Қазақтар жоңғарларға қарсы химиялық қару қолданған ба?

21 апреля 2017

Қазақтың арғы-бергі тарихындағы ең сұрапыл жылдар деп жоңғарлармен жүргізілген 300 жылдық соғыс кезеңін атауға болады. Екі көшпенді халықтың бірі жойылып, екіншісі аман қалған осынау 3 ғасырға жуық созылған алапат майданның соңы бірінің түкпілікті ұлт ретінде жойылуымен аяқталған-ды. Бірақ, тарих сахнасынан бүтіндей бір хандықтың, халықтың түп-тұқиянымен жойылып кетуіне бейбітшіл қазақтың кінәсі жоқ болатын. Оған мысал, қазақтың Абылай ханы жоңғардың соңғы ханы Әмірсананы қуғындап келген Қытай әскерінен жасырып, қазақ руларының арасына сіңіріп, аман алып қалыпты деген тарихшылар тұжырымы дәлел болса керек. Әсілі, әйгілі Баян батыр осынау Қытай шеріктерінен шегінген жоңғарлардың тылына қорған болып, қан майданда қаза тапса керек. Бұлда бір арнайы зерттеуді қажет ететін тың тақырыпқа арқау боларлық жорамал. Ол басқа тарих. Айтпағымыз бұл емес.

Жоңғарлар мен қалмақтар

Соңғы кездері тарихи деректер басқаша сөйлей бастады. Қазақтар бір соғыста жоңғарларға химиялық қару қолданыпты деген тың деректерге тап болып жатырмыз. Осы рас па? Рас болса қалай?
1643 жылы жоңғарлардың Батур хонтайшысы Алаштың Жетісу өлкесіне 50 мың әскермен басып кіріп, Орбұлақ деп аталатын жерде қазақтың ханы Салқам Жәңгірдің 600 әскерімен соғысып, ойсырай жеңілгендігі туралы аңызға бергісіз тарихи оқиғаны көбіміз білеміз. Таңқалатынымыз да жасырын емес. Қалайша 600 адам соншама атнөпір әскерге тойтарыс берген? Соғыс өнерін шебер меңгеріп, тойтарыс беру орынын дәл таңдағыныңызбен 50 мың қолды мәжбүрлі түрде кейін шегіндіру құр садақ, қылыш, найзамен қаруланған ат төбеліндей 600 әскерге мүмкін бе? Әрине мүмкін емес. Бірақ, соғыстың болғаны рас. 600 қазақ жаудың 50 мың әскерінің мысын басқаны тарихи деректерде айтылады. Бұл ақиқат. Ал, қандай жолмен, қандай әскери тактикамен жүзеге асқаны еш жерде көрсетілмей келіп еді.
Ия, шыққан тегі қазақтың Кіші жүз төртқара руынан, әйгілі Әйтеке бидің арғы атасы болып келетін Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскермен қазақтарға көмекке келгендігі туралы деректер бар. Бір-ақ, бұл әскер көмекке келгенше 10 мыңдаған жоңғар әскерінің ажал құшқандығын қалай түсіндіреміз?
Жуырда тарихшыларымыз тың деректерге тап болған сыңайлы. Деректерге сәйкес, қазақтар жоңғарларды химиялық қарумен уландыра отырып, қырып салыпты. Бұл жөнінде «Алмас қылыш» киносының интернетте жүрген үзіндісінде айтылса, осыдан үш жылдай бұрын республикалық «Айқын» газетінде тарихшы Асан Тұрабаевтың осы тұрғыдағы зерттемелік мақаласы жарияланған болатын.
Тарихшының көрсетуінше, байырғы қазақтар химиялық қарудың ежелгі әдісін пайдаланған. Орбұлақтағы әйгілі шайқаста қазақтар жоңғарларды тау­­да өсетін «сасықтеке» деп аталатын шөптің түтінімен улапты. Бұл шөпті тау­­текелер күйлегенде иіскейтін көрінеді. Аталған шөп гүлдеген кезде теріп алып, суға қайнатып, оған шүберекті малып, кептіріп, сол шүберекті отқа жақса, түтіні айналадағы тіршілік атаулыны улап тас­тайтын көрінеді. Аталған шөптің өзін дымқылдап, оған өрт қойса да улы түтін пайда болмақ. Қазақтар осы Орбұлақ шатқалына аталған шөпті жиып, жоғарыдағы тәсілді қолданып, өрт қойып, улы түтін арқылы қалың қолдың бетін қайырыпты. Өздері улы түтіннен қорғану үшін бет ауыздарына ешкінің майы жағылған шүберекті тұмшалапты. Ешкі майы жағылған шүберек сүзгі рөлін тамаша атқаратынын да білген екен. Ал, жазатайым улана қалған жағдайда меңдуана шөбі араласқан қымызды ішіп, уыттан айығыпты. Осылайша қарапайым шөптен жасалған сұмдық қару қазаққа төнген қалың қолдың бетін қайырып, шегінуге мәжбүр етіпті. Батур хонтайшының осы шатқалда 10 мыңнан астам жауынгері жер құшыпты. Жалаңтөс баһадүр басқарған 20 мың қол көмекке келгенше 600 қазақ жоңғарлардың жолын бөгеп қана қоймай, бір түмен қолды жойып, жаудың мысын басып отырған екен. Бұл соңғы тарихи тұжырым.
Көне тарихта жауға қарапайым химиялық қару қолдану ежелгі грекияда қолданылыпты деген деректер бар. Олай болса, әйгілі 300 спартандықты басқарған Леонид патша парсының 20 мың әскерін бастаған Ксеркске де дәл осы тәсілді қолданды ма екен? Кім біліпті бәрі де мүмкін ғой.
Ал, кейінгі тарихта химиялық қаруды алғаш немістер 1915 жылы 22 сәуірде Белгияның Шпердегі шайқасында қолданған деген деректер бар. Содан кейін әлемнің азулы империяларының армиялары бұл қаруды кеңінен қолданысқа енгізе бастапты. І дүниежүзілік соғыстың өзінде тек ағылшын, француз және АҚШ армияларында химиялық қарудан 450 мың сарбаз мерт болған. Ал, қарсы тараптан қанша жүз мың сарбаздың опат болғаны белгісіз. Осыдан кейін дүниежүзінде тұңғыш рет 1925 жылы Женева хаттамасы бойынша химиялық қаруды қолдануға тыйым салыныпты. Олай болса, Женева келісімінен 282 жыл бұрын Орбұлақта орын алған соғыста қарапайым химиялық қаруды қолданды деп қазақтарды ешкім айыптай қоймас.
Орбұлақта орын алған қазақ-жоңғар соғысында қазақтың ханы Салқам Жәңгірге Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскермен көмекке келгендігі туралы жоғарыда сөз қозғаған болатынбыз.
Туған халқына қиын қыстау кезеңде қол ұшын созып, алыстан ат терлетіп екі түмен қолды бастап келген Жалаңтөс баһадүрдің бұл ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Аталған әмірге қазақтар қандай қарымтасымен жақсылығын қайтарды? «Сыйға сый, сыраға бал» деген бар емес пе? Сөйтсек, Салқам Жәңгір және қазақтар Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрге бұл жақсылығының қарымын еселеп қайтарыпты.
Орта ғасырлық тарихшы Қожамкүли-бек Балхидың «Тарихи Қыпшақи» атты еңбегінен біз келесі мәліметке қанық болдық. 1649 жылы Бұқар ханы Абдул Азиз бен Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр тізе қосып, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан елін билеп отырған Моғолдарға және олардың одақтасы Иранға қарсы соғыс ашпақ болады. Тарихқа сәл шегініс жасасақ. 1526 жылдары Әмір-Темірдің шөбересі әйгілі Захр-ад-дин Бабыр патша Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан жұртын жаулап, Ұлы моғол империясын орнатқан болатын. Орталығы Самарқан қаласына ту тіккен Мәуреннахрдан Әмір-Темір ұрпақтарын Мұхаммед Шайбани хан қуып шыққан еді. Орта азиядан қуылған Бабыр және оның ұрпақтары парсылармен әскери одақ құрып, ата жұрты Самарқанды жаулап алуды ұзақ жылдар бойы бас­ты нысанына айналдырғанын тарихтан білеміз.
Әсілі, Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр мен Бұқар ханы Абдул Азиз моғолдар мен парсылардың осы саяси ұстанымын түбегейлі тоқтатуды көздесе керек.
Әлқисса, бұл кезде Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан елдерін әлемнің сегізінші кереметі болып саналатын әйгілі Тәж-Махал кесенесін салдырушы Шах-Жахан билеп отырған болатын. Ұлан-ғайыр алып елдерді басқарып отырған Иран және Моғол билеушілеріне алақандай аймақ болып саналатын Бұқар мен Самарқан сияқты әмірліктердің күші жете қоймайтыны белгілі. Бұны Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр мен Бұқар ханы Абдул Азиз де жақсы түсінген. Себебі, сол заманда ұлы Моғолдар имперясының қол астына әлем халықтарының төрттен бірі яғни, 150 миллионнан астам халық бағынып, салық төлеп отырған болатын. Ал, парсылардың жан саны мен қуаты бұдан кем соқпайтын-ды.
Айта кету керек, ұлы моғол империясы сол заманда әскери соғыс өнерінің шыңына жетіп, отты қаруларды кеңінен пайдаланған. Салмағы 50 тонналық, атқан оғы 25 шақырымға жететін зеңбіректер, шағын зеңбіректер, мылтықтар, әлемде тұңғыш рет ракеталар ойлап тауып шайқастарда қолданғандығы туралы тың деректер бар. Бұл туралы бүгінгі Ұлыбритания армиясына қарасты қорғаныс академиясының под-полковнигі Саймон Весттің зерттемесіне назар аударсақ. Батыстың әскер өнерінің білгірі Саймон Вест «моғолдар ракетасы 2,5 шақырымдағы сарбаздарды жойып жіберуге қауқарлы болған. Кейбір ракеталардың түрі 1,5 метрлік өткір қылышқа 50 сантиметрлік труба бекітіп, оны порохқа толтырып, ракета етіп ататын болған. Бір мезгілде 10 ракетаны ұшыра алатын құрылғылары тағы бар» – деп тамсана баяндайды. Осындай қаһарлы қарулары бар алып империяға қарсы тұруға сол заманда ешкімнің батылы жете қоймаса керек.
Сондықтан, Самарқан және Бұқар билеушілері қазақтың ханы Салқам Жәңгірден көмек сұрапты. Өз кезегінде Жалаңтөс баһадүрдің баяғы жақсылығы есіне түскен болу керек Салқам Жәңгір қазақтардан құралған 100 мың әскермен көмекке барған екен.
Осы жүз мың әскермен әбден күшейген Жалаңтөс баһадүр моғолдар мен парсыларға күйрете соққы жасап, Иранның рухани астанасы Мешхедті бағындырды. Сонымен қатар, моғолдардың екінші астанасы болып саналатын Кабулды жаулап алыпты. Мінекей, қазақтар осылайша өз қандасы Жалаңтөс баһадүрге бір кездегі жасаған жақсылығын еселеп қайтарыпты. Қысылғанда қолдау білдіріпті. Бұл қазақ халқының дұшпанға қатал, досқа адал мінезін көрсетсе керек. Айтқандай моғолдар мен парсылардың да күйрей жеңілуіне «сасықтеке» шөбінің кесірі тимеді ме екен?

Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика