмигрант жазушылардың тағы бір тобын Ұлы Отан соғысында немістердің қолына түскен тұтқындар құрайды десе болады. Олардың біреуі –Мәжит Айтбаев. М.Айтбаев нағыз эмигрант жазушы. Ол немістерге тұтқынға түскеннен кейін Берлин қаласында «Түркістан ұлттық бірлік комитетіне» мүше болып, «Милли әдебиет» альманағының бас редакторы болған. 1943 жылы Берлинде «Абылай хан  (дастан ) және басқа өлеңдер» атты кітап шығарған. Кітаптың ксерокөшірмесін 1991 жылы Анкарада тұратын Ұядан Ақай деген қазақтан Сауытбек Абдрахманов алып келген. Мәжит өлеңдерін «Қобызшы Қорқыт» деген лақаппен жазған. Оның өлеңдерінен үзінді келтірейік:
Жазылмай зардың ізі келбеттен де,
Жанымды жас баладай тербеткенде.
Болды елес Алтай белі, Арқа жері,
Шет жұртта шерлі жүрек ер жеткенде.
Атасы асқарлардың аялы Алтай,
Саялы Сарыарқаға саялы Алтай.
Қырмызы қызыл гүлді жер жұмағы,
Қарт Алтай, қадірлі Алтай, баяғы Алтай.
Ақ қарлы, ала асқарлы Алтай қандай?!
Көзіме алтын алтын арай Алтай таңдай.
Алтайды аңсай-аңсай алыс жерде,
Жас жаным қайғыменен қартайғандай.

 

Ел  қайда Алтайдағы өз ерімдей,
Ер қайда Алтайдағы өз ерімдей.
Алтайда астам өскен кезді ойласам,
Көз жасым ағад Алтай өзеніндей.
Ыстық тән бұл кездегі судай суып,
Секундым өтіп барад секунд қуып.
Амал жоқ әлдилеймін өзімді-өзім,
Жанымды көзден аққан жаспен жуып.
Шығыстан таң саз беріп атқан шақта,
Ой бөлмей өресі тар өзге затқа.
Қысқан соң жас жанымды қайғы-қасірет,
Талған көзбен қараймын Алтай жаққа.
Жас жүрегім сол кезде толқып селдей,
Туған жерді еске алад, жанды тербей.
Шет жерлерде шынымен жермен  шіріп,
Өтер ме өмірім, өткен күн қайтып  келмей!
М.Айтбаев – «Қобызшы Қорқыт» 1945 жылы  америкалық әуе шабуылы кезінде Берлин қаласында қаза тапқан.  
Ұлы  Отан соғысының екінші бір тұтқыны, эмигрант ақын – Мәулікеш Қайбалдин. Мәулікеш соғыстың алдында Мәскеу университетінің тіл-әдебиет факультетін   үздік бітірген. Соғыс жылдары қолға түскен соң Майндағы Франкфурт университетінің  неміс философиясы мен ағылшын факультетінде оқыған. М.Қайбалдин  Германияда  60-жылдары қайтыс болған. Мәулікештің Германиядағы  әдеби лақап аты «Асан Қайғы» болған. «Асан Қайғының» бір неміс ақынынан жасаған тәржімә өлеңін келтірейік!
Мен сұрасам жолаушыдан:
«Барасың қайда жол шегіп?»
«Үйге барам, үйге барам!»
Дейді ол ауыр күрсініп.
Мен сұрасам жолаушыдан:
«Барасың қайда жол шегіп?»
«Үйге барам, үйге барам!»
Жайдарланып дейді ол.
Мен сұрасам жолаушыдан:
«Бақытың қайда гүлдейді?»
«Үйімде менің үйімде!» –
Жайдарланып ол дейді.
Жолаушы менен сұраса:
«Жүрегінде қандай шоқ?»
Қайта алмаймын үйіме,
«Енді менде Отан жоқ!»
(Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары. Алматы. 1993 ж. құр. Хамза абдулин мен Қайыржан Қасенов, 72-бет). Ұлы Отан соғысындағы тұтқын ақындардың бірі – Мағжанның туыс інісі Хамза Абдуллин болған. Ол кейін елге оралып, Сталин лагерінің дәмін татқан. Хамза эмиграцияда «Сайран» деген лақап атпен шығарма жазған. Ол Германияда «Түн перісі» атты (Комунизм туралы тарихи баллада) жазған. Онда ол:
 Өтті содан талай қапас замандар,
Елді басты, тілсіз, дінсіз надандар.
 Ойран салды, гүлді өлкемді таптады.
 Ұят, намыс, ақыл, ардан, армандар, – деген.

Эмиграциялық қазақ әдебиеті әлі жете зерттелуі керек дейміз. Олардың шығармаларының негізгі мотиві: елге деген сағыныш, тіл, дін, ұлттық һәм біртұтас түрік елі идеясын аңсау болып келеді. Олардың Исламға қатысты шығармаларында қатты білініп көрінбейді. Бірақ араларында Халифа Алтай сынды дінді өмірінің мәні деп түсінген тұлғалар бар. Халифа Алтай Қытай, Кашмир, Түркия эмиграциясында болған қазақ. Оның ұлтқа еткен үлкен бір жақсылығы болды. Ол оның Құран-Кәрімді қазақша тәржімалап беруі. Бұл Құран-Кәрім 1991 жылы Медине қаласындағы Құран комбинатынан сапалы түрмен басылып шықты. Дәл сол кезде қазақ халқы дінге сусап, шөлдеп отырған кез болатын. Осы кезде Халифа Алтайдың Құраны таңлайы кеуіп, дінді аңсап, жүректері сыздаған жандарға бір жұтым су һәм дәрі-дәрмек есебінде болды.

Ақжол Қалшабек,
филология ғылымдарының қандидаты


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика