Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі

13 Қараша 2017

1991 жыл.16 желтоқсан.Қазақ елінде азаттықтың ақ таңы атқан күн.Міне,содан бері көзді ашып жұмғанша ширек ғасырдан астам уақыт та өте шықты. Осы аз ғана уақыт ішінде Қазақстан қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды.Тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік.Осылайша біз ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы іштей тілеген арманына қол жеткіздік.Тәубе дейміз…


Халқымыздың қиындыққа мойымауы,аға ұрпақтың тірек болуы және айбынды жастардың құлшынысы еліміздің дербес даму жылдарында айтулы жетістіктерге жетуіне сеп болды.
Әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз тең,керегеміз кең тұратындай дәрежеге де жеттік.Қазақстанның АҚШ,Ресей,Қытай секілді төрткүл дүниенің ең беделді мемлекеттерімен аралас-құралас болып,өзара сенімді қарым-қатынас орнатуы – сыртқы саясаттағы зор жетістіктеріміздің бірі деуге болады.
Елімізді мекен еткен ұлттар арасындағы адал достықтың арқасында әртүрлі ірі кикілжіңдерден,қақтығыстар мен тартыстардан аманбыз.Тіпті Қазақстан барша әлемге ядролық сынақ алаңын біржақты жапқан, бұл қаруды территориясынан шығарып, атом қаруынсыз елге айналған мемлекет ретінде белгілі болып отыр.Еңселі еліміздің қарқынды экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығы осындай саясат жүргізуге мүмкіндік беріп отырғаны баршамызға мәлім.Әрине, дамудың арналы жолына салу,Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде қалыптастыру,сол арқылы әлем елдерінің абырой-беделіне бөлеу мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлшеусіз сіңірген қызметіне тікелей қатысты екенін айту парыз.
Сындарлы саясаттың тағы бір жемісі,жаһандық ауқымдағы елеулі оқиға – Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің бас қаламыз Астанада сәтті өткізілгені. Көрменің арқасында жас мемлекетіміз бүкіл әлем алдындағы орасан зор жауапкершілігін танытып, жетістіктері мен мүмкіндіктерін барша әлемге паш етті.Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстан үшін бұл тек емтихан ғана емес, көрменің арқасында біз өзіміздің қарым-қабілетімізді көрсете аламыз. Астанадағы ЭКСПО республиканың инновациялық дамуына серпін бермек», – деп атап көрсеткен болатын. EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» атты тақырыбын ұсынғаны белгілі.Бұл жерде «жасыл энергетиканың» ХХІ ғасырда маңызының арта түскенін ескерер болсақ, тақырып өте тың, өте қызықты. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді.Осы игі бастамамызға көрші, бауырлас елдерді айтпағанда, дамыған Еуропа мемлекеттерінің көбісі қолдау білдірген болатын.
Қазіргі кезеңде әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерістері еліміздің ұлттық мәдениетіне,экономикалық дербестігіне және жалпы болашағына әсерін тигізбей қоймайтыны рас.Осыған орай елімізде орын алып жатқан айтулы оқиғалардың бірі- қазақ тілінің латын графикасына көшірілуі. XXI ғасыр білім мен ғылым,технология заманы екенін барлығы жақсы біледі. Сондықтан латын әліпбиіне көшу – өркениетің ұлы көшінен қалмауға кепіл бермек.
Міне,менің ойымша Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі осындай.«Өсетін елде арман көп,өшетін елде жанжал көп»демекші,ең бастысы іркіттей ірімей,айрандай ұйитын ұйымшылдығымызды сақтайық! Сонда ғана егеменді еліміздің көк байрағы көк аспанда мәңгі желбіремек…

Сабина Жұмажанова ,

ҚарМУ 1-курс студенті

 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика