КЕМЕЛ ТОҚАЕВТЫҢ «СОЛДАТ СОҒЫСҚА КЕТТІ» РОМАНЫ ТУРАЛЫ ОЙ

17 Қыркүйек 2018

Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері, сержант, бейбіт өмірде журналист, жазушы, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың шоқтықты туындысы «Солдат соғысқа кетті» романы анығында автобиографиялық шығармасы болғандықтан, барынша нақтылығымен, шыншылдығымен, содан да болар, оқырман жүрегіне ауырлығымен де ерекшеленеді. Өйткені бауырды бауыр өлтірген мағынасыз азаматтық соғыстан, қисапсыз зорлық-зомбылықтан, қайырсыз аштықтан, қатыгез қуғын-сүргіннен аяусыз қырылған миллиондаған адамдардың сүйегінің үстіне орнатылған Кеңес одағының тарихының өзі жазылмас қасіретпен барабар екендігі баршаға мәлім. Кеңес билігінің өрескел қателігінен айқын төніп келе жатқан агрессия алдында қамсыз қалғандықтан да, соғыстың алғашқы күндері-ақ қисапсыз қырғынға ұшыраған қарапайым халықпен бірге, қолына қару ұстап үлгірмеген мыңдаған әскери боздақтардың баудай түскені де көпке дейін айтылмай келді.

Романның бас кейіпкері Мұхамед бар-жоғы он сегіз жасында алапат соғысқа аттанған жап-жас қазақ жауынгері елден, жерден тым жырақтағы жойқын майданның қақ ортасына барып түседі. Осылайша, әлі алдынан талай шығар от пен суды кешіп үлгірмеген сарыауыз солдаттың жорығы оларды әкеле жатқан эшелонға тұтқиылдан шабуылдаған жау ұшақтарының мазақ бомбалары мен оқтарының астында қалған сәтінен басталуының өзі оқырман бойын тез жинатады. Ел демекші, Мұхамедтің туған елінде бүкіл әулетінен – әке мен шешеден, аға мен қарындастан ешкім қалмаған. Қазақ даласында қолдан ұйымдастырылған жойқын аштықтан шошына қашып, дүниенің түкпір-түкпіріне босып кеткен қалың халықтың ішінде Жетісудың Қаратал бойындағы құтты мекендерін амалсыз тастап шыққан Мұхамедтің де әулеті бар еді. Алайда, адам баласы үшін барша ғаламдағы ең қуатты тірегі – табан тіреп тұрған туған жерінен амалсыз безініп, жат жұртта панасыз қалғандықтан, ақыры үйірілген зұлмат қоймастан түбіне жете, бір отбасы түгел апатқа ұшырап, Мұхамед пен оның ағасы екеуі ғана балалар үйінен бір-ақ шыққан. Шығармада осы сұмдық оқиға сырттай ғана баяндалып, бүкіл бір халықтың ойранын шығарған орасан трагедия кездейсоқ оқиғалардың салдарындай, тым қысқа, сырттай баяндалып өткен. Бұл түсінікті де – өйткені қылышынан қан тамған кеңестік цензура кезінде мұндай геноцид аштық туралы ашық айтуға қатаң тыйым салынғаны мәлім. Соған қарамастан, автор өз әулетінің басынан өткен ауыр жайтты амалын тауып әңгімелеп өтуі арқылы бүкіл ұлт басындағы нәубетті айтуының өзін үлкен батылдық деп қабылдағанымыз абзал.

Мұхамедтің ағасы болса, майданға бұдан бұрын аттанып, көп ұзамай ерлікпен қаза табады. Сөйтіп, бүкіл бір жанұядан жалғыз басы қалған жаяу әскер Мұхамед ендігі алдынан тосқан кезекті алып сынақ – алапат аяусыз соғысқа бойындағы барлық күш-жігері, қайрат-қуатын сарқа жұмсап, қаймықпас қаһарымен кіріседі.

Әке-шешенің аялы алақанын сезіне алмай, жанұялық жылылықтан зорлықпен ажыратылған өңшең жетімдер жиналған балалар үйіндегі жан бағудың, тірі қалудың қатыгез, қатал сынағынан, расында, туған ағасының жанында болуының да септігімен шыңдалып өскен Мұхамедтің соғыстың сәт сайынғы үрейінен сескене қоймауы да сондықтан. Алғашқы сәттерден-ақ бөлекше батылдығымен, өршіл өжеттігімен көзге түскен жас солдат бөлімше команидирі дәрежесіне де тез тағайындалады. Дей тұрғанмен, солдаттың, яғни автордың өзінің қан майдан арасында жүріп жазған Күнделігі негізінде дүниеге келген осынау шыншыл шығармада кеңестік әскердің жасампаз ерлігі, жау атаулыны жайпап кете беретін жойқын құдыреті, әскер атаулының барлығының қып-қызыл патриоттығы жөніндегі көзжұмбайлық құрғақ мақтау, жоқты бардай етіп бұрмалаулар мүлде кездеспейді. Керісінше, қызыл әскер қатарында, тіпті командир деңгейіндегі Власов, Громов сияқты алаяқ сұмдардың арам әрекеттері, қырық жерден қырғын болып жатса да, пиғылы бұзық жандардың пасық ниеттері қалмайтыны, ақыры солардың қатарындағылардың ел ішіне іріткі салуы, отанын тастап басқыншы жау жағына шығуы тәрізді барып-тұрған сатқындық бейнелері ашық әшкереленеді.

«Солдат соғысқа кетті» романының мазмұны бас кейіпкердің тікелей басынан өткен оқиғалар тізбегінен тұрғанымен, оны тұтас желіні құрайды деуге келмейді, яғни бір сюжеттің өрістеп, ширатыла келіп, ақырында шешімі тарқатылатын әдеттегі көркем шығармалардан болмысы бөлек. Бұл түсінікті де. Өйткені соғыс тақырыбы болғандықтан, апта, айлар тұрмақ, ертең, тіпті дәл қазіргі сәтте не болып кететінін ешкім білмейді. Сондықтан бүкіл роман бірнеше қатерлі де қауырт әскери операциялардың жүзеге асырылуы: неміс әскері басып алуға жанталаса ұмтылған стратегиялық маңызды биіктікті бар жоғы жеті жауынгердің жанқиярлықпен бермей ұстап тұруы, енді бірде, терең жау тылында қалған танк экипажын құтқару, батальондарды жау қоршауынан алып шығу, тіпті ішкі диверсиялық әрекеттерге қарсы барлау жұмыстарын жүргізу тапсырмаларын орындау кезіндегі қарапайым солдаттар мен командирлердің іс-қимылы, мінез-құлығы мен болмысын боямасыз, ашық һәм нақты баяндаумен ерекшеленеді. Осындай әрбір тапсырманы орындау үстінде Мұхамед жаңа ғана жанында жүрген, бір жұтым суды бөліп ішіп, бір шылымды кезек тартып, әңгімелесіп отырған қандыкөйлек жолдастарынан айырылады. Аман қалу үшін, қасыңдағыларды жоғалтпау үшін сәт сайын ажал оғын сеуіп жатқан дұшпаныңды жою керек. Бұл жерде тастай бекінген қайрат-жігермен қатар, аянбас қатыгездіксіз болмайды. Соғыс дегеннің де шындығы сол қатыгездік қой, анығында. Десе де, біз оқ пен от кешіп жүрген жауынгер Мұхамедтің ұрыс даласындағы іс-қимылдарынан, бойынан, бауырмалдық, адамгершілік, әділдік, қасиеттерінің жиі куәсі боламыз. Ол жау ұшағын атып түсірген жауынгер Мейірмановтың ерлігін сұрқиялықпен пайдаланғысы келген арамзаларға ашық қарсы шығып, ерліктің шын иесін қорғауы, ұрыс даласында осалдық танытқан Демин сияқты қатардағы солдатқа жанашырлық танытып, арашалап қалуы, өз өмірін қауіпке байлап қоршауда қалған отрядтарды құтқаруы тағысын тағылар.

Ең сұрапыл соғыстың ішінде екі мінез, екі дүние, екі әлем қатар тұра алуы түсінікті. Оның бірі – етің тұрмақ, сүйектен өтетін сызды окоп, алдыңда, төбеңде ажал төгіп анталаған бітіспес жауың, сөйте тұра – әрбір солдат-пенденің шыр етіп дүние есігін ашқан туған жері, ымырт құшағында мүлгіген тымық дала, оның айнакөлінен көтеріле ұшқан қаз-үйректің қанатының сымсылы, алыста қалған туған ауылының тылсым демі көз алдынан кетпей, ұдайы есіне түсері кәміл.

Сарбаз Мұхамед те ұрыс саябырсыған бір сәттерде ойға кетіп, жиі мұңға батады, ел-жұртын, атамекенін аңсайды, әкенің қамқорлығынан, ананың мейірімінен тым ерте айырылса да, әсіресе бірге есейіп ер жеткен жалғыз ағасын шексіз сағынады. Иә, шығарманың көзбен жүгіртіп өтетіндей жеңіл оқылмайтыны, ойлы, салмақты, әлбетте мұңды екендігін айтуымыз да сондықтан.

Бір кезде бала болса да, балалық шағы болмаған Мұхамед өмірдің ащы дәмін молынан татқанымен, туған еліне, халқына деген махабаты мен адалдығы жоғары. Содан болар, ұрыс үстінде, жауға аттанар сәтінде алыстан жемтігін көрген дала қыранындай, көзі кек отына тола тайсалмай шүйлігеді.

«Солдат соғысқа кетті» романы соғыс атаулының адамзат үшін орасан опат екендігін, адам өмірінің әрдайым қыл үстінде тұрғандай тым әлсіз қорғансыздығын, қатыгездік пен қиянаттың жосықсыздығын, мұндайда «қанға – қан» қағидаты үстемдік құрғанымен, десе де нағыз азамат үшін гуманизмнің, кісілік пен ізгіліктің ешқайда жоғалып кетпеуі қағидасын мәлімдейтін, демек қанша қырғын болса да, арғы ата-бабалардан мұралықпен жететін тектілік, пайым-парасат, адамдық қасиеттерді ту етіп ұстағанда ғана, адам баласының алмайтын, қамалы, жеңбейтін қиындығы болмайтындығы туралы ұлы сенімге бастайтын, ескірмейтін ақиқат туынды дер едік.

Мұхтар Кәрібай


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика