Кейкi батыр, келдiң бе?!

17 октября 2016

Кейкі батырСонымен, 1923 жылы сыртқа кеткен Кейкi батырдың бас сүйегi туған елiне, туған жерiне қайтып оралды. 93 жылдан кейiн!

Әрине, бұл жерде Кейкi батырдың еш кiнәсi жоқ. Кiнәлi – кейiнгi ұрпағы. Яғни, бiздер. Не ақырып теңдiк сұрай алмадық, не ата-бабамыздың шашылып жатқан сүйегiн жинастыра алмадық… Кiм бiледi, аруағыңнан айналайын Кейкi батырдың бас сүйегi де мына езiлiп-жаншылып бiткен, әбден отарланған, орыстанған, отарлану мен орыстанудың салдарынан мүлде өзгешеленiп, бөгделенiп, мәңгiрiп қалған кейiнгi ұрпақтарының рухын ояту үшiн оралған болар, бәлкiм? “Бақ басқа қонады”, Кейкi батырдың бас сүйегiмен бiрге оның рухы да, киесi де туған елге қайта оралған шығар? Лайым солай болғай!
Қарап отырсақ, Кейкi батырдың қыл аяғы бармақтай фотосуретi де қалмапты ғой артында. Кейкiнi кескiлеп өлтiрген большевиктер батырдың артын да тып-типыл еткен: өртеген, жойған, құртқан. Кейкiнiң қазiргi суретi – суретшiлерiмiздiң қиялынан туған сурет.
“Қазiргi” дегенiмiзден шығады, соңғы жылдары Кейкi батыр туралы спектакль де қойылып, өлең де, поэма да жазылып жатыр ғой. Десек те, бұл ретте жазушы Ақан Нұрмановтың еңбегiн ерекше атай кеткен жөн. Ақан Нұрманов – Кейкi батыр туралы алғаш қалам сiлтеген жазушы. Әдебиетшiлерi­мiздiң сөзiне сенсек, Ақан өзiнiң “Құланның ажалы” романын 1961 жылдан бастап жаза бастаған. Романдағы Құлан – Кейкi батырдың прототипi. Кейкiнiң руы – Қыпшақ, оның iшiнде Құлан Қыпшақ. Жазушы батырдың руын оның есiмi етiп алған.
Жазушының жолы ауыр ма, жоқ әлде Кейкiнiң жолы ауыр ма, “Құланның ажалы” бiтуге таяғанда Ақан Нұрманов қазаға ұшырады. Содан Ақан Нұрмановтың қаламдас достары бас қосып, ақылдаса келе “Роман бiтуге даяр тұр. Оның үстiне романды қалай бiтiретiнiн, қайтiп аяқтайтынын Ақанның өзi де талай рет айтты емес пе?! Сондықтан романды бiреуiмiз аяқтауымыз керек. Бұл ретте Қалиханға тоқталсақ қайтедi?..” деп, романды аяқтауды Қалихан Ысқақовқа тапсырады.
Бiраз әдебиетшiлерiмiз “Романның соңғы 30 бетiн Қалихан Ысқақов жазып шығыпты дегенге сенгiң де келмейдi тiптi. Роман бастан-аяқ бiр адамның қолынан шыққандай. Жалпы, Ақан Нұрманов пен Қалихан Ысқақовтың стилi бiр-бiрiне өте жақын, сол жақындық романның соңғы беттерiн Қалиханның жалғыз өзi жазып шыққанын еш сездiртпей, бiлдiрмей тұр” дейдi.
Бiз бұл пiкiрге қосылмаймыз. Жеке өз басымызға Кейкi батырдың тағдыр-тарихын, арпалысын, жан азабын титтейiнен құлағына құйып өскен және халықтың сол тұстағы қайғы-қасiретiн де өте терең бiлетiн Ақан Нұрманов өз романын басқашалау аяқтайтын секiлденiп көрiнедi де тұрады. Роман “ә” деп басталғаннан-ақ Ақан Нұрмановтың қаламына бiр мұң (осы мұңға ат қоя алмай-ақ қойдым!) iлесiп алады. Және осы мұң бiрте-бiрте ауырлай бередi, ауырлай бередi. “Осы мұңның аяғы неге соғар екен, немен бiтер екен?” деп ойлайсың ерiксiз. Бiрақ романның соңында осы әдеби қабат (“тарихи уақыт” тұрғысынан да, көркемдiк тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да аса маңызды қабат!) мүлде ұмыт қалған. Егер өз романын Ақан Нұрманов өзi аяқтаса, М.Шолоховтың “Тынық Донындағы” кейбiр парал­лелизмдердi еске түсiретiн осы қабат ұмыт қалар ма едi? Әрине, ұмыт қалмас едi, белгiлi бiр ой қорытумен, белгiлi бiр пiкiр түйiндеумен аяқталар едi…
Қош делiк. Әу бастағы әңгiмемiзге қайта оралайық. Кейкi батырдың бас сүйегi қайда жерленетiнi әлi нақтылан­ған жоқ. Кейкiнiң туған өлкесiнде батырдың кесенесi тұр. “Бас сүйектi осы кесенеге жерлеу керек” дейтiндердiң саны да, қарасы да әзiрге молдау болып тұр.
Дәл қазiр батыр бабаның бас сүйегi – Алматыдағы Орталық мұрағатта. Бас сүйекке арнайы сараптама жүр­гiзiлмек. Бұл сараптаманы мажар ғалымы Андраш Биро жүргiзедi. Бас сүйектi жерлеу мәселесi де осыдан кейiн шешiлмек.
Бiздiңше, Кейкi батыр Көкембайұлының бас сүйегi Астанадағы Ұлттық пантеонға жерленуi керек. Кейкi батыр кiм үшiн, не үшiн күрестi? “Өз ұлтының кеудесiн ешкiмге бастырмас үшiн!” (Ататүрiк). “Жатқа тiзгiн бермес үшiн!” (Бұхар жырау). Қазақстанды орыс билемесi үшiн! Қазақстанды орыстанғандар билемесi үшiн! Қазақстанды тексiз, тамырсыз, топырақсыз сұмырайлар мен ұлтсыз пысықайлар билеп-төстемесi үшiн!
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiске белсене қатысқан Кейкi батыр орыс отаршылдарымен де, сонан кейiн большевиктермен де аянбай күрестi. Боль­шевиктердiң тонын терiс айналдыр­ған Ресей отаршылдары екенiн ол жақсы бiлдi. Кейкi батырды большевиктер де аяған жоқ. Кескiлеп өлтiрдi: әуелi екi қолын шауып түсiрдi, сонан кейiн басын шапты. Кейкi батырдың бiрге туған аға-iнiлерiн, туыстарын, әйелiн, достарын, аралас-құралас тамыр-таныстарын түгел атты, асты, түрмеге тықты…
Большевиктер Кейкi батырдың басын әуелi Орынборға жөнелтедi, Орынбордан кейiн батырдың басы Санкт-Петербордағы әйгiлi Кунст-камерадан бiр-ақ шығады. Большевиктердiң сондағы мақсаты не? “Ен далада еркiн өскен атақты мерген, түз тағысындай ешкiмге ұстатпайтын һәм ешкiмдi мойындамайтын әйгiлi батыр, кезiнде патшалық Ресейге де бас имеген Кейкi Көкембайұлын, мiне, бiз, қолға түсiрдiк… Бiзден ешкiм де құтыла алмайды!” дегендi паш ету.
Қазаққа қазiр де қатер көп: дiн қатерi, тiл қатерi, жер қатерi және т.т. Осындай қатерлер қаптаған қазiргi уақытта Кейкi батырдың орталыққа, Астанаға жерленгенi жөн. Кейкi батырдың кiмдерге қарсы күрескенiн және не үшiн күрескенiн кейiнгi жастарымыз бiлуi үшiн және оны жан-тәнiмен сезiнуi үшiн. Бiр ғана мысал. Биыл мектептерiмiзге үштiлдiлiк енгiзiлдi. Қазақтiлдi зиялылар мен қазақтiлдi ата-аналар үштiлдiлiкке қарсы болып ұлардай шулады. Бiрақ Бiлiм және ғылым министрi Е.Сағадиев мұны құйрығына да қыстырған жоқ. Шын мәнiнде, өлшей алсақ, өлшей бiлсек, үштiлдiлiктiң ұлтқа келтiрер зардабы мен зияны 1932 жылғы ашаршылық пен 1937 жылғы зұлматтан еш кем емес. Бәлкiм, артық болуы…
Кейкi батырдың, тек Кейкi ғана емес, жалпы ұлттық батырларымыз бен ұлттық қайраткерлерiмiздiң күрес жолын, өмiр жолын, өнегесiн, өсиетiн бiлетiндер осындай қасиетсiздiкке, яғни үштiл­дiлiктi енгiзуге барар ма едi? Ешуақытта бармас едi! Барғаныңыз не, өзгелердi де барғызбас едi!
Кейкiнiң жолы да – күрес жолы. Өнегелi жол. Ғибратты жол. Осы жолдан айнымасымыз, осы бағдардан ауытқымасымыз үшiн де бiз Кейкi батырды қазақ даласының бiр қиырына емес, Астанадағы Ұлттық пантеонға жерлеп, оған көрнектi ескерткiш орнатып, осы орынға тәу етiп тұруымыз керек. Кейкiге тәу ету – бiле бiлсек, Тәуелсiздiкке тәу ету.

Әмiрхан МЕҢДЕКЕ
«Жас Алаш» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика