Қазақстанның 100 киелі орындарының қатарына Қарағанды облысындағы нысандар енді

17 августа 2017

Астана қаласында ұсынылған Қазақстанның 100 киелі орындарының тізіміне Қарағанды облысының көрнекті жерлері енгізілді. ҚР Ұлттық мұражайында «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми-сараптама кеңесі отырысында белгілі болды деп хабарлайды Qasym.kz «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап

Кездесудің басты мақсаты Қазақстанның 100 киелі нысандарын анықтап, олардың тізімін құру болды. Отырысқа Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған, профессор Зейнолла Самашев, профессор Өмірзақ Озғанбаев, профессор Жамбыл Артықбаев және басқалары қатысты. 

Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев жасалған жұмыстар туралы мәлімдеді.

— Егер «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының шеңберінде жасалған жұмыстар туралы айтатын болсақ, қалаларда жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамына өлкетанушы ғалымдар кірді. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен киелі жерлерді анықтау үшін арнайы әдістемелік құралдар құрастырылған, соның негізінде аймақтық жұмыс топтарға ұсыныстар жіберілді. Осыған орай іріктелетін киелі жерлер екі топқа бөлінген – макро киелі және микрокиелі. Қасиетті орындар келесі критерийлер бойынша бөлінген: табиғи-ландшафтілі, археологиялық және сәулет ескерткіштері, қасиетті діни қажылық орындар, сондай-ақ тарихи тұлғалармен, саяси оқиғалармен байланысты жерлер, — деп мәлімдеді ол.

Орталық жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы атап өткендей, жоба бес жылға шақталған. 

— Биылғы жылы халық арасында кең танымал 100 нысанды анықтау бойынша жұмыстар атқарылды. Бұл тізім екі-үш ай аралығында Ұлттық комиссияның сараптамасынан соң бекітілетін болады, — деп түсіндірді Берік Әбдіғалиұлы. 

Шара барысында ұлттық дәрежеде анықталған 100 нысанның тізімі нұсқасының тұсаукесері болды. Бұл тізімге Қарағанды облысында орналасқан киелі жерлер де енгізілді. Ол Ақмешіт тауы (Ұлытау), Баектау ата тауы мен үңгірі, Теректі әулие, Алаша хан кесенесі, Жошы хан кесенесі, Домбауыл кесенесі, Бұқар Жару кесенесі, Құнанбай қажы мешіті, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент Тарихи-мәдени орталығы, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы. 

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика